БАЛАМ ТЕМЕКІ ШЕКПЕСІН ДЕСЕҢІЗ…
22.02.2023
126
0

Бала өсіп, қалыптасқанша түрлі кезеңнен өтеді. Бірі еш мәселе туғызбай, жат әдетке мойын бұрмай, кезең-кезеңімен дұрыс өсіп, жетілсе, енді бірі жағымсыз әдеттерден бойын аулақ ұстай алмай қалады. Бұған әртүрлі детальдар себеп болуы мүмкін. Ата-ана тәрбиесі, өскен орта, араласатын дос-жарандары… Өтпелі кезеңдегі құбылмалы мінез-құлықтың шырғалаңынан шықпай қалу да баланы бұрыс жолға үйірсек етеді. Бүгінде мектеп оқушылары арасында темекі шегу үрдісі үдеп тұр. Қоғамдық көліктерге вейп темекісін аузына ала мінген, тіпті білім ошақтарының алдында топтанып тұрып, еш қымсынбай темекі тартып тұрған жасөспірімдерді көру таңсық болмай бара жатыр.

Ұлттық қоғамдық денсаулық сақтау орталығының екі жыл бұрынғы мәліметі бойынша, электронды темекіні тұтынушылар, ауыл балаларымен салыстырғанда, қала балалары (4%) арасында екі есе көбейген. Қыздармен (1,6%) салыстырғанда, ұлдар (4,6%) арасында тіпті үш есе артық. Электронды сигаретті тұтынушылар саны 15 жасқа қарай (5,2%) екі жарым есе ұлғайған. Қазақстандық жастар арасында электронды шылымның танымалдығы кейбір жағдайда әдеттегі темекіні тартудан асып түседі. Келешекте никотині бар өнімдердің осы жаңа түрін пайдаланудың өсімі артуы мүмкін екенін айтқан. Бүгінгі статистиканы көзге елестете беріңіз.
Ал мамандар жасөспірімдер үшін темекі тартудың өте зиянды екенін айтып, дабыл қағуда.
Наталья ПАВЛОВА, дәрігер:
– Темекі тартқан кезде жасөспрімдердің жады қатты зақымданады. Эксперимент көрсеткендей, темекі тарту жаттау жылдамдығын және жады көлемін төмендетеді. Сондай-ақ қозғалыстағы реакцияны бәсеңдетеді, бұлшықет күші төмендейді, никотиннің әсерінен көз көргіштігі нашарлайды.
Алғаш рет 25 жастан бастап тартқандарға қарағанда, жасөспірім (20 жасқа дейін) шағынан бастап темекі тартқан адамдардың арасында өлім жағдайы анағұрлым жоғары болады.
Жасөспірімдер темекі тартқан кезде көру қыртысының патологиясы пайда болады. Бастапқыда оқу кезінде жылдам шаршағыштық байқалады. Сосын көзде шұбарлану мен қосарлану басталып, ақырында, көздің көру қабілеті төмендейді.
Жасөспірімдердің темекі тартуы көпшілігінің қалқаншабез қызметін күшейтеді, нәтижесінде темекі тартатын жасөспірімдердің тамыр соғысы жиілеп, температурасы артады, шөлдеу, ашуланғыштық пайда болады, ұйқысы бұзылады
Ересек адамның денсаулығына өлшеусіз зиян келтіретін темекі жасөспірімнің денсаулығын тіпті құлдыратып жіберетінін жанұшыра жеткізген дәрігер бұл мәселеге немқұрайы қарауға болмайтынын ескертті. Ал темекі шегудің арты ішімдік ішіп, есірткі қолдануға ұласып кетуі мүмкін екені баршаға аян. Ұл-қыздарымыздың үйдегі тәрбиесімен қатар, тыстағы өміріне бей-жай қарамау ата-анаға да, мемлекетке де – ортақ міндет.

Ж.Бейсенқұлова

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір