Алғашқы рөлімде көз жасыма ерік бердім
08.05.2019
277
0

Әсел САЙЛАУОВА, актриса:

Сахналық өнер арқылы өмір көріністерін көрерменге ұсынатын, адам жанын бірде қуанышқа, бірде мұңға жетелейтін театр әлемінің өз жолы бар. Өнер тақырыбы да біздің еншімізде дей отырып, театрдағы өмір бейнесін сәтті сомдап жүрген, жұртшылыққа таныс талантты жас актриса Әсел Сайлауовамен сыр-сұхбатта болдық.

– Өнер жолына түсуге қанша жасыңнан құмарттың?
– Мен 1994 жылы дүниеге келгем. Атырау қаласының тумасымын. Өнерге ынтам бала жасымнан бар. Қаршадай кезімнен атам мен әжем мені өнерге баулып өсірді. Жақын туыстарым өнер адамдары болмаса да, өнерге деген құрметі, махаббаты ерекше еді. Жетінші сыныпты бітірген соң, Нұрғиса Тілендиев атындағы кіші өнер академиясына актерлік шеберлік класына оқуға түсіп, Төлеген Жангелдиевтен төрт жыл білім алдым. Емтихан тапсырарда бір қойылымда басты рөл ойнап, бағалаушы­лардың жақсы бағасына ие болдым. Сол арқылы Т.Жүргенов атындағы Ұлттық өнер академиясының музыкалық театр әртісі бөліміне қабылдандым. Осы бағытта ізденіп, тамаша өнер иесі болуға ұмтылдым. Өнер академиясында жүргенде 2 дипломдық жұмыста басты рөл ойнап, өзімнің театр сахнасына керек екенімді сезіндім.
– Өнер иесі болу қиын. Әйел адамның өнерді ұстап тұруы тіпті қиын. Өнерге келерден бұрын осы туралы ойланып көрдің бе?
– Әрине, ойландым. Бұл туралы әкем: «Қызым, сен ағылшын бөліміне, болмаса басқа мамандықтарға түссең қайтеді?» – деп өз ойын айтты. Бірақ кішкентайымнан тұтанған өнерге, сахнаға деген махаббатым басқа жолға жібермеді. Әкеме: «Алаңда­маңыз, кез келген қиындыққа шыдаймын, қайткенде де өнер жолына түсіп, өз арма­нымды іске асырайыншы», – деп, батасын алдым. Сосын Алматыға үлкен арманмен, өнерге деген махаббатпен аттандым.
– Есіміңнің қандай да бір сыры бар ма?
– Өте жақсы сұрақ. Есімімнің тағдырыма әсер еткені шындық. Мен дүниеге келген жылы жастар театрында «Ең әдемі ке­ліншек» деген спектакль көрсетіліпті. Сол кезде әкемнің екі туған қарындасы осы қалада студент екен. Сол кісілер: «Жа­ңағы қойылымға жеті рет бардық», – дейді. Содан қойылымның басты рөлінде белгілі актриса Әсел Мәметова ойнайды екен. Аталған спектакльге ғашық болғандары соншалық, әкемнің қарындастары мен дүниеге келгенде «Осы қызымыз өнер адамы болсыншы, атын Әсел қоялық» – деп келісіпті. Көрдіңіз бе, тағдыр мені өнер жолына өзі алып келді. Кейін сол Әсел Мәметова апай менің ұстазым болып, сахна тілінен сабақ берді.
– Өнерге ғашық адам әлдебір тұлғаны өзіне сырттай ұстаз тұтып, соған қарап бойын түзеп жүреді. Сен кімге еліктеп өстің?
– Бала кезімде ән, би, театр өнерінің бәріне қызығып жүрдім. Теледидардан әдемі әндер қойылса, соны жаттап алып та жүрдім. Кейде шетелдік фильмдердегі қызықты оқиғаларға да ынтықтым. Ал, сырттай ұстаз тұтқан адамым болған жоқ.
– Ең алғашқы ойнаған рөлің туралы да айта отырсаң. Қандай қиыншылықтар болды? Біз әрбір қойылымның ең соңғы нұсқасын, былайша айтқанда, нәтижесін ғана көріп жүрміз. Ал, оны сахналау барысында қандай қиындықтар болғанын біле бермейміз.
– Әкемтеатрға небәрі 21 жасымда жұмысқа кірдім. Алғашқы рөлімнің бірі – Александр Володиннің «Қоштасқым келмейді» қойылымындағы Никулина ханым. Ал сахнадағы серігім Бекжан Тұрыс болды. 21 жаста 40 неше жастағы кейіпкерді сомдауым керек болды. Шыны керек, басында жыладым. Үлкен жауапкершілік! Бекжан Тұрыс сынды мықты актермен бірге ойнау сияқты жағдайлар сол кезде мені қатты қинады. Бірақ жасымай, ізденісте болып, би арқылы өз рөлімді сәтті ойнап шықтым. Одан кейін Шекспирдің «Лир патшасында» үлкен қызының рөлін алдым. Студент кезімде «Шіркін, күндердің күні үлкен сахнада Бекжан Тұрыспен, Дулыға Ақмолдамен бірге тым болмағанда бір эпизодта ойнасам ғой», – деп ойлаушы едім. Алла ме­нің сол тіле­гім­­ді қабыл етті. Эпизод емес, үл­кен қойы­лым­да сахналас бол­дым.
– Телехикая­лар­ға да түсіп жүр екенсің. Театр мен кинода ойнаудың қандай айыр­ма­шылық­тары бар?
– Әрине, үлкен айырма­шы­лық­тары бар. Телехикаяға түсерде мәтін бой­ынша дайын­дала­сың, жан дүние­сін түсі­несің. Сонымен қоса, рөлің сәтті шықпаса, қайта-қайта ойнауға мүмкін­дік береді. Ал, театрдың жөні мүлдем бөлек. 1-2 ай да­й­ын­да­ған дүниені көрер­менге ұсынасың. Театр сахнасы қайтадан ойнауға мүмкіндік бермейді. Ауырып тұрсаң да, сөзін ұмытып қалсаң да немесе басқалай қиыншылықта тұрсаң да барлығын іштей түйіп, көрермен алдына шығуға тиіссің. Сол үшін театр мен киноны салыстыруға келмейтін секілді.
– Екеуі екі әлем дейсің ғой…
– Дәл солай.
– Ұстаздарың кімдер?
– Негізі, мен алғашында Болат Атабаев­тың класына түскенмін. Бір себеп­термен ол кісі шетелге кеткендіктен, бізді Асхат Маемиров пен Гүлнар Бекенова қол­ға алды. Бұдан бөлек Дария Жүсіп те бар. Гүлнар Бекеновадан алғаным көп. Ол кісі бойымдағы талантты көріп, тама­ша әртіс болып шығуыма жол сілтеді, талантымды ұштауыма көмектесті. Ал, Асхат Маемиров ағамыз – өз білімін студенттеріне үйретуден жалықпайтын талантты кісі. Ол кісі қойып жатқан қойылымдар қазір көрер­мендер тарапынан үлкен сұранысқа ие болып жатыр. Қазір таланты мен кәсіби деңгейі ұштасқан режиссерлер өте аз. Сондай режиссердің бірі – біздің Асхат ағамыз.
– Сеніңше, қандай рөлді сомдау қиын?
– Кез келген рөлді сомдау қиын. «Кішкентай рөл болмайды, кішкентай актер болады» деген сөз содан шыққан болар. Кішкентай рөл болса да, оны сомдаудың өзіндік қиындығы болады. Оны сәтті алып шығу актердің өзіне байланысты. Жақында ғана «Қобыланды» қойылымы жұртқа көрсетілді. Мен осы қойылымда Көкланның рөлін алдым. Бұл рөл мен осыған дейін ойнаған рөлдердің ішіндегі ең қиыны болды. Бірақ өте сәтті алып шықтым деп айта аламын. Осы қойылымға қатысқан екі ай ішінде өзімді-өзім танымай қалдым. «Көкланның рөлін ойнай алмасам, бұл театрда, қарашаңырақта не істеп жүрмін?!» – деп өзіме қатаң талап қойдым. Ақырында бәрі ойдағыдай болды. Жұртқа ұнады. Біз үшін керегі – осы.
– Қазір театрларға қай жас шамасын­дағы көрермендер жиі келеді?
– Әр қойылым­ның өз көрермені болады. Кейде сахнада тұрып залға көз жі­бе­реміз. «Отыз ұлың бол­ғанша», «Қоштасқым келмейді», «Жүрейік жү­рек ауырт­пай…» деген секілді қойы­лымдарға үл­кен кісілер көп келеді. Ал, коме­дия­лық, махаббат тақырыбын­да­ғы қойы­лым­­дарға көбі­не жас­тар жиналады. «Жүре­гімнің иесі» деген спек­такль бар, мен сонда бас­ты рөлді сомдаймын. Бұл қойылымға кілең қыздар келеді. Себебі, бұл қойылым – қазіргі қоғамдағы қордалы мәселелердің бірі – тұрмысқа шыға алмау, екі жас арасындағы түсініспеушілік сияқты жағдайларды тілге тиек етеді. Шынтуайтында, қазіргі жастарда театрға деген түсінік өзгеше.

– Әңгімеңе көп рахмет! Өнерде де, өмірде де сәттілік тілеймін!

Сұхбаттасқан
Дүйсенәлі ӘЛІМАҚЫН

ПІКІР ҚОСУ

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Имя
E-mail
Пікір
 

error: Көшіруге болмайды! Авторлық құқықты бұзбаңыз !!