«Құстың да тілін біліпті…»

0
67 қаралды

Қазақ поэзиясына өзгеше леп әкеліп, мектеп қалыптастырған Есенғали Раушанов қазақ әдебиетінде өзіндік қолтаңбасы бар ақын. Оны қазақстандық оқырмандар ғана емес, шетелде тұратын қандас ағайындар да жақсы біледі, кітаптарын жастанып оқиды. Мұндағы құдірет – шынайы өлеңнің, сезімтал жүректің, ешкімге ұқсамайтын ақындық болмыстың құдіреті болса керек. Біз Есенғали Раушанов шығармашылғы туралы төмендегі үш қаламгермен ой бөліскен едік.


Сұраған РАХМЕТҰЛЫ,
ақын. Моңғолия

Бірде көне Қып­шақтың «Ку­ма­никус жазба­сына» еліктеп, со­лықтап тоқтаған тұсымыз бар-ды. Ар­ғысы ХІІІ-ХІV ғасыр ізімен, бер­гісі Алтын орда дәуірін қиып өткіміз кел­ген. Ерекше бір хикметті тың сұл­ба табу үшін жасаған әрекетіміз еді. Мағауиннің қолтаңбасымен мөр­ленген «Бес ғасыр жырлайды» ат­ты жыраулар поэзиясы жатты ал­дымызда. Бірақ, оған жетуге біздің кемсалиқа қуатымыз о бастан жоқ бо­латын. Шетін жүрген жарты жанға жа­мау болатын бір үлгі керек екенін се­зетінбіз. Сонда құдай оңдап:
«…Ай да батқан бір кезде,
Тұмшаланған Күн анау,
Бірақ, бірақ қалайда
Сөнбей келген бір алау…», –
деп се­кемді кезде бекем жырлап көкке шап­шып көктеп келе жатқан ға­жайып бір үнге құлақ түрген едік. Же­рік астай дәмді еді…
Сағдише һәм Муслихаддин Әбу Мұхаммед Абдуллах ибн Муш­ри­фад­дин мақамымен боздап келе жат­қан бұл кім? Шығыс поэзия­сын­дағы ғазал, қасида, мұқаммас, му­сад­дас, мусабба, рубай, мәснәуилер үні естілердей. Алайда олармен шек­теліп те қалмайды.
Сөзі – түрен, жадысы – от. Тұ­нып тұрған лағыл сағыныш!
«…Есенин жұлдыз болып айна­лып, Есенғали ауылда қой бағып…» жүрген кезінен бастап-ақ ғарыштық кеңіс­ке шарықтап кетсе керек. Де­мек, ол түр мен мазмұнаралық логи­ка­да аса нәзік жол тапты. Мазмұннан қиял, қиялдан құлпырған түрлі тү­рен жасай алды. Бұл – ақынның ше­­берлікті ұштастыра түсетін таң­ғажайыптығы немесе gradatio-сы. Ол ой мен сөзді «ойнату» арқылы өзін таба алмай жүрген кейінгілерге жөн сілтейді. Есенғали өлеңіндегі өң мен тілдің бояуы – басқаның көр­ме­генін көруге, естімегенін естуге, түйсінбегенін сезінуге шақыратын­дай.
Ол өзі айтқан ақсұңқар құстай тү­лей келді.
…Ақсұңқар құстай кеш түлеп,
Соңырақ ұшты өлеңім.
Сағыныш деген – ескі дерт –
Табысу болар емі оның.

Уайым деген тағы бар,
Қауышу деп біл дауасын.
Саз қылып әнге салып ал,
Самалды түннің ауасын.

Телміріп жаның жабықты,
Таусылды білем тағатың.
Терезең алды жарық-ты,
Жарықтың әрі – қара түн…
Есенғалидың еректігі – өлеңге де­ген адалдығында. Ол ештеңеге бай­ланғысы да, алданғысы да кел­мейді. Ол тіпті көз алдындағы фор­малды түрден де, логикадан да аулақ қона алады. Батыста ешкім онша керек қыла бермейтін, есесіне кеңес­тік кезең ақындары жоғалтып алу­дан қорқатын лениндік «мо­нолог» атты үлгі бар-тын. Оны да Есенғали әдемі түрге айналдырып жібереді. «Азынабай» атты өлеңінде:
«…Сабаушы еді маңдайға ұрып,
төбетінен қалды айрылып,
Тағы бір ит тауып келіп,
байлап жатыр таудай қылып
Біздің Азынабай.
Бұл бір бөлек тұқым дейді,
Аты озғандай күпілдейді
Біздің Азынабай.
…Бір ит келді, бір ит кетті, нәйеті,
Неменеге мәз боласың жазған-ай!».
Есенғали әлемінде жалпылама жанр деген ұғым болмайды. Егер келіспеген біреу болса мен таласуға дайын­мын. Ақынның – «Әкемнің өлеңі» – деген үш, жеті, сегіз тағаны со­нетке жақындау. Тіптен ХІІІ-ХVІІ ғасырдағы Римдегі жойқын со­нет­тердің қазақы ұстыны.
Оның «Құстар – біздің досымыз» атты құс тілінде жасап шыққан әдемі бір дүниесін оқыдым. «Құстың да тілін біліпті» дегендей, мұның өзі біздің әдебиет үшін үлкен олжа. Бірақ, бұл туралы әдебиеттанушылар әлі күнге жақ аш­­пай келеді. Алайда осы туын­дының кілті тым арыда жатқан се­кіл­ді. Мүмкін кейін бір жазылар.


Ақұштап Бақтыгереева,
ақын

Заман өзгерді, адам өзгерді. Сөз энер­гиясының қуа­ты азайып ба­ра­ды. Ендігі қоғам­ға ой-сананы тех­ника үйретеді. Адамды робот ауыс­тырады. Ақын – ақшалының көңілді кешін өткізушіге айналып, жазушы – жалдамалы кітап жазуға дейін төмендейді.
Осындай гулеп тұрған қаңқу сөздердің ешбіріне құлақ аспайтын бір талант арамызда ешбір өзгеріссіз өмір сүріп келеді. Кейде ол сонау бір ұлылардан қалған көне ескерткіштей елестейді менің көзіме.
Ол – өз ойынан ауытқып, өзге көшке ілеспейді. Өз пікірін өзгеге таңбайды, өзінше болжайды, өзінше жырлайды. Оған өзгерген дос пейілі де, қоғамның сан-салалы саясаты да әсерін тигізе алмайды. Сөз зергері Зейнолла Қабдоловтың «Әдебиет – ардың ісі» деген тәмсілін жүрегіне таң­ба етіп басып алған. Өйткені, оның сырлы өлең жолдары шебер қыз­дың сәндеп өрген сұлу бұры­мын­дай көзге де, көкейге де ораты­лып қона кетеді. Бір оқып жауып тастау мүмкін емес. Қайта ораласың, ой іздейсің. Жырға тән жара­сы­м­дылықты, жылылық пен сөздің құді­ре­тіне жаның сүйсінеді, жүрегің елжі­рей­ді. Табиғаттағы құстардың ті­­лі­­мен сырласады, гүл-шеңгелдің сы­рын біледі. Осындай ерекше де терең сезімнің иесі арамызда жүр. Ол қай кезде де сол ақын және таза қалпында ғасырларға жалғаса бе­ретін ұлылар санатына қосылаты­ны­на күмән жоқ. Ол – бүгінгі арамызда жүр­ген ақындардан өресі биік, тал­ға­мы бөлек, түйсік-танымы жоғары, та­биғи ақындық болмысын мәңгі өз­гертпейтін ақын – Есенғали Рау­шанов.


Балапан РАБАТ,
ақын. Қытай

Есенғали Рау­ша­нов поэ­зиясы жал­­пы ұлттық әде­биет­тегі әдібі де, әуе­ні де, сарыны да, жарығы да бө­лек поэзия. Ақын жырларынан сөздің сыңғыры мен сәу­лесін, мәйегі мен дәйегін, жапы­рақ­тың сыбдырындай сұлу тебіре­ністі байқаймыз.
Есағаңның ықылымнан ықта­сын, қадымнан қанағат іздеген ізгі тілегі мен сүзгі жүрегі өлең дейтін кө­не жанрды аса жауапкершілікпен аялап, күресіннен күн көзіне, күр­кешеден көңіл күмбезіне қарай алып бара жатқандай.
Қазақтың қаймағы қою сөздік қо­рынан кенделік көрмейтін ақын­ның пенделікпен жазған бір шумақ жы­рын кездестірмедік. Оның өлең­деріндегі уайымның өзі қуанышқа бер­гісіз. Босбелбеу, бошалаң, артық-ауыс ұғымға да, ұйқасқа да орын жоқ.
Қалыптасқан дағдымен өлеңнің дәмдендіргіш қоспаларын тәтті не­месе ащы ойларға қарай орай­лас­ты­рады, онысы бәлкім саналы не бол­маса санадан тыс. Мен оқырман ре­тінде Есенғали ақын жайындағы әдеби әсерімді айтып отырмын. Әри­не, бұл ойларым ақынның әлі еш­кім бара қоймаған өлеңдегі қиы­ры мен шиырына бойлай алмасы анық. Алайда, қиырдағы қазақ аза­ма­ты ретінде айтулы ақынға ұзақ ғұ­мыр, үстем мерей тілеу парызым деп білем.

Дайындаған
Д.ӘЛІМАҚЫН

Пікір қосу

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте как обрабатываются ваши данные комментариев.