Өткен күннің бір белгісі
04.09.2015
1882
0
332299_1574470253_____________________Балшықпен сомдау өнерінде ерекше қолтаңбасын қалдырған, халқымыздың тұңғыш мүсіншісі, Мемлекеттік сыйлықтың иегері Хәкімжан Есмаханұлы Наурызбаевтың туғанына бүгіндері 90 жыл толар еді. Сол шебер қолдының Алматыдағы Абайға арналған ескерткішінің ашылу салтанатына Қазақ радиосының тілшісі ретінде қатысып, осы салтанатты жиыннан репортаж ұйымдастырғаным күні кеше ғана сияқты еді. Жиналған жұрт аумақты алаңға сыймады.
Ашылу рәсімін Қазақстан Орталық Комитетінің бірінші хатшысы Дінмұхамед Қо­наевтың өзі ашты. Ұлы ақын жайлы оның өшпес бейнесін сомдаған мүсіншінің атына жылы лебізін білдірді. Жұртшылық Мұхтар Әуезовтің сөзін де зор ықыласпен тың­дады. «Өсер елдің баласы тарихын тас­пен қалар» деген. Хакімжан інім данышпан Абайдың алып тұлғасын кемеліне кел­тіріп, бейнелеп, халқымызға тарту етті, көп рахмет, қарағым», – деп шынайы ал­ғы­сын білдіргенін таспама жазып алған едім.
Осы тұста, әрине, мүсіншінің алғашқы қолтумасын халыққа ұсыну құрметіне бө­ленген күнін айта кету – бөлек әңгіменің өзе­гі екенін ескерткеніміз абзал. Талай түн­дерді ұйқысыз өткізіп, ойланып-тол­ғану­ға тура келгенін ол кісінің жаратылысы­мен таныс кез келген адам біледі.
Жұрт көкейіндегі бас ақынның арнайы іссапармен барып, туып-өскен жерінде ұр­пақтарымен кездесіп, әңгімелесті. Қол­да сақталған суреттерін жинастырып, сан қилы тақырыптарға жазылған өлеңдерін оқып, ой елегінен өткізген күндері аз бол­ған жоқ. Абай Құнанбайұлының дарынына бас иетін сүйікті жазушы Мұхтар Әуезовтің де көмегі көп болды. Қаламгермен талай рет кездесіп, ұлы тұлғаның тек өзіне ғана тән мінезі, терең ақылы, жан дүниесінің бай­лығы жайлы әңгімесін тыңдады.
Ескерткіштің алғашқы нұсқасына көңі­лі толмаған Мұхтар Әуезов ащы болса да ашығын айтты десек те, ол мүсіншінің жанын аса жылыта қоймағаны рас еді.
«Үш-ақ нәрсе адамның қасиеті: Ыстық қай­рат, нұрлы ақыл, жылы жүрек» демеп пе еді Абай. Сол ақын айтқан нағыз аза­маттың жеке өзіне ғана дара сымбаты, сан қыр­лы дүниетанымы, қайсар рухы, ой тол­ғанысы әлі де жетіңкіремей жатқан сияқты. «Ісім өнсін десең, ретін тап». Күн табиғатқа қандай әсер етсе, ақыл-ой адамға да сондай әсер етеді. Әлі де ізден, қажырлы, сабырлы адам ғана мұратына жетеді», – деп ақыл қосты.
Аталы сөзді тыңдамасқа бола ма? Мү­сін­ді қайтадан бастап, сом тұлғаны ойынан шы­ғармай, көз алдына елестетті, аруағына табынды.
Өмірде сан қилы жайлар бола береді екен. Бір күні шеберханасынан шаршап ке­ліп, ұйықтап кеткен еді. Кенет есік ашылып, Абай атасының өзі ішке кіріп келе жатыр. Орнынан ұшып тұрып, қолын жайып, алға ұмтылды. Міне, ғажап, бейнесін кел­тіре алмай аңсап, армандап жүрген на­ғыз Абайдың өзі. Не істерін білмей, ақын­ға тамсанып қарай берді. Өкініштісі сол – ақын кенет көзден ғайып болды да кет­ті.
Жалма-жан жанындағы жан жарын оя­тып, «нағыз тірі Абайдың өзін көрдім», – деп, болған жайды айтты да шеберханасы­на жүгірді. Жеңін жедел түріп, іске кірісті. Ұлы ақынның ескерткішінің екінші нұсқасы кешікпей дүниеге келді.
Мәселен, Жамбыл ата бейнесін сомдауда «Жамбылды көр де қазақты таны, қазақты көр де Жамбылды таны» ұстанымы алға тартылғанын, бірақ қарт жырау арқы­лы ұлт бейнесін танытуға қатты қиналғанын сол атасынша «жырлайтын».
Одан бері де көптеген жылдар өтті. Қазір қала келбетін бұл ескерткішсіз көз­ге елестету қиын. Қолына кітап ұстаған ақын­ның ашық ажары, батыл кескіні туған хал­қының жарқын болашағынан зор үміт кү­тетінін аңғартады. Ескерткіштің сыртқы кө­рінісінің өзі өткен тарихтан сыр тол­ғайды. Халық жүрегіндегі тұлғаны «тірілту» ар­қылы ұлттық өнерімізге қазақтан шық­қан мүсінші Хәкімжан Есмаханұлы Нау­рыз­баевтың есімі енді.
Хәкімжан Наурызбаев сомдаған мүсін­дер кешегіден бүгінгіге тағылым шер­теді. Бұл ерекшелікті Қазақтың Ұлттық Ғы­лым академиясының алдында бой түзе­ген Шоқан Уәлихановтың ескерткішінен де айқын аңғаруға болады.
Ағартушы ғалымның ұлт болмысы тура­лы айтқан кесек-кесек ойлары мен ұлт бо­лашағы жайлы жан толғаныстарын қара тас­қа «сөйлету» екінің бірінің пешенесіне бұйыра қоймаған бақыт.
Хәкімжан Наурызбаевтың басты ұста­нымы – қазақ көкжиегіндегі ұлы тұл­ға­лар­дың өз биігінен төмендемеуін сақтап қалуы. Халық құрметіне бөленген абзал аза­маттарды ардақтап есте қалдыруға ат­са­лысу. Әрине, ол үшін адамның жеке қа­дір-қасиетіне тән ерекшелігін қара тас­қа дарыту.
«Әйгілі ақын Мариям Хакімжанованың мү­сінін сондай тез жасадым», – дейді Хә­кім­­жан аға. «Апа, сіз қалай ақын бол­ды­ңыз?», – деп едім, қарсы алдымда отырған апай аяқ астынан жеңілденіп, өзгеріп сала бер­ді. Балғын жас шағы, алғашқы махаббаты, ғашық болған азаматы жайлы сан қи­лы сырға толы жайлар ақтарылды. Сол сәт­те мен де үлкен әсерге бөлендім. Сөйтіп апай­дың мүсінін бір сеанста жасадым. Өзім осы бір құдіретке күні бүгінге дейін таң қаламын.
Ал Ғабит Мүсірепов ағамыздың мүсінін сом­дау маған қиынға соқты. Талай рет қоярда-қоймай үйіме шақырдым. Бірақ жылы қабақ танытып, ашыла қоймаған соң, іздегенімді таппай, қатты қинал­дым…
Ақыры көптен бері араласып жүретін інім, белгілі тарихшы, академик Манаш Қо­зыбаевты көмекке шақырдым. «Жарайды, қолдан келсе көрейін», – деп ұсы­ны­сымды қа­был алды. «Құнды сөз құнарлы ойдан шы­ғады» деген рас екен. Манаш мендей емес, ағаның тамырын дәл басып, әр сала­дан әңгіме бастап кетті. Әңгіме арасында Ғабит аға Манашқа:
«Айта қойшы, нағыз қайраткер қандай болуы керек?» – деп сауал тастады. «Ме­нің­ше, қайраткер ел игілігі жолындағы істе сы­налуы керек. Қайраткер адам ұлт мүд­десін жоғары қояды. Бұған қоса қайраткер бо­лар азаматқа ұлтжандылық, бауыр­мал­дық, адалдық та ауадай қажет», – дей беріп еді, «Жарайсың, менің ойымнан шықтың», – деп, жазушы жадырап, ашылып, әңгімені әрі қарай өзі жалғастырды. Менің де күт­кенім осы еді. Тыңдап, көкейіне түйіп алып, үн-түнсіз жұмысыма кірісіп кеттім», – деп еді Хәкең.
Мүсіншінің шығармашылық ізденістері, қа­рапайым еңбек адамдарымен кез­десулері олардың іс-әрекеттерін зерттеуі алған тақырыбын тереңдете түсуге де мол сеп­тігін тигізді. Еңбек Ерлері Кәмшат Дө­нен­баеваның, Анна Плотникованың, Нұр­мол­да Алдабергеновтың мүсіндері де Нау­рызбаевтың шығармаларындағы таң­даулы туындылар қатарына қосылды. Даңқ­ты еңбек адамдарының бейнесінен мүсінші сұлулықты, шабытты батылдықты, ашық мінезді көре білген.
Мүсінші ең бастысы, адам жанына үңі­ле біледі. Мәншүк Мәметованың ескерткіші де сәтті қашалып, туған жер ұрпақтарының тағылымды тас мүсініне айналды.
Еңбек Ері, Қазақстанның халық әртісі Серәлі Қожамқұловтың бейне-бедерінен мүсіншінің шеберлігі айқын аңғарылады. Пішіннің ерекше келбетін сақтай отырып, терең адамгершілікке толы ішкі сыры мен оның актерлік жан әлемін тартымды бейнеленген.
Мүсіншінің еңбегі әріптес мамандардың тарапынан да лайықты бағаланып, Бүкі­ло­дақтық Лениндік сыйлыққа ұсынылды.
Хәкімжан аға сөз реті өзіне келгенде әдеттегідей қарапайымдылық танытып: «Жа­саған дүниеміз халқымыздың көз қуа­нышына айналса, одан артық қандай сый­лық болмақ. Ал лауреаттық атақ ізде­ні­сі­міз­дің бір өлшемі болар, сондықтан оны ке­лер күндердің еншісіне қалдырайық», – деуден танбайтын.
Хәкімжанның бұл қылығына деген ре­ні­шін жасыра алмаған Мұхтар Әуезов: «Ай­налайын-ау, бұл саған ғана емес, елің­нің мәртебесі үшін де керек құрмет еді ғой», – дегенде, Хәкімжан аға: «Уақыттың өл­ше­мі де керек, ал бәрі де кезеңінде «ба­зарлы ғой», – дей салатын.
Заманның сырын нәзік түсініп, тың ой­ларын, асыл армандарын жүзеге асыру жо­лында бойындағы бар қабілетін аямай жұм­саған еді. Өзінің осындай кәсіпкерлік бо­рышын болашақ суретшілерді тәрбиелеу жо­лында да аяған жоқ.
Республикалық Өнер академиясында ұс­таздық қызмет атқарды. Сондағы тәр­бие­­леген шәкірттерінің бірі – респуб­ли­ка­мыз­дың еңбек сіңірген мәдениет қай­рат­кері, белгілі мүсінші Алматыдағы өнер ор­дасы мұражайының иесі Тілеуберді Мел­дешұлы сирек талант иесіне деген шынайы алғысын былайша білдіреді: «Шымкентте жүрген мені Алматыға шақырды. Қазақтың рухын бойына терең сіңірген, ұлттық салт-дәстүрді меңгерген сен сияқты мүсіншілер бізде сирек», – деп ұсыныс жасады. «Аста­на­ға барғанда не істеймін, үйім де, күйім де жоқ деп тартқыншақтап едім», – «Қо­лы­нан келгенше өзінің көмектесетінін айтты. Бұл – 1986 жыл болатын. Бала-шағаммен бірге өз үйінен орын берді. Көзім жұмыл­ған­ша ағаның бұл жақсылығын ұмыт­пай­мын», – дейді ол.
Иә, кімде-кім өскен ортасына, қолынан кел­генше адал қызмет етіп, азаматтық бо­рышын жан жүрегімен ұстана алса, сол адам халықтың құрметіне бөлене беретіні дау­сыз.
Қасымхан Ерсарин,
Қазақстанның еңбек сіңірген мәдениет қызметкері.
ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір