«Әкем екеуміз»
19.11.2021
1170
0

«Адамның бәрі – өз халқың» (Шәкәрім), алайда мәдениеттер мидай араласып, қоғам жаһанданып жатқан тұста «ұлттық өнеріміз қалай өркен жаймақ?» деген сауал еріксіз ойландырады. Осынау кезеңде төл мәдениетіміз нендей күйде? Ол өзінің ұлттық бет-бейнесі мен бедер-белгісін сақтап қала ала ма? Міне, осы секілді бүгінгі таңдағы өнер дамуының алдында тұрған өткір мәселелер түрлі тақырыптарға жетелейді. Біздің ғасыр – экрандық жүйеге негізделген электронды дәуір десек, онда аталған жәйт кино өнеріне тікелей қатысты.

Бүгінгі таңда қазақ кинематографиясына мәдени-рухани тұрғыдан зор жауапкершілік жүктеліп отыр. Мұндай жауапкершілік кино өнеріндегі кемшілік атаулыға белсенді түрде күрес жүргізу, кинотуындыларды талдау арқылы адамзаттық мұраларды барынша дәріптеу, ұлттық өнеріміздің идеялық және эстетикалық дәрежесінің арта беруі үшін көркемдік сапасыздыққа жол бермеу, деректер арқылы өмірді терең зерттеудің қажеттілігінен туындайды. Өкініштісі, қазір кино өнерінде ұлттық мәселелер терең ашыла бермейді. Кейбір фильмдердің тақырыбы «айғайлап» тұрғанымен, идея әлсіздігі, ой жұтаңдығы байқалып жатады. Қазақтың заманауи кинематографиясында қазіргі қоғамдағы өзгерістерді және сол өзгерістердің нәтижесінде туындаған сан қилы әлеуметтік түйткілдерді ұлттық менталитет тұрғысынан өзінің фильмдеріне арқау етіп жүрген режиссерлер аз. Солардың бірі – талантты режиссер Данияр Саламат.

Данияр Саламат заманауи тақырыпта орта мен кейіпкер байланысының көркемдік шешімін таба отырып ұштастырып, әлеуметтік мәселелердің рухани тереңдігін көркем деталдар арқылы бейнелей алатын режиссер екенін әр жаңа туындысымен дәлелдеп келеді. Қазақ кино өнерінде өзіндік қолтаңбасы бар режиссердың туындылары көпшілік көрерменнің ыстық ықыласына бөленіп жүр. Біз оның 2008 жылы жарық көрген «Әкем екеуміз» фильмі жайында сөз қозғап көрелік.

«Әкем екеуміз» – аты айтып тұрғандай, әке мен бала қарым-қатынасын баяндайды. Әйелі басқа еркекке кетіп қалған еңбек пәнінің мұғалімі Кәрім ұлы Байсалмен бірге қарапайым жатақхананың кішкентай ғана бөлмесінде тұрады. Тұрмысы төмен әкелі-балалы екеудің қарым-қатынасында да қарама-қайшылық болып тұрады. Кәрімнің ұлы жасы кіші болса да зерек, ақылды. Дегенмен оған ана алақанының жылуы жетіспейтіні байқалады.

Данияр Саламатқа 2008 жылы өткен халықаралық «Евразия» кинофестивалінде «Үздік режиссер» аталымы бойынша жеңіс әкелген «Әкем екеуміз» фильмі қазақ киносына жаңа тақырып пен жаңа кейіпкер алып келді. Қара басының ғана қамын күйттеп, өз баласын көзін жәудіретіп тастап кеткен әйел бейнесі – қазақ киносында бұған дейін кездеспеген құбылыс.

Мұнда көтерілген әлеуметтік мәселелердің бастысы – ажырасу. Ажырасудың басты себептерінің бірі – материалдық жағдайдың жетіспеуі, ал бұл фильмде анық көрсетілген. Мұны жай ғана олардың күнде жұмыртқа қуырғанынан байқаймыз.

Данияр Саламат өзінің фильмі жайында мерзімді баспасөз беттеріне берген кезекті сұхбатында: «Фильмге кірісе алмай жүргенде біраз қиналдым. Апрымовтың бір сұхбатын оқып қалғаным бар. Сонда ол былай депті: «Режиссер кино түсіруге болмайтын жағдайға жеткен кезде кино түсіруге кіріседі». Менің де алғашқы фильмім сондай, толғағы жетіп барып түсірілген болуы керек. Оған кірісіп кеткенде екінші, үшінші фильмімнің толғағы жақындай бастады. Өмір тәжірибесіне де байланысты. Өз басым әлеуметтік қиындықтар мен психологиялық қыспақты сезінбесем, осы фильмге кіріспес те едім. «Әкем екеуіміз» – әке мен баланың қарым-қатынасы, ұлттық танымның елеусіз ғана, бір бұрышта жинақталып қалып қоюы жөнінде. Әке – жолы болмаған суретші. Әйелімен ажырасқан, баласымен жатақханада тұрады. Бірақ осы аядай ғана бөлмеде рухани байлық та, қиыншылық та – қазаққа тән барлық нәрсе жинақталған. Екеуі тысқа шыққанда ғана қоғамға бөтен екендерін сезінеді… 2005-2007 жылдың тақырыптық жоспарына енген. Содан бері өз кезегін күтіп жатты. Басты кейіпкерлерді ұзақ іздедік. Образдар көкейімізде сайрап тұрғанымен, табу қиынға соқты. Мысалы, біздің фильмдегі бала осыған дейін қазақ киносында стереотипі қалыптасқан, ойнақы, жылдам, сотқар балалардан мүлдем бөлек. Бізге өте момын, тағдыр әбден жаншып тастаған, жүзінде қиын тұрмыстың ізі қалған бала керек болды. Ал ондай балалардың актерлік қабілеті болмайды. Міне, осы жағын үйлестіру қиын болады… Бала рөлінің сәтті шығатын себебі – олардың жүректері, жандары таза, олар ешқашан да «ойнауды» мақсат етпейді».

Данияр Саламаттың бұл фильмін көрген әрбір көрермен көкейіне ой түйері анық. Қателіктің түбі қандай жағдайға апарып соғатыны белгісіз. Алайда режиссер фильм соңында әкесіне де, баласына да бір үміт сәулесін сыйлай білді.

Біз де үшбу туындыны қайталап көрген соң қазақ кинематографиясының алар асуы алда екеніне шүбәсіз сендік. Сендірмей қойсын ба, өйткені ол – Данияр Саламат қой!

Нұртұрсын СЕРІК,

Т.Жүргенов атындағы өнер академиясының студенті

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір