Көкжал ақын – көкшулан жырлар

0
246 қаралды

(Эссе)

Серік Ақсұңқарұлын тұңғыш көруім өткен ғасырдың сексенінші жылдарының басында болу керек. Ол кезде мен Компартияның Орталық комитетінің Мәдениет бөлімінде істеймін. Әбіш Кекілбайұлы екеуіміз әдебиет секторындамыз: Әбіш – меңгеруші, мен – қатардағы нұсқаушымын. Бір жолы екеуіміз ақылдасып отырып, Ленин атындағы салтанатты сарайда (кәзіргі «Республика сарайында») поэзиялық бір әдемі кеш ұйымдастырып, сонан соң оны тиянақты түрде жыл сайын өтіп тұратын фестивальға айналдырайық деп келістік. Жобамызды нақтылай келе, оны жастардың «Жігер» фестивалі деп атасақ деп ұйғарғанбыз. Бөлім басшылары ұсынысымызды құлшына құптады. Барлық поэзия кештеріне жастар ғана емес, Алматының бетке ұстар зиялылары, үлкен қайраткер ағамыз – бөлім меңгерушісі М.Есенәлиевтің өзі келіп қатысып жүрді.

Сол тұстағы жастардың әде­биетке деген құштарлығы орасан еді. Сөз ұстаған адамның беделі – бүгінгі миллионер байшікеш­тердікінен әлдеқайда артық заман. Жазушылар одағында өтетін әртүрлі шаралар кезінде залды лық толтырып солар отырар еді. Өздері шеттерінен кітапқұмар, қағаз «ши­майлауға» әуес келетін. Әйтсе де, біз жұмысты олардан емес, алғашқы шарамыз көптің көңілінен шыға­тын­дай биік деңгейде өтсін деген ниет­пен жұртшылыққа жақсы мә­лім, сол тұста атақтары «жер жа­рып» тұрған, әйтсе де «жастар са­на­тынан ұзай қоймаған» Қадыр Мыр­залі, Тұманбай Молдағалиев, Са­бырхан Асанов, Мұхтар Шаханов қатарлы танымал ақындардан бастайық деп шештік. Кеш жақсы өтті әрі мәдени үлкен оқиға ретінде өте жақсы баға алды.
Ол кезде бұл Сарайда тек ресми үлкен жиындар немесе шетелден гаст­рольге келген атышулы әртістер­дің концерті ғана өтетін. Алғашқы жақсы кешімізбен енді ол Сарайға жол ашып алғандай едік. Келесі жолы әжептеуір танылып үлгерген Жарасқан, Кеңшілік, Тынышбай, Шөмішбай қатарлы жиырма шақты жасты тарттық. Осылай төмендете келіп, жаңа талап жастарды жинауға кіріскенбіз. Әр жыл сайын ең кемі жиырма-отыз­дай жігіттер мен қыз­дар жи­налып жүрді. Кейін солардың кейбіреуі шынымен-ақ «сәйгүлік­терін Әдебиет қазығына» байлаған ақын­ға, жазушыға, әде­биет­шіге ай­налды: мәселен, Аманхан Әлім, Шәм­шия Жұбатова, Бақытжан Қа­на­пиянов, Қатира Жәленова, марқұм Ғабиден Құлахметов т.т. Ал енді мер­зімдік басылымдарда ептеп кө­рініп қалып жүретіндер, жария­лана қоймаса да, қолжазбаларын «қол­тықтап», редакцияларды жаға­лап жүретін «жас перілер» тіпті көп еді.
Келесі бір жолы марқұм Нұт­фол­ла Шәкенов ағамыз екеуіміз Жазушылар одағының залына тағы бір жиырма-отыз «жас періні» жи­нап алып, өлең оқытып жатқанбыз. Әлі әзір өлең техникасын анық меңгеріп үлгірмеген талапкерлердің «шикілі-пісілі» тырнақалды өлең­дерін тыңдай-тыңдай, жалыға баста­ған шағымызда, сахна төріне Серік Ақсұңқарұлы шығып, «Ар­ғы­мақтар» деген өлеңін оқыған: «Сәуір­­бек аға! Ғафу ет сұрағаныма. Арғымақтардың да адамша жыла­ғаны ма?!» деп бастады да, ырғағы бөлектеу, мазмұны тосындау ұзақ өлеңді жігерлі үнімен шұбырта төк­ті дейсің. Қалғуға көшкендей едік, ұйқымыз ашылып кетті. Тынып, тыңдап отырмыз. Көз алдымыздан көне тарих елестері де, жаңа заман белестері де сырғып өтіп жатқандай. Өлеңнің соңғы шумақтарында: «Ай­тыңызшы, ақын, тұлпарлар енді соғысқа қатыса ала ма?» деген сұрақ қойылып, оған: «Тек колбаса бо­лып қатысар» деген жауап берілетіні бар-ды. Соған жеткенде манадан тынып отырған жастардың бірі күліп, бірі қол соғып, гуілдеп барып басылған. Бұл, әрине, ұзақ өлеңдегі еріксіз есте қалар ұтымды штрих еді. Қаншама жылдар өтсе де, мен де әлі ұмытқам жоқ. Серіктің ырға­ғы бөлек, нық та шымыр даусы да, Ақсұңқарұлы дейтін поэтикалық әдемі ныспысы да есімде біржола қалып қойды.
Дәл осы жерде тағы бір жәйтті айта кетпесем обал болатын сияқ­ты. Фестивальға қатысар ақындар­ды іріктеуге арналған ұзақ отыры­сымыз аяқталуға таяған шақ еді. Ойда жоқта Фариза ақын келіп, қасыма отыра кетті де, сыбырлай сөйлеп: «Бір ақын бала ертіп келдім. Жақсы өлеңдері бар екен, тыңдап көрші», – деді. «Ой, қойшы, шар­шап кеттік», – дедім мен, ол да мына көптің бірі шығар деген ой­мен. «Тәуір өлең таппай отырған­дарың­ды көріп тұрмын ғой. Ана баланың өлеңдері өте жақсы, біре­уін оқы­сын, тыңдап көрсеңші», – дейді Фа­риза қадалып. Сөйтсем, ол манадан бері арт жақта отырып біраз тың­даған екен. «Жарайды, оқысын, көрейік», – дедім амалсыз. Орта бой­лы, жұмыр, ақсары жігіт сахнаға лып көтерілді де, сәл жөт­кі­­рініп, бір қыс­қа өлеңін жатқа соға жө­нелді. Тәуір екен, елең­ деп қал­дық. «Тағы оқышы», – дедім. Қата­рынан екі өлең оқыды. Жаңы­лыспасам, біреуінің аты «Адай» болса керек. Сөзі шымыр, теңеулері ширақ: көк шалғындағы көз жауын алар қызыл-жасыл дала гүліндей мінсіз сұлу шумақтар. Шын жүйріктің шабысы дейсің бе, тайпалған төкпе жорға дейсің бе, лыпып тұр… Манағы бұлшық еті бұлтылдап, тізгін үзіп тұрған Серік­тің «Арғымағынан» басқалау. Бірақ жақсы! Бары осы ма, әлде ар жағын­да тағы бірдемесі бар ма екен деген қызығушылық оянған болса керек: «Қане, тағы оқышы», – деппін. Шиыр­шық атқан тағы бір өлең кет­ті. Үш сағат бойы жасық өлең тың­даудан жалығып, шаршап отырға­нымызды тарс ұмытып, сол арада әлгі жігітке бес-алты өлең оқыттық-ау деймін. Он бес шақты минут бір демдей өте шыққан! «Жә, жетер!» деп риза көңілмен қол соқ­тым. Зал­да отырған жастар қуаттай, дуыл­дата шапалақ ұрды. Әлгінде ғана сахнаға жасқана көтерілген жас жігіт сол сәтте сахнадан арқалы Ақынға айналып түсіп келе жат­қандай еді! Әлі әзір тәуір өлең жа­зып үлгірме­ген­мен, сөз дәмін, жыр сиқырын түсініп қалған талапты жастар емес пе, шын таланттың қандай бола­тынын жаңа аңғар­ғандай бәрі орын­дарынан атып тұрып, оны жапырлай қоршап алып, дуылдасып жатысты. Ара­ларында бүгінгі белгілі ақынның бірі Аманханның да тұрғаны әлі көз алдымда. Жігіттің есімі – Есенғали екен. Бүгінгі Ес­енғали Раушанов­тың өзі!
Болашағын сол күні-ақ анықтап алғандай көрінген Есенғали Алма­тыға қоныс тепті де, тез танылды. Қолдаушылары да мықты еді, әри­не. Ал Серікті ұзақ жылдар жоғал­тып алдық. «Ақсораң сынды кен­жесі едім Алтайдың. Алматы деген бір Ару қызға қол жетпей, Қара­ған­дыда… Қара шал болып қартайдым» деп өзі айтпақшы, бүкіл өмірін туған өлкесі Арқада өткізді. Бірақ Өлең Өлкесінен табан аудармаға­нын білетінмін. Мерзімдік басы­лым­дарда оқта-текте жарық көретін өлеңдерін оқып қалып жүргем. Талантының қуатын маған анық танытып қойған ғой, ұмыта алмай, сұрастыра жүрер едім. Бір күні, шамасы, екі мыңыншы жылдардың басында ғой деймін, қолыма «Тө­бем­нен жауһар жауып тұр» деген шымқай қара мұқабалы әдемі жинағы түсті. Кездейсоқ түскен жоқ, жөнімен, ресми жолмен түсті. Мен ол кезде Мемлекеттік сыйлық­тар жөніндегі комиссияның мүшесі едім, ал әлгі кітап сол жылы Мем­ле­кеттік сыйлыққа ұсынылған екен. Сағынып жүрген бауырымды жо­лық­тырғандай-ақ, шұқшия төн­бейін бе! Бас көтермей, сүйсіне оқыдым. Баяғы «Арғымақтарды» да осы жинақтан жолықтырғам. Бірақ Серіктің сыйлыққа қолы жетпеді. Сыйлықты кітәптің салмағына қарай емес, авторының мансабына яки сүйрелеушілерінің беделіне қарай беретін ауру меңдеген заман ғой. Ал сол жолғы сыйлықтың кімге тигені есімде жоқ. Білетінім, Серік­тің дүниесінен артық емесі анық еді, әйтпесе есімде қалуға тиіс қой! Мейлі ғой, қолдаушылары мық­ты­лау болған шығар, не көптеу болған шығар.
Ұмытпасам, осыдан екі-үш жыл бұрын бір газеттен Серіктің «Ұзан» деген жаңа жинағы шығыпты дегенді көрдім де, Жазушылар ода­ғының басшыларының бірі Ғалым ініме «сол кітәпті алдыртып бер» деп қолқа салдым. Әбден ықыласым құлап қалған ғой. Талантты ақын­ның жаңа биігін көргім келген. Жақсы жыр жазғанына сенгем.
Арада біраз уақыт өткенде, әлгі кітәптің де Мемлекеттік сыйлыққа үсынылғанын білдік. Бірақ тағы да өтпеді. Өтпеді емес, өткізбеді. Се­бе­бін дауыс бермегендер ғана біледі. Бір өкініштісі, жақсы дүние­нің жолы осылай кесіліп қалып жататын реттер көп-ақ.
Осындайда еріксіз мынадай ойға келем: дүние үнемі бүгінгідей шатқаяқтап тұра бермес-ау; елдің ес жияр кезі жетер; өткен-кеткенін түгендеп, қолдағы барын салмақ­тап, бір таразылар; сонда Серіктің адуын да текті жырларын оқыған болашақ ұрпақ онымен бәсекеге түсіп, бәйгені қағып әкеткен әріп­тестерінің шығармасымен салыс­тыра қарап, аталмыш комиссияның ішінде жүрген біздерге нәлет айтпас па екен…
Уақыттан әділ төреші жоқ. Мә­селен, кешегі өткен кеңестік дәуір­де ұлы Ахаңдардың (Ахмет Бай­тұрсынұлының) есімі түгіл «А.Б.» деп инициалы көрсетілгені үшін басылып қойған кітәптердің парақтары жыртылып, редакторы жазаланғанын көргенбіз. Сол Ахаң­дар қайтадан ұлт көсемі ретінде танылар деп кім ойлаған?!. Міне, уақыты келіп еді, тарих өз орнына қойды. Ондай жәйт көп қой өмірде. Қайсы бірін айтарсың?! Соны ойлаймын да: түптің-түбінде желбуаз «таланттар» уақыт елегінен түсіп қап, шын дарындар ешқандай бәйгесіз-ақ Поэзия төріне шын­тағының астына жастықты қабаттай тастап, хакім Абайша жамбастай жайғасар деп көңіл демеймін. Және оған сенімім кәміл. «Алматыдан үй таппаған Қасым да отыр бүгін Мәң­гіліктің төрінде» деп Серік дұрыс ай­тады. «Сталиндер келеді де – ке­теді, жалғаныңда Жамбыл ғана – Мәңгілік» дегені де осы орайда айтылған сөз…
Өз басым Серіктің өлеңдерін жақсы көрем. Кейде бір көңілім құлазып, үйге сыймай отырғанда, өлең оқитын әдетім бар. Көбіне Абайды оқимын, не Фариза мен Серікті қолға алам. Жақсы өлең оқу да жақсы ән тыңдауың секілді, қанша оқысаң да, жалықтырмайды. Оқтын-оқтын мен қайталап оқып қоятын осы үшеуінің қазақ мінезін, кісі құлқын танытатын адами толғаныстарында бір терең үндестік бар секілді. Егер ақын болсам, осы­ларша жазар ма едім деп ойлаймын. Іштегі шеріңді шығаруға өлеңнен артық не бар, шіркін?! Түрікмен­дердің өлеңді «шер» деп атайтыны тегін дейсің бе?! Қанша айтқанмен, заманымыз бір әрі ер азамат емеспіз бе, Серік інім менің көңілімнің қыл пернесін тіпті дөп басатын сықыл­ды, бүкіл іштегі дертімді сол шертіп тұрғандай сезінем. Ойлап қарасам, менікі де Серіктікі секілді сонау көне заманнан қордаланып жеткен шер ме деймін: тарихты да ойлай­мын, кешегім мен бүгінімді де ой­лай­мын. Ертеңге де көз жүгіртем. Сон­дағы қаузайтынымның бәрі Се­рікте тұр. Жүрегімді сыздатып оты­рып оқимын, сүйсінем, ойға батам…
Серіктің де маған деген ілти­паты өзгеше. «Келіннің бетін кім ашса, сол ыстық» демекші, сонау тарих қойнауына сіңіп жоғалған сексенінші жылдары «Арғымағы­ның» сауырына қамшымен бір тартып, «әйт, шу!» деп ұзын жолға салып жіберген «еңбегіміз» есінде қалғасын шығар, біздің жазған-сызғанымызға да назар сала жүретін сияқты. Ұшыраса қалғанда, менің әңгіме, хикаяттарым жөнінде жақсы пікірін білдіріп қоятын. Анық есімде қалғаны – «Ұят туралы аңыз» жөнінде айтқаны.
Биылғы көктем күндерінің бірін­де ол телефон шалып: «Аға, бір өлең жазып едім, электронды поштаңызды беріңізші, салып жібе­рейін. Оқып көрерсіз», – деді. Аты жоқ өлең екен. Бас жағына «Марал Ысқақбайға» деп арнау жазып қойған: «Көкем бүгін айтары да көп енді, сексенге кеп сеңгір көкке бө­лен­ді» деп менің бүгінгі жасым жет­кен межені атап өтіпті. «Бұ дү­ниені қазақ қалай дөп айтқан, бір бес күндік жалған деп» деген жол­дармен аққан судай тоқтаусыз сыр­ғы­ған баянсыз жылдар білдірмей зымырап, мені де шау тартқызып тастағанын меңзейді. Ағасын кәрі­лікке қимағаны шығар. Маған қатыстысы осы ғана. Ары қарай ол өзін-өзі «мүжіп», «іштегі қатып қал­ған қалың шерін» қозғап кетеді. Өлең­ді маған арнағаны – сол шерді тыңдай алатын, түсіне алатын құлақ пен жүрек сенде бар еді ғой дегені бо­лар деп ойладым. Таусыла сөй­лейді. Айтатыны – қазақтың тағ­дыры, бүгінгі тіршілігі, буалдыр ке­ле­шегі. Іздейтіні – ұйтқысы бұ­зыл­маған, қаймағы шайқалмаған баяғы қазақы діл, баяғы қазақы құлық. Баяғы асқақ рух. Сондықтан да: «Кімге айтып жүрміз, бірақ, бұл сөзді, кімді көздеп жазып жүрміз өлеңді?» дей келіп: «Қазақ өзін көреді ылғи түсінде. Көрінгеннің түрткі болмай көзіне, қалып қойды Эпосының ішінде» деп толғайды. Ол үшін кешегі қазақ пен бүгінгі қазақ бір емес! «Қазақ халқы қалды Эпостың ішінде: Қазақстан – соның бұлдыр елесі» дейтіні содан. Онымен де қоймай: «Қара Өлең мен қазақты қоса жұтардай, ғалам­заттың түсі суық бірақ та! Жер беті­нен сенің ұлтың жоғалса, менің ұлтым жоғалса, қандай ұлыс қалар екен сонда онда?» деп күңірене түйеді ойын. Сұрақты маған тастап отыр ма, өзіне қойып отыр ма?!
Әйтсе де, ойлы да білімді ақын өлең идеясын ашудың кілтін дұрыс тапқан сияқты. Әдейі ойластырса да, қисыны өздігінен осылай келсе де, дөп басыпты. Көңіліндегі тікен­ше қадалған жегі ойды арнау өлең түрінде ортаға тастап, оның ұлттық, әлеуметтік мәні мен салмағын дәл белгілепті. Түрен тісін тереңге ба­ты­рыпты. Қозғағаны – қара бастың мұңы емес, бүгінгі жаһандану дәуірінің жалпыға ортақ өткір проблемасы ғой. Мұңын маған ша­ғып отыр ма? Жоқ, әлде бүгін осы­ны ойлайтын азамат қалды ма, қалмады ма дегені ме?..
Тағы бір өлеңінде ол: «Бір өзі­нен басқа жұрт білмейді оны, Латын тілі секілді бұл – Қазақ тілі» дейтіні бар. Беу, дүние-ай, бұның бәрі мені де күнде мүжитін кермек ой – «жегі құрт» емес пе?! Прозама сала алмай, Серік інімше жырға қосып күңірене алмай, мақалаларым мен сұхбат­та­рым­да сыздықтата түртпектеп жүр­ген күпті ойларым ғой! Біз бір-бірі­мізді тегіннен жақсы көрмейді екен­біз. Уайымымыз бір екен, қаупі­міз бір екен.
Бұл тақырыпты Серік бұрын да сан мәрте қозғаған. «Мен хәуіп қылған соң айтамын» дейтін бір өлең жолы бар еді (кімдікі еді өзі?), сол айтпақшы, хәуіп қылатын жө­німіз бар-ақ. «Ана тілім, Ала­шым­ның көзі едің, өртенеді өзегім. Үн­де­мейді бесік жырын айт десем, өгей шеше – өз елім» дейді ақын бір өлеңінде. Қатқылдау айтып тұр, бірақ шындығы сол. Екі қазақ кем­пірі­нің көшеде орысша сөйлесіп бара жатқанын көргенде, осы өлең есіңе еріксіз түседі. Әжесі мен құйт­тай немересі орысша былдырласып бара жатқанын естігенде, тағы осы өлең түседі есіңе. Тәрбиенің көзі бітеліп қалғаны ғой! Мұның түбі қайда апарып соғарын ойлауға мәжбүрсің. Сол кезде «Латын тілі» деген басқа өлеңі тағы оралады ойыңа: «О, Латын тілі! Жарқылда­ғансың жаһанның жауындарында. Цицерон болып саңқылдағансың тарихтың дауылдарында… Вер­ги­лий сенде жырлап Ерлікті, Ездікті Цезарь тұл қылған». Ал осы ұлы тіл бүгінде жоқ, өлген. Жекелеген сөз­дері термин ретінде тек медицинада қолданылады: «Темір шарбақты алаң бар сонда, барам ба, қайтем – шақырса? Ақ халат киген адамдар сонда сөйлейді екен латынша». Тілдесетін, сырласатын басқа тірі көкірек таба алмай, құса болған, зарыққан адамша тағдырына налы­ған қайран Ұлы Тіл! Соны елестетіп, у жалағандай тітіркенетін ақын: «Уақыттың Дауылын сезінем мен де, мәңгілік деген бекер ғой. Ділдер түгілі, кезі келгенде, тілдер де өледі екен ғой!» дейді. Өзегіңді өртейтін өкініш дейміз бе бұны? Ана тілінің болашағына алаңдаған ойлы аза­мат­тың жан түршігісі дейміз бе? «Түгім жоқ бұлдар – бәрін беремін, тимеші ана тіліме» дегізген сол емес пе? Жалынышқа барабар ақын тіле­гін оқығанда, перзенті үшін отқа түсуге даяр шарасыз кейуананы елес­теткендейсің. «Есігіңді ашпа есіре күштерге, жалмауыз күштерге жат үні. Зәрем ұшады есіме түскен­де, Латынның соңғы ақыны!» деп бітіреді ол өлеңін. Жүрегіңді сызда­тып, жаныңды тілімдейтін сөздер. «Есігіңді ашпа есіре күштерге» де­ген сөздерді еститін құлақ, мәнісін ұғатын тірі көкірек болса, жетесіне жеткізе-ақ айтты. Ақын міндеті де, мис­сиясы да осы емес пе? Серік со­ны жасады. Қалғаны – сенде, менде…
Әсілі, ақын ағайындардың та­би­ғаты, егер ол шынайы үлкен да­рын болса, максимализмге бейімдеу келеді. Қоғам өміріндегі әртүрлі тіршілікке оның көңілі еш толмақ емес. Егер тояттап жүрген сарай ақы­ны болмаса, қоғам өмірінен ол тегі мін таппай тұрмайды. Сондық­тан болу керек, Серікте таусыла сөй­леу басым. Ол үшін туған халқы­ның – қазағының тағдырынан артық ештеңе жоқ, ертеңі түгіл бүгініне қатты алаңдайды, содан да бүкіл айналасынан – үлкенді-кішілі өз замандастарынан – елге тұтқа Тұлға іздейді, таппайды: «Аспаннан жұлдыз қарап тұр, Ай қарап түр. Жерде өңшең пенделер: бай, манап, құл» дейді сонан соң. Өйткені рухани тұрғыдан әлгі әлеуметтік тоғышар топтың бір-бірінен еш айырмасы жоқ. Қайсысынан не дәметесің?!
Егемен деген аты бар халқымыз­дың кіріптар құлқын, тоғышар тіршілігін көріп тұрып, баяғы бұла қазақтың, одан да әріректегі төрткіл дүниені тітірентіп өткен Түрік Ба­ба­лардың ерлікке толы өмірін, асқақ рухын аңсап шамырқанады ол. Шамырқанғанда табатыны – сол баяғы Көк Бөрінің бұла ұрпағы – Көк Түріктері! «Дүние неге бөлек ойға қалды, ол онда көк ғасырын тойлаған-ды. Ғаламзат – Көк Тәңі­рі, Көк Түркі бар, Көк Бөрі ғана бар деп ойлаған-ды… Түркіге түбі тексіз жүйе қас-ты, бетіме қай сұм келіп күйе басты?! Қалайша Көк Тәңірі Көк Түркіден көз жазып, Көк Бөрі­ден кие қашты?!» Жауабы жоқ көп сауал. Сүйінбайдың: «Бөрілі менің байрағым! Бөрілі байрақ көтерсе – қозып кетер қайдағым!» дейтін шумағын шығармасына эпиграф етіп алатын себеп, міне, қайда жа­тыр! Көптеген жырларының басты «кейіпкері» Көк Бөрі болатын себеп те сонда. Тіпті «Қасқырдың мо­нологы» деп шиыршық атқан жыр жазады: «Бізбенен иттің тегі бір дейді, рас па, қасқыр бабалар?! …Иттермен бірге туысқан болсақ, не болды – ата тегіміз?!» Бұл енді – сырттан Бөрінің «астамшылығын» яки «тәкаппар өзімшілдігін» бей­не­лейтін сауал емес, «жердегі өңшең пенделерге» жасалар поэтикалық параллельдің түрі. Серіктің іздейтіні де, көздейтіні де – рухы басқа жан­дар: «Тәкаппар – сенше, паң басып едім – аярға адым аштырмай. Ар­мы­­сың, асқақ қандасым менің! Бар­мысың, елім – қасқырдай! Сай­ран күндерім, ойран түндерім, Қап тауым, қайран – баспана. Қайратым менің – Вайнахым менің! Бодан болмайсың басқаға!» Бұл – сонау тоқсаныншы жылдары өзіміздің Рафаэльдің жырларына өзек бол­ған, өз көзімізбен көріп, өз тәніміз­бен түйсінгендей қиналып, жаны­мызды жаралаған, бізбен тағдыры ортақ, шағын ғана өзгеше өр халық­тың басынан өткерген аласапыраны ғой, соны меңзеп, есімізге Қап тауы­ның жанкешті көкжал ұлы Шәмілді салып тұр. Рухы басыл­май­тын бөрі тектес халықтың батыр ұлы ол! Баяғы Имам Шәмілдің ізбасар ұрпағы! Ал осы Имам Шәмілдің өзі де: «Сергелдеңде өтіп кетті сайран жас, оны маған енді ешкім қайыра алмас. Өзіңе кеп иіліп тұр, көр, міне, өзге ешкімге иілме­ген қайран бас» дейтіні бар-ды қажылық­пен Ал­ла­ның алдына келіп тұрып. Мұ­сылмандығын да, қайсарлығын да қатар танытып тұрған Көк­жалдың сөзі! Серіктің ұғымынша, Қазақ та осылар секілді Көк Бөрінің тұқымы емес пе еді?.. Қазақта да небір қайсар көкжалдар өтпеп пе еді! «Қазақ әдебиеті» дейтін Ұлттық Банкте қазынасы қалған» Қазтуған, Ақтамберді, Дос­памбеттер бар еді ғой! Бертінгі жалынды ақын Махамбет кімнен кем!? «Басымды берем Баймағам­бетке! Жүректі бере қоймаспын!» дейтін ол. Айтқаны – айтқан! Басын бергені рас…
Батырлар басын бергенмен, басын беруге болмайтын тұлғалар болады! Кенесарының басы көп батырдың бірінің басы емес, хан­ның басы еді – мемлекеттің сим­волы еді. Тәуелсіздіктің символы еді! Оның «түкті жүрегін» халық өз жүрегіне жерлейтіні содан. Лири­ка­лық кейіп­кердің: «Кеу­демде түкті жү­регім лү­пілдеп, басымды іздеп жүрмін мен» дейтіні содан. «Алаш­тың тау мен тасына талыстай таңба басылып, ит пен құс шықты ба­сыңа, басыңның жоғын басынып» дейтінінің мәнісі де сонда жатыр. Бодандықпен өткен 160 жылдың қара таңбасы – бұл…
Әйтсе де, Серіктің іздейтіні – тек саяси тәуелсіздік қана емес, қазақтың баяғы бұла болмысына тән өр Намысы! Бүгінде «ертегіге» айналғандай көрінгенмен, Қазтуған мен Ақтамберді жырларынан ұрандап тұрған Өр Рух! Рухани азат үн! Серіктің жырларындағы өрлік­тің төркіні, міне, сол жақта. Нәрі сол жақтан келген. «Түркі жұрты бұл дүниеге не батыр боп келеді, ке­леді не ақын боп» деп тегін айт­пай­ды ол. «Абыл­нама» дейтін жаңа дастанында: «Батыр бола алмаса – ақын емес, ақын бола алмаса – батыр емес» деп нақтылайды ол әлгі ойын тағы да. Демек, бұла жырдың көзі – ақынның өзінің өр табиға­тында жатқаны. Шынында да, нағыз ақын батыр болу керек деп білем. Шындықты қай заманда да шырқыратып азулы ақын ғана айт­қан! Не қас батыр ғана айтқан! «Ер­теңгі күн елес әлі, бұлдырап тұр шашып от. Қазақ деген – Кенесары, денесі бар, басы жоқ» деп айту үшін Жүрек қана емес, Мұрат керек. Халықтық үлкен мұрат!..
Серіктің кез-келген лирикалық өлеңінен үнемі осы өр үн естіледі. Барша азаматтық лирикасынан кіл асқақ Рухтар үн қатып тұр. Ол – Көк Бөрілердің, Күлтегіннің зама­ны­нан жеткен үн! Одан да бұрынғы Еділ патша мен кейінгі Шыңғыс заманынан жеткен үн! Бертінгі Қарғабойлы Қазтуғанның үні! «Көк Тәңірі Көктен Жерге сауып Нұр, Еділ Патша елге келді шауып бір! Қайда жөнеп барасыңдар ауып бұл?! …Қазақты қайырып Түркіге, Төбемнен жауһар жауып тұр», – дейді ақын «Адасқан ұлдың ата жұртына қайтып оралуы» деп атала­тын өлеңінде. Осы өлеңімен ақын өз жырларының қазақ поэзия­сындағы орнын белгілегендей. Қазтуған мен Доспамбеттің қасына барып жайғасуды қалайтын тәрізді. «Бекболаттың қобызы», «Едіге жыры», «Ей, Байбөрі! Байбөрі!» тәрізді эмоциялық қуаты тасып төгіліп жатқан жігерлі туындылары да соны тағы мойындата түсетіндей. Көк Түріктің ұрпағы екеніміз еріксіз еске түсіп, қалғуға айналған намысымыз оқыс оянып, шетіміз­ден Көкжал бөріге айналып жүре беретіндей сезімге бөленетін сияқ­тымыз. Ақынның өр үні бізді соған шақырады, соған сендіреді. Өзгені қайдам, мені сендірді. «Түркіге қайтарды»…
Мен Серік шығармаларының бір-ақ қырын – азаматтық лирика­сындағы лейтмотивтік сыпаты басым ұстын қырын ғана атап өттім. Оның ойшыл ақын ретінде толғайтын сыршыл да мол көңіл күй лирикасы өзінше бөлек сөз етуге лайық. Ол тұстан да айтары жоқ нашар өлең таппайсың! Мұң мен сағыныштан құралған «Қайран шешем» және «Қарқаралы – қара орманым» деп аталатын, сюжетсіз поэмаға бергісіз тізбекті жырлары қандай! Нәзіктік керек пе, өрлік керек пе, тереңдік керек пе – бәрі бар, бәрі сонда. «Түн жыры» өлеңі ертегілік сюжеттен заман проблема­сына жалғасатын тамаша баллада деуге лайық. Ал енді «Қызыларай ауылы. 40 әйел, 4 еркек» деп атала­тын шағын өлең қас шебердің қолы­нан шыққан новеллаға бергісіз туынды дер едім. Төрт жылға созыл­ған неміс-орыс соғысы кезін­дегі қазаққа төнген сойқан тірлікті осынша өткір штрихтармен беру… қазақ прозасында да, поэзиясында да сирек кездесер шеберлік.
Серік – арқалы ақын ғана емес, үлкен интеллектуал. Өлеңдерінен білімділік есіп тұрады. Тіпті көпте­ген өлеңдерінің мәнісін білім дең­гейі төмен оқырман ұқпауы мүмкін. Жиырма бірінші ғасыр ақынының қаламынан туған жыр тұғыры осы­лай биік болғаны жөн-ақ! Әлбетте, поэзия – тоғышар тобырдың ермегі емес, бекзат талғамның еншісі.
Мен бұл жазбамда сыншылар үлгісімен Серіктің өлеңдерін тізіп талдауды мақсат тұтқам жоқ. Әсілі, өлең туралы толғана жазып, бере­келі сөз айту – қиынның қиыны. Ең дұрысы – өлеңнің өзін оқу. Бар дәулеті – эстетикасы да, танымы да, ләззәті де оның өзінде.
Серік – қуатты, үлкен дарын ға­на емес, қыры мол күрделі ақын. Оны тек оқу керек! Берері көп. Аларың да аз болмас…

Марал Ысқақбай

Пікір қосу

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте как обрабатываются ваши данные комментариев.