ҚАЗЫБАЕВ ҚАЗАҚ ЖЕРІНДЕ НЕМІС АВТОНОМИЯСЫН ҚҰРУҒА ҚАРСЫ БОЛДЫ
05.07.2019
1711
0

Рақымжан Қошқарбаевты тұғырына қондырған, көзсіз ерлігін елге жеткізген кім еді? Қазыбаев еді. ҚазТАГ-ты басқарып, қазақ сөзінің билікке өтімді болуына зор ықпал еткен кім еді? Қазыбаев еді. Шоқан Уәлихановтың 150 жылдығын ЮНЕСКО көлемінде атап өтуге мұрындық болған кім еді? Қазыбаев еді. Ақмоланы неміс автономиясы етуге қарсы болған кім еді? Қазыбаев еді. Алапат аштық туралы алғаш болып көлемді роман жазған кім еді? Тағы да Қазыбаев болатын.


Қаламгер жұбайы Орыншамен

Белгілі жазушы, журналист, мемлекет және қоғам қайраткері Кәкімжан Қазыбаевтың ұлтына сіңірген еңбектерін толық баяндау өте қиын. Біз жазушының жары, ұзақ жыл ұстаздық қызмет атқарған Орынша апа Қазыбаевамен ұлт үшін, ұлт рухы үшін аянбай еңбек еткен тұлғаның өмір жолы туралы әңгімелескен едік. Апамыз тек Қазыбаев жайында емес, бір дәуірдегі әлеуметтік-саяси ахуалмен қатар, ел үшін маңызды сәттердегі оқиғалар туралы да сыр шертті.

–Кәкімжан екеуміз Киров атындағы мемлекеттік университетті бірге бітірдік. Бұл 1952 жыл еді. Кәкең Алматыда, «Лениншіл жасқа» жұмысқа орналасқан. Ал мен қазіргі Алматы облысы Ақсу ауданындағы орта мектепке мұғалімдік қызметке кеттім. Университетте жүргенде өте жақын араластық. Ол көңілін білдірсе де, мен қашқақтаймын. «Саған кесірім тиіп жүрер. Жай дос болып қалайық» деуден басқа сөз айтпайтынмын. Себебі, мен – «халық жауының» қызымын. Әкем Ұзақбай Құлымбетов Қазақстан Атқару комитетінің төрағасы қызметін атқарған, өзге де жоғары орындарда басшы болған кісі еді. 1937 жылы 19 комиссармен бірге атылып кетті. Ерке, шолжаң бала едім. Содан кейінгі өмірімді, көрген қиындығымды ешкімнің басына бермесін. «Халық жауының» ұрпағы болғандықтан, бізге Алматыда қалуға рұқсат жоқ-тын. Арнайы бөлген ауданға баруымыз шарт. Мені шығарып саларда Кәкең: «Қанша жыл күтемін?» – деді. Оны жанымдай жақсы көрсем де, «күт» деп айта алмадым. Көкейімде оның болашағын құртармын деген уайым болды. Ол үнемі «күрек ұстасақ та, жан бағармыз, бір шаңырақтың астында болайық» деуден танбайтын. Бұл жолы да ешқандай уәде бермедім. Пойыз ақырын қозғалып кетті. Кәкең тағы да: «Қанша жыл күтейін?» – деп айғайлады. Мен «4 жыл» деген жауабымды саусағыммен көрсеттім. «Айтқаның болсын! 4 жыл! Уәде!» – деп айғайлап қала берді. Көзіме жас толып кетті. «Шын сүйсе, күтер» деп шештім.

– Ақсу ауданы мына тұрған жер ғой…
– Ол кезде Алматыдан 350 шақырым қашықтықтағы Ақсу жердің түбі секілді көрінетін. Жол қатынасы қолайсыз еді. «Енді кезігеміз бе, кезікпейміз бе?» деген ойдың қылаң бергенін несін жасырайын. Бірақ Кәкең журналистік сапармен Ақсуға жиі келіп тұрды. Мен жұмыс бабымен бірде кезіксем, бірде кезіге алмайтынмын. Ақсу шағын аудан ғой, елдің өсегінен қашатынмын. Ел арасында: «Ағасы «інімді халық жауының қызына үйлендірмеймін»», – депті деген сөз гулейтін. Оны естіп, күйзелген шақтарым да көп болды. Сондай кездерде Кәкең жұрт сөзіне назар аудармауымды сұрап, өзінің уәдесіне беріктігін айтып хат жазатын. Маған «4 жыл» дегенді Алла білдірген секілді… Әкем 1956 жылы мамыр айында толық ақталды. Он тоғыз жыл бойы маңдайыма басылған «халық жауының қызы» деген қара таңбадан құтылдым. Сол жылдың маусымында отау құрдық. Қазіргі Сарқан ауданы Кәкімжан ауылында (бұрынғы Бақалы совхозы) той жасадық.

1982 жыл. Д.Қонаев және серіктестері

– Естеліктерде Кәкімжан ағаның Бауыржан Момышұлының туған ұлындай болғаны жиі айтылады. Баукеңді жиі көруші ме едіңіз?
– Алматыға келгенде бірден Бауыржан Момышұлының шаңырағына бардым. Босағадан аттарда Аллаға сыйынып, ата-бабалар аруағына мінәжат еттім. Кәкең осы үйде Баукең батыр мен Жамал апайдың қара баласы болып төрт жылдан бері тұрып жатқан еді. Мен Баукеңнің, «Лениншіл жастың», Рақымжан Қошқарбаевтың келіні атандым. Сол бір кез жас отау үшін аса аяулы да мағыналы күндер еді. Еске алсам, көкірегім шуаққа толып кетеді…
Баукең сыртқа өте қатал көрінгенімен, мейірімді адам еді. Әсіресе, бізге – келін­де­ріне құрметпен қарап, отбасының ұйтқысы болу үшін ер-азаматтардың жарын сыйлауы керектігін жиі айтатын. Ал бізге «күйеу­леріңді сыйлаңдар» деп отыратын. Біз батырдың алдынан қия өтпейтінбіз.

– Рақымжан Қошқарбаевтың Рейхстагқа ту тіккенін алғаш жазған Кәкімжан аға ғой. Бұл тақырыпты жазуына Баукең түрткі болған деседі. Сол рас па?
– Ол кезде газеттің жас журналистерінің бәрі баспанасыз еді. Көбіне Баукеңнің үйін пана тұтып жүретін. Батырдың ақыл-кеңесін жиі тыңдайтын. Сондай бір басқосуда: «Сендер неге қазақтың ұлы батыры туралы жазбайсыңдар?» – депті. Бәрі «ол кім?» дегендей батырға қарапты. «Рейхстагқа ту тіккен қазақты білесіңдер ме?» – дейді Баукең. «Жоқ». «Іздеңдер. Табыңдар. Рақымжан Қошқарбаев деген ағаларың бар. Рейхстагқа туды сол кісі қадаған», – депті батыр. Сол күннен бастап Кәкімжан Рақаңды іздей бастайды. 1958 жылдың 26 ақпанында газет бетіне «Рейхстагқа ту тіккен қазақ» деген көлемді мақаласы шықты. Бұл мақала бүкіл одақ бойынша үлкен дүмпу тудырды. Кәкең бұдан кейін де көптеген мақала, очерк, деректі повесть жазды. Алайда Мәскеу мұны мойындағысы келмеді. Бірақ құжаттар мен деректерге сүйену арқылы жазуын тоқтатпады. Біртіндеп орыстілді басылымдар жаза бастады. Бауыржан Момышұлы бастаған ел зиялылары талай рет жоғарыға хат жазды. «Рейхстагқа ту тіккен батырлар» деп, барлық марапатты Егоров пен Кантарияға беріп қойған империя Қошқарбаев пен Булатовты қатарға қоспаса да, халық олардың ерлігін мойындады. Тек Тәуелсіздік алғаннан кейін ғана Қошқарбаевқа «Халық қаһарманы» атағы берілді ғой. Әттең, ол күнді Момышұлы да, Қошқарбаев та, Кәкімжан да көре алмады…
Кәкеңнің мақаласынан кейін қара жұмыс істеп жүрген Қошқарбаев «Алматы» қонақүйінің директорлығына тағайындалды. Рақымжан ағамыз Кәкім­жанды туған баласындай көретін. «Кәкімжан мені қайта тірілтті», – деуші еді жарықтық.

– Ол кісі ұзақ жылдар лауазымды қызметтер атқарды ғой. Балалардың тәрбиесіне көңіл бөле алушы ма еді?
– Отағасы ретінде өте мейірімді болды. Қандай қызметте жүрсе де, ең алдымен, балалардың тәрбиесіне, оқуына ерекше көңіл бөлетін. Көбіне таңертең жұмысқа ерте кетіп, үйге түн ортасында келетін. Алайда күніне үш-төрт рет телефон соғып, балалардың сабағын пысықтап отыратын. Қолы қалт етсе, ұл-қыздарын ертіп алып, қаланы аралап, олармен әңгімелесуге тырысатын. Маған үнемі: «Балалардың араласатын ортасын, достарын бақыла. Көшенің балаларына айналып кетпесін», – дейтін. Бір қыз, екі ұл өсірдік. Үшеуі де тәрбиелі, білімді болып өсті.

– Қазақстан Компартиясы Орталық комитетінің хатшысы болып қызмет атқарған жылдарында игі бастамаларды қолға алып, қазақ ұлтының рухани кемелденуіне айрықша үлес қосқанын білеміз. Сол жылдар туралы айтыңызшы. Кәкімжан аға ең алдымен қандай шараларды қолға алды?
– Кәкең оған дейін ҚазТАГ-та 8 жыл басшы болды. Пәрмені әлсіз ұйымды бүкіл одақ бойынша алдыңғы қатардағы мекемеге айналдырды. Билік өкілдерін ҚазТАГ-пен қатты санасатын деңгейге жеткізді. Ал идеология хатшысы болған соң Мұқан Төлебаевтың 70 жылдық мерейтойын Мәскеуде өткізіп, оған одақтағы бюро мүшелерінің біразы қатысты. Мұндай ауқымды іс-шараны өткізу ол кезде өте қиын еді. Мәскеу: «Мұқан Төлебаев деген кім?» – деп онша мән бермепті. «Ол ұлтымыздың айтулы композиторы» деп, еңбектерін ұсынып, хат жазып, өзі Мәскеуге жиі барып жүрді. «Қазақтан ондай мықты композитор шығуы мүмкін емес» дегендей емеурін байқатса керек. Бірақ Кәкең айтқанынан қайтпады. Ақыры Мәскеуде үлкен концерт ұйымдастырылып, қазақ музыкасының беделі артқан.
1985 жылы қарашаның ортасында Алматыда ЮНЕСКО көлемінде Ш.Уәлихановтың 150 жылдығын өткізді. Одақтың әр рес­публикасынан белгілі шығыстанушы ғалымдар, қоғам қайраткерлері қатысты. Димекең Төлебаевтың мерейтойында өте риза болып, мақтау сөз айтқан еді.
Уәлихановтың тойы аяқталған соң Кәкең үйге кештетіп келді де, «шаршадым» деп, ерте ұйықтап қалды. Ертесіне: «Елдің бәрі құттықтап, алқау айтып жатқан шығар?» – деп сұрадым. «Қайдағы… – деді Кәкең сәл үнсіздіктен соң. – Мәскеу қазақ билігі ұлтшылдыққа бет алып барады деп байбалам салып жатыр». Мен одан әрі ештеңе сұрамадым.

– Қазақ телевизиясының ұлттық ән-күйге бөленіп, салт-дәстүрге мән берген жылдары осы кезең ғой?
– Иә. Елдің бәрі мақтап жүрген Камал Смайыловты Мемлекеттік теледидар және радиохабар комитетіне басшы етіп тағайындаған Кәкең болатын. Қазақ сахнасына айтыс өнерінің оралуына ықпал еткен Кәкең екенін көп адам айтпайды. Біз айтысқа хаттама бойынша баратынбыз. Кәкеңе айтыстың жақсы өткенін, талай сын сөздің айтылғанын, әзілдер де жарасымды болғанын, халықтың қатты толқып, айтыскер ақындарға қошемет көрсеткенін айтып келемін. «Халық риза болса, бізде басқа арман бар ма? Солар көңілді болғаны үшін мына жақта біз Мәскеуден сөз естіп жатырмыз…» – деген еді бірде. Сөйтсек, Мәскеу идеологтары: «Сендердің сарайларыңда тұтас халықты жиып алып, екі адам инструменттерін құшақтап сахнаға шығып, бірдеңе айтады екен ғой. Ел қатты қолдайды дейді. Солар не туралы «сөйлейді»? Билікті сынайды дейді. Сол рас па? Бізге нақты жауап беріңдер», – дейтін көрінеді. Ондайда айтыс – ұлттық өнеріміз екенін, ақындар онда берілген тапсырмаларды орындамайтын аудан, облыс басшыларын сынға алып, елдің пікірін жеткізетінін айтып құтылады екен.
Бұдан бөлек, «Термені» телеарнада жаңғыртты. «Тамашаның» дамуына, ұлттық ән-күйдің кең насихатталуына жол ашты. Қазақ басылымдарының таралымын арттырып, тарихи-танымдық материалдардың жиі басылуына жол ашты. Соның бәрінде Кәкеңнің еңбегі барын көп адам біле бермейді.

– Қазыбаевтың қызметтен кетуіне тікелей Мәскеу араласты дейді. Оған нақты қандай себеп болды?
– Уәлихановтың 140 жылдығы өткеннен кейін, бір күні көмекшісі хабарласып: «Мәскеуге жолға керекті шабаданын дайындап қойыңыз. Бүгін жолға шығады», – деді. Аздан соң үйге келіп, асығыс киініп, жолға шықпақ болғанда: «Сіз Ақтөбеге барам деп едіңіз. Мәскеуге неге шұғыл аттандыңыз?» – дедім. Аяқ киімін киіп, сыртқа шығып үлгерген Кәкең ішке қайта еніп: «Бәйбіше, мен бұл жолы портфелімді тапсырып келем, болмаса «үй ішінен үй тігіп», халықтың наласын арқалап қайтамын», – деді. Мен кідірместен: «Өзің де «осы жұмыс қол байлап жүр, шығармашылықпен айналысуым керек, жазуым қалып бара жатыр» деуші ең ғой. Қызметі құрысын, елдің қарғысына қалма», – дедім. Кәкең қатты қуанып: «Саған айтқаным дұрыс болды. Енді уа­йымдамайтын болдым», – деп жолға аттанды. Содан бұрын Ақмола неміс автономиясын құру туралы жасанды идеясын маздата түсті. Димекең Мәскеуге Қазыбаевты жіберді. «Ел тағдыры сенің қолыңда. Келіссең, неміс автономиясы құрылады. Бірақ елдің наласына қаласың. Өзің шеш», – деп салмақты Кәкеңе жүктепті.

– Мәскеудегі жиналыс қалай өтіпті?
– Кәкең бір күннен кейін оралды. «Мен ұйықтаймын. Балаларға ескерт. Тек Қонаев­тың қабылдауынан хабарласса ғана оятсын», – деді. Жұмыстан келсем, үйде жоқ екен. Қонаев қоңырау шалып, шақыртыпты. Үйге өзі телефон соқты да: «Бәйбіше, қала сыртындағы резиденцияға барамыз. Спорттық киіміңді ки. Маған да жеңіл киім дайындап қой. Ақшаң болса, ала шық. Резиденцияның, саяжайдың қарыздарын төлейік», – деді. Барған соң ештеңе айтқан жоқ. Шопырына: «Машинаның қарызын төле. Өзің де менімен есеп айырыс», – деді. Шопыр маған қарап аңтарылып қалды. Мен «ағаңның айтқанын істе» деп ишарат білдірдім. Сөйтсем, портфелін өткізіп, қызметтен босап шыққан екен. Саяси бюроның жиыны өткен. «Қазыбаев идеология саласында кемшіліктер жіберді», – деген сөз ғана айтылып, орнынан алған. Зақаш Камалиденов: «Қазыбаев жұмыстан шулатпай кетті», – деп айтыпты кейін. Өзіне сөз берілгенде: «Мен адал қызмет атқардым. Жүзім жарық», – деп қысқа қайырыпты.

– Кремльдің шешімімен келіспей келген боп тұр ғой?
– Әрине. Бүкіл одақ бойынша идеология хатшысы М.В.Зимяниннің қатысуымен жиналыс өткен ғой. Олар Еділ бойындағы немістерге Ақмоланы автономия етіп беру туралы ұсынысын айтады. Кәкең: «Бұл – өте күрделі шешім. Ұлтаралық араздық тууы мүмкін. Мұны халық шешуі керек. Егер халықтық референдум өткізіліп, халық қолдаса, қарсы емеспіз. Мен мұны жеке өзім шеше алмаймын», – депті. Сондағы баяндамасы сақтаулы. Кәкімжан 1979 жылғы неміс автономиясын құру туралы Мәскеу шешіміне қарсы болған халық наразылығын да ұмытпаған. Мәскеудің араға жылдар салып, бұл тақырыпты қайта көтеруінде жымысқы ойын, орынсыз ниет жатқанын бірден түсінген деп ойлаймын.

–Егер Кәкімжан Қазыбаев жиналыста қарсы болмаса, елімізде неміс автономиясы құрылатын еді. Онда Тәуелсіздік алған соң солтүстік облыстар ел аумағына кірер ме еді? Кірген күннің өзінде қандай ел болар едік?
–Бір Құдай білсін. Солтүстік облыстарды Жұмабек Тәшенов бір рет қорғап қалды. Екінші рет Кәкімжан ағаларың қорғады. Мұны тарихи мезеттегі ұлт алдындағы жауапкершілік деп білемін. Өзі бұл тарихи шешімі туралы көп айтуды ұнатпайтын. «Ұлт алдындағы міндетім», – деуші еді.
Биліктен кеткен соң «бір айға демалысқа барып келсін» деген хабар келді. Кәкең балаларды тастап ешқайда бармайтынын жеткізді. Кейін Димекең өзі хабарласып, балаларға арнайы қарайтынын, демалып қайтуын сұрады. Біз бір айға Қара теңізге бардық. Себебі, алда пленум өтетін еді. Кәкімжанның қызметтен алынғанын ешкім білмейтін. Демалыс орнында әр елден келген басшылар Кәкеңді іздеп, бірге әңгімелеседі. Олар да Қазақстандағы жағдайдан хабарсыз. Пленум өткенде теледидардан көріп отырдық. Қазыбаевтың орнына Зақаш Камалиденов сайланды. Кәкең өзі қоңырау шалып құттықтады. Ол «ақақалап» жатыр. «Орныңа отырдың. Менің жұмысым қалай болады?» – деп сұрап еді. «Кәке, жұмыс болады ғой. Демала берсеңізші. Тек Кремльдегілер қарсы болып тұрғаны…» – деп қашқақтады. Тұтқаны қойған соң: «Камалиденов өзгеріп шыға келді», – деді. Димекеңе хабарласқан екен: «Камалиденов біледі ғой. Ол бір орын қарастырар», – депті. Кәкең маған: «Димекең қиын жағдайда секілді. Бұрынғыдай жарқын сөз жоқ. Биліктен айы­рылып қалғандай…» – деп күрсінді. Содан кейін Мәскеуге Зелашовтың кеңсесіне хабарласып еді, олар Пленум шешімінен хабарсыз екендерін жеткізді. «Мәскеуге келіңіз. Ақылдасып шешейік», – депті. Бірақ бармады. Мәскеу әдейі шақырып тұрғанын бірден сезді. Олардың ойы Қонаевқа қарсы топты күшейту еді. Олардың айтағына жүруді қаламады. Елге келген соң «Қазақстан коммунисі» журналының Бас редакторы болып қызмет етті.

– Қонаевқа Кремльдің қырын қарап тұрған шағы ғой. Көп өтпей Қонаевты орнынан алды. Желтоқсан оқиғасы болды. Ағамыз осы кезде қандай көңіл күйде болды?
– Айналаңдағы адамның кім екенін қолыңнан билік кеткенде біледі екенсің. Кәкеңе үйірсектеп, қасынан қалмайтын талай «достары» сырт айналып, алыстан сыйласатынды шығарды. Қонаевты ашық сынап, кемшілігін тізбектегендер көбейді. Қонаевты орнынан алып тастағанда, Кәкең де пұшайман болды. Горбачев басында Камалиденовты қатты қолдап, соны билікке әкелуге тырысқан. Кейін ол райынан бас тартып, қайдағы біреуді Димекеңнің орнына қойды. Оны халық қабылдамады. Тіпті, Қазақстан билігінде жүргендер де ұната қоймады. Кәкімжан қатты ширықты. Желтоқсан оқиғасы кезінде тіптен уайымдап, жастардың амандығын тіледі. 1987 жылы жазылған өзінің қойындәптеріндегі тезисі бар. Оны кімге бергенін білмеймін. Қойындәптерінің арасынан таптым. Орысша қолжазбасы әлі сақтаулы. Сонда барлық сырын ақтарған. Егер қажет болса, газетке берсеңдер болады.

– Бағанадан бері Кәкімжан Қазыбаев­тың өмір жолы, қайраткерлік ұстанымы туралы әңгіме өрбіттік. Ол кісінің жазушы ретінде сүбелі романдар жазғанын ел-жұрт жақсы біледі. Әсіресе, 1931-33 жылдардағы ашаршылық тақырыбында жазған «Сұрапыл» романының орны бөлек. Сонау кеңестік кезеңде бұл тақырыпта қалам тербеу ерлікпен пара-пар еді. Романды қай жылдары жазды?
– Саяси қызметтен босаған соң Кәкең шығармашылыққа ден қойды. Бұрынғыдай қауырт жұмыс жоқ. Айтпақшы, «Қазақстан коммунисі» журналына Бас редактор болып барған күні кешкі сағат алтыда үйдің қоңырауы безілдеп қоя берді. Ашсам, Кәкең. «Неге сонша ерте келдің?» – деппін таңғалып. «Бәйбіше, ұнатпасаң кетейін. Кабинетіме барып отырайын», – деді күліп. Сол кездері өндіріп жазды. Қай тақырыпта жазып жатқанын бізге айтпайтын. Үнемі ой үстінде, ізденісте жүрді. «Сұрапылды» сол жылдары жазды. Түнімен жазу үстелінде отыратын. Романның мазмұнын сұрасам: «Елдің басынан өткен зұлмат жылдар ғой», – дейтін. Шығармада аштыққа ұшырап қырылған халықтың күйзелісімен қатар, тұл жетім қалғандардың жетімханада аты өзгертіліп, бауыр-туыстың бірінен бірі тірідей көз жазып қалғаны баяндалады. Біздің ұлттың басынан осындай ауыр шақ өтті десе, қазіргі ұрпақ сенер ме?.. Білмеймін. Осы тақырыпты жазу үшін ақпарат іздеп, мұрағаттарды ақтарды. Күн-түн демей кітап оқыды. Өкініштісі, әдеби орта прозада осы тақырыпта алғаш қалам тербеген қаламгер Қазыбаев екенін айтқысы келмейді. Оның шығармашылық қуаты, әлеуеті туралы тұшымды әңгіме енді айтыла бастады. Болашақта әдебиеттанушылар жіті назар аударар деген үмітім бар.

Әңгімелескен
Т.ТАҢЖАРЫҚ

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір