«Бейбіт күннің батырлары»
06.05.2021
802
0

Алмалы ауданы әкімдігі мен Алматы қаласы Орталықтандырылған кітапхана жүйесінің №4 кітапхана бөлімшесі бірлесіп мамыр айында тойланатын Отан қорғаушылар күні мен Ұлы Жеңіс мерекесіне арналған «Бейбіт күннің батырлары» атты салтанатты патриоттық  кеш өткізді.  Экраннан мерекелік шараға арнайы дайындалған «Ұлы ерлік – өшпес даңқ», «7 мамыр – Отан қорғаушылар күні», «Көк тудың желбірегені» атты слайд-презентация, видеороликтер көрсетілді. Сондай-ақ «Ұрпаққа ұран болған Ұлы Ерлік», «Отан қорғау — қасиетті борыш» атты кітап көрмесі ұйымдастырылды.

Бұл патриоттық подиумға арнайы, Алматы қаласы «Желтоқсан көтерілісі» қоғамдық бірлестігінің төрағасы –Мырзағұл Әбдіқұлов Тәжіғұлұлы, «Желтоқсан ақиқаты» Республикалық қоғамдық бірлестігі төрағасының орынбасары – Шолпан Майғарина Саматқызы, Алмалы ауданы Қорғаныс істер басқармасының қызметкері – Мәди Юсупов Мадыханұлы, Алмалы ауданы төтенше жағдайлар басқармасының азаматтық қорғау аға лейтенаты – Қасенов Руслан Арматұлы, Алмалы ауданы полиция басқармасының полиция капитаны – Дәурен Үнгірбаев Төлегенұлы шақырылды. Сондай-ақ №8 гимназияның оқушылары мен ұстаздары, Қ. Ахметов атындағы Олимпиада резервінің  мамандандырылған Республикалық мектеп интернатының оқушылары қатысты.

Патриоттық кештің шымылдығын Желтоқсан қозғалысының бас қаһарманы  Мырзағұл Әбдіқұлов Тәжіғұлұлы ашып  қонақтар мен өскелең жас ұрпақты келе жатқын еліміздегі ең қастерлі мерекелер  — Отан қорғаушылар күнімен және Ұлы Жеңіс мерекесімен  құттықтады.  1986 жылы  Желтоқсан қозғалысына қатысып, ерлік пен өрліктің үлгісін көрсеткен, Тәуелсіздік  жалауын желбіреткен, қазақ  жастарының ерен ерліктері туралы   естеліктерімен бөлісіп, жас ұрпақты  қол жеткен тұғырлы тәуелсіздігімізің Туын берік ұстап, намысшыл, нағыз ұлтжанды   патриот  болып, Отанын, туған елін сүюге шақырды. Желтоқсан қозғалысына қатысқан қаһарман апай  Шолпан Саматқызы Майғарина – Желтоқсан оқиғасының тарихи маңызына тоқталып, көптеген естеліктерімен бөлісті. Сондай-ақ, тәуелсіздіктің ақ таңы мәңгілік болсын деген ақ тілегін айтып, жастарды білімді, тәрбиелі болуға, Отанымыздың гүлденуі жолында ерінбей адал еңбек етуге шақырды. Батырлық пен ерлікке тек соғыс кезінде ғана емес, бейбіт заманда да орын бар. Бүгінгі бейбіт заманда да ерліктің білекте емес, жүректе екенін дәлелдеп, күн-түн демей, қала тұрғындарының тыныштығын бақылап, қылмысқа қарсы күресте табандылық танытып, түрлі апатты жағдайларда  өз бастарын қауіпке тігіп, жемісті қызмет атқарып жүрген Алмалы ауданының бүгінгі батырлары:  Мәди Юсупов Мадыханұлы, Руслан Қасенов Арматұлы, Дәурен Үнгірбаев Төлегенұлы да барша оқырмандар мен қонақтарды мерекемен құттықтап, еңбек жолдарындағы елеулі, ерекше сәттерімен бөлісіп  жастарды еңбекшіл, батыл, намысшыл, батыр, жігерлі, білімді болуға үндеді.

 Кітапхана қызметкерлері бейбіт күннің батырларына қәзіргідей  бүкіл әлемдік  пандемия кезіндегі төзімділігі мен шыдамдылығы, батылдықтары мен қайсарлықтары, ерен еңбектері үшін шынайы алғыстарын білдірсе, дарынды оқырмандар, П. Чайковский атындағы музыкалық колледждің өнерпаздары Медет Халық, Қыдырәлі Еркінбек «Қазақстаным»,  Джумартов Бағжан  «Бұлбұлға», Халық Азамат «Синяя вечность» атты жалынды әндерін қонақтардың құрметіне тарту етті.

Ұлы Жеңіс күні – абыройымыз бен даңқымыздың мерекесі. Табандылық пен ерлік, Отанға деген мол сүйіспеншіліктің айнасы.

Отанымыз тыныштықта, еліміз бейбітшілікте болып, Тәуелсіздігіміз тұғырлы болсын! Еліміздің көк байрағы желбіреп, әлемге таныла берсін деген тілекпен тарихи-патриоттық кешіміз  П.Чайковский атындағы музыкалық колледждің  дарынды студенттерінің орындауында Ескендір Хасанғалиев ағамыздың «Атамекен» әнімен мәресіне жетті!

Аяулым ЖИДЕБАЕВА,
Алматы қаласы ОКЖ-сі
№4 кітапхана-бөлімшесінің кітапхана қызметкері

 

 

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір