КІТАП ПАТШАЛЫҒЫНДА
20.06.2023
646
0

Асылан
ТІЛЕГЕН

Қызық әңгіменің басталуы

Емес ол бір елге жат,
Сазы бөлек ән дермін.
Әлемдегі ең ғажап
Шаһар көрдім,
Сән көрдім.

Сүлейменнің жүзігі,
Қызық боп па шынында?!
Дүниенің қызығы –
Кітап патшалығында.

Заман да емес көнерген,
Болашақ та демейін.
Назар салсаң, өлеңмен
Баяндап-ақ берейін.

Патшалық ол!
Бағала!
Таңданарсың ес кетіп.
Сарайларды арала,
Кітаптарды еске тұт!

Халық мұрасы сарайы

Сақтап келген ел оны,
Аңыздың бар расы.
Ең алдымен керегі –
Халықтың бай мұрасы.

Міне, осы – бастаулар,
Сусын болған талайға.
Ертегілер, дастандар,
Бәрі сол бір сарайда.
Ғажабы ол ғажаптың,
«Алпамыс» тұр тұғырда.
Батырлығы қазақтың –
«Қобыланды жырында».

Керек кезде жаңылған,
Аяламас оны кім?!
Шығармайтын жадыңнан,
Мақал-мәтел – серігің.
Дәл бұлардай дос тапшы,
Бәрі осында сыйғаны.
Талай сырды ашпақшы,
«Шешендік сөз» жинағы.

Алаш мұрасы сарайы

Түрлі кітап –
Көк,
Сары,
Таңдантса да талайды.
Патшалықтың жоқ сәні
Жырларынсыз Абайдың.

Серігің ең сенімді,
Алтынсарин тұмары –
Қандырады шөліңді
Бастау – «Таза бұлағы».
Аттама деп ала жіп,
Жырға толған құшағы.
Өміріңе мол азық,
Ахметтің «Мысалы».

Бұл – бастаулар тұмасы,
Шөлін басар көп жанның.
Балаға мол мұрасы,
Әлиханның,
Мағжанның.

Қарығады-ақ жанарың,
Көре білсең, бұл – жақұт.
Көзін ашқан баланың,
Сұлтанмахмұт,
Міржақып…

Қазақ әдебиеті сарайы

Керек «кені ақылдың»
Санаға нақ саңылау.
Жыры Қадыр ақынның –
Ғажап «Күміс қоңырау».

Мынау бақта көп ағаш,
Асықпай кез шалқып бір.
«Жабайы алма» аралас,
«Жусан исі» аңқып тұр.

Балалардың таңдауы,
Керек кітап біз атар
Бала жыры бағбаны –
Әлімбаев Мұзафар.

Тұмағаң да таң қылған,
Жырын оқы бәрін ап.
Әбдірашев қалдырған –
«Шежірелі шаңырақ».

Сарайлардың шырағы –
Алуан түрлі көп ғажап.
Көкке шапшып тұр әні,
«Тортай мінер ақ боз ат».

Күлдіріп, бір мұңайтып,
Қара бала өзі әлек –
Қызықтарын тұр айтып,
«Менің атым Қожа» деп.

Менмұндалап жатқаны,
Сыр ашуға бекіген.
Қызығына бат, қане,
Бірін ал да шетінен.

Әлем әдебиеті сарайы

Құрыш қалай шынықты?!
Крузо қалай жол тапты?
Дию бастар бүлікті,
Тапқан еркек қорқақты!

Міне, қызық, кім-кімге өш?!
Кім шықпақшы тұғырға?!
Аты неге Дымбілмес,
Түк білмей ме шынында?!

Елеңдеулі құлағы,
Білмегендей бұлай түк.
Хәрри Поттер тұр әні,
Шым-шытырық сыр айтып.

Қызықтасаң әр күні,
Енерсің-ақ еміне.
Шақырмақшы барлығы,
Ғажайыптар еліне.

Патшалықты іздеу

Патшалық – ол,
Нұрлы өлке,
Қызығы да, сыры көп.
Естігенше мың мәрте,
Көрген дұрыс бір рет.

Батыр да көп, бұзық сан,
Орман, тайга, теңіз көп.
Патшалыққа қызықсаң,
Оны өзің де көр іздеп.

Сол шаһарда бар асыл,
Сұрама оны кісіден.
Оңай тауып аласың,
Мектебіңнің ішінен!

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір