ҚҰСТЫҢ ҚОС ҚАНАТЫНДАЙ
03.01.2023
2090
0

Есенгелді Сүйіновтің есімі оқырман қауымға қаламы жүйрік журналист, ақын ретінде жақсы таныс. Оның өмірдің өзекті мәселелерін арқау еткен мақалалары, публицистика, эссе, сұхбат­тары республикалық деңгейдегі басылымдарда жарық көріп жүр. Телевизия мен радио арқылы да жұтқа етене таныс.

Есенгелді Сүйінов – Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, Қазақ­стан Журналистер одағы сыйлығының лауреаты, Қазақстанның еңбек сіңірген журналисі. Бес кітаптың авторы, Ресей Жазушылар одағы «Василий Шукшин» Алтын медалінің иегері, бірқатар облыстық, республикалық әдеби конкурстардың жүлдегері. Ол жақында «Бақытым сенсің» өлеңдер кітабын баспаға ұсынды.
Есенгелді Сүйіновтің сыршыл өлеңдері – адамдарды жақсылыққа, ізгілікке, асқақ армандарға жетелейді. Ақын өз жырларына еліміздің ғасырлар бойы аңсаған тәуелсіздігін, әсем табиғат көріністерін, адал достықты, кіршіксіз, мөлдір махаббат­ты арқау еткен. Тәуелсіздікті нығайтуға зор үлес қосқан тұлғаларға, соның ішінде қазақтың соңғы ханы, даңқты қолбасшы Кенесары Қасымұлына, зерделі тарихшы, академик Манаш Қозыбаевқа, көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері, жазушы Әбіш Кекілбаевқа жүрекжарды өлеңдерін арнайды.
Есенгелдінің жаңа жинаққа енген «Хан Кене» өлеңін оқып көрелікші.

Биік ұстап қазағымның намысын,
Атқа қондың қару алып, арысым!
Қол бастадың қайсарлықты
танытып,
Отан үшін, ұлтымыздың ары үшін.

Атой салдың найзағайдай күркіреп,
Жауың қашты қаһарыңнан дүркіреп.
Бостандыққа жетер ме еді,
шіркін-ай,
Болған кезде қазағыңда бір тілек.

Ақын осы өлеңінде Кенесарының патша өкіметінің басқыншылық саясатына қарсы қазақтың намысын биік ұстап, Отанымыздың тәуелсіздігі, ұлтымыздың ары үшін атқа қонып, қалың қолды бастағанын тілге тиек етеді. Егер бар қазақ тізе қосып бірлескенде, бостандыққа қол жеткізер ме еді дейді. Бұның ар жағында қасындағы кейбір серіктері бір түнде ханды аз әскерімен қалдырып, қашып шығып, сатып кеткенін меңзеп отырса керек. Расында да, осындай келеңсіз жай болмағанда Кенесары әскері жеңіске жетер ме еді деген ой келеді.
Он шумақтан тұратын өлең былай түйінделеді:
Батылдық қой, табандылық не деген,
Ел сүюді үйренемін мен сенен.
Ескерткіш боп жадымызда
тұрсың ғой,
Рухың жебеп бәрімізді хан Кенем!

Сақадай-сай қаруланған басқын­шылармен 10 жыл бойы қаймықпай шайқасқан Кенесары бейнесі өскелең ұрпаққа үлгі, ол жадымызда ұлт-азат­тық көтерілістің көсемі, ержүрек батыр ретінде мәңгілік сақталып қалатыны анық. Астана төрінде, ерке Есіл жағасында Кенесарыға еңселі ескерткіштің тұруы – соның жарқын айғағы.
Жер көлемі жағынан әлемдегі тоғызыншы орын алатын, көне түркілердің киелі, іргелі мекені, ежелгі өркениет­тің негізі қаланып, Ұлы Дала атанған Қазақстанның тәуелсіздік алып, өзгелермен терезесі тең дербес ел болуы бәрімізді қуантады. Ақын да бұған шат­танып, сүйікті Отанын екпінді дауыспен жырға қосады.
Күн сәулесі нұр шашады көгінен,
Ырыс-байлық қойнауынан төгілген.
Сүйікті Отан –
бақытымның бастауы,
Қазақстан, сен кетпейсің көңілден!
Осы бір шумақта Есенгелді Сүйінов Қазақстанды бақытының бастауына балайды, туған елінің көңілінен ешқашан кетпейтінін баса айтады. Кезінде төңкеріс, аштық, күштеп тәркілеу, зұлмат, соғыс салдарынан халқымыз қынадай қырылып, қорлық, зорлық көріп, шетке бытырай қашып, бас сауғалады. Тағдыр тәлкегімен сыртқа тарыдай шашылып кеткен қандастарымыздың атамекенімізді пір тұтып, аңсауы, сағынуы заңды құбылыс. Ақын өлеңінде оқырманды осындай отаншылдыққа үндейді.
Көкшетау – қазақтың ең шұрайлы, шырайлы жері. Кезінде «Арқада Көкшетауға жер жетпейді» деп Мағжан, «Арқаның кербез сұлу Көкшетауы» деп Сәкен жырлаған өңірдің көріктілігі талайларды әлі күнге дейін тамсандырып келеді. Осындағы жер жәннаты – Бурабай, тұп-тұнық Айнакөл, жұмбаққа толы Жұмбақтас, асқақ Оқжетпес аты аңызға айналған мекеннің құдірет­тілігін арт­тыра түскендей. Ежелгі Көкше өңірінде туып-өскен Есенгелді Сүйінов туған жерінің сұлулығын талмай жырлап келеді. Егер осындай ғажайып елде дүниеге келмесе бәлкім ол ақын да болмас еді деген жорамал қылаң береді. Айнадай жалтыраған көлдер, көгілдір таулар, жасыл ормандар, көкорай шалғындар оған әсер етіп, шабыт бергендей. «Бурабай» деген өлеңіне назар аударалық:

Жырлауға тілім менің жетер ме екен,
Суың бал ішкенімде, шекер екен.
Өзіңе сұлу қыздай ынтық болдым,
Сәкенді тәнті қылған көркем мекен.
Небары үш шумақтан тұратын осы өлең арқылы ақын Бурабайдың тұтас әсем келбетін көрсетеді. Суының дәмін тәп-тәт­ті балға, шекерге теңейді. Өзін сұлу қызға балайды. Соның әсерімен сен де Бурабайға ынтығып, жеткенше асық боласың.
«Айнакөл» өлеңі де оқыған адамды толқытады, арман-қиялға бөлейді. Есенгелді «Қоштасқан қимай жігітін сүйген аймалап, сұлудың бәлкім төгілген көлде жасы бар» деп тылсым сырға жетелесе, енді бірде «Суретші болсам Айнакөлдің суретін салар ем, жарқырап жатқан ғажайып көрінісін күздегі» деп мөп-мөлдір айдынның әдемі бейнесін көз алдыңа әкелгендей болады.
Бұрын Есенгелді Сүйінов әдебиет әлемінде ақын ретінде танылса, енді жазушы ретінде екінші қырынан белгілі болды. Әдебиет­тің қай саласы болмасын жеңіл емес. Ақынның поэзиядан прозаға ауысуы таңсық емес. Мұндай жағдайлар ертеде де болған, қазір де ара-тұра кездеседі. Жалпы бұны ұшатын құстың қос қанатына теңесе де болады.
Қай жазушы болсын алғашқы қадамын әңгімеден бастайды. Бұл заңды құбылыс сияқты. Жазушы әуелі шағын жанрда қаламын ұштап, жетілдіреді, қара сөзбен жазу ісіне машықтанып, төселеді. Бұған журналистік, ақындық қабілеті тағы қосылады. Сол сияқты Есенгелді Сүйінов те өз шығармашылығында әңгімеге ден қойып отыр.
Соңғы жылдары Есенгелді Сүйінов проза саласында жиі көрініп жүр.
Оның мерзімдік басылымдарда, «Әдебиет порталында» жарияланған әңгімелері әртүрлі тақырыпты қамтиды. Өмірдің сан қырлы жақтарына жете үңіле отырып, жазушы адамдар арасындағы қарым-қатынасты, тірлік қарекетін шебер тілмен сурет­тейді. Қай шығармада болсын оқиға желісі нанымды түрде құрастырылып, кейіпкерлердің ішкі жан дүниесі ашып көрсетіледі.
Солардың ішінде мен Есенгелді Сүйіновтің «Түсімде көрген қыз» әңгімесін қызығып оқып шықтым. Әңгімеде Еркін есімді кейіпкер Бурабайға барған сапарында Нұргүл деген сұлу келіншекпен танысып, әңгімелеседі. Әңгіме барысында ол келіншектің адамгершілігіне, білімділігіне, парасат­тылығына қанығып, тәнті болады.
Өзі ақырында сымбат­ты, көрікті келіншекке ес-түссіз ғашық болып қалады. Жазушы осы әңгімесінде махаббат­тың адам өмірін бақыт­ты етіп, алға жетелейтін жасампаз күш екенін, бұл асыл сезімді үнемі аялап, қадірлеу қажет­тілігін көпшілікке аңғартады. Тәрбиелік мәні зор аталған әңгіменің «Жалын» әдеби-көркем журналы жариялаған конкурста «Үздік әңгіме» деп танылып, атақты академик жазушы Ғабит Мүсірепов атындағы сыйлықты алуы – қаламгер еңбегіне берілген ла­йы­қ­­­ты баға деп санаймын.
«Теңіз тамшыдан құралады» дегендей, әңгіме үлкен шығармашылыққа бастайтын даңғыл жол десек те болады. Демек Есенгелді Сүйінов қызықты әңгімелерді жазып қана қоймай, алдағы уақыт­та тартымды повесть, роман сияқты ауқымды жанрларға құлаш ұрып, тағы бір биік белестерден көрінеді деп үміт­тенемін. Осы бағыт­та мен жазушыға сәт­тілік тілеймін.
Есенгелді Сүйіновтің шығармаларының тілі жатық, оқиға сюжеті айқын, заман талабына сай ізденгіштігі, өзіндік қолтаңбасы байқалады. Әңгімелері сонысымен қызықты да тартымды. Жазушы өз туындыларында тірліктегі сан алуан жайларды тілге тиек етіп, кейіпкерлердің жарқын образдарын жасап, олардың өмірге деген көзқарастарын, адамгершілік қасиет­терін бүкпесіз баяндайды. Мысалы, «Сана» әңгімесінде қоғамның негізгі тірегі – бір отбасы жайлы, ондағы қым-қиғаш оқиғалар төңірегінде ой өрбітеді. Ақырында ішкілікке салынып кеткен үй иесінің түзу жолға түсіп, бақыт­ты өмірге кенелген сәтімен қорытындылайды. «Шолпанның мөлдір махаббаты» әңгімесінде Шолпан деген әйелдің өзін бес баласымен тастап, басқа келіншекпен қосылған бұрынғы күйеуін әлі күнге дейін сүйетінін, оның жарына деген таза, адал махаббатын жан-жақты сурет­тейді. Ал «Күтумен өткен ғұмыр» әңгімесінде інісінің Ұлы Отан соғысында қаза тапқаны жайлы қара қағаз келсе де, оның өлгеніне сенбей, ақтық сәтіне дейін елеңдеп күткен ағасының жай-күйі кәдімгідей сенімді берілген. Сұрапыл соғыстың қайғы-қасіретін кешпеген шаңырақ жоқ шығар. Майдан даласында Отанымызды жаудан қорғаған қаншама есіл ерлер қаза тапты десеңізші. Соның салдарынан талай әйелдер жесір, балалар жетім атанды. Талай шаңырақтың түтіні сөнді, үкілі үміт­тер күйреді. Сол зұлым соғыс аяқталғаннан бері ұзақ жылдар өтсе де оның салған жарасы жазылар емес. Жазушы інісі елге келеді деп зарығып, сағынып күткен кейіпкердің арпалысқа толы өмірін, іс-қимылын оқырмандар алдына жайып салады. Сол сәт­тердің психологиялық ахуалын көркемдік деңгейде көрсете біледі. Әңгімені оқып отырғанда кейіпкердің үмітіне дақ түсіргің келмейді, оның өшпес сеніміне таң қаласың. Інісінен айырған соғысқа лағынет айтып, налисың. Өмір-бақи күткен ағасын аяйсың, көзіңе еріксіз жас аласың. Жазушы Есенгелді Сүйінов­тің әр әңгімесі оқырмандарды бей-жай қалдырмайды, оларға ой салады, толғандырады. Солардың ішінде қарымды қаламгердің «Көк биенің көз жасы» әңгімесі жұртшылық арасында үлкен қызығушылық туғызды. Біз де аталған әңгімені бас алмай, зейін қоя оқып шықтық. Бұл – байыпты, жетік тілмен жазылған жақсы туынды. Алғашқы оқыған сәт­тен бастап өзіне баурап алады. Әңгімеде жазушы ең алдымен образды ашуға, адамның ішкі жан дүниесін жан-жақты көрсетуге баса назар аударады.
Шығармада баланың туған жерге деген сағынышы, жылқының бөтен елді жерсінбей, жарық дүниеге келген мекенін аңсап, құлындарын соңынан ерітіп қашуы, тектілігі сурет­теледі. Туған жеріне оралып, шекараға кіре бергенде жылқылардың машина қорабынан атып тұрып, даланы басына көтеріп кісінеуі, көк биенің көзіне жас алуы адам жанын толқытады, әркімді таңғалдырады. Туған жерін жылқы малы да сағынады екен, сол сағыныштан жүздеген шақырым жолға шығып, қашады екен. Мәңгілік туған жеріне оралғанын сезініп, жылайды екен! Соны ойласаң, сай-сүйегің сырқырайды, оған жаның ашып, өзің де жылағың келеді.
Есенгелді Сүйіновтің «Көк бие­нің көз жасы» әңгімесі оқушыларды туған жерді қадірлеуге, қазақтың төрт түлігінің бірі, қасиет­ті қанаты, ер пырағы – жылқыны бағалауға тәрбие­лейді.
Жалпы алғанда Есенгелді Сүйінов поэзия, проза жанрларында айтарлықтай еңбек етіп, мазмұнды да тартымды туындылар жазып жүр. Біз Есенгелді інімізге ақын, жазушы ретінде әдебиет әлеміндегі қос қанатың талмай, оқырман қауымды қызықты да татымды жақсы шығармаларыңмен қуанта бер деген игі тілек айтқымыз келеді.

Тортай СӘДУАҚАС,
ақын, ҚР еңбек сіңірген қайраткері

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір