Өнегелі өмір жаршысы
08.01.2016
3407
1
Медеу ағамен суретЕртіс жағасында өсіп шыққан Семей қаласы – қазақ халқының жадында қазақтың ұлы тұлғасы Шоқан Уәлиханов пен орыстың ұлы жазушысы Федор Михаилович Достоевский кездескеннен бергіде, Абай мен Шәкәрім, Мұхтар, Жүсіпбек, Сұлтанмахмұт сияқты біртуар Алаш тұлғаларының тасқа басқан таңбадай айшықты ізі қалған киелі жер. Семей содан бергіде қазақтың рухани астанасы деген мәртебесінен еш жаңылған жоқ. Бұл шаһар «Тамаша адамдардың өмірі» атты әйгілі сериямен Москвадан үш бірдей ірі роман шығарған жазушы Медеу Сәрсекенің құт мекені.

Республикалық баспасөзде дер кезінде, әр кезеңде Медеу ағаның шығармашылығы туралы екі әдеби сұхбат пен бір мақала жа­риялаппын – «Сәтпаев өмірі таусылмайтын сұхбат» («Қазақ әдебиеті», № 5. 6-12.02. 2004) «Елі сүйген Ебіней. Жазушының “Ебі­ней Бөкетов” атты ғұмырбаяндық кі­та­бы бойынша» («Қазақ әдебиеті», №14 (2914). 8.04.2005) «Алаң жұрттың тарихы. Жазу­шы Медеу Сәрсекенің «Ермұхан Бекма­ханов» атты ғұмырбаяндық романы». («Айқын» газеті, №229 (1653) 09.12.2010).
«Алтай-Ертіс» кітапханасы сериясымен «Фо­лиант» баспасынан 2013 жылы жарық көр­ген жазушының «Шығармалары» жи­на­ғы­на алғысөз авторымын. 2015 жылы әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық универ­си­теті баспасынан іргелі оқу орны тарапынан ри­зашылық энтузиазммен жарық көрген Ермұхан Бекмаханов туралы «Ноқталанған тарихшы» атты кітабында «Алаң жұрттың тарихы» атты мақалам бұл романға бас­па­сөз бетінде жарияланған рецензиялар қа­тарында жарияланды.
Жазушымен кездескен ең алғашқы әсерім жадымда. Медеу аға Қазақстан Жазу­ш­ылар одағының Семей бөлімшесін бас­қарған тұста, 1988 жылы «Жігер» фес­ти­валіне мені өз қалауымен қатысушы ре­тін­де жіберді. Өзім үшін қызық деталь, Ме­деу аға мені бөлімшеге жолдама беруге ша­қырғанда, бір музейде киім ілушімін, ал­дында бір үлкен оқудан өз еркіммен кетіп, басқа бір қиын институтқа дайындалып жүр­ген көзсіз тәуекелшіл кез. Бәлкім, жұ­пы­ны категориямен ойлайтын тар пейіл адам болса, елеусіз жұмысымды менсінбей, жас­тар фестиваліне жібермей қалар ма еді. Қоңыр күзде самолетпен ұшып, Алматыға, әдебиет мерекесіне баратыныма аяқ астынан ерен қуанғаным бар. Ол кісі жастар әде­биетін аңдап, біліп жүреді екен. Алғаш көр­генде ұққаным, Медеу аға артық сөз шығындамайды екен. Сол рухани биік қалы­бынан Медеу аға ешқашан айныған емес, басы артық әңгімеге жоқ, шығармашылық дү­ниесіне ерен адал, жүйелі түрде жұмыс іс­теуге әбден дағдыланған. Уақыттың қад­і­рін ерекше біледі.
«Абай» журналында қызмет атқарған ұзақ жылдарда Медеу ағамен үнемі рухани бай­ланыста болдым. Медеу аға маған аға­лық, жазушылық ақылын айтса, шынын ай­тады; әдеби мақалаларды көп жаза­ты­ным­­ды аса қабылдамайды, «алтын уақы­тың­ды бекер шығындамай, ірі дүниелер жаз, көп болса, жұрт сені білгіш қыз дейді, мақала деген уақытша дүние, кесек прозаға бар, артыңа қалатын шынайы берекелі дүние сол» дейтінін іштей хош көретінім рас. Медеу аға бұл тыйым сөзді кейде телефонмен де ай­тады, соныңды қоймадың, енді айтпаймын деп те айтқаны бар. Бұйырса, сол үде­ден шығуға тақау келген сияқты­мын.
Медеу ағаның жұбайы Клара тәтемен әң­гімем ерекше жарасатын еді. Клара Дүй­се­байқызы Есенжолова мамандығы биолог, орыс, қазақ тілдеріне бірдей, ішкі дүниесі кең, өте парасатты жан, мейірімді, зиялы жа­ралған. Ең ғажабы, Клара тәте мәскеулік «Та­­маша адамдардың өмірі» атты сериясы бойын­ша шығатын небір романдарды үзбей оқи­тын, керемет оқымыстылар мен көрнекті адамдар туралы тұнып тұрған деректі дү­ние­лерді таң қалдырып айтып беретін. Ра­сын­да кітапсүйер қалыбыммен осынау әй­гілі серия бойынша дендеп оқы­ға­ным үш-төрт кітап, тиіп-қашып қараған бірен-са­ран «ЖЗЛ» есепке алынбайды. Клара тәте бар­­ған сайын дастарқан үстінде ма­ған атақ­­ты жазушылар, ғалымдар, қол­басылар ту­ралы көктегі тырналардай тізіл­тіп ай­рық­ша тартымды деректерді айтады. Оның астарында көктем мен күзгі ностальгия тұнып тұрғандай, жер көгер­геннен бергі ада­м­­зат рухына құрмет пен өмірге құш­тар­лықты арттыратын сиқырлы әсері күшті; мықты физик Ландау туралы айтқаны кө­кейім­де әлі тұр. Ерекше қабілетті туған жан­­дардың кейбірінің өмірге икемсіздігі, бір­беткей мінезі мен адалдығы, ғылымға өлер­дей берілгені, отбасына көзқарасы, сыңар­жақтау болмысы туралы, бір сөзбен айт­қанда, Клара тәтемнің әңгімесінен құ­дай ерен дарын берген адамдардың еш­кімге ұқсамас жаратылысы өріліп шығатын. Клара тәтенің кісілік ізгі қасиеттері мен жар­қын келбеті сағыныш­пен көкейімде қал­ды.
Сонымен, Клара тәте дегдар түйін жа­сай­­тын, өнеге, үлгі етуге бек лайық мық­ты адам­дарды пір тұтатын жасампаз халық еш­қашан жерде қалмайды, жер жүзіндегі ең озық ұлтқа айналады, жасөрім бала­лар­дың санасына сондай текті адамдардың өмір­баяны мен халқына қызметіне зейін ау­дарту керек! Олар сондай текті, еңбекқор, адал, қайраткер, дарынды адамдарға елік­теп өсуі керек. Қазақ балалары халық­аралық олимпиадаларда жиі жарқырайды, ғылымда, техникалық білімде таңдаулы болуды санасына құю маңызды.
Мен құс жолындай самғау әңгімелерден соң қанаттанып шығамын. Клара тәте көзі тірісінде маған былай дегені бар, сол сөзі аманат сияқтанады: «Медеу ағаң кітап жазумен қолы тимейді, әдебиетке талантты жастар келіп жатыр. Әміре атаң туралы поэ­ма жазған Қайырбек Шағыров деген ақын жігіт бар екен. Медеу ағаңның жерлес інісі болып келеді. Поэмасын оқып, өте риза болдым, сен сол баланы ескере жүрші!».
Медеу аға маған кейінірек ән патшасы Әміре Қашаубаев туралы драма жазу идеясын көкейіме салған, оның да шешуін уақыт көрсетер. Жазушылықта осы тектес биік идея ұсыну бір асыл мұрат.
Медеу аға мен Клара тәтенің үйіне қуа­ныш­та, үлкен жазушының Москвадан, Аста­надан кітаптары шыққан кезде, бір игілік боларда жиі барады екенмін. Творчестволық өріс деген ерен құбылыс бар. Құдіретті дү­ние, шығармашылық дүниеңді кеңейтеді, байы­тады, биікке жетелейді. Медеу ағадан еңбекқорлықты үйренгенім аз емес.
«Фолиантта» басылатын кітаптарын жазу­­шы өзі қадағалайды, редактор, дизайнермен біріге іс атқарады. Өткен қараша­ның қара суығында Медеу аға баласы Ер­лан­ның үйіне мені шақырып алды. Полигон туралы үлкен кітабы жарық көрмекші. Медеу аға енді деректі кітап жазбайтынын нақ­ты айт­ты. Полигон деректері қазақ хал­қы­ның ба­­­сына төнген атомдық алапат ке­сел­дің түп­негіздерін, сұрапыл қасіретін ай­ғақ­тау­шы-әшкерелеуші құжаттардың толық жылнамасы. Мұншалық ғаламдық трагедияны түп тамырынан қозғау үшін ұлтын риясыз сүйген үлкен жүрек пен асқан жігер қажет. Ешқашан бетінен қалқып іс қылмас, даяр қалыпқа қызықпас Медеу Сәрсеке талай жыл шығармашылық күш-қайратын осы ірі кітапқа салып, жас ұрпақ ал­дындағы аза­мат­тық ұлы парызын тағы бір мәрте өтеді. Келешекте полигон туралы деректі кітап орыс, ағылшын тілдеріне аударылса, қазақ халқының басынан кешкен зұлматтарына дүниежүзі қауымдастығының әділетті жана­шырлығы ұлғая түспек. Полигон десе еңсе түсіп, құтымыз қашып ке­те­­тін аймақтың ба­ла­сы болған соң оның нағыз қасірет кіта­бы екені ақиқат екенін білеміз. Академик Рымғали Нұрғалидың бір әңгімесінде Деге­леңді өлген тау деп атайтыны жадтан өш­пейді. Шыңғыстау мен Абралы аудандарын мекендеген халық полигоннан көрмеген қор­лығы жоқ, әлеуметтік қорғансыздық, мү­гедек нәрестелер, адамдар 40-45 жаста қа­терлі ісік, қан ауруынан көз жұмады.
«Бозтаевтың архивін маған беріп кеткен. Мыңнан астам хат бар. Төрт жәшік. Ау­дармашымен жазылған хаттың өзі отыз шақты. Менде қор ашылған, түпнұсқаның бәрін архивке бердім. Менің атымда қор бар. Бәрін компьютерге түсірдім. Семейдегі ар­хив бастығы келісімшартты бұзбаңыз, бізге беріңіз», – деді.
Жарты жыл отырып жазушы сол архивті рет­тепті. Архив дүниесіне қастерлеп қарай­ты­нын ұғу қиын емес.
«Мен француздың классик жазушысы Андре Моруаны ұлы документалист санаймын. «Ебіней Бөкетов» атты кітабымның тұ­сау­кесерін 2005 жылы 15 ақпанда ҰҒА-ның төралқасында академик Мұрат Жұ­ры­нов жасады. Сонда айтқанмын. Француз әде­биетінің дәстүрі бойынша бір ұлы адам өл­генде ол туралы деректі кітапты 50 жылдан соң жазады. Мен сол заңды бұзып отырмын. Өмірбаяндық романды Қанекең, Қаныш Сәтпаев дүниеден озған соң 11 жыл­дан соң жаздым. Қанекең туралы кітап­та басты қателігім, 11 жылдан соң кірісуім. Кітаптың тоқталғаны рас. Моруаның айтуын орындамадым. Сәтпаев тақырыбын соңғы бес жылда жазсам басқаша жазар едім.
Ебіней Бөкетов қайтыс болған соң 31 жыл­дан соң жаздым. Бөкетовтің досы, дұш­паны да залда отыр. Бекмахановты жаз­ғанда тарихшы өмірден өткеніне 40 жыл­дан асты».
Медеу ағаның жазушылық лабора­то­рия­­сынан біршама хабарым бар. Баспадан шық­қан таңдаулы кітаптарының бәрін қол­таң­басымен маған беріп келеді. «Фолианттан» шыққан 8 томдықты иелендім. Медеу ағаның 70 жасында осы баспадан 2006 жылы жарық көрген 6 томдық шығармалар жинағы кітап сөресінде тұр. Үлкен қайраткер жазушы Медеу Сәрсекенің соңғы 20 жылда бас­падан шыққан шығармалары түгел дер­лік менің жеке кітапханамда бар. 8 том­дыққа енген «Қаныш Сәтпаев» атты жұл­дыз­­ды еңбегі бұл романның 14-ші ба­­­сы­­­лы­мы екен. Еңбегі жанған жазушы Медеу ағамдай болар. «Қаныш елі» атты кітабы үш тілде жа­рық көрді.
Шәкен Айманов атындағы Қазақфильм ки­нос­тудиясында туған «Аманат» атты жаңа көркем фильмнің қоюшы-режиссері Сатыбалды Нарымбетов. Жұртшылық жақсы қабылдаған сәтті фильм. Режиссер С.На­рым­бетов «Ермұқан Бекмаханов» атты роман жарық көре сала, авторға фильм түсіру туралы ұсыныс жасайды. Әу баста бұл кітап­қа мәскеулік қазақ режиссерінің де назары түскен болатын. «4 сериядан тұратын фильм түсірілсе, режиссерге сценарийін сен жаза­ды деп келісемін», – деп Медеу ағаның ма­­ған бес жыл бұрын айтқаны бар.
Жазушының «Шыңғыс хикаясы» атты по­весін қайталап және «Тендерге түскен ке­лін­шек» атты пьесасын оқыдым. Рамазан-Рә­піш, Шыңғыстауға мұғалім болып келген ерлі-зайыпты екеудің нақақ қазасы туралы бала кезден естіп өскенмін. Нағашы атам Ораз­хан Бодауханұлы Бақанаста бір қыс жұмыс істеген, екі жасты көзімен көргенін, еш жазығы жоғын, колхоздасуға қарсылық еткен банды өлтіргенін аяушылықпен айтып отыратын.
«Тендерге түскен келіншек» – М.Әуезов атындағы академиялық драма театрында аншлагпен жүрген драма. Жазушы прьемерадан соң басты рөлдегі артистер Бекжан Тұрыс пен Дария Жүсіп спектакльде керемет ойнады деп ризашылықпен айтты. Бұл драмада қазіргі заманғы тіршіліктің бір-біріне жұлдызы қарсы қос түйіні бар – ар­лы­лық пен адалдықты жетімсіреткен қо­ғамда ақшаның соқыр билігі. Адамдық азап шеккен жерде ізгілік қасиет қалмайды. Бас кейіпкерді өмірден түңіліп, тентіреп кеткен ішқұса кейпінен жазушы оңымен құтқаруы нанымды, өлуге бекінген сорлы атасын іздеп тапқан немересі арқылы зұлым­дық жеңіледі. Кешегі айтулы архитектор бомж болып кеткен шындық санаға қара тастай ауырпалық түсіреді. Драма өмірдегі ең қи­мас қасиет адамдардың бір-біріне деген шынайы сүйіспеншілігі екенін, одан өткен байлық жоқ екенін көрермен қауымның кө­кейіне әбден сіңіреді.
Медеу Сапаұлы инженер-металлург ма­мандығын алмаса, өндіріс тақырыбына, қазақ жұртын кемеңгерлігімен бөгде ел­дер­ге танытқан үш алып туралы деректі проза жаза алар ма еді деген ой келеді. Оның «Жарылыс», «Көмбе» атты романдары өндіріс тақырыбына арналған.
Жазушы алғашқы шығармаларын фан­тастикалық жанрда тудырды. «Жетінші тол­қын», «Көрінбестің көлеңкесі», бұл повес­терде ғылыми-қияли және техникалық бір топ әңгімелер ағартушылық сарында жазылды. Ататек-шежірелік кітабы авторының қазаққа тән қастерлі дүниелерге ықтияр, ұқыпты, бейнетқор екенін растаса керек.
Медеу Сәрсекенің 8 томдық шығарма­лар жинағының соңында филология ғылым­дары­ның докторы, профессор Арап Еспенбетов зерт­теу мақала жазды, авторды де­ректі жанрдың қас шебері, дербес та­қырып иесі деп қадап атады. Балалық шақ­тағы іздеп жүріп, сүйіп оқыған, жарық дүниеден керемет әсерлі құбылыстар іздеген оқушы зер­деме «Қос мекенді адам», адам-амфибия тура­лы қиял п атшалығын сыйлаған Александр Беляевтың әйгілі фантастикалық ро­манын қазақшаға аударған Медеу аға еке­нін осы тұста білдім.
Айгүл КЕМЕЛБАЕВА,

жазушы,
«Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығының лауреаты.
ПІКІРЛЕР1
Қонақ 25.01.2024 | 11:16

Нееееееет😭😭😭

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір