Ұлы даланың жеті қыры
23.11.2018
55987
3

Елбасымыздың «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақаласы жарық көрген күннен бастап, түрлі пікірге өзек болуда. Аталмыш мақалаға орай зиялы қауым өкілдері де ой-пікірлерін ортаға салды.


Асанәлі ӘШІМОВ,
Қазақстанның Халық артисі,
Қазақстанның Еңбек Ері

ШЕШІМІН КҮТКЕН МӘСЕЛЕЛЕРДІ АЙТҚАН

Елбасымыздың «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақаласын оқып сүйінгенімді ішіме бүкпей айтуды жөн көріп отырмын. Елбасымыз қашан да мемлекетіміздің, халқы­мыздың алдында тұрған міндеттер мен парызымызды дөп басып көр­сетіп отыратыны баршаға мәлім.

Елбасымыз Батыс Еуропа мен Шы­ғыс елдерінің бірегей өр­кение­тін айта отырып, біздің ту­ған жерімізде, Қазақстанда да бі­регей өркениет дамығанын тайға таңба басқандай көрсетіп беріпті. Жалпы Қазақстан тарихы да заманауи ғылым тұрғы­сынан қарағанда мақ­та­нышымызды оятатындай ұғы­нық­ты болуы қа­жет­тігін нақты нұсқапты. Қазақ­стан­дағы өр­ке­ниет­­тің басым көп­шілігі бұрын шет­жұрттардан келген дегендей түсінік болғаны рас. Елбасы атап көрсеткендей кейінгі жылдары жері­мізден та­был­ған тарихи жәді­гер­лер біздің бабаларымыздың көне заманнан бері ең озық, ең үздік өрке­ниетті жасағанын бұл жәді­герлер тари­хы­мызға тың көз­қарас­пен қарауға мүмкіндік ашып отыр­ғанын Елбасы нақты баянда­ған. Тағы бір таңқалғаным ата-ба­бала­рымыз талай техникалық жа­ңа­лықтарды ойлап тауыпты ғой. Біз ара-тұра жылқыны ең бірінші біздің бабаларымыз қолға үйрет­кенін еститін едік. Жылқы­ны қолға үйрету арқылы мәде­ниеттің негізін қалапты. Атқа міну арқылы бүкіл әлемде аса күш­ті қуатқа ие болға­нын Елбасы айшықтап дәлелдепті. Тіпті, өкшелі саптама етік, шал­бар секілді киімдерді де адамзат бала­сында біздің ата-бабалары­мыз­дың ойлап тапқаны осы мақалада кеңі­нен баяндалыпты.
Ал қазіргі әлемге мәшһүр Ал­тын адамның табылуы біздің де көз­қарасымызға тың серпін әкел­гені даусыз. Сондай-ақ, ежел­гі сақ­тар, ғұндар, түркілер өз жері­мізде өмір сүргенін біз жақсы біле­міз. Соған орай Ел­басы «Ұлы даланың өрке­ниет­тері» тарихи реконструкция­лар клубын құрып, соның не­гі­зінде Астанада және Қазақс­танның өзге өңірле­рінде осы тақырыптар бойынша фести­вальдар өткізуді орынды нұсқап отыр. Мұның өзі туристік жобаға айналады деп ойлаймын. Мені аса қызық­тыр­ған мақаладағы «Дала фольк­лоры мен музыкасы­ның мың жылы» бөлімі. Дала фольк­ло­ры­ның антологиясын жа­сап, «Ұлы даланың көне са­рын­­дары» жи­нағын басып шы­ғаруды ұсын­ғаны құптарлық мәселе. Халық­аралық мәдениетте кино өнері ерекше орын алатыны белгілі. Елба­сы­мыз Қазақстанның өрке­ниет тарихының үздіксіз дамуын көрсететін деректі-қойы­лым­дық фильмдердің, телевизия­лық серия­лар мен толықметражды көркем картиналардың арнайы циклын өндіріске енгізу қажет­тігін де атап өтіпті.
Жаңа тарихи кино туын­ды­лар­дың жанрларын барынша кеңейту қажеттігін көрсете отырып, оны да ұғынықты дә­лел­дегені мені ай­рық­ша сүйін­дірді.
Қазір жиі айтыла бастаған Ала­­таудың баурайы алма мен қыз­ғал­дақтың «тарихи отаны» екені ғы­лы­ми тұрғыдан дә­лел­денген. Тіпті,ы ежелде өскен қыз­ғалдақ­тың кейбір түрлері әлі күнге дейін біздің жерімізде кездеседі. Бүкіл әлемге таралған бұл жәдігерлерді насихаттау үшін Елбасымыз өлке­тану музейлерінің жанынан тари­хи-археологиялық қоз­ға­лыс­тар құру маңызды екенін ашық айт­қан.
Жалпы Елбасымыздың бұл мақа­ласында шешімін күткен, халқымыздың көкейінде, арман-ойында жүрген көптеген мәселе сөз болған.


Ғалым-Қайыр Мұтанов,
әл-Фараби атындағы ҚазҰУ ректоры, ғалым, академик

Ұлы Дала Елі – жасампаз тарих елі

Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақаласы өзі атап өткендей «Рухани жаңғыру» жалпыұлттық бағдарламасының жалғасы ретінде жарық көрді.

Мақалада Ұлы дала елінің бү­гін­гі мұрагері тәуелсіз, бірлігі мен берекелі тыныс-тіршілігі ұйысқан еліміздің әлемдік өркениетте ала­тын орны айқындалған. Қазақстан сан ғасырлық тарихтың ғана емес, әлемдік өркениет қазынасына енетін бай мәдени игіліктің иесі екендігін зерделеу, насихаттау аса маңызды міндет екені көрсетілген. Себебі, қым-қиғаш оқиғаларға то­лы жаһандық үдерістерде кез келген ел мен мемлекеттің бүгінгі әлеуетін ғана емес, өткен замандар­дың даңқ­ты парақтарының мұра­герлері ре­тіндегі жағымды бейнесін де әлемге танытудың маңызы ерекше.
Қазіргі таңда әл-Фараби есімі әл­ем жұртшылығына кеңінен та­нымал, олар біздің ұлы бабамыздың түркілік тегін, ұлы ғалым ретіндегі рөлін бағалап, мойындап отыр. Мысалы, голландиялық, түркиялық ғалымдар өздері бастама көтеріп, біздің университетімізбен бірлесе отырып, әл-Фарабидің өмірі мен қызметіне арналған бірнеше деректі фильм дайындады. Әл-Фараби бейнесі арқылы еліміздің ежелгі өркениет ошағы екенін мойындап қана қоймай, оны әлем жұртшылы­ғына таныстырды. Бұл – даңқты ба­бамыздың мұрасы арқылы елі­мізді танытудың бір ғана мысалы екенін айтқым келеді.
Жақын арада әл-Фараби атын­дағы ҚазҰУ-де Елбасы мақаласында айтылған жасампаз тарихымыздың жеті қырынан сыр шертетін «Қазақ Елі» тарихи-көркемдік кешені ашы­лады. Бұл кешен студенттердің бойын­дағы ұлттық рух пен ұлттық сананың кемелденуіне, ұлттық салт-дәс­түріміз бен тілімізді, мәдение­тімізді сақтауға, бағалауға, дамытуға серпін беруді жүзеге асыру және насихаттауды мақсат тұтқан. Әрине, бұл Елбасы бастамаларын жүзеге асырудағы бір ғана қадам.


Талас Омарбеков,
тарих ғылымдарының докторы,
ҚР ҰҒА-ның Құрметті мүшесі

Тарихпен тәрбиелеудің ерен үлгісі

Елбасының Ұлы дала тарихының 7 қырын кеңінен әңгімелеген маңызды мақаласы тарихшылардың көкейінде жүрген аса маңызды мәселелерді көтеріп отыр. Біздің қазақ халқының тарихы әлі де жүйеге түспеген әртүрлі бөтен концепциялармен шұбарланған, нақтырақ айтар болсақ, еуроцентристік бағытта кетіп, өзіндік бағдарынан адасқан, сондықтан да едәуір шатасқан тарих. Олай дейтін себебіміз, күні бүгінге дейін қайталанбас өлке – Ұлы Даланың ежелгі және орта ғасырлық тарихын баяндаудың ешкімге ұқсамайтын өзіндік іргетасы әлі қалана қойған жоқ.
Осыны тап басқан Елбасының мақаласы бізге мемлекет құрудағы таңғажайып тарихи ерекшелігімізді анықтауға мүмкіндік беріп отырғандай. Айтылғанға нақты, бір ғана мысал келтірелік. Қазақстан аумағындағы Ұлы дала мемлекеттерінің атаулары қазақты құраған қырықтан астам ежелгі ру-тайпалар тәрізді негізінен жеке адамдар есімдерін иеленген. Бұл мәселені көтеріп отырған себебіміз – Елбасымыз өткен тарихымыздағы харизматикалық ірі тарихи тұлғаларымызды халқымызға қайтаруды күн тәртібіне қойып отыр. Осы тұрғыдан алғанда ежелгі түркі мемлекеттерінің атауларының жеке тұлғалар есімдерімен аталғаны да еріксіз еске түседі. Әйгілі Рашид ад-диннің еңбегінде кезінде бүкіл түркі дүниесі ұстанып, басшылыққа алған қасиетті шежіре айтылған. Бұл шежіре кейінгі тарихшыларымыз Әбілғазыда, Шәкәрімде, Құрбанғали Халидта және тағы басқаларда толықтырылып қайталанған. Адам Сафиолладан басталатын шежіренің басында 10 Пайғамбардың есімдерінен соң Түрік, Алынша (Алаша), Моңғол, Қарахан, Оғыз хан тәрізді тарихи тұлғалар жалғасып келеді. Алыншадан (Алашадан) тараған екі ағайынды Моңғол және Татар деген кісілерден қазіргі түркітілдес және моңғолтілдес (мәнжуртілдес) халықтар тарайды. Өткен замандарда осы шежірені мемлекет құрушы ірі тұлғалардың бәрі басты идеологиялық саяси ұстаным ретінде қабылдады. Мысалы, Түрік қағанатын құрғандар аталмыш шежіредегі Түріктің есімін иеленсе, Қарахан мемлекетін құрған Сатұқ Боғыра хан «Әулие Қарахан» есімін иемденді, оғыздар болса өздерінің мемлекетіне Оғыз ханның есімін берді. Оғыздар XI ғасырда «Түркімен» атанып түркі атауын біржолата оңтүстікке алып кеткен соң, Шыңғыс хан өзінің империясын жоғарыдағы шежіреде айтылатын Моңғол деген харизматикалық тұлғаның есімімен атады. Бұл мемлекеттердің бәрі түркітілдес халықтарды ғана емес, жоғарыдағы шежірені мойындайтын мәнжуртілдес (моңғолтілдес) халықтарды да біріктірді. Біздің шежірені мойындамайтын ғалымдарымыз көне тарихымыздағы осы ерекшеліктерге әлі күнге дейін назар аудармай келеді.
Еліміз тәуелсіздік алғалы бері Елбасымыз қазақ тарихын іргелі тарих ретінде қалыптастыруға зиялы қауымды әрқашан бағыттап келді. Бұл «Халық тарих толқынында» деген еңбегінен бастау алып, кейінгі мемлекеттік ірі бағдарламаларда («Тарих және қуғын-сүргін жылдары», «Мәдени мұра», «Халық тарих толқынында», «Мәңгілік ел», «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру») жалғасын тапты. Бүгінгі біз оқып отырған мақаладағы принципті қағидалар Елбасымыз өзі әрқашан мұрындық болып, қамқорлық жасап келе жатқан тәуелсіз Қазақстанның жаңа ұрпағын тарихпен тәрбиелеудің ерен үлгісі болып табылады.


Серік Ақсұңқарұлы,
ақын, Қазақстанның Еңбек сіңірген қайраткері

Асқақ шабытты оятқан мақала

Мемлекет басшысының былтырғы жылы жарық көрген «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдар­ламалық мақа­ласының жалғасы болған «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақаласы әр отан­дасымызға ерекше ой салып, асқақ шабытымызды оятты десек болады.

Елбасы біздің ежелгі мәдение­тімізге, ежелгі өркениетімізге оралу, қайтып бару керек дегенді айтып отыр. Сонау Алтын Орда дәуірінен бастап қалыптастырған өркениетімізді қайта ой елегінен өткізіп, жаңғыртуға баса мән берілгені қуантады. Өйткені, біз жоқтан пайда болған ел емеспіз. Біз үш мың ғасырға созылған Ұлы көшпенділер мәдениетінің тіке­лей осындағы өкіліміз, Түрік империяларының ұрпағымыз.
Президентіміз бұл мақалада атқа міну мәдениетінен бастап, ежелгі «аң стилі» өнерін тілге тиек ете­ді. Ұлы Жібек жолы – біздің кең-байтақ жерімізден өтіп, дү­ниежү­зін байланыстырған әлем­дегі өркениеттердің қалып­тасуына айрықша үлес қосқан жол еді. Тарихи сананы қайта жаңғырту жөніндегі пікірін айта келе, нақты жобарларды ойлас­тыруға идея тастауы, «ұлт тарихын санаға сіңіру барша қазақс­тан­дық­тардың бойында өз бас­тауларына деген ортақтық сезімін қалыптастырады» деген сенімі баршамызға жауапкершілік жүктеді.
Өткенімізді білмей, болаша­ғы­мызға бір қадам жақындай алмайтынымыз анық. Біз, осыған дейін экономикамыздың дамуы, гүлденуі жолында еңбек етсек, ендігі жерде түп-тамырымызға қайта келіп, шын мәніндегі рухани жаңғыруға аяқ бастық. Кешегі айтқан рухани жаңғыру, ұлттық код идеяларының жалғасы болған мақаламен толық таны­сып, барлық тарау-тармақтарын оқи келе, бұл мақаланың жа­рияланғанына қуанып отырмын.


Сәбит Оразбаев, Қазақстанның Халық артисі

Көтерілген әрбір ой маңызды

Біздің қазақ елінің ұлан-ғайыр жерінде ықылым заманнан бері небір ғажайыптар болған. Осы ата тарихымызды бұрмалап, өзге халықтар жазған. Бодандықтың азабын көрдік. Елбасы­мыз Нұрсұлтан Әбішұлының жариялаған мақаласы – бұл шынында да тарихи маңызды бар рухани дүние.

Мақалада көтерілген әрбір ой маңызды, салмақты. Қадым замандардан сыр шерткен осы бір дүниені түсініп оқи алсақ, көп жайға қанық болар едік. Болашақ жастар өзінің тарихын, ата салтын, этнографиясын біліп өссе, ұлттық рухпен тәрбиеленсе жоғарғы парасат иесі атанады. Елбасы айтқан жеті құндылық олардың зердесіне темірқазық іспетті болар деп сенемін. Түркі халқы ежелден батыр халық, ақын халық, ат құлағында ойна­ған жауынгер халық. Шыңғыс хан заманынан біздің елдің бәсі биік, мәртебесі жоғары екені ескі жазбалардан-ақ белгілі. Сондықтан Елбасы айтқан құндылықтарды ұмытпасақ, озық елдердің қатарына сүрінбей жетеміз.


Қойшығара Салғараұлы,
Тарих ғылымдарының докторы, профессор

Мүде-Хан – Елбасы тапсырмасы

Елбасы өзінің «Ұлы Даланың жеті қыры» атты мақаласында: «…Еліміздің тарихи кезеңдерін кеңінен қамти отырып, «Ұлы дала тұлғалары» атты ғылыми-көпшілік серияларды шығарып, тарату жұмыстарын жүйелендіру және жандандыру қажеттігін» айта келіп, «нәтижесінде, біздің қаһармандарымыздың өмірі мен қызметі жөнінде тек еліміздегілер ғана емес, сондай-ақ шетелдегілер де білетін болады», – деп атап көрсетті.

Бұл ретте, яғни тарихи тұлғалар­ды танытуда кино өнерінің ерекше орын алатынына үлкен мән берілді. «Жалпы халықтың санасында фи­льм­дегі жарқын кинообраздар іргелі ғылыми монографиялардағы деректі портреттерден гөрі маңыз­дырақ рөл атқарады. Сондықтан тез арада Қазақстанның өркениет тари­хының үздіксіз дамуын көрсететін деректі-қойылымдық фильмдердің, телеви­зиялық сериалдар мен толық­мет­раж­ды көркем картиналардың арнайы циклын өндіріске енгізу ке­рек», – деп қаламгерлер мен ки­но­герлерге жауапкершілігі мол үл­кен міндет артты. Елбасының осы­дан бір жарым жыл бұрын жа­зылған: «Болашаққа бағдар: рухани жаң­ғыру» атты бағдар­ламалық мақа­ласында да осындай жайлар, ұлттық құндылықтары­мызды қал­пына келтіру арқылы ұлттық болмысы­мызды жетілдіріп, ұлттық рухты көтеру – жаңарудың ықпалды негізі екені айтылған болатын. Содан бері Қазақстан қаламгерлері осы бағытта өнімді еңбектеніп келеді. «Қазақ әдебиеті» газетінің әр нөмірі сайын бұрын беймәлім болып келген ұлт­тық ірі тарихи тұлғалардың өмірі мен қызметі жайында тар­тым­ды таным­дық деректермен өрілген материал­дар берілуде. Солардың бірі – кезінде Президен­тіміз­дің өзі арнайы тапсырмамен Қытайдың мемле­кеттік архивіндегі халқы­мыздың көне тарихына қатысы бар мате­риал­дармен танысып, солар­дың ең маңыздыларын елге әкелуге жібер­ген еді. Бүгін газет оқырман­дарына Елбасы мақаласына үн қосқан қа­лам­гердің бүкіл түріктектес халық­тардың бәріне ортақ тұлға, Ғұн (сиуңну) далалық империясы­ның негізін қалаушы Мүде (Маудун, Модэ, Мете, Мөде) ханның өмірі мен қызметіне арналған киносцена­рийін жазғанымды халық алдындағы өз парызымның біріне балаймын.


Сәбит Досанов,
Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты

Кемел ойлы кемеңгерліктің тағы бір көрінісі

Президент Н.Ә.Назарбаевтың «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақаласын зер сала оқып шықтым. Бұл дер кезінде жарияланған мақала болды.

Әрі осыдан бір жарым жыл бұрын жарияланған «Рухани жаңғыру: болашаққа бағдар» атты мақаланың заңды жалғасы, сол мақалада айтылған ойларды онан ары тереңдету, дамыту. Шынтуайтында, біздің тарихымыз тереңде жатыр. Басқасын былай қойғанда, жылқыны алғаш қолға үйреткен қазақ халқы. Осы арқылы біздің халық өркениеттік дамуға бет бұрды. Тағы да айтар болсақ, ең алғашқы жазуды қазақ жазған, бұған дәлел «Алтын адам» қазбасынан табылған жазуы бар кесе. Бұл қазба байлықтардан табылған жазу, ғалымдардың зерттеуінше, ең алғашқы жазу екені анықталды. Онымен қоса, біздегі металлургияның дамығаны да қазба байлықтар арқылы дәлелденіп отыр. Президентіміз осы жолғы мақаласында жеті деген қасиетті санды пайдаланып, өз толғамдарын осы қасиетке сыйғызып, біздің ұлтымыздың тарихындағы кеңістік пен уақыт жайлы философиялық, практикалық үлкен мәні бар ойлар айтқан. Мақаланың әрбір тарауы тұнып тұрған терең ойға құрылған. Бұл мақала – біздің болашаққа бара жатқан жолымыздағы бағдаршам. Оңтайлы сәтте жарық көрген бұл мақала – тарихи санамызды жаңғыртуға, жастарды патриоттық сезімге баулуға, ұйықтап жатқан ойларымызды оятуға серпін береді.


Ғарифолла ЕСІМ,
академик

ӨРКЕНИЕТІМІЗДІҢ ДАМУ КӨКЖИЕГІН КӨРСЕТКЕН

Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақаласы ғалымдарға, әсіресе болашақта маман болатын студенттерімізге әдістемелік тұғырлы бағдарлама екен. Біздің мұнда бәріміз мақтаныш ететіндей көнеден келе жатқан бүкіл әлемге танымал мәдениетіміз, тарихы­мыз болғаны айьылған. Оның жастар санасын жаңғыртары сөзсіз.

Біздің өркениетіміздің алғы кезеңдегі дамуының көкжиегін жүйелеп, алғы міндеттерімізді де көрсетіп берген. Бұлай дейтінім, өткен ғасырда қазақ жері тақыр дала болған, мұнда ешқан­дай өркениет болмаған дегендей әңгімелер де айтылған. Ал бұл мақаладан бүкіл адамзаттың өркениетіне біздің ата-бабалары­мыз қаншалықты үлес қосқанын бағамдап, кеудеңізді мақтаныш кернейтіні анық. Біз бұрын Ба­тыс Еуропаның, Шығыстағы Үн­діс­тан мен Қытайдың көне мәдениетіне таңданып таңдай қақсақ, енді өз өркениетіміздің таңғажайып жетістіктері көз ал­дымызға елестейді. Елбасымыз Ұлы дала халқы ежелгі және ор­та­ғасырдағы Жібек жолы арқылы Қытай, Үнді, Парсы, Жерорта теңізі, славян өркениеттерін бай­ланыстыратын сауда қатына­сы­ның басты дәнекері саналғанын да ашық айтқан. Тіпті, көнеден келе жатқан жәдігерлерді ата-бабаларымыз ойлап тауып, кейін адамзат баласына таралғанын көрсетіпті. Соның бірі 1969 жы­лы Қазақстанның Есік қорғаны­нан табылған, өнертану­шы ға­лым­дар арасында қазақс­тан­дық «Тутанхамон» деген атқа ие бол­ған Алтын адам екеніне мақалада назар аударылыпты.
Сондай-ақ, бұрын ғылымға беймәлім болып келген металл өндірудің амал-тәсілдерін біздің бабаларымыз көне заманда тап­қа­ны әлі күнге дейін тереңдеп зерт­теуді қажет етіп отыр. Ме­талл кендеріне бай қазақ жері металлургия пайда болған алғаш­қы орталықтардың бірі еке­ні жас­тарымызды сүйін­діре­тіні анық. Жалпы Қазақстанның ор­талық, солтүстік және шығыс ай­мақтарында тау-кен өндірісі ошақтары пайда болып, қола, мыс, мырыш, темір, күміс пен ал­тын қорытпаларын алуды ба­баларымыз ежелден игеріп кел­гені бүгінгі ғылым әлеміне жаңа­лық десем, артық айтқандық бол­мас. Мұны Елбасы кеңінен дә­лелдеп оны насихаттаудың жолдарын да айқындап беріпті.


Бауыржан Жақып,
Қазақстан Жазушылар одағы
Басқарма төрағасының орынбасары, ақын,
ҚР ҰҒА корреспондент мүшесі

Қазақ қаламгерлері белсене қатысады

Осыдан бір жарым жыл бұрын Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдар­лама­лық мақаласы жарыққа шығып, бүкіл еліміздің руханият саласына серпіліс әкелген еді. Тұңғыш Президентіміз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың «Ұлы даланың жеті қыры» атты жаңа жобаларды қам­ты­ған мақаласы сол бағдарламаның заңды жалғасы ретінде дер кезінде жария болып отыр.

Мақалада қазақ халқы та­ри­хы­­ның әлемге танылуына бұ­рын­ғы еуропацентристік көзқа­растың жылдар бойы салқынын тигізіп ке­ле жатқандығына жіті мән беріл­ген. «Уақыт пен кеңіс­тіктің көк­жие­гі тоғысқан кезде ұлт тарихы бас­та­лады» деген тұжырым бә­рімізді де ойлантуы керек-ақ. Қазіргі жаһан­дану дәуірінде біз өзіміздің қандай тарихи рухани құндылық­тары­мызды қарсы қоя аламыз. Мәсе­ле­нің мәнісі сонда. Мыңжыл­дықтар бойы халық санасынан өшпей келе жатқан тарихи жа­ды­мыздың ең басты мұраларын Елбасы асқан парасат­тылықпен көрсетіп беріп отыр. Атқа міну мәдениеті, Ұлы даладағы Ежелгі металлургия, Аң стилі, Алтын Адам, Түркі әлемінің бесігі, Ұлы Жібек жолы, Қазақстан – алма мен қызғалдақтың отаны сияқ­ты тараулардың әрқайсысы болашақ ұрпақтың нағыз мақтаны­шына айналатындай құндылықтар екені даусыз. Та­ри­хи сананы жаң­ғыртуға қа­тысты «Архив – 2025» жеті жыл­дық бағдарлама­сының, «Ұлы даланың ұлы есімдері» атты оқу-ағарту саябағының, «Ұлы дала тұлғалары» атты ғылыми-көп­шілік серияла­ры­ның, Түрколог­тардың дүние­жү­зілік конгресі мен Түркі халы­қа­ралық мәдени күндерін өткізу, Дала фолькло­рының анто­логиясын жасау мен «Ұлы дала­ның көне сарындары» жинағын басып шығару, ол үшін бірнеше іздеу-зерттеу экспеди­цияларын ұйым­дастыру, деректі-қойы­лым­дық фильмдердің, те­леви­­зия­лық се­риал­дар мен то­­­лық­­­метражды көр­кем кар­тиналардың арнайы циклін өндіріске енгізу сияқты нақты рухани-тарихи жобалардың қай-қайсысының да жүзеге ас­уына Қазақстан Жазушылар одағы белсенді түрде атса­лысады.
Бұл ретте қазақ ақындары мен жазушылары, драматургтері ал­дын­­да жаңа міндеттер күтіп тұр. Осы жоғарыда көрсетілген әрбір іс бүкіл қазақ қоғамын ертеңгі ау­қым­ды жұмыстар атқаруға жұмыл­ды­ратыны сөзсіз.


Маралтай Райымбекұлы,
ақын

Барымызды бағалай білейік

Елбасының «Ұлы даланың жеті қыры» деп аталатын ма­қа­ласымен таныстық. Тақыры­бының өзі-ақ «Мен қазақпын» деген кісінің делебесін қоз­дырып, ұрпақ бойына бабалар рухының асыл болмысын құ­йып жібергендей әсерде болдық. Құдайға шүкір, негізсіз ел емеспіз ғой! Сол барымыздың бағасын базарлай алатын уақыт бүгін мүмкін боп тұр. Осы мүм­кіндікті уыстан шығарып алсақ, болашақ бізді кешпейді. Сон­дықтан Елбасы осы тұжырым­дамасында атап көрсеткен құндылықтарды ел игілігіне исін­діру жолында күллі Қазақс­тан халқы бір атаның бала­сын­дай құлшына күш біріктіруге тиіспіз!

ПІКІРЛЕР3
Аноним 19.01.2020 | 14:20

Ұлы даланың жеті қыры пирамыда,алтын адам .,қазақ елі ,аялы жер, қазақ тарихы ,т.б

Аноним 12.05.2021 | 01:07

2018

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір