Әзіл-шыны аралас
16.10.2018
1640
0

***

Партизан-жазушы Қасым Қайсеновтің әкесі сексенінші жылдардың орта тұсында жүзге жетіп қайтыс болады. Бұл хабарды естіген соң Сырбай Мәуленов бәйбішесін ертіп, өзінің майдангер досы Қасекеңе, ол кісінің жұбайы Асылға көңіл айтуға үйлеріне барады. Есіктен кіре бере Қасымды құшақтап тұрып, Сырбайдың досына айтқан көңіл жұбатуы мынау екен:
Жасады әкең бір өмір ғасырындай,
Жетпісте жетім қалған Қасымым-ай!
Жылама, жасыңды тый, балалар мен
Жұбайың аман болсын Асылыңдай!


***

Сырбай Мәуле­нов «Қазақ әдебие­ті­не» екі рет бас ре­дак­тор болғаны бел­­гілі. Сол екінші жолы бас редактор бо­лып бекіген соң, бірде Орталық Ко­ми­теттің кезекті Пленумына қатысады. Үзі­ліс кезінде Сырағаң бұрын Орталық Комитеттің секретары боп істеп, кейін орнынан түсіп қалған Нұрымбек Жанділ­динді көреді. Бұрынғы үлкен бастық төңірегіне бір топ адам жинап, әңгімеле­сіп тұрғаннан кейін, Сырағаң байқама­ған­сып былай қарай өте береді.
– Иә, Сырбай, сен «Қазақ әдебие­тіне» қайтып барыпсың ғой? – деп, Жанділдин өтіп бара жатқан Сырағаңды тоқтатыпты.
Сонда Сырағаң:
– Оныңыз рас… Мен қайтып баруын қайтып бардым ғой. Менің қайтып барған жолымды Құдай тағала сізге де бермес пе екен? – депті.


***

Өмірден ертерек кеткен тамаша ақын Төленді Нұрмұхамедов (1936-1979) көп жыл бойы партия-со­вет саласында қызмет еткен ғой. Сол кісі Ал­ма­ты об­лысы Талғар аудандық партия комитетінің хатшысы болып жүрген кезінде партиялық қызметті тастап, біржола шығармашылыққа бет бұруды ойлай­ды. Сөйтеді де, хатшылықты табыстап, Мәскеудің М.Горький атындағы Жоғары әдебиет курсынан бір-ақ шығады. Ол жақта екі жыл оқып, Алматыға келген соң қызмет табылмай, біраз уақыт жұмыссыз жүреді. Сонда Сырбай:
Нұрмұхамедов Төленді
Жазамын деп өлеңді,
Хатшылықтан босанып,
Мәскеу жаққа жөнелді.
Барып түсіп оқуға,
Теорияға кенелді.
Қайтып келді – жұмыс жоқ,
Кездесті көп кедергі…
Оқу сонда не берді? – деген екен.


***

Ұмытшақтық қасиет жазушы Дидахмет Әшімханда да болса керек.
– Мен қырыққа толғанға дейін сағат жоғалтқыш болдым, – дейді ол, бірде қаламгер інілеріне сырын ашып, – Мынау дүние – қырыққа толған мерейтойда Сауытбек досымның сыйлаған сағаты еді. Содан бері бес жыл өтті, шүкіршілік, жоғалтқам жоқ.
– Қалайша? – деп сұрайды әуесқой інілері.
– Өйткені бұл сағатты содан бері қолымнан әлі шешкем жоқ, – деп жауап беріпті Дидахмет.


***

«Қалжыңбас Қалтай» атанған атақты сатирик жазушы Қалтай Мұхамеджанов (1928-2001) жаңа жыл алдында өткізіліп жатқан әлдебір жиынға кешігіңкіреп келіпті. Бұл – 1991 жылдың желтоқсаны, яғни нарықтық қатынастың қайда апарарын білмей, ел дағдарып жүрген қиындау уақыт екен. Кешіккен Қалекеңнен:
– Иә, Қалтай, қайда жүрсің? – деп сұрайды құрдастары.
– Жолай көкбазарға соғам деп…
– Иә, көкбазарда не жаңалық бар екен?
– Ол жақта қандай жаңалық болушы еді, – дейді сонда Қалтай қолын нәумез сілтеп. – Бір кемпір бір келі алмаға екі келі ақша сұрап отыр, – депті.


***

Бір топ ақсақал, қарасақал қаламгерлер қазіргі қазақ тілінің жай-күйі төңірегінде пікірлесіп, әңгімелесіп отырады.
– Баяғыда залда екі-үш орыс отырса болды, баяндама да, жарыссөз де орысша өтуші еді, – дейді біреуі.
– Алла-ай десеңші, ондайда жарыссөзде қазақша сөйлесең, отырған жұрт қой қораға қасқыр кіріп кеткендей жақтырмай, «осы ұлтшыл емес пе?» дегендей күдікпен қараушы еді ғой, – дейді келесі қаламгер де жағасын ұстап.
– Екі-үш орысың не… Залда жалғыз Иван Шухов отырса да, шүлдірлеп орысша сөйлеуші едік қой, – дейді үшінші біреуі де оларды қостап.
Сонда партизан-жазушы Қасым Қайсенов:
– Иван Шухов түгілі, сол залда татар Машқар Гумеров отырса да, тілімізді бұрап орысша сөйлеуші едік қой. Ал Гумеров жолдас татарша да емес, орысша да емес, қазақша жазатын жазушы емес пе еді! – деген екен.


***

Халқымыздың даңқты ұлдарының бірі, Рейхстаг­қа ту тіккен батыр Рақымжан Қошқарбаев (1924-1985) әскерден аман-есен оралған соң, көп жыл бойы моншаның ди­рек­торы, соңынан «Алматы» мейман­хана­сының бастығы қызметтерін атқарған. Сол Рахаң бірде қаламгер достарының арасында отырған кезде:
– Осы сендер менің әскердегі өмірімді, Рейхстагқа ту тіккенімді тәптіштеп, оқырманды мезі етіп, қайта-қайта жаза бересіңдер. Жазғыш болсаңдар, менің содан кейінгі өмірімді неге жазбайсыңдар? Мәселен, мен қандай директормын, сол туралы пікір білдірсеңдер етті? – деп базына айтады.
Мұны естіп отырған ақын Сырбай Мәуленов сол арада суырылып сөз алып:
Мейірің – нұры мол сарай,
Мінезің – бейғам баладай.
Жүрегің – ыстық моншадай,
Көңілің – мейманханадай, –
деп мақтап ала жөнеліпті.


***

Қазақ халқының талантты ақын­да­­­ры­­ның бірі Төлеужан Ысмайылов­тың (1932-1972) бірде «Социалистік Қа­зақстан» газетіне топтама өлең­дері шығады. Қуанышы қойнына сыймай, Төлеужан елпең қағып кө­ше­де келе жатса, қарсы алдынан Сыр­бай Мәу­ле­нов кезігіпті.
– Оқыдың ба? Өлеңдерім қандай екен? – дейді Төлеужан Сырбайға.
Сонда Сырбай:
Кешегі болдым ырза өлеңіңе,
Төлеужан, не берейін төлеуіне?
Басыңды бір сүңгітсем жарамай ма,
Тобылғы торы сыра шелегіне, – депті де, қолынан ұстап, сыраханаға қарай жетелей жөнеліпті.

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір