ЖАҚСЫ АУДАРМАШЫ БОЛУ ҮШІН ҚҰШТАРЛЫҚ КЕРЕК
Айнаш Қасым:
Осы жылдың қыркүйек айында Қазақстан Жазушылар одағы «Қазіргі заманғы сөз энергиясы» атты Еуразиялық әдеби форум өткізді. ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің қолдауымен өткен форум Астананың 20 жылдығына арналды. Форум аясында Қазақстан Жазушылар одағы мен Иран жазушыларының қауымдастығы өзара ынтымақтастық меморандумына қол қойды. Сол келісімді негізге ала отырып, парсы-қазақ тілдерінен шығармалар тәржімалап жүрген аудармашы, филология ғылымдарының кандидаты, Теһрандағы Қазақ радиосының редакторы Айнаш Қасыммен сұхбаттастық.
– Қазақ әдебиеті өкілдерінің шығармаларымен иран оқырмандары қаншалықты таныс?
– Қазақ қаламгерлерінің парсы тіліне осы уақытқа дейін аударылған бірлі-жарым шығармасы болмаса, қазақ әдебиетін ирандық оқырман үшін түрен түспеген тың далаға, ашылмаған аралға теңеуге болады. Олардың кейбіреуі түпнұсқа тіл – қазақ тілінен емес, делдал тілдер арқылы аударылған. Оның себебін қазіргі отандық парсы тілі аудармашыларының тіл ұстарту кезеңінен өткенімен, әлі кемелдікке, яғни қазақ әдебиетін таныстыратындай мықты тілдік және аудармашылық шеберлік деңгейіне жетпегенімен байланыстыру керек.
Мұхтар Әуезовтің «Абай жолы» роман-эпопеясын Назли Асғарзаде, Абайдың өлеңдерін Фарзане Худжанди, қара сөздерін Сафар Абдулло парсы тіліне аударды. Абайдың толық шығармаларын Ирандағы қандасымыз Қажы Мұхаммад Шадкам да парсы тіліне тәржімалаған. Немат Келімбетовтің «Үміт үзгім келмейді» монолог-хикаясын Самира Исмаили орыс тілі арқылы аударып, парсытілдес оқырмандардың қолына жеткізді.
Астанада өткен «Қазіргі заманғы сөз энергиясы» атты еуразиялық әдеби форум барысында жасалған келісімдер осы олқылықтардың орнын толтыруға бағытталған. Келешекте Қазақстан Жазушылар одағы мен Иран Жазушылар қауымдастығының бастамасымен екі ел қаламгерлері шығармаларының аударылатынына, осындай игі іске біз де атсалысып, өз үлесімізді қосу арқылы екі ел әдеби байланыстарының арта түсетініне сенімдімін.
– Жақсы аудармашы болу үшін не істеу керек?
– Жақсы аудармашы болу үшін үйренген немесе үйреніп жатқан шет тіліне ынты-шынтымен беріліп, құштарлық, ынтықтық, іңкәрлік, жанкештілік танытып, оны да өз ана тіліндей сүю керек. Уақыт бөліп, оқып-үйрену сабақтарынан басқа қол қалт еткенде ыңғайлы мұрсатты ұтымды пайдаланып, кітап оқып, музыка тыңдап, кино көріп, қойылымдарға барып, сол тілде сөйлейтін достарыңызбен аралас-құралас болу да аудармашының сөздік қоры мен этномәдени лексикасының молығуына жақсы әсер етеді.
Өзі үйренген шет тілінен қолына тиген кез келген мазмұндағы кез келген мәтінді оқыған немесе естіген сәтте мүдірместен ілеспе аударма жасайтын ауызша аудармашылық деңгейге жету өте ұзақ, қиын да күрделі үдерісті бастан өткеруді, былайша айтқанда тар жол, тайғақ кешуді қажет етеді. Дәл спортшының жаттығуы сияқты. Спортшы жарыста жақсы нәтижеге жету үшін күн-түн демей тер төгіп, өзін аямай, талмай жаттығады. Аудармашыға қатысты да осыны айтуға болады. Тіл – қысқа уақытта, екі-үш айдың ішінде меңгеріп алатын шаруа емес. Тіл – талай жылғы үздіксіз еңбекті қажет ететін күрделі құбылыс. Студент кезде грамматиканы үйренумен қатар, күн сайын жаңа сөз жаттап, шағын мәтіндерді тыңдап, естіп, оқу үдерістерінен өткен соң сол тілде сөйлейтін елге барып, халқының арасында біраз уақыт тұру барысында тілдің ауызекі түрін үйреніп, еркін сөйлеу тәсіліне төселуге әбден болады. Заманауи, өзекті, бүгінгі күнгі қолданыстағы «тірі» тілді меңгерудің мұндай деңгейіне жеткен аудармашы да мақтап, мадақтауға әбден лайық. Алайда, бұл – әлі әдеби немесе ғылыми шығармаларды аударуға шамасы жетпейтін қауқарсыз деңгей.
Көркем аудармаға үлкен дайындықпен келген жөн. Парсы тілінің аудармашысына қатысты жеке айтарым, аудармашы көркем шығарманы ана тіліне аудармас бұрын теориялық дайындықтан басқа әдеби-мәдени тұрғыдан парсының ауыз әдебиетінен бастап, әлем мойындаған классикалық кезеңінен қазіргі дәуір әдебиетіне дейінгі шығармаларымен сусындау арқылы тіл байлығын молықтырған, сол әдебиетті бүге-шігесіне дейін білетін, Иран тарихы мен ұлттық болмысы және ерекшеліктерімен, әдет-ғұрпы және салт-дәстүрімен толығымен таныс болуы керек.
Грамматикалық тұрғыдан аудармашы парсы тіліне тән изафеттік тізбекке құрылған күрделі де шұбалыңқы сөйлемдер мен тілдік оралымдарының терең иірімдерінің мағынасын тап басып танып, олардың ара-жігін ажыратып, тілдің нәзіктігінің қыр-сырына бойлай алатын шеберлік деңгейіне жетуі керек. Жан-жақтылық, дүниетанымның ауқымдылығы, ғалымдығы мен іс-тәжірибеге ие болу да – аудармашының бойынан табылуы тиіс қасиеттер.
Мына жайтты баса айтамын. Аударылған шығарма бөтендігі байқалмайтын төлтуындыдай шығуы үшін аудармашы жоғарыда атағаннан басқа маңызды екі қабілетке де ие болуы шарт: шет тілін ана тіліндей білуімен қатар, аударатын туынды прозалық шығарма болса – жазушы, поэзия болса – ақын болсын. Әйтпегенде одан түпнұсқаға сай һәм аударылған тілдің оқырманы тосырқамай қабылдайтын аударма күтуге болмайды. Осындай қасиеттерге ие аудармашы автордың шығарманы жазу барысында бастан кешкен қиындықты өзінің өн-бойынан өткізген кезде ғана төлтуындыдай шығарма әкеледі. Ал, қазақ тілінен парсы тіліне аударудың шарттары өз алдына бөлек тақырып.
– Өзіңіз қандай аударма жасап жүрсіз?
– Аудармамен айналысқаныма біраз уақыт болды. Осы уақытқа дейін парсы тілінен алты кітап аудардым. Соның бесеуі Қазақстандағы Иран елшілігі жанындағы мәдени орталықтың сұранысы бойынша орындалды.
Бастапқыда тілі жеңіл, балалар мен жасөспірімдерге арналған көлемі шағын, пайғамбардың балалық шағы жайлы ирандық жазушы Мохсен Хеджридің «Жарық жұлдыз» шығармасын, Мұхаммад ибн Жәрир Тәбәридің «Тәбәри тарихы», сопы ақын Фарид әд-Дин Әттардың «Әулиелер шежіресі» сияқты шығармаларын парсы тілінен аударумен бастап, кейін көркем аудармаға ден қойдым. Иранның жаңа дәуір әдебиетінің көрнекті өкілдерінің бірі Джалал Але Ахмадтың «Қытай вазасы» әңгімесін, ирандық жаңа дәуір әдебиетіндегі проза жанрының негізін қалаушылардың бірі Садеқ Һедаяттың (1903-1951) иесінен көз жазып қалған «Пат» деген шотландиялық асыл тұқымды иттің қатігез адамдар тарапынан тепкіге ұшыраған сергелдең, аянышты жай-күйіне құрылған қысқа повесі «Бұралқы итті» (1941) аудардым.
2015 жылы жарыққа шыққан «Абай және парсы әдебиеті» атты монографиямда Абай мен классикалық парсы әдебиеті (Рудаки, Фирдоуси, Низами, Сағди, Хафиз, Руми және Жәми) ақындарының шығармалары тақырып үндестіктері, идея, композиция, сюжет, бейнелілік ерекшеліктері тұрғысынан қарастырылып, Абай мен парсы ақындарының лирикалық өлеңдеріндегі табиғат, философиялық-дидактикалық, адамгершілік-имандылық, ғашықтық тақырыптағы жырларының ұқсастықтары мен өзгешеліктері сараланды. Абайдың «Ескендір» поэмасы парсы тіліндегі нұсқалармен, ал «Әзім әңгімесі» мен «Масғұт» поэмалары фольклорлық туынды – «Мың бір түн» негізінде мазмұн мен пішін поэтикасы тұрғысынан салыстырыла талданып, олардың сюжеттік ұқсастықтары мен өзгешеліктері, кейіпкерлерді бейнелеудегі ерекшеліктері жүйеленді. Еңбек парсы ақындарының шығармаларын түпнұсқа тілден аударған материалдарым негізінде қарастырылды.
Былтыр ирандық ғалым, доктор Ахмад Хатамидің «Иранның қазіргі дәуір әдебиеті» деген еңбегін қазақ тіліне тәржімаладым. Бұл еңбек проза жанрындағы Джамалзаденің «Йеки буд, йеки набуд» («Ерте, ерте, ертеде…», 1921) деп аталатын новеллалар жинағы мен поэзиядағы Нима Йушидждың «Ғоғнос» («Жалынқұс», 1937) өлеңімен басталатын Иранның қазіргі қазіргі дәуір әдебиеті (1921-2011 жж.) жайлы жан-жақты мәлімет, соның ішінде танымал жаңашыл ақын-жазушылардың саяси-әлеуметтік оқиғалар тоғысында қарастырылған өмірбаяндары мен шы-ғармаларының үзінділерін қамтыған. Кітапты қазір қазақстандық парсы тілін үйреніп жатқан студенттер оқулық ретінде пайдаланады.
Жақында Садеқ Һедаяттың әлемнің отызға жуық тіліне аударылған, шығармашылығының шыңы саналатын халықаралық деңгейдегі ең танымал шығармасы «Соқыр байғыз» (1937) романын аударып, жарыққа шығардым. Бұл – ешқандай тапсырыссыз жасаған өз таңдауым.
– Шығыс әдебиетімен біздің оқырман жақсы таныс емес. Оның себебі неде деп ойлайсыз?
– «Шығыс әдебиеті» деген ұғымның аясы кең. Сондықтан, мен өз салам, парсы әдебиеті шеңберінде айтайын.
Себебін айтқанда тағы айналып келіп, елімізде парсы тілінің аудармашылары буынының әлі қалыптасып болмағанын алға тартамыз. Парсы тілінің аудармашыларын дайындау үдерісі әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-де шығыстану факультеті ашылған өткен ғасырдың тоқсаныншы жылдарынан бастап жолға қойыла бастады. Содан кейін тағы бірнеше жоғары оқу орнында қолға алынды.
Қазір Иран Ислам Республикасының астанасы Теһрандағы редакторлық қызмет атқарып жатқан Қазақ радиосында жаңалық аударуға төселген, парсыша ауызекі сөйлеу дағдылары қалыптасқан аудармашылар бар. Ақпараттық, публицистикалық аударма мен көркем аударма жасау екі басқа десек те, сол жастарды осы іске тартып, баулуға болады.
Келесі бір себебі ретінде мемлекет деңгейінде тапсырыстың болмағаны дер едім. Келешекте болмаса, осы уақытқа дейін әдебиетке қатысты отандық ұйымдар тарапынан немесе мемлекеттік деңгейде парсы тілінен, я болмаса, керісінше, парсы тіліне мынадай шығармалар аударылсын деген ұсыныс пен тапсырыстың жасалғанын естіген жоқпын.
Аударма бір елдің әдеби мұрасын екінші бір тілге аударудың нәтижесінде мәдениет пен әдебиеттің өрісін кеңейтіп, байытатын іс, халықтар достығының әрі ел мен елді, халықтарды бір-біріне танытып, жақындататын алтын көпір болғандықтан, болашақта парсы әдебиеті бойынша кенже қалған аудармаға көбірек көңіл бөлініп, бұл іс шындап қолға алынады деп ойлаймын.
Соңғы уақытта ирандық жазушылардан өз шығармаларын қазақ тіліне аудару туралы маған ұсыныстар түсіп жатыр. Көңілімнен шыққан, лайық деп тапқан шығармаларды біртіндеп аудару жоспарымда бар.
Қазақ оқырманы Иранның әлем мойындаған Фирдоуси, Сағди, Хафиз, Омар Хайям сияқты классик шайырларының Кеңес дәуірінде аударылған шығармаларымен таныс. Осы ретте Тұрмағамбет Ізтілеуұлының Фирдоусидің «Шаһнама» батырлық жыры желісінде жырлаған «Рүстем-Дастан» шығармасын, Қалижан Бекхожин, Ғали Орманов пен Тілеген Шопашев аударған Рудаки өлеңдерін, Мұзафар Әлімбаев аударған Сағдидің «Жәннат» пен «Гүлстан» шығармалары мен «Шығыс жұлдыздары» деген жинаққа енген Ә.Жәмішев аударған Хафиз ғазалдары мен тағы басқа парсы ақындарының өлеңдерін атау керек.
Әлемдік деңгейде мойындалған Иранның классикалық әдебиетінен кейінгі парсының қазіргі дәуір әдебиеті Сағди мен Хафизден кейін жаңа ақын-жазушылардың үздік шығармаларымен толықты. Олармен қазақ оқырманы таныс емес.
1921 жылы Мохаммад Али Джамалзаде өзінің қысқа алты повесін «Йеки буд, йеки набуд» («Ерте, ерте, ертеде…») деген атаумен Берлинде шығарды. Осы кітаптың жарыққа шығуымен Иранның проза жанрында жаңа тәсіл пайда болды. Одан кейін Садеқ Һедаят, Бозорг Алави, Садеқ Чубак, Ибраһим Голестан Джалал Але Ахмад сынды жазушылар жаңа әдебиеттің проза жанрын ілгерілеуге көп үлес қосты.
1937 жылы «Ғоғнос» («Жалынқұс») деген өлеңімен парсының классикалық өлеңнің құрылымына өлеңнің формасы мен мағынасы тұрғысынан түбегейлі өзгеріс енгізген, жаңа көзқараспен жаңа өлеңнің теориясын ұсынған «парсының жаңа өлеңінің атасы» – Нима Йушидж біздің оқырман үшін жаңа есім. Ол өлеңге мазмұн тұрғысынан да өзгеріс енгізді. Оның ғашығы – романтик, соны. Ол бұрынғы әдебиеттегі мистикалық ғашықтықтан айырмашылыққа ие. Сондықтан «жар, жар» деп жырлаған Хафизге «Әпсана» поэмасында қарсы шығып, былай деді:
Уа, Хафиз!
Шарап пен тостаған және
сақидың тіліндегі
Бұл не айла мен жалғандық?!
Тіпті, өмір бойы зарласаң да,
Мәңгілік махаббатқа
Сенбеймін.
Мен серпінді махаббатқа сенемін.
Нима Йушидж, Парвин Этесами, Симин Беһбаһани, Шаһрияр, Форуғ Фаррахзад, Ахмад Шамлу, Меһди Ахаван Салес, Соһраб Сепеһри және Ғоламхосейн Саеди, Махмуд Доулатабади мен Симин Данешвар мен есімдері аталмағанымен көптеген тағы басқа ақындар мен жазушылардың шығармаларын қазақ тіліне аудару – болашақтың еншісіндегі кезек күттірмейтін шаруалар.
– Қазақ қаламгерлерінің туындыларын шет тілге аударудың қаншалықты қажеті бар?
– Көркем шығармаларда бір халықтың тарихы, саяси-экономикалық жағдайлары мен мәдениеті, соның ішінде тұрмыс-тіршілігі мен әдет-ғұрпы, салт-санасы мен рухани болмыс-бітімі және мінез-құлқы жақсы көрініс табады десек, аударма – сол шығармаларды басқа елдердің тілдеріне аудару арқылы халықтарды бір-біріне таныстырып, насихаттап, байланыстыратын жол. Аударма елдің өрісін кеңейтеді.
Қазақ әдебиеті – бай әдебиет. Сондықтан халқымыздың рухани құндылықтарын әлемдегі алпауыт елдерге таныту үшін қазақ әдебиетіндегі шығармаларды шет тілдерге, әсіресе халықаралық тілдерге аудару – қажет іс.
Осы ретте «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында қазақ қаламгерлері шығармаларын БҰҰ-ғы әлемнің алты тіліне аударуға шешім қабылданғанын білемін. Аударма саласында тағы осындай оң қадамдар жасалса, қазақ тіліндегі туындыларды бір кезде Абай медет сұраған Сағди, Хафиз бен Фирдоусидің тіліне аудару үшін де негіз әзірленеді деп үміттенемін.
Сұхбаттасқан
Дүйсенәлі ӘЛІМАҚЫН