РАФҚА ДЕУШІ ЕДІМ…
29.10.2021
453
0

Қазақтың көрнекті ақыны, белгілі прозашы, Чешен Республикасының ең жоғары «Ұлт намысы» орденінің иегері, Чешенстан Мемлекеттік және Қазақстан Жазушылар одағының Халықаралық «Алаш» сыйлықтарының лауреаты, дәйім жақсылық жолында жан алауын төккен алғадай азамат Рафаэль Ниязбеков ағамыздың пәни дүниеден өтіп, бақиға көшкеніне де қырық күннің жүзі болып қалыпты. «Аруағы шат болсын» деп жарқын естелік айтудан басқа амалымыз қайсы?

Рафаэль Ниязбеков деген «күшті» ақын барын алғаш 1971 жылы таластық курстасымнан естігенім есіме түсіп отыр. «Келер күндер» атты өлең кітабы шыққан, ал таяуда жарық көрмек жыр жинағының атын «Алатау мен Қаратау» деп қойыпты. «Алатау мен Қаратау» деп ауқымдап та қаусыра, қамти сөйлер ірілік пен батылдық ол кезде 18-ге жаңа аяқ басқан біздей сарыауыз балапанның бойынан табыла бермейтін-ді. Олай сөйлеу – өң мен түстің арасындағы нәрсе. Қалай болғанда да, әлі бір де бір өлеңін оқымаған мына Рафаэль дегеніңіз көрмей-білмей жатып бір жұмбақ жан, сұсты да мысты ақын болып елестеген.

Арада тағы бір он сегіз жыл өткенде Рафқаңмен Мұхтар Мағауиннің «Жұлдызында» жолымыз тоғысарын, әуелінде шекісіп барып бекісіп, келе-келе ағалы-інілідей сыйласып кетерімізді ол кезде қайдан біліппін. «Рафқа» деп Мұхаң айтады. Мұхаң айтқасын біз «Рафқа» деп қалай атап кеткенімізді өзіміз де білмей қалдық.  

Алыстан айбарлы көрінетін, арсы-күрсі делінген атағы бар Рафқаңның көңілі ақжайлау болып шықты. Өне бойы суынып үлгермей Жазушылар одағының белдеуінде көлденеңдеп тұратын көк «Жигулиінің» қызығын көбіне-көп проза бөлімінің меңгерушісі Тұрсын Жұртбай көрді. Рафқаң, әсіресе, поэзия бөлімінің тізгінін қолына алысымен-ақ Алматыда біразы әлі үйсіз-күйсіз, арқырап жүрген ақын інілерін маңайына үйіріп алды. Ғалым Жайлыбай, Нұрлан Мәукенұлы, Қазыбек Иса, Қасымхан Бегманов, Бауыржан Жақып сияқты дарынды жастар бірінен соң бірі «Жұлдыз» журналында жарқырап көрініп, жүремелете, үдемелете шыға бастады. Ақын досы Есенбай Дүйсенбайұлымен арқа-жарқа телефондатып сөйлеседі де жатады. Сол жылдарда «Жұлдызда» біздің өлеңдерімізді де алғаш молынан жырғап берген жарылқаушымыз осы Рафқаң еді.

 Ал Рафқаңның өзінің алғашқы жинағының шығуына Қадыр Мырзалиев қатты көмектесіпті. «Жазушы» баспасында поэзия бөлімінің меңгерушісі ғой, өзі жоспарға кіргізіп қойыпты. Бұл ақындықтың әуселесімен жүргенде оқудан шығып қалып, Қазрадиода істеп жүрген. «Өлеңдеріңді тез мәшіңкеге бастырып әкел», – дейді. Содан жалма-жан 3 күнде бастырып апарады. Редакторы біраз өлеңдерді өзінше, жаратпай алып тастаған екен, Қадағаң бәрін қадағалап, қайта кіргізіп, қалпына келтіріпті.

Халық жазушысы Қадыр Мырзалиев аламанға өзі қосқан Рафаэль ақын туралы мынадай аталы пікір айтыпты: «Жолбарыстың баласы жемтігіне алғаш қарғығанда асыңқырап кетіп, екінші секіргенде жетіңкіремей қалып, үшіншісінде дәл түседі деген әңгіме бар… Өзекті өнердің өнегелі перзенті де жолбарыстың сол жүректі тұқымын еске салады. Тектес болмағанмен, мінездес олар. Алғашқы адымдарының бірінде асыңқырап кетіп, бірінде жетіңкіремей жатса, бара-бара сабаларына түсіп, салиқалы өнер иесіне айналады. Сондай ерке мінез, елеулі дарынның бірі Рафаэль Ниязбеков деп есептеймін». Осы арада Рафаэльдің жалпы суреткерлік, оның ішінде, әсіресе, ақындық дарын табиғатын Мырзалиев сынды мэтр мейлінше дәл таңбалаған. Күйіп тұрған тарлан тақырыптарға дөп тиер қырағы мергендік те, өмір мен өлең ақиқатын айырмай-алаламай толғайтын жолбарыс мінез де Рафаэль Ниязбектің бітім-болмысына тәңір дарытқан табиғи қасиеттер екендігін әділ қазы уақыт өзі көрсетіп берді. Бір кездері оның, Жұмекен ақын сияқты, қара сөзге қалам тартуы да сол жүректіліктен деп білгеніміз жөн.

 Өлеңге сыйғыза алмайтын ойлар болады екен. Бір нәрселерді іштей булығып айтқысы келіп жүріпті. Содан Рафаэль отырып  «Жауатар» деген тоғыз беттік бір қысқа қайырым әңгіме жазады. Онысын өзі жақсы көретін, керемет шығармаларын оқып өскен, баршаға бауырмал Сайын Мұратбеков ағасына көрсеткен. Бір күні Сайын аға ұстап алып: «Рафаэль, әңгімеңді оқыдым. Әңгімелесейік» дейді. Сосын айтады: «Әңгімең жақсы екен. Тілі де шұрайлы. Ақындардың тілі жақсы болады ғой. Бірақ бір кемшілігі бар екен…»  Осылай дегенде жүрегі зырқ ете қалады. Сөйткенше, Сайын аға сөзін әрі қарай сабақтаған: «Сен оқиға енді басталған жерден әңгімені үзіп тастайды екенсің. Әңгімең біткен жерден оқиға басталып тұр. Сен осыны ерінбей-жалықпай повесть етіп жаз», – дейді.

Сайын ағаның сол ақылы ақжолтай болды. Әуелгі «Жауатар» атымен повесть те жазылды. Проза бөлімінің меңгерушісі Оралхан Бөкеев те оқып ұнатқан. Әйткенмен: «Енді мұны бассақ, өзі «Жұлдызда» істеген соң беріп отыр деген әңгіме болады. Сен мұны «Жалынға» апар. Бұдан кейінгі повесіңді өзіміз басамыз», – дейді. Сонымен, «Жауатар» «Жалында» жарқ ете қалды. Сөйтіп, Рафаэльдің прозадағы алғашқы қадамы повестен басталады. Енді «Жұлдызға» шығу керек деген аңсар-құштар бойын билеп алады. Оралханның уәдесі орнында тұрғанда «Отағасы» деген повесті дөңгелетіп тастаған. Атам қазақтың әдетінше, алтын шыққан жерді белден қазып, ендігі жерде прозаны қиналмай еркін жазып кетеді.

 Тақырыбын кеңінен толғайтын, ойларын кесек турайтын салиқалы прозашы жұрттың көз алдында көтеріліп те көркейіп өсіп шыққанын көрдік. «Қызыл үй» романында сол үйдің қожайыны боп отырған кеңестік кердең билікті өткен шақпен емес, осы шақта отырып-ақ шенеді. Алыстан адыраңдап жұдырық түю емес, қату қабақ Қызыл үйдің қасында тұрып-ақ сол кездің өзінде солай батырып та батым айту, әрине, батылдық болатын. Ал сталиндік зобалаң зардаптарын, 32-ші жылғы ашаршылықты уытты қыжыл қоса шынайы суреттеген «Тас құдай» романының қалай жазылғанына куәдүрлікке де жүре аламыз. 1989-1990 жылдары «Жұлдыз» журналында «Сары кітап» деген айдар жүргізіп, сонда сонау ашаршылық сұмдығын көзі көрген, көзі тірі куәларды көбірек сөйлеткенбіз. Авторларымыздың ішінде Ғалым Ахмедов, Сейтен Сауытбеков, Мәриям Хакімжанова сияқты асылтек зиялылар да болды. Сол кісілер айтқан нәубеттің бұлтартпас айғақтары, налаға толы естеліктері, баспасөзде жарияланған деректер мен құжаттар жазушы санасында жедел қорытылып, Рафқаң романының көркем суреттеріне, толымды тарауларына, келісті кейіпкерлер бейнесіне айналып жатты.

Ақындық алапаты мінезден шығады. Жаны жәннатта болғыр Есенбай досы айтқандай: «арсы-күрсі мінезде адайға нағыз жақыны» десек, қателеспейміз. «Именной қанжар сапылы, Қап тауының батыры» атануы сондықтан. Ашық күнде жарқылдап найзағай ойнатып жүреді. Көл көңілді шағында жайдарман-жайсаңдыққа да кенен. Күркіреп жүріп кейде күйдіреді де, бірақ сол Алланың сыйындай ақындық мінездің сүйіндіруі мол. Есенбай ақын ағамыздың сөзімен толғасақ, бұл Рафқаңның: «Аузынан шыққан сөзі де өр, өлеңі де өр, өзі де өр. Бақан бет мына заманда, Махамбеттердің көзі дер». Осы бір шумақта Рафаэльдің ақындық рухы, адами болмысы, азаматтық ажары жарасымды айтылып, жақсы қамтылып тұр. Ал сол Есақаңдай аяулы досының жауһар жыры 1995 жылы ұлы Абай тойының ұлық бәйгесін алғанда Рафқаң қалай қуанды десеңізші!  Ақындар әулетіндегі ағалары да, тұстастары да, інілері де оны осы мінезімен жақсы көруші еді.

«Жұлдыз» журналының проза бөлімінде жүрген кезінде қазіргі кемел қаламгер Тұрысбек Сәукетайдың бір хикаятының қолжазбасын оқи сала, «мынау керемет дүние екен!» деп балаша мәз-мәйрам болып, келесі нөмірге ұсынып салдырғанша дегбір таппағаны есімде. Бас редакторымыздың орынбасары, атақты жазушы Рамазан Тоқтаров ағамыздың алпыс жылдық мерейтойына «Жұлдыздың» құттықтауының өлеңін Рафқаң жазып, мен журналдың жауапты хатшысы ретінде баспаханада әдемілеп жасатып әкелдім. Рамазан аға сондай ырза. Туған жері Керекуге шақырғанда елдегі азаматтарға көрсетіп, мақтанып оқимын деп өлең құттықтауды ала кетті. Жалпы, әртүрлі мейрамдарда, ақын-жазушылардың мерейтойларында, тіптен, әйелдер күні мерекесінде де «Жұлдыздың» атынан құттықтау өлеңді Рафқаңа жазғызатынбыз. Сондай құттықтаулардың екеу-үшеуі біздің бәйбішенің жеке альбомында әлі күнге дейін сақтаулы.

Рафқаңа өзім де қатты еркелеуші едім. Алпысқа келерімнің қарсаңында ақыл қосқан сыңайда «Ал Қорғаш, өзің айтшы, сенің мерейтойыңа өлең жазайын ба, әлде мақала дұрыс бола ма?» деп сұрады. Мен сол арада бір жағы қалжың, бір жағы шындап: «Өлең де жазасыз, мақала да жазасыз!» деп салдым. «Жазайын, жазайын…» – дей берді Рафқаң. Жазды да, жариялады да. Бүгінде осылай өзімсініп еркелейтін айналайын ағалардың азайып бара жатқаны өкінішті-ақ.

«Кешегі ес білмеген есер шақта» дегендей-ақ, жасырақ кездегі бір жайы еске түседі. Шерхан Мұртаза «Жұлдыз» журналының бас редакторы, Рафаэль – қызметкері. Жұмыс бабында Шерағаң суық қарағандай, бір-екі сөгіс те беріп жіберіпті. Содан бір ашық партия жиналысында Рафаэль тұрып алып Шерағаңды ал сынасын: «Шерхан Мұртаза өзі лауреат, өзі бас редактор, өзі менің ағам, соған қарамай маған күн бермейді, шетке қағады, тегі жібімейді. Осындай бола ма екен?» – дейді. Жиналыс біткесін Одақтың екінші қабатында Шерағаңмен кездесіп қалады. «Әй, жаңағың не?» дейді ағасы мұрты тікірейіп. «Енді, солай болды, аға!» дейді бұл бастығынан әлде де ықпай. Сонда Шерағасы жайлап бетіне қарап тұрып: «Әттең, кеш туғансың. Ерте туып соғысқа қатысқаныңда не бірінші оқтан омақасып кетер едің, не Герой Советского Союза болып оралар едің», – депті. Аузына құдай салған шығар, Шерағаңның сол айтқаны ақыры айдай келді. Қазақ ақыны Рафаэль Ниязбек жылдар жылжып өткенде басқа бір соғыс өртінің жалынына шарпылып, Чешен елінің ардақтаған батырына, Қап тауының құрметтеген қаһарманына айналды.

     Сол қаһармандықтың басында чешен халқының ерлікке толы азаттық күресін ереуілдеп жырлаған «Шешендер» атты ер-дастан тұр. Поэма, дастан емес, ер-дастан. Бұл ер-дастан тар жол, тайғақ кешулі бауырлас халықтың рухын көтерген тағдырлы туынды болды. Орысшаға да аударылып, Қазақстанның Халық қаһарманы, партизан жазушы Қасым Қайсенов ақсақалдың алғысөзімен жарық көрген қос кітаптың (қазақша 2 мың, орысша 8 мың таралыммен) көбі чешен жеріне жедел жеткізіліп, түгелдей тегін таратылған болатын. Өздерінің тарихын, елдігі мен ерлігін, сондай-ақ, бодан елдердің баршасына ортақ тақсыретті толғаған ер-дастанды оқыған чешендер біздің Рафқаңды хан көтеріп әкетті, қаһарманым деп таныды. Президент Аслан Масхадов қазақ ақынын Кеңес Одағының екі дүркін Батыры Талғат Бигелдиновпен бірге құрметті қонағы етіп шақырып, кітабын көкірегіне басып тұрып жүрекжарды сөзін арнады, елдің ең жоғары орденімен марапаттады. Чешеннің тағы бір ер перзенті әрі президенті, өзі де ақын Зелімхан Яндарбиев: «Бұл кітап басымызға ауыртпалық түсіп, таулы өлке өрт құшағына оранғанда қанатымен су тасыған алғашқы қарлығаш» деген риясыз лебізін толғады. Ер-дастанның әрбір өлең жолы олардың жауларына бір-бір оқ болып атылып, жүректерде кек қоздатты, намысты жырлар намыс отын алаулатып, Рафаэль өлеңдері чешендік сарбаздарға айналып кеткендей болды. Грозный сапарында оның ер-дастанның авторы екенін білген бойда бір топ чешен сарбазы қаумалай қоршап, құрмет білдірген-ді. Басқыншылар жермен-жексен еткен Самашки ауылында бір чешен әйелі көп оқылып, көп қолдан өткеннен тозуға айналған ер-дастан кітабын көрсетті. Осы сапардан кейін Ер-дастанның жырлары, чешен тақырыбы одан әрі кеңейе жалғасты, таулықтардың арыстан ұлы Аслан Масхадовқа арналған поэма туды. Кейінірек бұлардың бәрі өлең-жырлармен өрілген роман дәрежесіндегі «Қан қасап» атты қалың кітапқа айналды.

Ақын Рафаэль Ниязбектің әдебиетіміздегі өзіндік елеулі орыны туралы ой-пайымды тастаяқтай қағыстырып екшегенде ол да Мұқағали ағасындай «Махаңдардың сарқыты» ғана емес, солардың жалғасы, қазақтың Махамбет пен Мағжан рухты өрлік пен ерлік поэзиясын жалғастырып алға апарушы деп бағамдасақ, орынды сияқты. Алашым деп тебіренген, қазағым деп еміренген ақтаңгер ақын Рафаэль Ниязбектің күнге бет алған қазақ поэзиясы керуеніндегі қара нарша тартқан қазыналы жырларының талай асулардан талмай өтер өміршеңдігіне де күмән болмасқа керек. Рафқаң екінші мәңгілік өмірінде қазақтың ақыны, чешеннің батыры болып жасай бермек.

Қорғанбек АМАНЖОЛ

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір