«Қаламгерлер қазіргі өмірді суреттеуі керек»
02.10.2018
1461
0

– Нора Майорош ханым, сіз қай тілде жа­за­сыз? Венгрше ғана ма, әлде ағылшынша да қалам тер­бей­сіз бе?
– Венгр тілі менің ана тілім болғандықтан, ойым­ды, ішкі сезімімді венгрше өте жақсы жет­кіземін. Сондай-ақ, «KompasGid Publishing House» баспасынан екі кітабым орысша ба­сы­лып шықты. Бір шығарманы екі бөлек тілде, яғ­ни венгрше және орысша оқыған оқыр­ман­дардың екі бөлек пікір білдіруі мен үшін қы­зық­ты тәжірибе болды.
– Ал ағылшыншаны қалай үйрендіңіз? Бұл тіл­ді қай деңгейде меңгергенсіз?
– Балабақшада үйрене бастаған ағылшын­шам­ды мектепте, университетте де жетілдіре бердім. Оқушы кезімде білікті ұстаздардан дәріс алу бұйырды. Ағылшын тілі маған көптеген мүм­кіндіктерге жол ашты. Мәселен, АҚШ, Ре­сей, Мысыр және Еуропаның көптеген мем­ле­ке­тінде сәулет студиясында аудармашы болып жұ­мыс істеп, шетелдік жобаларды ұйымдас­тыр­дым. Сірә, содан болса керек, ағылшын тілінде әде­би әңгіме айтқаннан гөрі құрылыс саласында әл­деқайда еркін сөйлесемін.
– «Отбасы 3*1» («Family 3*1») деген кіта­быңыз бар екенін білемін. Мұндағы бас кейіпкер 9 жастағы Брунидің әкесі екі рет үйленіп, екеуінде де ажырасып, үшінші рет басқа әйелмен тағы отау құрады. Бұл туындыңыздың басты идеясы не? Неге бұл тақырыпқа бардыңыз?
– Менің елімде және жалпы бүкіл Еуропада қазір «отбасы» деген ұғымның мәні мүлде өзге­ріп кеткендей. Өйткені, ажырасқандар мен бас­қа адамнан балалары бола тұра қосылған ерлі-зайыптылар өте көп. Сол себепті, халыққа отбасыдағы өзара түсінісудің маңызын қайтадан ұғынып алған дұрыс секілді. Балалар қандай от­басында тәрбиеленсе де, қамқорлықты сезі­ніп өсуі керек. Мұндай жағдай менің де басым­нан өтті. Әкем бірнеше рет айрылысып, бірне­ше рет үйленгендіктен, менің әке жағынан жар­тылай туысқандарым көп. Жоғарыда атал­ған шығармамда балаға қамқорлық пен жы­лылық қажет екенін 9 жастағы кішкентай қыз­дың тілімен айтқым келді.
– «Ғаламшар аулаған аңшылар» («Hunters for planets») атты туындыңызда өзге ғаламшарды қол­ға түсірмек болған 4 баланың шы­тыр­ман оқиғаға толы ғарышқа саяхатын бейнелейсіз. Бұл туынды арқылы кішкентай оқырмандарға қандай ой салғыңыз келді?
– «Ғаламшар аулаған аңшылар» – өзіңіз айт­қан­дай, шытырман оқиғаға толы хикаят. Ба­ла­лардың ойнап жүріп, түрлі таңғажайып оқи­ға­ларды ойдан шығаратын әдеті мені ша­­­быт­тандырды. Балалық шағыма қайта оралып, қайтадан бүл­діршін болып ойнағым келді. Шығармамның бас кейіпкерлері – төрт бала өмір сүруге қолай­лы өзге ғаламшар іздеп қана қоймайды. Соны­мен бірге, олар өзара қарым-қатынасты баға­лау­ды және ғарыштағы өзге мақұлықтармен тіл табысуды үйренеді.
– Басқа қандай кітаптарыңыз бар? Олардың басты идеясы қандай?
– Бұған дейін венгр тілінде 5 кітабым шық­қан. Сонымен қатар, көптеген әңгімелерім әде­би журналдар мен жинақтарда жарияланған. Ме­ні адамдардың қарым-қатынасы, қорқыныш се­зімі, әртүрлі көзқарастары бір жерге тоғыс­қанда пай­да болатын келіспеушіліктер тақыры­бы қы­зықтырады. Қазіргі балалар – өте талап­шыл, ізде­німпаз әрі ақылды. Оларға хикаяларым мен ер­тегілерім арқылы салмақты дүниелер айт­қанды жақсы көремін. Сондай-ақ, оқыр­ман­дарыммен сұхбаттасқан ұнайды.
– Неге балаларға арналған туындылар ғана жа­засыз? Ересектерге арнап кітап жазу жоспа­рыңыз­да бар ма?
– Өмірімде әлдебір маңызды жайт болғанда, са­нам оны лезде шытырман оқиғаға айналдыра бас­тайды. Менің қиялым өте ұшқыр. Ондай хи­каяттарды балалар жақсы көретіндіктен, біз бір-бірімізді жақсы түсінеміз. Басқаша айт­қан­да, өзімді балалар әлемінде жайлы сезінемін. Ан­да-санда ересектерге арналған әңгіме, тіпті одан да сирек өлең жазамын. Бірақ ешкімге көр­сетпеймін.
– Өткенге қайта оралайықшы. Неге жазушы болдыңыз?
– Негізінде, жазушы болып тудым дер едім. Себебі, оқу-жазуды үйренбестен бұрын да қия­лым­да түрлі хикаялар құрастырып жүретінмін. Мұ­ның мен үшін қалыпты нәрсеге айналып кет­кен­дігі соншалық – ешкім, тіпті өзім де дары­нымды ұзақ уақыт байқамай келдім. Сурет сала­тынмын, ән айтатынмын. Бірақ бұл өнер­лердің ешқайсысы арқылы ішкі жай-күйімді дәл жеткізе алмайтынмын. Жасым отызға тақа­ғанда ғана тек жазу арқылы ішкі тебіренісімді анық бейнелейтінімді, яғни жазушы екенімді ұғын­дым.
– Қазақ әдебиеті мен қазақ ақын-жазушы­лары туралы не білесіз?
– Астанадағы әдеби форумда қазақ қалам­гер­ле­рінің ана тіліне деген құрметіне тәнті болдым. Со­нымен бірге, қазақ поэзиясындағы терең се­зім иірімдеріне, көркемдік тұрғыдан бай­лы­ғына сүйсінетінімді айта кетейін. Жалпы, венгр тіліне қазақ әдебиетінің тым аз бөлігі аударыл­ған.
– Қазақ әдебиетін венгршеге өзіңіз тәржімә­лау­ға қалай қарайсыз?
– Меніңше, аударма – ұзақ жылдар машық­тану мен тәжірибе жинауды қажет ететін сала. Мы­салы, ағылшыншадан венгршеге аударатын Ви­ки Рэт деген досым бар. Ол – тәржімә жасау­дың хас шебері. Менің аударма саласына қы­зығу­шылығым бар, бәлкім ермек ретінде мен де тырысып көрермін. Бірақ кәсіби аударманы кә­сіби мамандардың еншісіне қалдырайық.
– Венгр оқырмандары қандай әдеби жанрлар мен қандай тақырыпта жазылған шығармаларды сүйіп оқиды?
– Қазіргі жаһандану заманында кез келген әдеби шығарманы тауып алып оқуға болады. Оқырмандар қалаған кіта­бы­ның электронды нұсқасын жүктеп ала алады. Әлем­нің кез-келген пұшпағынан баспадан жаңа шық­қан еңбектерге тапсырыс берем десе де, өз ер­кі. Бағасы да аса қымбат емес. Бірақ Венг­рия­дағы жергілікті жазушы ретінде біз жергілікті ха­лықтың өмір салтын жақсы білеміз. Елдегі әлеу­меттік жағдай, саясат, қарым-қатынас мә­дениеті, өзекті мәселелер мен медианың жай-күйінен хабардармыз. Сол себепті, дәл қазіргі уа­қытта болып жатқан оқиғаларды әңгіме, ер­тегі, өлең немесе роман түрінде жазсаңыз да, жұрт­қа өтімді. Біздің қаламгерлер көші-қон (миг­рация), кедейлік, қатыгездіктің салдары, ма­хаббат, өмірден түңілу, үзілген қарым-қаты­настар, кибер әлемі және өзге де тақырыптарда жа­зып, ең бастысы, боямасыз қазіргі өмірді су­реттеуі керек.
– XIII ғасырда Көтен хан бастаған қырық мың қып­шақ қазақ даласынан қазіргі венгр жеріне қоныс аударғанына тарих куә. Яғни, екі халықтың арасында туысқандық байланыс бар. Мұны қа­зіргі венгрлер біле ме?
– Венгрияның жазық жерлеріне қоныстан­ған қыпшақтарды венгр тілінде «кундер» дей­міз. Қыпшақша көптеген жер атаулары әлі күн­ге дейін сақталған. Мәселен, Кискунсаг, На­гыкунсаг деген аймақтар, Кишкунхалаш, Тур­гони, Гялпар секілді қалалар бар. Бұлардың атау­лары бәлкім уақыт өте келе аздап дыбыстық өз­геріске ұшыраған шығар. Дегенмен, кун, яғни қып­шақ тілінен шыққаны дәлелденген. Елі­міздің жазық аймақтарында тұратын халықтың бет-әлпеті де қыпшақтарға ұқсайды. Жалпы, тарихқа қарасақ, венгрлер, қыпшақтарды қоса айтқанда, көптеген ұлтпен ассимиляцияға түс­кен. Қанымыздағы мұндай ерекшелік ашық болу­ға, өзге елдермен тығыз байланыста болуға жақ­сы себеп деп ойлаймын.
– Өзін қыпшақ деп есептеп, Венгриядан Қа­зақ­станға көшіп келіп, осында тұрған, қазақ қызына үйленген түркітанушы ғалым Иштван Қоңыр Мандоки туралы естіген шығарсыз. Ол тіп­ті 1992 жылы қайтыс болған соң, өзінің өсиеті бойынша Алматыда, яғни қазақ жерінде жер­ленген. Қазір Иштван Қоңыр Мандоки сияқты өзін қыпшақпын деп санайтын отандастарыңыз бар ма?
– Шынымды айтсам, Мандоки мырзаның өзі және зерттеу еңбектері жөнінде Астанадағы фо­румға дейін жөнді білмеуші едім. Бірақ Аста­наға сапар маған ерекше әсер сыйлады. Өз елім­нен 4774 шақырым қашық жерге келсем де, қа­лың қазақтың арасында бұрын талай рет тү­сім­де көрген мекенде жүргендей күй кештім. Мен венгрмін, сіздер қазақсыздар. Сөйлесетін тілі­міз – ағылшынша. Алайда бөтенсіреген жоқ­пын. Өзімді мұндағы үлкен отбасының бір мү­шесіндей сезіндім. Еліме орала сала, ғалам­тордан ортақ тарихымызға байланысты молы­рақ мәлімет іздеген болатынмын. Екі мем­лекеттің ортақ тарихы мен бүгінгі тығыз дос­тығы, ынтымақтастығы ортақ әрі жарқын ке­лешекке бастайды деп үміттенемін.
– Әңгімеңізге рақмет!
– Сізге де рахмет!

Сұхбаттасқан
Алпамыс ФАЙЗОЛЛА

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір