Одақта өткен 30 жыл
11.01.2019
1325
1

Ғаббас ҚАБЫШҰЛЫ

Иә, 1966 жылдың көктемінен 1996 жылдың күзіне дейін Жазушылар одағының құзырында болдым. «Қазақ әдебиеті» газетінің әдебиет қызметкерлігінен басталған жолым Одақ басқармасының екінші хатшылығымен шектелді. Кезекті құрылтайда сайланған жаңа басшылық: «Әдеби қорымызға директор болыңыз, онда он жыл істедіңіз, тәжірибеңіз бар ғой?», – деп қолқалады. Құрметтеріне рахмет айтып: «Жасым алпыс бірге қарай аяңдады, енді мұнда бадалып-қадалып, жастардан ұялмай отыра бергенім жөн болмас», – деп «құтылып кеттім».

Әдеби апталығымызда Бас ре­дак­торлар: Нығмет Ғабдуллин, Сыр­бай Мәуленов, Әнуар Әлімжанов; Жауап­ты хатшылар: Ізтай Мәмбетов, Ғаббас Жұмабаев, Құрманғали Ұябаев, Әбірәш Жәмішев ағала­рым­мен, бірер жасымыз «артық-ауыс» ақын-жазушы, сыншы: Сәкен Жү­нісов, Өтеген Күмісбаев, Сабырхан Асанов, Өтежан Нұрғалиев, Қоғабай Сәрсекеев, Абылғазы Нағыметов.., іні-қарындастарымыз: Мұхтар Ма­ғауин, Ақұштап Бақтыгереева, Асқар Егеубаевпен қызметтес болдым. Ай, аяулы жандар-ай, бүгінде Ақұштап пен Мұхтардан (екеуінің де 100 жа­сау­ларын тілеймін!) басқасы арамызда жоқ…
Әдеби қор директоры, Көркем аударма және әдеби байланыс Бас алқасының төрағасы, басқарманың екінші хатшысы жылдарымда Сәбең – Сәбит Мұқанов бастаған үлкен-кіші әріптестерімнің баршасымен ынтымақты қарым-қатынаста жұ­мыс істедім.
Әдебиет айдынындағы бұл мер­зім­де, әрине, небір «қызық-шы­жық­қа» куә болдым. «Ұсақ-түйегін» айт­пағанда, мысалы, «Қазақ әде­биетінде» шыққан мақаласында тіл мамандарының әдеби тілді дамытуға үлес қоса алмай, көш соңында қал­тақтап келе жатқан­дарын нақтылап сынағаны үшін көрнекті қаламгер Ғабдол Сыланов партияның Ор­талық комитетіне дейін шұбалған арыздан біраз тауқымет тартты. Хамза Есенжанов­тың «Ақ Жайық» романын сынаған Мұхтар Мағауин де талай табал­ды­рық­ты көрді. Алайда Нығмет Ға­бдуллин оларды батыл қорғай білді.
Одақтың бірінші басшыларынан (Әди Шәріпов, Әнуар Әлімжанов, Жұбан Молдағалиев, Олжас Сүлей­менов, Қалдарбек Найманбаев, Нұрлан Оразалин) Әдекең мен Әнекеңді ерекше ризашылықпен атай аламын. Әдекең Одақтың материалдық жағдайын жақсартты: еңбектері еленбей жүрген мүшелерге пәтер, ат-атақ, сыйлық, көлік алып берді. Жамбыл көшесінде жазушы­лар­ға арнап еңселі тұрғын үй сал­дырт­ты және соның жанына және бір үй салуға, Медеу жақта Шы­ғармашылық үйін салуға жер бөлдір­тіп алды. Жамбыл көшесіндегі екін­ші үйді (қырық пәтерлі) КСРО Жазу­шылар одағы Әдеби қорының қар­жысына, Шығармашылық үйін рес­публика қаржысына мен сал­дырттым. Осы реттегі бір өкінішім: біресе құрылысшы жұмысшылар, біресе техника жетіспей, сегіз жыл бойы жоғары биліктегілердің та­лайы­ның есігін қағып жүріп сал­дырт­қан Шығармашылық үйіміздің қызығын соңғы он шақты жылда әдебиеттен аулақ әлдекімдердің кө­ріп жүргені жаныма батуда. Бұл сөзім – Одақтың билігіне өзіміз сай­лағалы он ай болған жаңа бас­шы­ларға құлаққағысым.
Әнекең – Әнуар Әлімжанов десем, ол Одақтың моральдік дең­гейін мейлінше көтерді. Ұстазы Мұхтар Әуезовтің өсиетін орындау ниет-талабына берік болуы нәти­же­сінде, республикамыздың және КСРО Жазушылар одағы бас­шы­лары­ның құптау-көмегімен Азия және Африка жазушыларының Алматыда өткізілген тарихи кон­фе­ренциясын ұйымдастырудағы, оған дайындық қамымен Жазушылар одағы ғимаратына күрделі жөндеу жасатқан, Мәжіліс залын салдырған және ғұлама бабамыз әл-Фарабидің туғанына 1100 жыл толуын конфе­рен­цияға жалғастыра атап өтуге сіңірген ерен еңбегін тәптіште­ме­генде, Одақты басқарған жылдарын­да Мәскеу мен Ленинградтан, одақ­тас ұлт республикаларынан көрнекті ақын-жазушылардың жыл сайын бірнешеуін шақырып алып, әдеби байланыс, аударма жайында әңгіме жасап жүрді. Әнуардың танымпаз­дық сол қасиеті Одаққа басшы болар­дан бұрын, осы газетіміздің Бас редакторы кезінде-ақ көрінген-ді. Мәскеуден көпшіліктің қоше­метіне бөлене бастаған жас ақын Андрей Вознесенскийді ортамызға келтіріп, ортақ әңгіме тиегін ағы­тысқанымыз, сонда басына қазақы тақия, үстіне шапан киіп, мәз-мәйрәм болған Андрейдің: «Дорогой мой Анвар, мне захотелось навсегда остаться здесь!», – деп бәрімізді ду күлдіргені әлі күнге есімде.
30 жыл. Оның 8 жылын ашыл­ғанына 85 жыл толмақ осы газет ұжы­мында өткіздім. Қаламымның төселуіне, әдеби өмірімнің өзіндік өрнегін таба білуіме алғашқы қам­қор­шым, ақылшым болған «Қазақ әдебиетімізге», оның мың сан оқыр­мандарына адал еңбектерінің жемісі еселеп нәрлі бола беруін тілеймін!

ПІКІРЛЕР1
ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір