Әкем оқыған «Қазақ әдебиетін» балам оқи ма?
24.10.2015
2173
0
933981_871244816_AB3E7A51-7117-4754-A11F-3C5BAC60D8E8_mw1024_mh1024_sХХІ ғасырдағы технологияның қарыштап дамуы газеттердің ақпарат көзі ретіндегі ролін едәуір аласартқаны белгілі. Халық өзіне керек ақпаратты радио-теледидар мен ғаламтордан алуға тез бейімделе бас­тағандықтан газетке жазылу күрт төмендеп кетті. Әлем елдері басылымдарының тарихына көз жүгіртсек, баспасөздің басына түскен мұндай күй еш елді айналып өтпеген сыңайлы. 1910 жылдары Франция мен АҚШ күнделікті газет тұтынушылары көп Батыс елдері арасынан бірінші орынды бермеген көрінеді. Францияда мың адамға шаққанда 245 дана болса, Ұлыбританияда 210, Германияда 180 дана болған екен. Біз тапқан деректерге сүйенсек, бүгінгі таңда Франция күнделікті газет тұтынушылар санынан әлем бойынша 31 орында, Еуропа елдері бойынша 12 орында тұр, мың адамға шаққанда 160 данаға жуықтайды. Басылымдарды оқитын оқырманның азайғанын Грекияның зерттеушілері де жоққа шығармайды. Таралымның азайғаны бір, екінші жағынан оқырман тарту жолында алуан тақырыпта сөз қозғаймыз деп, талғамның тоқырау мәселесі қай елде де өзекті болып тұрған жайы бар. Бұл елдерде электронды ақпарат құралдарын пайдаланатын адам санының бізден қарағанда көп екенін ескерсек, біздің елде керісінше басылымдардың таралымы көп болуы керек еді. Бірақ оған тағы бір фактор – халық санының аздығы мен қазақ тілді баспасөзді тұтынушылардың көп емес екендігі әсер етеді. Әлемдік тәжірибеге сүйенсек, таралымы көп басылымдар қатарында бұқаралық сипаттағы газеттер алда келеді. Бұқаралық басылымдардың сипатына тоқталсақ, олар ойын-сауықтық, сенсациялық-даурықпа ақпараттарға негізделген. Тілі қарапайым, материалдары қысқа, тақырыптары үлкен қаріппен терілген, суреттері де одағай, талғамы қарапайым, қарадүрсіндеу. Газеттің таралымының көп болуына белгілі бір саяси мүддені көздеген газет құрылтайшыларының да қатысы зор. Олар баспасөзді өз көзқарастарын халыққа жеткізу құралы ретінде жақсы пайдаланады. Одан кейінгі орында салалық газеттер тұрады. Салалық газеттердің таралымының көбеюіне сол салаға қатысты құзырлы органдардың мүдделі болары белгілі. Біз бүгін газет оқудың мәдениеті туралы мамандарға сауалдар жолдадық. Саясаттану мамандығы бойынша философия докторы (PhD), ҚазҰУ-дың Саяси зерттеулер орталығының директоры Мұхтар СЕҢГІРБАЙ, филология ғылымдарының кандидаты, доцент, әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университеті журналистика факультеті деканының ғылыми-инно­вациялық жұмыс және халықаралық ынтымақтастық жөніндегі орын­басары Қарлыға МЫСАЕВА, әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің профессоры, әлеуметтану ғылымдарының докторы Гүлнапис ӘБДІКЕРОВА біз қойған сұрақ­тарға төмендегідей жауап берді.
– Бұқаралық мәдениеттің белең ал­уына байланысты БАҚ-тың, оның ішінде га­зеттердің де оқырман тарту үшін жеңіл ма­териалдар жариялауға көшкені бай­қалады. Қарапайым нәрселермен шектелу неге ұрындырады?
Мұхтар СЕҢГІРБАЙ:

– Жеңіл-жел­пі материалмен оқыр­ман­ды елік­тіру, сол арқылы тираж жинау – га­­­зет-журнал шық­­қалы бері қол­­данылып ке­ле жатқан әдіс жә­не ол бір ерекше тен­денцияға айналды деп айта алмаймыз. Ұлы­­британияда шығатын «Дейли мейл», «Сан» сияқты сенсация қуғыш сары басы­лым­­дардың тиражы бұрын да жоғары бол­ған, қазір де олардың мұрты қисайған жоқ.
Қай қоғамда да, қай заманда да оқыр­ман­дардың талғамы әркелкі болып келген, сал­мақты дүниелерді, қоғамдық-саяси ма­те­риалдарды оқитындар аз, осы маз­мұн­дағы газет-журнал шығарушылар сол оқыр­­­манның санын біліп, сол шеңберде әрекет етеді. Егер ол басылым мазмұнын өз­гертіп, жеңіл дүниеге кетер болса, ол оқыр­мандардың басқа сегментіне ауысты де­ген сөз. Бұрынғы оқырмандары ол га­зет­ті оқымай кетеді.
Түгелдей жеңіл дүниеге ауысып кету де мүм­кін емес, мұндай жағдайда халықтың бел­гілі бір бөлігі рухани тұрғыдан аш қа­ла­ды. Қатаң цензура болған Кеңес Одағының өзін­де жұрт арнайы радиоқабылдағышпен «Азат­тық» радиосын тыңдаған. Әр басылым – коммерциялық жоба, сондықтан на­­­рықтағы өз орнын табу үшін оқыр­ман­да­рының санын, олардың талғамын ескере отырып әрекет етеді.
Қарлыға МЫСАЕВА:
– Ең алдымен сіздің сауалыңызға орай, жеңіл материалдар дегеніміз не, болмаса бү­гінгі аудиторияға қандай ақпарат керек де­ген мәселеге назар аударайық.
Сандық журналистика ғасырындағы ең өзек­ті мәселе – ақпарат индустриясының дұ­рыс жолға қойылмауы. Дәстүрлі бұқа­ра­лық ақпарат құралдары заманауи ақпарат та­рату талабына сай бейімделе алмай отыр. Ақпараттық технологияның қарыштап дамуы барысында қалыптасқан бұқаралық мә­дениет журналистикадағы техно­ло­гия­лық өзгерістер мен журналистік жариял­а­ным­дардың мазмұнына қарай (саяси, құ­қықтық және экономикалық) өзгеруде. Сон­дықтан ақпарат тарату мәдениетін тео­риялық тұрғыдан жаңарту қажеттілігін тудырып отыр. Интернеттің қарыштап дамуы журналист дипломын алмаса да кез келген адам осы мамандық иесі бола алады деген пікірді алға тартып отыр. Себебі, ин­тер­нет кез келген қара­пайым адамның он­лайн басылымдарға жазба жариялауына, өз ойын ашық айтуына және пікір қал­ды­руына мүмкіндік беріп отыр. Интернет күн­делікті болып жатқан ұсақ-түйек оқи­ғалармен немесе дәстүрлі ақпарат құ­рал­дарынан таба алмайтын жаңалықтармен танысуға таптырмайтын құралға айналды. Жур­налистика тарихына көз жүгіртсек, дәс­түрлі бұқаралық ақпарат құралдары, со­ның ішінде мерзімді баспасөз де ақ­па­рат­тық ғасырдың бұл талабын бірте-бірте мойын­дай бастады.
Ал егер, осындай қарапайым маз­мұн­мен шектелудің соңы неге ұрындыруы мүм­­кін деген сауалға келер болсақ, қара­пайым нәрселер дегеннің өзін жан-жақты қа­растырған дұрыс деп ойлаймын. Себебі, қа­зір қоғам мүшелері ақыл айтқан, үгіт-на­сихат жүргізген жазбалардан гөрі, өміріне қа­жетті ақпараттармен танысуды маңызды деп санайды. Бірақ кез келген бұқаралық ақ­парат құралы өзінің алға қойған мақсат-мүд­десіне сай мазмұнға назар аударып, ең бастысы тілдің тазалығы мен құнарын сақ­тауы қажет деп есептеймін.
Гүлнапис ӘБДІКЕРОВА:
– Менің ойымша, мәселелерді жеңіл не­­месе күрделі деп бөлудің қажеті жоқ. Егер оқырманға қызықты, оқуға жеңіл бол­са оның несі айып. Ең маңыздысы, қоғамда орын алып отырған жағдайларды қандай дең­гейде болса да жеткізе білуде. БАҚ мо­ральдық тұрғыдан алғанда қоғамға зиянды дүниелерге үгіт жасамауы тиіс. Дұрысы – өзекті мәселелерді түсінікті тілмен оқыр­манға жеткізе білетін автор­ларға өз ма­қа­ла­ларын тегін жария­лауға жағдай жа­сал­ғанында.
– Бұрын газет-журнал оқудың әліп­пе­сін «Балдырған» журналы қалып­тас­тыр­са, мектеп жасындағы балаларды «Ұлан» «Ақжелкен» сияқты басылымдар тәр­бие­лейтін, одан кейінгі жігіттік ке­зеңде «Ле­нин­шіл жасты», одан үлкендері «Қазақ әде­биетін» оқитын. Көзге айқын көрініп тұр­маса да, баспасөздегі мәде­ниеттің осы бір нәзік жалғастығының үзілуіне не се­беп?
Мұхтар СЕҢГІРБАЙ:

– Ол заманда газет-журнал бұқараға ақпарат таратуда монополиялық роль ойнады. Телевидениенің де кейін келе да­мығанын, ақпарат саласының түгелдей мемлекеттің қолында болғанын ескерсек, ха­лықтың бұдан басқа рухани азығы да болмады. Нарық механизмдері жұмыс істе­мегендіктен, бәсеке де болған жоқ, яғ­ни жеңіл дүниелерді іздегендер де қа­жетін қанағаттандыра алмай келді. Басқа буын өкілдерін былай қойғанда, қазіргі жастардың ақпарат алу мүмкіндігі телегей-теңіз. Жастар өздеріне жақын, ыңғайлы, қызықты формада ақпарат алғысы келеді. Сондықтан көпшілік «Вконтакте», «Фейсбук», «Мой мир» сияқты әлеуметтік желі­лер­ді таңдады. Себебі, онда олар өзіне қа­жеттісін таңдап ала алады, онда қарым-қа­тынас та, музыка да, білім де, өсек-аяң да, бәрі бар.
Басылымдар нарық заманына, қазіргі тех­нологияның даму қарқынына ілесе алмай қалды. Жаппай «планшеттену» дәуірі жү­ріп тұрған тұста оларға тек басқа басылымдармен ғана емес, Интернетпен, жаңа тех­нологиялармен бәсекеге түсуге тура ке­леді. Редакциялардың нарықты зерттеп, оқыр­ман сұранысын қанағаттандыру мүм­кіндіктерін іздеуге жағдайы жоқ, сондықтан олар бұрынғы әдіспен әкімшілік ресурстарды пайдаланып, тираж көбейтуге мәж­бүр.
Қарлыға МЫСАЕВА:
– Сіз айтып отырған КСРО дәуірінде қа­­­лыптасқан оқу мәдениетіндегі дәстүр жал­ғастығының үзілуіне басты себеп – жүйе­нің өзгеруі. Себебі, ол кезеңде кез кел­ген отбасы әлеуметтік хал-ахуалына қа­ра­мастан, сіз айтып отырған барлық ба­сылымдарға жазылу міндетті болып есеп­телетін. Мәселен, менің әкем марқұм араб­ша хат танитын қойшы болған, соған қа­рамастан үкімет ол кісіге қазақ тіліндегі бар­лық газет-журналдармен қатар, ор­талықтан таралатын орыс тілді басылымдарды да жазғызатын. Әкем өзі оқымаса да, бізге міндетті түрде оқытып, мазмұнын сұрап отыратын. Екіншіден, бұл газет-журналдар мектептегі оқу бағдар­лама­сымен тікелей байланысты болатын. Мұғалім оқушылардың газет-журналдарды оқуын қадағалап, қосымша сабақтарда солардан материалдарды оқуға және мақала жазуға арнайы тапсырма беріп отыратын. Мысалы, егер бастауыш сынып­тағы бір оқушының шағын ғана әңгімесі «Балдырғанға» жарияланатын болса, сол баланы бүкіл мектепке үлгі етіп, құрмет тақтасына ілетін. Яғни мұнда үлгілі оқушы­мен қатар, газет-журнал бірге жарнамаланатын. Басқалары да сол оқушыға ұқсап мақала жазуға талпынатын. Бастауыш сыныпта шығармашылығын «Бал­дыр­ғанмен» бастаған оқушы оны ары қарай «Ұланмен», «Жас Алашпен», «Қазақ әде­биетімен» жалғастыратын. Сондықтан менің ойымша, бұл дәстүрді жалғастыру үшін газет-журнал редакциялары мектептермен байланысты жақсартуы керек. Әлі есімде, біздің бала кезімізде әдебиет пәнінің мұғалімі Тұманбай Молдағалиевпен кездесу ұйымдастырды. Сол кездесуден кейін оған қатысушылар арасында Тұман­бай ақынның жырын жаттамағаны кемде-кем. Әрине, бұл өткен күннің тәжі­рибесі. Ал мерзімді баспасөзді тұрақты оқу мәде­ние­тін қалай қалыптастыру қажет деген мәсе­леге орай шетелдік озық тәжірибеге сүйенуге болады. Оған сәйкес әрбір газет өз аудиториясының талап-тілегіне сай жұмыс істеуі қажет. Форматы, құрылымы, мазмұны сол өзі таңдап алған аудиторияға тікелей арналуы тиіс. Мысалы, жексенбілік саны 100 беттен асатын «New York Times» газетінің әрбір бетінің жеке оқырманы бар. Газеттің негізгі бағдары үш бөлімге бөлін­ген:
1. Жаңалықтар: халықаралық, жер­гілікті, ұлттық, бизнес, технология, ғылым, денсаулық, спорт, метрополитен, білім беру, ауа-райы және некрология;
2. Пікір: редакциялық мақалалар, редак­циялық емес мақалалар, редакцияға хат;
3. Көңіл көтеру: өнер, кино, театр, Нью-Йоркқа саяхат, тамақ және шарап, үй мен бау-бақша, сән мен стиль, кроссворд, т.б. Бәлкім, бұл шетелде қалыптасқан газет оқу мәде­ниетінің бір түрі шығар, газетті сатып алған оқырман өзіне қажетті бетті ғана оқып, қалғандарына назар да аудармайды. Біздің аудитория да осыған келе жатыр деп ойлаймын.
Гүлнапис ӘБДІКЕРОВА:
– Мұның бірден-бір себебі, интернет технологияларға жастардың шектен тыс әуестенуі. Бұл олардың денсаулықтарына әсер етіп, психикалық ауытқуларға алып ке­ле­ді. Қазіргі кезеңде өсіп келе жатқан жас жеткіншектердің, жастардың ақпа­рат­тық мәдениетін қалыптастыруға мектеп партасынан көңіл бөлінуі тиіс. Жастардың са­налы азамат болып қалып­тасуы үшін тәр­биелік маңызы бар басы­лымдардың жан­дануына ақпараттық мәдениеттің дұрыс қалыптасуы септігін тигізеді. Тіпті, бо­лашақта электрондық басылымдар жүйе­сіне көшкен жағдайда да виртуалдық кеңістікте жастардың саналы мінез-құ­лығын, ақпараттық мәдениетін қалып­тас­тыру мемлекеттің қауіпсіздігі үшін де маңыз­ды.
– Бүгінгі газет оқу мәдениеті қай дең­гей­де, оқырманның сипаты қандай? Әр буын­ның өкілі немесе әр түрлі орта арнайы іздеп оқитын басылымдар қалып­тас­ты деп ойлайсыз ба? Егер бар болса осы басылымның барлығына ортақ та­қырып қандай болуы керек?
Мұхтар СЕҢГІРБАЙ:

– 2009 жылы АҚШ-тағы Санта-Барбара қа­ласында болғанымда сондағы ең үлкен кітап дүкені жабылып жатыр екен. Ішіндегі қалған кітаптар арзан бағамен сатылады екен дегенді естіп, жабылатын күні әлгі дү­­кенге бардым. Егде жастағы кісілер дүкеннің жабылғанына қатты қайғырды, ол тек дүкен ғана емес, жұрттың рухани пікір алмасу, кездесу орны болған екен. Сонда бір кісі «Интернет бәрімізді үйкүшік жа­сады, үйде отырып электронды кітап са­­тып алып оқитын болдық», – деген еді. Осы тенденция газетке де жеткен.
Мен сабақ беретін университетте қа­зақ, орыс тілдеріндегі газеттердің жаңа нө­­­­мірлері кіреберісте тұрады, қалағаныңды алып оқи бересің. Аудиторияларда газеттер толып жатады, өкінішке қарай, бұрын­ғы­дай солардың қадіріне жетіп, оқып жат­­қан адам аз. Басылымдардың көбі бір-бі­­ріне өте ұқсас, тіпті көбі бір мекемеге ба­ғынатындықтан бірдей суреттер беріп жа­тады. Оқырман онда не жазылатынын ша­малап біледі. Әсіресе, жас оқырман қо­ғамдық-саяси тақырыптарға жазылған ашық, өткір мәселелерді, журналистік зерт­­­теу материалдарды көргісі келеді. Сон­­дықтан керегін Интернеттен іздейді, тіп­ті газеттегі материалды оқуға ерініп, оны ғаламтордан тауып алып, оқуды жөн кө­реді.
Қазіргі әлемде классикалық үлгідегі «га­зет» деген нәрсе жоқ. Газеттердің бар­лы­ғы Интернеттегі сайтынан бөлек планшеттерге, смартфондарға арналған бағ­дар­ламаларын жасап, оқырманының со­ларды жүктеп алуына мүмкіндік берген. Яғни басылым тек ақпарат беріп қоймай, оқырманның уақытын қызықты, тиімді етіп өткізуіне жағдай жасаған. Мәселен, түрлі вик­ториналар, ойындар, сөзжұмбақтар, та­нымдық дүниелер сол бағдарламада қо­сымша ретінде тұрады. Оның сыртында ау­дио, видеоматериалдар, оқырмандардың өз материалдарымен бөлісу мүмкіндігі, сауалнамалар, пікірталас алаңдары бар. Демек, қазіргі газет оқу мәдениеті технологиямен еліктіру мәдениетіне ұласқан. Осы қағиданы ұстанған әлемнің мүйізі қа­ра­ғайдай басылымдары жаңа заман талабына бейімделіп жатыр.
Оқырманның барлығына ортақ тақы­рып деген болмайтын шығар. Оқырманның жасына, қызығушылығына, талғамына қа­рай тақырып әр алуан. Қазіргі тенден­ция­ға қарап байқағаным – қазақ оқыр­ман­дарының көбі ұлттық патриотизм, ұлт­­тық сана, ұлттық жаңғыру мәселелеріне көп қызығады.
Қарлыға МЫСАЕВА:
– Қазір біздің қоғамда газет оқу мәде­ние­ті жоқ деп айта алмаймын. КСРО ке­зі­нен қалыптасқан дәстүр бойынша газетсіз таң­ғы шәйін ішпейтін аға буынды айт­па­ғанда, жастардың арасында да дәстүрлі ақ­парат құралдарын, онлайн-басы­лым­дарды жібермей оқитын жастар бар. Алайда, әр буынның өкілі немесе әр түрлі орта ар­найы іздеп оқитын басылымдар қалып­тас­ты деп айта алмаймын. Мәселен, жо­ғарыда мысалға келтірген Интернет-нұс­қасын оқушылар саны айына 30 млн.-нан асатын ««New York Times» секілді басылымды бізде кездестіре алмайсыз. Себебі, бұл газеттен кез келген буын өкілі өзіне қа­жет­тіні таба алады. Бізге осы секілді сал­мақты басылымды қалып­тастыру керек. Бірақ оларға ортақ тақырып табудан гөрі, әрқайсысы өз оқырманының сұранысына сай жұмыс істеуі қажет. Сонда біріншіден, газеттің тұрақты оқырманы қалыптасады, екін­шіден, белгілі бір тақырып төңірегінде берілетін ақпараттар мазмұны жақсарады. Сонымен қоса, тақырыптың жан-жақты зерт­телуін қадағалап, әрбір редакция жур­налистік зерттеу тәжірибесін қалып­тас­тыруы керек.
Гүлнапис ӘБДІКЕРОВА:
– Қазіргі уақытта азаматтардың газет оқу мәдениеті жылдан-жылға төмендеп ке­леді. Газет оқу аға буын өкілдеріне ғана тие­сілі болып қалған сияқты. Жастар жағы электрондық басылымдарды көбірек пайдаланады. Әр буынның өкілдерінің қызығу­шылығын тудыратын ортақ басылымдар әлі қалыптаса қойған жоқ деп ойлаймын.
– Қазіргі қазақ қоғамына қандай ба­сы­­лым керек деп ойлайсыз?
Мұхтар СЕҢГІРБАЙ:

– Қазіргі қазақ қоғамына саяси тұғы­дан еркін, бірақ ұрда-жық және біржақты емес, салмақты, терең, бірақ шұбалаңқы емес, қысқа жазатын басылымдар керек. Әсі­ресе, экономикалық, қаржылық мәсе­лелерді талдап беретін ақпарат құралдары ауадай қажет. Әрі олар «басылым» деген ат­пен шектеліп қалмай, әмбебап болуы ке­рек, сонда ғана олар жас оқырмандарды өзі­не тарта алады.
Қарлыға МЫСАЕВА:
– Бүгінгі қа­зақ қоғамына оның мұң-мұқ­та­жын жоқ­тай­тын, қордаланған мә­се­­ле­леріне жоға­ры жақтың назарын аударта ала­­­­­­­тын басылым ке­рек. Жур­на­лис­­тің бас­ты мақсаты – халық пен билік ара­сында көпір болу. Өз үнін жеткізе ал­маған қара­пайым халықтың үнін билікке жет­кізуге қыз­мет етуі тиіс. Сондықтан қо­ғамдағы кез кел­ген реформалар, өз­ге­рістер мен стра­тегиялардың жүзеге асуын шынайы жаза білетін, ақ­паратты айна-қатесіз жеткізе білетін басылым керек. Бас­қаша айтқанда, журна­листік пәр­мен­ділігі бар басылым қажет.
Гүлнапис ӘБДІКЕРОВА:
– Қазақ мә­де­­ниетінің құнды­лық­тарын на­си­хат­тайтын, алаш қай­рат­керлерінің есі­мін ел есіне түсіріп отыратын ма­териалдар, ха­лықтың көз­қара­сын танытатын әлеу­метті зерттеулер нә­тижелері, қорша­ған орта туралы оперативті ақпарат, мем­лекеттің әлеуметтік және сая­си дамуына кедергі келтіріп отырған жа­ғдайлар туралы материалдар қажет.
– Экономикалық дағдарыс кезіндегі ба­сылымдардың ахуалы?
Мұхтар СЕҢГІРБАЙ:

– Экономикалық дағдарыс, әсіресе, бас­пасөзге үлкен зардабын тигізеді. Оқыр­манның сатып алу мүмкіндігі азайып, га­зеттің шығыны көбейеді. Нарыққа бейім­дел­меген, үкіметке ауыз ашып отырған ба­сылымдарға, әсіресе, қиынға соғады, олар шығындарды азайтып, оқырман тал­ғамына сай жұмыс істеуге көшпесе болмайды.
Қарлыға МЫСАЕВА:
– Экономикалық дағдарыстың салдарынан басылымдардың ахуалы нашарлап кеткені түсінікті жайт. Алайда, мұндай эко­номикалық мәселе – ғаламдық үдеріске ай­налып отыр. Кез келген дамыған мем­ле­кеттің журналистикасының даму сатыларын қарастырсақ, олар да осындай қиын­­­шылықты бастарынан өткерген, қазір де өткеруде. Бірақ басты айырмашылығы – нарық заңын жете меңгерген кез келген ақ­парат құралы өз бетімен табыс табудың жол­дарын шебер таба білген. Мәселен, жаңа технологияны меңгеру арқылы га­зет­тердің Интернет нұсқаларын ашу және онлайн қаржы табу көздерін қарастыру. Жаңа медиа магнаттардың қалыптасуы, яғни қалталы азаматтардың ақпарат құ­рал­дарына демеушілік көрсетуі, ре­дак­цияның қызмет көрсету аясын кеңейтуі (бас­паханалық қызмет көрсету, Интернет нұс­қаларында аудио-видео форматта ақ­парат таратуды қосу, т.с.с.). Мәселен, АҚШ-тағы кез келген газет-журналдың өз бас­па­­ханасы бар. Және ол баспахана өнім­­­дерінің сапасы мен құны баспаның на­рықтағы алатын орнына байланысты. Бұған ««New York Times» газетінде тұрақты жа­рияланатын «Best Sellers» айдарын алу­ға болады, мұнда осы газетте жарияланған жә­не оның баспасынан кітап болып жарық көрген ең үздік әдеби кітаптар тізімі мен олар­дың электронды нұсқалары беріледі. Со­нымен бірге, бұл кітаптың баспадан жа­рияланған нұсқасын да сатып алып оқуға бо­лады. Баспадан жарық көрген кітап­тар­дың оқылу рей­тингісіне сай беріліп отырады. Бұл жас­тарды әдебиетке тартуда игі іс деп атауға болады. Себебі, бұл айдардың оқырман­дарымен қоса, авторларының басым көпшілігін жастар құрайды.
Тағы бір айта кетерлігі – экономикалық дағ­дарыс кезінде басылымдардың ахуалын жақсарту үшін жарнама беру саясатын дұрыс жолға қою керек. Кезінде қиын жағ­дайға тап болған «Time» газетінің редакторы Айзексон өзінің онлайн оқырмандарына маз­мұн үшін ақы төлету қажет деген ұсы­ныс жасаған. Алайда, кейіннен ол: «Бұл ма­ғы­налы бизнес-модель емес. Мүмкін бұл веб-жарнаманың қарқынды даму ке­зеңінде әрбір баспагердің веб-жарнаманы қол­дау басылымның «болашағы үшін» қа­жет деп қабылдаған сәтте жүзеге асады», – деп атап көрсетеді. Бәлкім, бүгінгідей эко­номикалық дағ­дарыстан шығу үшін басылым журна­лис­тері осыған дейін мойын­дал­ған кәсіби нор­маларды білуі, тәжірибесі мен шығарма­шы­лық шеберліктері арқылы та­нылуымен қа­тар, өз қызметі арқылы ба­сылымға қар­жы табу көздерін де қарас­ты­ра білу ше­бер­лігін меңгеруі қажет шығар деп ойлаймын.
Гүлнапис ӘБДІКЕРОВА:
– Жаһандану жағ­дайында ре­фор­малық өз­ге­ріс­терге байла­-ныс­ты Қа­­­­­­­зақ­­­станда ақпараттық саясаттың өзгеруі респуб­ли­кадағы ұлттық басылымдарды қайта ұғыну­ға түрткі болды. Алайда, эконо­ми­ка­лық дағдарыс жағдайында басылым­дар­дың қоғамға емес, бизнеске қызмет етуі байқалды. Басылымдар кертартпа ма­қа­ла­ларды жаңалықтардан бөліп қарауы тиіс. Сонымен қатар, әр түрлі тап­тардың көз­қарастарын жариялап, бейтарап позиция ұстанып, өзінің ақпараттық ағарту­шылық ролін білуі тиіс.
Басылымдардың барлығына ортақ мә­селелердің қатарына қаржы мәселелерін жат­қызуға болады, республикалық және жер­гілікті билік өкілдерінің бұқаралық ақ­парат құралдарын бақылауға ұмтылысы да олардың еркіндігін белгілі бір деңгейде шек­теп отыр.
Қазақстан Жазушылар одағының органы ретінде 1934 жылы ашылған «Қазақ әдебиеті» халық арасына таралған күндері Алатау асқарынан асып, абыройы асқақтаған кездері де жетерлік, құны құлдилап құз етекке түскен жайы да жоқ емес. «Шамам жеткен жеріне шейін адал боламын», – деп нарқасқа қазақтың бірі айтқандай, «Қазақ әдебиеті» басылымдық жаратылысы бойынша халқының алдында ақжүзді абыройына кіршік қондырмауға барынша тырысып келеді. Дүниеде болжам жасау дегеннің жауап­кершілігі өте зор; оны я жүректі азамат, я Құдайдан қорық­пайтын түлей ғана жасай алады десек те, қазақтың әулиелерінің ұрпақ болмысына қатты алаңдаған қанатты сөзбен қатар, жүрек дауаламайтын сәуегейлігін де кездестіресіз. Осы орайда «Қазақ әдебиетін» болашақта кімдер оқиды деген сауалға көреген­дік­пен жауап беру қиын. Өзгермелі тұтқиыл заманда қандай құндылық басым болатынынын тап басып айтуға қайбір шамамыз жетеді дейсіз?
Кеңес Одағы тұсында құзырлы меке­менің органы болып тұрған басылымның саясы көпке тигені оның тарихынан белгілі. Газеттің таралымы жазушы Шерхан Мұртаза бас редакторлық еткен жылдарда 90 000-ға жетіпті. Оған редакторлық іскерлік пен шеберліктің тікелей әсер етуі де мүмкін. Дейтұрғанмен, оқырмандық сипат та маңызды роль атқаратын сияқты. Одан бергі жылдарда «тұрымтай тұсына, балапан басына» тентіреген заман туды. Талғам дейтін ұғым тантырап, шығар­машылық сипат жадағайлана қарапайым­данды. Көптеген саяси-әлеуметтік факторлар әдебиеттің ролін төмендетті. Газеттің өткен жылдардағы беттерін парақтап, тарихына көз жүгіртсек, қазақтың қара сөзіне, руханиятына, мәдениетіне қызмет етуге деген құлшыныстың бір сәт бәсең­демегенін сеземіз. Басылымның ішкі рухы да, қазақтың ата-бабадан келе жатқан қара сөзіне деген ықыласы да күшінде. Еш жарнамасыз, белгілі бір органдардың нұсқауынсыз, тек ықыласты оқырманның қалауымен таралымымыз 10 000-нан асып отыр. Бұл таралымды аз да болса айбынымыз десек, қателесе қоймаспыз. Десек те, сол айбынның артында «Қазақ әдебиетінің» адал оқырманы тәрбиелеген, сөз ұғар ұрпақ барына сенгіміз келеді.

Дайындаған Назым ДҮТБАЕВА.

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір