Мен едім ақын Көдек Сүмбедегі…

0
17 қаралды

Көдек ақынның атын кішкене күнімнен әкемнен естіп өстім. Естіп өстім дегенімнің өзі әкейдің ара-тұра шай үстінде айтқан әңгімелері мен үзік-үзік шумақтары ғана еді. Ақиқатында, ол кездерде Көдек шығармаларына тиым салынған екен. «Түлкінің қызылдығы өзіне сор» дегендей Көдек шығармашылығының қазақы болмыстан тұратындығы оның көп насихатталмауының басты себебі екен.

«Мен едім ақын Көдек Сүмбедегі,
Бар шығар құдаяның бір дегені.
Белгілі алыстағы дұшпаннан да
Дос жаман аңдып жүрген іргедегі.
Ұсталып кейбіреулер кетіп жатыр,
Кебенек киген адам бір келеді.
Қаңғырып өр мен қырға қашқын болдық,
Кісідей түсі кеткен түрмедегі.
Санасам бір ай он күн болған екен,
Бері өтіп шекарадан “шу!”дегелі.
Жарамды мал пұлымды қалмақ алды,
Оның да келер ме екен бір кезегі.
Бүлдіргі бүлінгеннен алма деген,
Айтқаны бұрынғының шын келеді.
Толқыған көл жүзіндей дүние тұр,
Ел болып қай уақытта гүлденеді» – деп басталатын «Ел аралау» дастанында ақын өзі айтып өткендей, «шу» деп шекарадан өтіп кетпегенде, мұралары бүгінгі заманға осы қалпында жетер ме еді, жетпес пе еді? Әрине, жетпей қалған әндері, жырлары, дастандары өте көп деп естиміз. Он беске тарта әні бол­ған деген сөз бар. Соның үш-төртеуін Тілеу­лес Құрманғалиев талмай іздеп көпшілікке таратып жүр.
Қызыл өкіметтің құрығынан қашып өрге барғанымен ол жерде де жағдай бірден мәз бола кетпесе керек.
«…Суырша жерді қазып кіріп алып,
Келісіп тұрған кезі сұрдың енді.
Үйді су алмасын деп жауын жауса,
Есікті еңіс жақтан жырдық енді.
От жағып ортасына көріп едік,
Кірді де көзге түтін құрыдық енді.
Бұнымен дәурен сүріп болмайды деп,
Құлжаға меш іздеуге жүрдік енді.
Мешті әкеп гүрілдетіп жаққаннан соң,
Азырақ көңіл шіркін тындың енді, – деп суреттеуінен онда барған елдің жағдайын анық көруге болады.
Ұранды аты шыққан жақсыларды,
Аралап қайтайын деп бір-бір енді.
Қасыма Әлімбайды ертіп алып,
Атыма тәуекел деп міндім енді…» – деп аруақты ақын ол жаққа барған соң да ел аралап, өлең айтуын жалғастырады.
Бұл жаққа ақын Көдек қашып келіп,
Аралап елі жұртын көргелі жүр.
Мампаң мен ақалақшы зәңгілерін,
Қабаттап бір өлеңге тергелі жүр.
Бас тартпай турасынан қоя берсем,
Сөзімнің шығар еді кермегі бір, – деп жыр­лағанынан-ақ ақынның тек ерулік сұрап, жанбағыстың қамымен ел аралама­ғанын, ақиқатын айтып, ел сыншысы бола білгенін көреміз.
Шындығын айту керек, Көдек шығарма­ла­ры бізге сол қытай жеріндегі қазақтардың жинақтап төте жазумен бастырған кітабымен жетті. Ол кітаптың жинақталуына алғашында Тәліпбай Қабаев сынды жақсылар мұрындық болған деп естиміз. Әрине, ондай ұлағатты іс атқарған ағайынға айтар алғыс шексіз.
Бұл жерде Көдек Байшығанұлының ақындығы қытай жерінде қалыптасты деген ой тумауы керек. Заманның мамыражай кезінде жиырма жас шамасындағы жас ақын «Жансерке әжіге» деген өлеңінде былай деп жырлайды:
…Жалға шыққан шынар ағаш,
Биiктеген аспандай.
Самал тисе бүр-бұтағы,
Маңына ұрық шашқандай.
Нөсер төккен ақ жауындай,
Жерге сiңiп батқандай.
Сөз сарыны ой тартады,
Iнжу-маржан шашқандай.

Қазақтың бұл қариясы,
Күмiс көмей, жез таңдай.
Күйсiз күлiк деген осы,
Бәйге алатын бапталмай.
Мөлдiреген тұнық ағын,
Шыңнан шығып аққандай.
Қанша жұтып сусындасаң,
Тамсанасың татқандай…
Көріп отырсыздар, Көдек ақынның өлеңінде кеңес дәуірінің идеологиясына қолшоқпар болмаған, қазақтың ата-бабадан мұра болып келе жатқан төл поэзиясы көзге ұрып тұр.
Отызыншы жылдары басына қуғын тү­сіп, тағдыры аласапыранға айналған ақын өз
мұ­ңын ғана емес, ел мұңын суреттеп, өзі­нің де сол сорлаған елдің бірі екенін жете ұғына жыр­лап шығармашылық жолының жаңа белеске шарықтай көтеріле түскенін ұғына­мыз.
Байқап қарасақ, кеңес өкіметіне Көдек ақынның өлеңдері ғана емес, өзгермейтін қазақы болмысы, қазақы қасиеті, ақындық көзқарасы ұнамаған екен. Көкеңнің «он ал­т­ы­да» солдатқа алынып, одан қашып келгені туралы да дастаны бар. 1916 жылдағы Ұлт-азаттық көтерілісті, одан кейінгі жылдардағы болған оқиғаларды, қалмақтан мал-жанды даулап барған, Айт болысының адамдары хан көтерген Тұрлықожаның қытай әкім­ші­лі­гі­мен келіссөз жүргізген дипломатиялық сәтін былай деп жеткізе жырлайды.
«Елiмдi жиып алам – деп.
Үрiккен жұртты қайтарып,
Қонысына салам», – деп.

Құлжа деген шәрiде,
Қытайдың басшы амбалы,
Жың-Жу-Шыға жолығып,
Қолына алды тамғаны.
Жергiлiктi ұлықтың,
Болмауы үшiн жанжалы.

«Босқын елден таланған,
Мал-мүлiктi бер, – дедi.
Қашқын да болса халық қой,
Оған көңiл бөл», – дедi.

Сүйдiн деген қалада,
«Ерлiгiмдi көр» – дедi.
Сабап Төрге қалмақты,
Айтқанына көндiрдi.
Аударып алып бөрте атты,
Жанына хауiп төндiрдi.

Үсейiнбай қашқарлық,
Ыңғайында ол жүрдi.
Мың амбы, сiбе қалыс боп,
Сөзiне сонда сендiрдi.
Сексен түйе, сегiз ат
Ел шығынын өндiрдi.

Қас, Күнес, Текес, Жырғалаң
Ердiң iсiн ел бiлдi.
Бәрiн түгел аралап,
Ақылға елдi көндiрдi.
Қалжат, Қорғас, Нарынқол
Шекарадан өткiзiп,
Жерiне елдi қондырды.
Осындай жолды жүріп өткен, ішкі жан дүниесі қазақтың басына мызғымас бақ-дәулеттің орнауын, ел іргесінің бүтіндігін, болмыстың заңдылыққа сай тұрақтылығын армандаған ақынның «жасасын» деген ұранға еріп өзгермеуі, әрине, жаңа үкіметке ұнамасы айқын. Басында «патша қысымынан құтыл­дық, теңдік алдық» дегенге иланғанымен, кеңес үкіметінің түпкі бағытын аңғарған ақын жүрек жалғандыққа бара алмайды.
«Бұл сәбет «жаса» деді жасатады,
Жақсыларды қудалап тас атады,
Отыз қойлы орташа аман болсаң,
Саған да құйрық бауыр асатады» – деген сияқты шумақтары ел аузында сақталған. Біздің қарттар мұндай шумақтарды бір кезде сыбырлап қана айтатын еді.
Ұлттық болмысқа сатқындық жасамай, ақырына дейін ақындық миссияға адал болып өткендігі Көдек ақынның шоқтығын асқақтатып тұр. Қашан да елге арқа сүйеген ақын арғы бетке өткен соң да, қашып келдім екен деп бұғып қалмай, әділетті жақтап, ақиқатты айтып өтеді. Сол қашып барғанына «бір ай он күн» өткен соң-ақ ел аралап өлең айтқан ақынның ел басшыларын сынауы, барды бардай, жоқты жоқтай айтуы нағыз ақынға ғана тән мінез.
«Байбатша, Үсен, саған айтарым бар,
Ойың жоқ елге үлгі берсем деген.
Ұрлық, зорлық кәсіптің бәрі сенде,
Жағдайын ел ішінің көрсең деп ем.

Еліңді төрт жыл өтті сұрағалы,
Таусылып кедей-кепшік жүр амалы.
Бозымға бұта ғұрлы пана болмай,
Бір түмен ақыреттен жылады әні.
Әуезхан, Жақыпберді шырағым-ай,
Самудың байлауында құлағаны.
Жаралы жауды аяған болар деген,
Түсіріп сені қолға сынағаны.
Жасаңбай, Әбдірақпан, Үсенменен,
Қытайдың пәресіне құлағаны.
«Ор қазсаң кеңірек қаз» деген сөз бар,
Ақырың ертең түбі сұралады», –
деп ашына жырлауы соған дәлел.
Көдек мұрасының елге оралуы қар­са­ңын­да бұл жақтағы ел де қарап қалмай, аға­йын туыс бас болып ұйымшылдықпен қарсы алды. Нарынқол ауданындағы ақын­ның туған жері Сүмбе селолық Қызылшекара орта мектебінің аты Көдек Байшығанұлының атына берілді. Сол жиын-той кезінде қолына тисе керек, әкем үйге Көдектің төте жазуы­мен басылып шыққан кітабын әкелді.
Әкем Айтбай Әбдіраймұлы төте жазуға да, крилицаға да жетік, орыс тілінде ауыз екі таза сөйлейтін кісі еді. Қазақтың көне қиса-дастандарын жатқа соғып, ертегі етіп бізге айтып беріп отырар еді жарықтық.
Кітапты әкелді де, «Көкеңнің өлеңдері» – деп дауыстап оқи бастады. Қандай әсер алғаным анық есімде жоқ, жастау, аңғырттау шақ… өлең баурады ма, әлде бір тылсым күштің әсері ме, төте жазу оқи алмайтын болғандықтан, әкеме дауыстап оқытып, жеке дәптерге біраз өлеңдерін түсіріп алдым. Ол қолжазбам әлі сақтаулы, кейін Көдекті ұғы­нып, зерделей бастаған кезімде компьютерге түсіріп қайталап оқып, бірталайын жаттап айтып жүрдім.
Есейіп, қолға домбыра ұстап жергілікті жерде өнер ортасына араласа бастағанымда, Көдектің ешкімге ұқсамайтын өлең-жырлары қазақы қасиет пен елдің басынан өткен тарихқа қанығуыма басты бағдаршы болды десем, артық айтпаған болар едім.
Көдектің шығармашылығы мені көнеге жетелеп, жыр дастандардың сырына үңілуге үйретті. Аудандық, облыстық ақындар айтысына түсіп, жүлделі орындарға ие болған кездерде де, қазақы заңдылықпен Көдек ақынның аруағына сыйынып жүретінмін.
Әкем «иғай» деп бастап бір әуендер ай­тып жүретін, өзі қазақы қара өлеңге жүйрік еді. Сол әуендерінің ішінде біреуіне салып, «Иғайға басады екен өрдегі Албан» деп Көдектің өлеңін тербетіп отыратын. Мен ол мақамға ерекше ден қойып жүрдім, үйреніп, өзімше құбылтып реті келген жерде домбы­раға қосып «Көдек ақын былай деген екен» деп айтып та жіберетінмін.
Бір күні сол мақамды Тегістікте бір қа­рия­ның аузынан естіп қалдым да, «бұл қайдан келген әуен» деп сұрадым. «Бұл – ақын Кө­дектің әуені» деп бұрын үлкендер айтып жүретін әуен еді» деді.
Иә, Көдек өлеңін ел әуенге қосып айтқан екен ғой деген ой сақ ете қалды. Ішкі жан дүниемде бір тербеліс ойнап өткендей болып, арқа басым шымырлап барып басылды. Бәлкім «аруақтың қолдағаны» деген осы шығар. Содан бастап Көдек шығармаларына ден қойып, қыр-сырына үңіле бастадым. Өкініштісі сол, аңызға айналған ақын туралы төгілтіп дерек айтатын кісілер өмірден озып кеткенде қимылдаған екенмін. Жүрген жерімде Көдек туралы білетін кісілер болса әңгімелесіп жүрдім, алайда тұщымды дерек тым аз. Тек әкем ол кісіні сол «қаш-қаштың» кезінде 7-8 жасында көргенін айтты. Әкемнің әкесі менің туған атам Әбдірайым Көкеңмен замандас екен. Көдек ел аралап жүріп біздің ауылға түсіпті. Біздің ауылдан қытай жеріне қашып барып шошала-қос тігіп отыр екен. «Ақын келді» деп мал дегеннен қалған жалғыз ешкіні сойып қонақ етіпті. Ол оқиға туралы Көдек ақын өзінің «Ел аралау» деген дастанында:
«Тігулі үйден үмітім үзілгенде,
Шошайған араладым қостың бәрін», –
деп өлең айтып өтеді.
«Көдек өлең айтар алдында бір сүт пі­сі­рім­ге жуық уақыт көмейінен ыңылдап отырады екен, ол кезде «өлең шақырып отыр» деп ешкім мазаламайды екен, сосын барып өлеңді төгеді екен. Шарықтап жырлағанда есіктен төрге, төрден есікке отыр­ған бойы жылжып барып келіп отырады екен. «Ау» деп бастағанда көмейі үлкейіп кетеді екен» — деп айтушы еді әкем марқұм.
Осы тектес әңгімені кейін жолықтырған көне көз қарттардан да көп естідім. Әнші Тілеулес Құрманғалиевтың ән қорындағы Көдектің «Қыздар-ау, иғай» деген әннің қайырмасы:
«Тал мойнын талай қыздың талдырғалы,
Көкеңнің қолында тұр балдырғаны», –
деп келеді.
Қыдырып келген, төркіндеп келген, не­месе тойына туыстарын шақыра келген қыз-келіншектер түскен үйге ақынды арнайы қолқалап шақырып, есіктен төрге жылжып салатын ән-жырларын, өнерін тамашалатады екен. Көдек ақын ән сала отырып жылжы­ғанда қыздар төрден есікке, есіктен төрге жеткенше қарап мойындары талады екен, «Тал мойынын талай қыздың талдырғалы» деп ақын сол сәтті әніне қосқан дейді аңыз.
Шын мәнінде Көдек тарихи тұлға, аңызға айналған кісі. Менің түйгенім Көдек күйреуік сарынға салынбай, жалған мадақ жасанды ұранға да елпілдеп ермей, болған жай, өткен оқиға, өзгерген заман туралы қаз қалпында айтып, «Ақын – ел сыншысы» деген көне қаз­ақы ақындық өнерге соңғы демі қалғанша адал бола алған ақын.
Көдекті зерттеген адам, елдің кім екенін, елдік жүйенің не екенін, ол жүйеде ақынның орыны қалай болғанын білген болар еді. Қазақы жүйе қолды болған кеңестің кер заманында Ілияс Жансүгіровтің: «Көке, мына жаңа заманды мақтап бір өлең шығарыңыз­шы» – деген хатына: «Мен жаңа заманның өлеңшілері сияқты жаза алмаймын ғой», – деп кесімді жауап беріп хат жазыпты деген әңгіме бар ел ішінде.
Қазақта «Ұялмаған өлеңші болады» деген мәтел бар екенін білеміз. Егер өлеңші деген кім, ақын деген кім, жырау ше, қай биікте, міндеттері қалай болған? – деген сұрақтарға жауап іздеген болсақ, ақиқатқа жақынырақ келген болар ма едік…

Серік Сүйіндік

Пікір қосу

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте как обрабатываются ваши данные комментариев.