Мархабат Байғұт. Қош бол, кітап…
29.10.2021
4589
1

(Әңгіме)

Ассалаумағалейкүм, алтыннан ардақты, күмістен салмақты нағашы көке!

Менің кітап кеміргіш әкем, сіздің хат жазғыш жездеңіз осылай бастаушы еді ғой. Шамамен. Жездеңіз мына жаман жиеніңізді: «Нағашысына тартады, жазушы болады», – деуші еді. Кітаптарыңызды ауылдың әр үйіне таратып беретін. Әпкеңіз баспа бетіне шыққан суреттеріңізді аялай сипап отыратын.

Жүз жиырма төрт үйлі Үйгентас ауылы аудан бойынша, ал ауданымыз уәлаят көлемінде көркем әдебиетті ең көп оқитын елді мекендер еді ғой. Байтағыңыз бүкіл Сы-Сы-Сырда бірінші орын алатын. Кітап оқудан.

Көке, жиеніңіз тартпады. Сізге. Кеше кешірілмес қылмыс жасадым. Мен. Бүгін қолыма қалам алдым. Алдыма ақ қағаз жайдым. Ең алғашқы және ең соңғы шығармам осы шығар, нағашы. Басынан бастайыншы. Бәрін.

Жездеңіз кітап кеміріп, клуб меңгерушісі болып өтті. Өмірден. Шаруаға қыры болмай, қырып алуға қырым ет байламай, қу дүние шіркінді түк те ойламай, желгектеніп жүре беретінін жақсы білетінсіз. Мандолин тартып, Шәмшінің әндерін шырқайтын. Әйтеуір тік жағасының сырты кестеленген ақ жейдесін кір шалдырмайтын. Әпкеңіздің арқасында, әрине. Екеуі қатты ғашық болғанын да білесіз. Бір-біріне. Әкеміз Теріс өзені, әпкеңіз Арыс өзені басталар тұстарда туып-өскен дә-ә. Арыс пен Теріс арасында махаббат хаттары ерсілі-қарсылы ұшқан да-а. Қалықтап. Қанат қағып.

Қос ғашықтың қалай қосылғанын қалжыңдап көп айтатынсыз. Әпкеңіздің орнына қыз болып хат өрнектегеніңізді де жасырмайтынсыз. Өзіңіз.

Әкем мен шешем қаншама қиындықтарды қалқоз халқымен бірге бастарынан кешті. Жеті қыз бен екі ұлды жетілдіру жеңіл емес-ті. Клуб меңгерушісі кітап оқып жатса, келіншегі кетпен шапса, тұрмыс қалай оңалсын?! Сонда-дағы қабақтарын шытпайтын. Жездеңіз бен әпкеңіз.

Кітап оқудың қызығымен бәрін ұмытатынбыз. Біз. Баршамыз. Ол жылдары сіз жиірек келетінсіз. Жүз жиырма төрт үйлі Үйгентастың күллі жұрты қайрандана қарап қалатын. Тірі жазушыны көріп. Жиі-жиі сұрайтын. Сізді. Кітаптарыңызды.

Өтпелі дейтұғын өзгешелеу кезең жетті. Жеті қыздың жан-жаққа ұзатылып үлгергенін қарасаңызшы. Елдің бәрі ерекше тең деп есептелер ескі заманда. Қалқоз тарамай тұрғанда.

Үлкен жиеніңіз Таразда тұрақтаған. Қоржын там, бірер ірі қара мен отызшақты қой және солар қыстайтын қиқы-жиқы қора қара шаңырақтың иесі ретінде маған бұйырған. Әпкеңіз әлектеніп, енелерінен енді бөлінген қозы отарын қабылдаған. Орта мектепті жаңа бітірген мені көмекшілікке алып, азаптың арбасына жеккен.

Жекешелендіру жаппай жүріп кеп-кеп берген. Аңыз айтқыш, пікір пайымдағыш, кітап оқығыш үйгентастықтар қалқозды қаз-қалпында қалдыру керек дескен. Күңкілдескен. Ондай-ондай ойлар орындалмасқа ойысқан. Егістіктер еншіленген. Шабындықтар шекараланған. Жайылымдар жайбағысталған. Алайда тау баурайларындағы қысқы қораларды меншіктеу қиынға соққан. «Жер дауынан да, жесір дауынан да қой қораларды бөлу ауыр болды-ау!» – дескен тарихи романдарды тапжылмай оқуға әдеттенген әлеуметіңіз.

Балбұлақтың басындағы қораны бөлмекке кәмәсия келген. Оншақты үміткердің арасындағы айтыс-тартыс алыс-жұлысқа айнала жаздап, Үйгентастағы үйаралық ахуал кей құрлықтардағы халықаралық жағдайлардан бетер шиеленіскен. Кәмәсия мүшелері қатты сасқан. Біреулері жалбыз жұлып, екіншілері андыз сындырып иіскеген боп, жанжалдың бейбіт түрде басылуын Жаратушы Иеден жалбарына тілескендей-тұғын.

Пенде шіркіндердің әулекі әрекеттеріне қиналған мөлдір бастаулар жалт-жұлт жалтақтасады-ай. Кенет, көке, қайдан, қалай тауып ала қойғанын қайдам, сіздің әпкеңіз қолындағы он алтыншы калибрлі, ескі мылтығынан аспанға оқ атты.

Айқай-шу сап тыйылды. Өмір бойы кетпен шабумен, қалқоздың қойын бағумен, сақпаншылықпен, соңғы жылы қозыдан тоқтыға айналған қиын отардың бейнетімен буылтықтана шыныққан білектерін сыбанып, қаруын қайта көтерді. Енесінен қалған екі күміс білезігін күздің кемпіршуағына жарқ-жұрқ еткізе ентігіп, бүй деді-ау сонда әпкеңіз:

− Он шақты үміткердің қайсысы қалқозға, қой шаруашылығына менен артық еңбек сіңірдім десе, алға шықсын! Шынымен сондай адам табылса, тас қора сонікі. Табылмаса, менікі! Жалғандыққа жол бергенді бірден атып тастаймын! Кәне, шықсын!

Секундтар сыртылдады. Минуттар митыңдады. Жалбыздар тербелді. Андыздар шайқалды. Он минөттей уақытта он шақты таласкердің бірде-біреуі тырп етпеді. Әпкеңіз тағы да:

− Таланға түсіп, таражға кеткен қалқозды қирандыға айналдырған басшыларың тұрсыңдар, қосшыларың тұрсыңдар. Кәмәсияларың келіпті. Қырық мыңға жуық қойды бартерге деп… Жеп… Жұтып қойғандар кімдер?! А-а-а-а?! Кімде-е-ер?!.  Айтатын адам бар ма?! – деді.

«Кімде-е-ер?!.  А-а-а-а?! Де-е-ер?!.» – деген жаңғырық тау-тастарды, сай-салаларды аралап кете барған.

Ақырында,   ағатай, Балбұлақтың басындағы байырғы қора бізге тиген.

Сіз келмейтінге кеттіңіз, көке. Неге өйттіңіз? Дей алмаспын. Жазушылардың жағдайы нашарлаған. Нағашыларыңа қиын. Десетін. Кейбір кісілер. Бара алмадық біз-дағы. Той-томалақтарда асығыс амандасып, аз-кем ғана жөн сұрасып, асығыс түрде қоштасатынбыз. Үйгентас ауылының тұрғындары  тірі жазушының бірі хақында тіс жармайтынға айналған.

Клуб меңгерушісі кітап кеміруінен танбады. Ойпаңдағы үйімізде ой үстінде жатады. Қалқозда істеп көрмеген. Өмір бойы ауылдық кеңеске қарасты клубтың қызметінде жүрген. Шырылдауық шегірткеше әндетіп-әуендетіп, әдебиет дейтұғын әлдененің өнбес те өшпес әңгімесін шерте әпенделеніп, секеңдеп жүре беріпті. Сіздің жездеңіз, біздің әкеміз жөніндегі қоғамдық пікір осылайша аунап түскен. Осынау себептерден ол кісіге жекешелендіру тұсында түк те тимеген. Өзі де ұмтылмаған. Қалдаяқовтың қайығында кітап оқып жата беретін.

Күндердің күнінде клуб та жекешеленді. Әлдебіреулер тиын-сиынға сатып алып, бұзып әкетісті. Премьер-Министріңіздің оңтайландыру саясаты ойран салды. Білесіз оны. Ауылдық кітапхана мектеп кітапханасына қосылды. Ауыл кітапханасының мүлік-мүкәмалы мектепке сыймастан, мыңдаған кітаптар өртелді. Боралдай бұлақтары басталар тұста саз бар еді ғой, нағашы. Міне, сол сазды түбекте кітаптар үш күн, үш түн бойы жанып жатыпты. Ең сорақысы сол, жана бастаған кітаптарға жаны ашыған жалғыз адам табылмапты. Таудан, Балбұлақтың басынан түнделетіп жеткенімде ше, көкетай, қарауыта қабарған күлтөбені ғана көрдім.

Жездеңіз клуб пен кітапхана күйігін көтере алмаған. Ішіп кеткен. Үш-төрт күндей үн-түнсіз бүктетіліп жатқан. Тағы да төрт-бес күндей шырт ұйқысынан шошып оянып, әлденелерді алақтай айтып жүрді. «Кітап өртенген жерден өре түрегелген бірдеңелер жабыла жүгіріп, қуып берді. Зорға құтылдым…» – дейтін.

Ақырында айқара ашылған көркем кітапты бетіне басқан күйі бақилық болды. Жерлеуге жетіп үлгердіңіз ғой. Өзіңіз. Бір түнеп, қатты қайғырып, қайтып кеттіңіз.

Үйгентаста кітап оқу күрт кесілген. Тоқсан жетінші жылғы қыста тауда да, бауда да ағаш сирегенін білесіз. Тоқсан сегізінші жылдың қақаған қысында үйгентастықтар кітаптарының жарым-жартысын отқа тамызық етіскен. Екі мыңыншы жылыңыздан бастап үлкен-үлкен шаһарларыңыздағы ірі-ірі олигархтарыңыз, бай-бағландарыңыз мейрамханалары мен мейманханаларының, басқа да басты-басты ғимараттарының ішкі интерьерлеріне өзгеше өзгерістер енгізді емес пе? Құрылыс материалы ретінде кітап сорлыны сорлатып пайдаланбаққа көшті ғой солар. Қызық-ай. Тұтас қабырғалардың тұла бойына, тұтас дуалдарына дестелей нығыздап кітап қалап қояды. Аттары да, авторлары да, бедерлері мен бәдіздері де көрінбейді. Ішкі жақтарында іштен тынады. Сондай сән, мықты мода белең алып, бәсеке басталған. Бүгінде мүлде үдеп кетті ғой, көке. Мыңдаған, миллиондаған кітаптар құрылыс материалы боп тұрыпты.

Үйгентастың ғана емес, өзге ауылдар мен аймақтардың кітаптары темір көліктерге тиеліп, Таразға, тағы да талай-талай қалаларға тартқан. Алғашқыда аздап-аздап тартынғандар табылған. Біздің ауылда. Төлем мөлшері еселенген соң, қатардағы қарапайымдарды былай қойып, мұғалімдерге дейін кітап атаулыдан мақұрымданған. Мектеп кітапханасы да ойсырай ортайған.

Сөйте-сөйте Үйгентастағы жүз жиырма төрт үйдің түгелге жуығынан көркем әдеби кітапты емге таба алмастай ахуал қалыптасқан.

Оқырман да қалмаған. Жездеңізден кейінгі үш-төрт жылда белсенді оқырмандардың бірінен соң бірі қайтыс болғанын қарасаңызшы, қайран-ай!

Ауылдастармен аралық алшақтап бара жатты. Бірте-бірте бұл жұртыңыз көпе-көрнеу келемеждеп-кекетпекке көшкен. Сіздің жиеніңізді. Кекесін кернеген. Саналарды. Санасыздарды. Оқымақты доғарғандар ақымақтанбаққа кеткен. Шынымен-ақ көркем кітап оқу, ақын-жазушылар туралы айту, өлең мен әңгіме, хикаяттар мен романдар хақында пікірлеспек ерсі саналар кезенейлі кезең де келіп жеткен. Еліңізге. Оның ішінде Үйгентасыңызға.

Жылдар жылжыды. Сулар сусыды. Кітаптан көз жазып қалғандар топастана түсті. Жалғыз қалдым. Оқырман ретінде. Көке! Көркем дүниелердің сәулесін сезе алмайтындарды жездеңіз қатты мүсіркеуші еді ғой. Мүсәпір санайтын. Ендігі тобырлар, дос-жарандарыма дейін, мына мені мүсәпір көріп, қашқақтайды. Өзіңіз де өмір бойы меңзеп-мәністеп, мейірімді жүдетіп, жоғалтып алмауға үндеп келесіз ғой. Қорқыныштарым мен қауіптерім қалыңдап, қабыздап бара жатты, нағашы. Құлақтарыма шаншу боп қадалып, ысқыра ышқынатын шуыл үдеген. Мейірім мен махаббат, сезімталдық күн өткен сайын жүдеп-жадап бара жатқандай, жездеңізше шошынатын кездерім көбейді.

Балбұлақтың басынан ойпаңдағы Үйгентасқа түспестен, тұйықтанып жүрдім. Оңашалықты қалаймын. Кітапқа құнығып бас қоямын. Клуб меңгерушісінің орнына өзімді қойсам, жүрек шіркін шаншиды-ай. Жаным жаншылады-ай. Хал-күйімді тереңнен түйсінетін қайран шешем, сіздің сезгір әпкеңіз жаныма жалау болып желбірейді-ай. Келініне, немерелеріне ақылын айтады. Сәби көріп, басымнан сипайды. Көптен бері анашымның ақ жүзіне анықтап қарамаған екем. Қасымда жүрсе де. Қу тірлік деп жүріп. Кітап кеміріп жүріп. Кенет әпкеңіздің бетінде әжім шиырларынан сау-тамтық қалмағанын, қатты қартайып кеткенін көріп, селк ете түстім. Самайларынан уыс-уыс ақ шаш төгіліп, жанарлары тұманытып тұрыпты. Әкеден өлідей, шешеден тірідей қаншалықты алыстағанымды аңғардым, аға.

Таңданыстан теңсетілдім, көке. Алайда анашымның соншалықты шаршап-шалдыққаны, менің көзіме қартайып көрінгені былайғыларға түк те білінбейтін. «Фермер апа» деп қызығатындар көп. Қой қораны қарумен қаратып алып, байып кетті деп қызғанатындар да аз емес. Сіздің әпкеңізді Үйгентастағы қатарластарынан әлдеқайда жас көрінеді десетін. Кім білсін-ай, кім білсін? Бәлкім, басқа кейуаналар біздің шешемізден де қаттырақ қартайған шығар. Біз пақырларыңыз оны сезбейтін шығармыз.

Кімнің қартайып, кімнің жасарғанын қайдам, әйтеуір әдебиет кітаптарынсыз қалған, оқудан, ойланбақтан аулақтанған адамдар аса қорқынышты еді. Айтаққа арсылдап, айла мен алаяқтыққа біржолата бой алдырғандар, айналаға аңғарып емес, аларып қарайтын қараулар басымданғандай.

Қой бағып жүріп, ой баға бермек те бірдеңеге апарып соқтырады екен дә, көке. Қасқырлар қатты басынатын болды. Қорадағы қойдан қалағандарын арқалап әкететінге айналды. Тараздағы жиеніңізбен ақылдасып, қораны қаттырақ нығайттық. Қараңғы түнде кіре алмаған қасқырлар шаңқай түсте тиісетін әдіс тапқан. Мыңшақты маңыраманы самал саулап тұратын Бүйрекбеткейге иіріп, келініңіздің мәнерлеп пісіретін мәнтісінен кейін кітап оқу әдетім еді, көке. Қасқырлар оны да көп көрді-ау. Жойқын жыртқыштар үйлері кітапсызданған үйгентастықтармен үйлесім тапты. Жаудай шапты. Жиеніңізге. Тапа-тал түсте тамақтағанын тамақтап, арқалағанын арқалап әкете баратын болды.

Бір жолы түскі тамақтан кейін кітап қызығын қия алмай, екі сағаттай кідірістеп, Бүйрекбеткейге атпен шықтым. Тоғыз қасқыр тоғыз қойды тістелей сүйреген күйі жықпылдарға сіңіп үлгерді. Қуып жету де, тауып ату да мүмкін емес еді. Атып та көрдім-ау ақырында.

Тағы бірде түстеніп алып, кітап оқығам. Қасқырлар қайта-қайта шаба бермес, неғыпты сонша. Деп. Қыратта жусатып кеткен қойыма жетсем, талайы тамақталып жатыр. Бір дәу қара қойымды қолдан сойғандай етіп, етін тазалап жеп, терісін жайып, басымен бірге қалдырған. Қасекеңдер. Көрмесең, сенбейсің. «Қойдың басын өзің-ақ жей ғой, жазушының жиені» деп, мазақтап кеткендей. Шыдай алмай, аңдымаққа бел байладым. Мылтық қолда, оқшантай белде. Түскі тамаққа бармастан, бұғып отырғам. Тобылғының түбінде. Тоғызы шыққан. Бүйрекбеткейге қарата бүлкіл қағар қарсаңда қарсы алдымда топтанғанын қараңыз. Жүрек атқақтап, алқымға тірелді. Қасекеңдерде қылаудай қауіп жоқ сияқты. «Қаншама қиянат жасадық саған, адами зат. Ал енді бізді ат!»  Десетіндей.

Аттым-ау, обалы нешік. Көздеп тұрып-ақ басқандай ем. Қосауыздың қос шүріппесін. Біреуіне де тимеді ғой. Тимеді. Тигізе алмадым, аға. Тоғыз қасқыр титтей де аспай-саспай, асықпай-аптықпай, өзгеше өнер көрсетіп, ирелең соқпақтармен билей жарысып, биіктеп бара жатты. Адами затпыз ғой біз, көке. Түлкіні қу деп ойлаймыз. Сұм деп айтамыз. Жазасыздар сіздер. Сөйтіп. Шындығына келсек, түлкілеріңіз қулық-сұмдық жөнінен қасекеңдердің қасында жіп есе алмасқа кеткелі қаш-ша-ан…

Үлкен қаладағы үлкен жиеніңіз қызын ұзатты ғой, көке. Ойы-ба-ай, аға, жаңа құдаларымыз Қазақстаныңыз бойынша құрылыс материалдарын саудалайтын бизнесмендердің бірегейлері болып шықты.  Тараз түгілім, Алматыдағы алып «Строймаркеттердің» бірталайы біздің құдалардікі екен дә-ә-ә. Құдалыққа барғанда көріп, талып түсе жаздадық. Оларды біз де шақырдық. Боралдай басындағы кітап өртелген сазды түбекте күттік. Балбұлаққа апардық. Қысқы қораларымыз, мыңшақты маңырамамыз, жүзшақты жылқымыз көңілдеріне қонды, көке. Әбиір болды ғой. Деді. Әпкеңіз. Құдалар кеткен соң қатты жылады. Қуаныштан, әрине.

Міне, айналайын ағатайым, көптен бері көріспей-біліспей кеткен көкешім, ұзақ-сонарға созылған хатымды аяқтауға таядым.

Жиеніңіз кешірілмес қылмыс жасады деп ем ғой. Үшбу хатымның басында. Иә-иә, қылмыскермін мен. Құдалықтарды әбден атқарып болған соң, ары да ойландым, бері де ойландым. Толғанысқа түстім, көке. Есептеп кеп-кеп қарасам, бір жылдың ішінде тұп-тура елу қойымды қасқырға жегізіппін. Осы бір жылыңызда ше, елу кітап оқыппын. Қалған кітаптың өзі де сол еді. Елу ғана.

Түпкілікті шешімге бекіндім. Елу кітапты жаңа «Джип» көлігімнің артына арттым. Боралдай өзенінің ағысы күшейетін, құлди-құлама тұсына жетіп тоқтадым. Кітаптарды ақырындап жерге түсірдім. Күзгі көкке жайып тастап, қимағандай қарап біраз отырдым.

Жүсіпбек Аймауытовтың «Ақбілек» дейтұғын қызғылтым кітабынан бастадым. Ақкөбіктене сарқыраған суға лақтырдым.

Қош бол, кітап…

Бір батты. Бір шықты. «Ақбілек». Шыркөбелек қақты қайран кітап. Асау ағыс асығып ала жөнелді. Ақбілек қыз сыңсығандай. Аянышты дауыс естілгендей. Бір-бірлеп лақтырамын. Мұхтар Әуезов. «Қилы заман». Ғабит Мүсірепов. «Этнографиялық әңгіме». Әбдіжәміл Нұрпейісов. «Қан мен тер». Әбіш Кекілбаев. «Шыңырау». Шерхан Мұртаза. «Ай мен Айша». Мұхтар Мағауин. «Көк кептер». Сайын Мұратбеков. «Көкорай». Дулат Исабеков. «Тіршілік». Оралхан Бөкей. «Кербұғы». Төлен Әбдікұлы. «Оң қол». Бексұлтан Нұржекеев. «Бір өкініш, бір үміт». Несіпбек Дәутайұлы. «Айғыркісі». Тұрсынжан Шапай… Нұрғали Ораз… Бір қарасам, сіздің де кітаптарыңыз… Көке-е-е-е!

Прозаның шаруасы бітті. Поэзияға қол салдым. Қол салғанда, мол салдым. Бес-алты кітапты лақтырған сайын үзіліс жасаймын. Айқайлап жылаймын. Өксимін. Өкіремін-ай. Өкінемін-ау. Бәрібір, алған беттен қайтқым жоқ.

Қош бол, кітап… Ең соңғы оқырман мен едім. Дедім. Үйгентастағы.

Бүгіннен бастап басқаландым, аға. Бәлкім, топастанған тобырдың бір мүшесімін. Мүмкін, қоғамдастарымның қатарына қосылдым. Енді олар қашқақтамас. Кекетпес. Сотым – сізсіз. Көке. Қылмыс жасағаным рас.

P.S. Баяғы шығармаларыңызда постскриптумды жиі қолданатынсыз. Мен де сөйтейін. Елу кітапты суға ағызып қайтқанымды әпкеңіз біліп қойды. Өзінен-өзі күбірледі. «Мына таудың арғы бетінен Арыс, бергі бетінен Теріс басталады ғой. Екеуінің ортасында тірі пенделердің көзіне көрінбейтін үшінші өзен бар. Десетін. Бағзыдағылар баян ететін. Сенің кітаптарың сол өзенмен ағып отырып пейішке кірер… Әкеңе жетер…» Деді әпкеңіз. Мұңайып.

Түнде түс көрдім, көке. Менің марқұм әкем, сіздің жездеңіз жұмақта, хор қыздарының ортасында суға ағып кеткен кітаптарды кептір-е-еп, құрғат-е-еп, құныға оқы-ы-ы-ып отырыпты.


Мархабат БАЙҒҰТ, жазушы:

 БІР ЖЫЛДА ЕЛУ ҚОЙЫН ҚАСҚЫРҒА АЛДЫРҒАН…

 –  Аға, сіз үшің әңгіме дегеніміз қандай жанр? Әңгімені осыдан бастасақ.

– Әңгіме – әулие жанр. Бұл ойды біз пақырыңыз бұрынырақта Тәкеен Әлімқұловтан, бертініректе Асқар Сүлейменовтен, кейініректе Әмірхан Меңдекеден естідік-ау. Өзіміз де өте жиі қолданамыз. Кейбір кісілердің пікірді тікелей бізге теліп жазатыны да жоқ емес.

Қалай болғанда да, алғаш кімнің аузынан айтылса да, әңгіме дегеніңіз – әулие жанр. «Қазақ әңімесінің бір кемшілігі – әрбір ситуацияның ішкі сырын ашпай, сыртқы қаңқасын баяндауға саяды. Теңеу, салыстыру, меңзеу дегендер аз… Әңгіме жазу оңай ма, роман жазу оңай ма? Екеуі де бейімге, дарынға байланысты. Даусыз бір шындық – әдетте роман мен повестің айбақ-сайбағын оқушы кешіреді. Ал әңгіменің олпы-солпысы жанр ретінде оның өзін жоққа шығарады», – дейді Тәкен көкеміз.   

Шағын жанр шеберлерінің бірегейі Джек Лондон: «Читайте только лучшее! Не бойтесь оставить недочитанным начатый рассказ», – деген ғой.  Бүгінде бүкіл әлемде әңгіме жанры алға шықты. Қазақ әңгімесі де әлемдік деңгейге көтерілді. Өкінішке қарай, сыншыларымыздың саралай алмай, оқырмандарымыздың бағалай алмай жататын жақтары басымырақ. Жастарымыз әлеуметтік желілердің әлеуеттілік-әділеттілік әуен-әуездерімен әуестенбей, әулекілік-әсіреңкілік әләулайларымен лайлана ластанып, былғана былапыттанып барады. Клиптік ойлау жүйесі жан-дүниелерін жаулап алғалы қашан. Ал өркениетті, көркемниетті ұлттарда айрықша бір көркем әңгіме жарияланса, жабыла оқып, баспасөзде де, басқа сөзде де, әлеуметтік желілерде талқылаулар, қоғамдық пікірге қозғау салулар баршылық. Мәселен, француздарда Мопассанның «Мадмуазель Фири» атты атақты әңгімесінен бермен қарата: «Ұлттық ұждан ұнасымын көркем әңгіме қалыптастырады», – деген ұғым бәсеңсімепті. Әлі де олар әңгіме дейтұғын әулие жанрға елеңдеп, ерекшелеп-екшеп оқудан жаңылмай келеді. Орыстарыңызда да солай. Мектептерінде де, жоғары оқу орындарында да, зиялы-зияткерлік орталарды былай қойғанда, қарапайым адамдар арасында да: «Пәленшеевтің көркем әңгімесіндегі Түгенше ше?» – дегендейін текті тіркестер тіпті жиі айтылады. Ал қазақ қауымында ше? Қайдам-ау, қайдам…

–  Туындыңыздағы   нағашысына хат жазушы мен автордың қатысы бар ма?

– Туған ауылымыз Таупістелі Қаратаудың Алатауға жиырма бес шақырымдай жақындайтын тұсындағы Бозторғай асуының аузында орналасқан. Асудың арғы жағы – Жуалы ауданы. Әпкелеріміздің бәрін Жуалының жігіттері асу арқылы алып қашып әкете берген. Жездемізді негізге алып жазған «Жалбыздының жағасында» атты әңгімеміз 1982 жылы осы «Қазақ әдебиеті» газеті сыйлығының лауреаты атандырған. «Әпкемнің ауылы» деген әңгімеміздегі ауыл да Қаратауыңыздың арғы жағында мұнарлы да мұңды сағыныштың сағымына оранып жатыпты. Таупістелідегі төрт жылдықты тауысқан соң біраз уақыт үлкен әпкемнің қолында жүріп оқығанбыз. Кейін кіші әпкеміз де сол ауылға келін болды. Мына «Қош бол, кітап…» дейтұғын дүниедегі сіз айтып отырған «нағашысына жат жазушы» – кіші әпкеміздің ұлы. Елу кітап оқып жүріп, бір жылда елу қойын қасқырға алдырғаны да рас. Әпкеміздің жекешелендіру кезінде таудағы тас қора үшін күреске білек сыбанып кіріскені де рас. Бірақ әрине мәселе прототиптерде емес шығар. Мәселенің мәнісі әулие жанр әңгімеңіздің көркемдік құнарында болар. Сайып келгенде, уақыт категориясының неғұрлым нанымды, көркем бейнеленуінде шығар.

– «Өтпелі дейтұғын өзгешелеу кезеңдегі» өзгерістердің белең алу себебі неде деп ойлайсыз? Бұл шақты әңгімеге арқау етуіңізге не себеп болды?

– Павлодардағы Сұлтанмахмұт Торайғыров атындағы мемлекеттік университеттің оқытушысы  Б.Ысқақ дейтін қызымыз (атын білмеймін – М.Б.) «Алмағайып» дейтін жинағымды талдап, бір журналға жариялағаны есімде. «Өтпелі кезеңнің» көркем әдебиеттегі шынайы көріністерін осы жазушының әңгімелерінен табасыз», – дегендей пікір білдірген екен.  Пендеміз ғой, бұл ойы ұнады әрине. «Өтпелі дейтұғын өзгешелеу кезеңде» уақыт ағымдары, қоғамдық даму ағыстары, адамдардың пейіл-ниеттері алмағайыпқа айналып кете барды. Ортақ өгізіңіз гүрс етіп құлап, оңаша бұзаулардың соңынан жанұшыра жүгірушілік, ақша-құдайға ғана жүгінушілік үдеген. Парасат қашқан. Парақорлық тасқан. Өлшемдер өзгерген. Өрелер шөре-шөре күйге түскен. Иесізденген байлық көздерін, тіпті қалқоздар мен сапқоздардағы мыңғырған малға дейін «бартерлеп» байыған әккілеріңіз әкістік-тақыстықтың шыңдарына шығандаған. Биліктің буын-бунақтарын шырмап алмаққа алқынды. Түсініксіз құбылыстар қабыздады. Адалдық аңтарылды. Қайырымдылық қаңтарылды. Әбіш Кекілбаев меңзегендей, жекешелендіру кезінде әлеуметтік жіктеу үдеді. Жалаң экономизм жалаңқиялық танытып, меншікті мемлекет иелігінен алуды өз пайдасына шешті. Жүйелі, әділетті, жергілікті жағдайларға, көркемниетті қазақ ұлтының айрықшалығына сәйкес меншіктендіру орнына мүлік теңсіздігі тарихи түрде қалыптасқан қоғамдарға  тән аукциондық жекешелендіру әдісі үрдіске үдемелей енгізілді. Алуан түрлі меншіктің орнына қоғамның қайтадан дәулеттілер мен кедейлерге бөлінуі етек алды. Әлеуметтік мінез-құлық  бүлінді. Байлардың зорсынуы, кедейлердің қорсынуы тереңдеді.  Осының бәрі, әрине, қаламгерлігіңізге қарыз бен парыз артады.  Жауапкершілік жүктейді.

– «Клуб пен кітапхана күйігін көтере алмаған» кейіпкер секілді кітаптың киесін түйсінетіндер қазір бар ма?

–  Жоқ деуге болмас. Жүрек те шыдамас. Кітаптың киесін түйсінуден қалса, қазақ ұлт олып жарытпас. Алаш ардақтылары да: «Ұлт ұлт болып қалуы үшін  ең кемі он проценті (пайызы) ояу болуы керек-дүр», – деген ғой. Ең құрығанда, он пайызы кітап оқымаққа оралар. Неғыпты сонша…

«Алайда анашымның соншалықты шаршап-шалдыққаны, менің көзіме қартайып көрінгені былайғыларға түк те білінбейді», – дейді хат жазушы бала. Анасының өзгелерге керісінше көрінетін жадау жүзіне сондай жанашырлықпен қараған бала сезімі арқылы нәзік ой ұшқындарын беріп өткенсіз. 

– Әңгімеде астары ащы, тұспалы терең сөйлемдер аз емес-ау  деген үміттеміз ғой. «Іштеріне қулық толған, кеуделерінде ар-ұят солған жандардың жүректері дірілдемейді», – дейді  ізгілік ілімдерінің түркілік негізін нақтылаған Ахмет Яссауи бабамыз. Қазіргі қатерлі құбылыстардың қабынғаны сондай, кей жандардың алтын құрсағын жарып шыққан асыл анасының әжімдері шиырлап, жүдә тереңдеп кеткен жүзіне жан тебірентіп қарауға уақыты жоқтай көрінеді маған кейде.  

– «Жойқын жыртқыштар үйлері кітапсызданған үйгентастықтармен үйлесім тапты», – дейсіз, аға, шығармаңыздың бір тұсында. Мұның мәні неде?

–  Мұның мәні де астары мен тұспалында.

 Сіздің жазу стиліңіз, сөйлем құрау жүйеңіз  мүлде бөлек. Бұл стильмен жазуыңыздың сыры неде? Қалай қалыптасты?
Беріп отырған бағаңызға бек құрсанбыз, Асқаршалап (Сүлейменов) әзіл-шынын араластырып айтқанда. Жетпістің жетеуіне іліге бастаған жаман жазушыңыз мына бағаңыздан кейін «жұлдыз ауруына» ұшырап жүрер. Жалпы, әр қаламгердің өз стилі болғаны жақсы, әлбетте. Біздікі де өзіндік жазу машығынан қалыптасқан форма болса керек.

– Әңгімеңізге көп рақмет!

 Әңгімелескен Мөлдір РАЙЫМБЕКОВА

ПІКІРЛЕР1
Аноним 03.11.2021 | 13:14

мынау әңгіме емес. нағыз алжыған сөз.

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір