Аңыз-ертегілердің мотив индексі хақында

0
37 қаралды

Ерзат Еркін


Жас ғалым Ерзат Еркіннің өзіндік танымы, аяқ алысы қуантты. Сонау алыс ғасырлардан үзілмей келе жатқан аңыз-ертегілердің о баста қай аймақта, қай елде бастау алғаны ешкімге мәлім емес. Бір анығы, осы құндылықтың бәрі адамзатқа ортақ.

Мотив – музыка ғылымының сөзі, әуел баста музыкалық термин болған. Мотив термин ретінде XX ғасырдан бері А.Веселовский, В.Я.Пропп еңбек­терін­де зерттеле бастаған. Осы ғалымдар әр ха­лықтың ауыз әдебиетінде бұрыннан ке­ле жатқан, дәуірден дәуірге көшіп жүр­ген сюжеттік сарындар бар деп қа­райды.
XX ғасырдың ортасында Амери­ка­ның фольклорист ғалымы, аңыз-әң­гі­ме­­лерді зерттеуші Стис Томсон «Дүние­жүзі аңыз-әңгімелерінің түр­лерге бөліну ғылымы» атты кіта­бын­да барлық аңыз-әңгімелерді түрге және мо­тивке бөліп, «Бір мотив бір әңгіменің ұзақ уақыттарға дейін сақтала беретін ең кішкентай дәстүрлі бөлшегі», – дейді. Әрі ол көп қолданылатын мотив­тер­ді мынадай үш түрге бөледі: Олардың бірі «Әңгіменің ішінде жүретін кейіп­кер­лер құдай немесе бөлекше жаратыл­ған аң, сиқыршы әйел, әулие секілді құ­дірет иелері, я болмаса дәстүрлі адам образы, мәселен елдің бәрі жақсы кө­ре­тін сүйкімді жас бала немесе қатыгез өгей ана. Екінші типтегі мотивтер сю­жеттің мәлім көрінісіне кіргеді. Си­қыр­лы аспаптар, сирек кездесетін ғұрып­тар, ғажайып діндер, т.т. Үшінші типтегілер жеке мотивтер. Бұлар көп­теген мотив­терді қамтиды. Осы түр­дегі мотивтер жеке дара сақтала алатындық­тан, әңгіменің түрлерін де осы мотивтер белгілей алады. Сондықтан, саны жа­ғы­нан ең көп дәстүрлі әңгімелердің тү­рін осы мотивтер құрайды».                    Жалпы айтқанда, мотив та­қы­рып­тық сарын, қалыптасқан дәс­түр­лі тақырыптық әуен, оқиға же­лісіндегі кезең. Жазушылардың шы­ғармаларында, әртүрлі әдеби нұсқаларда, әр дәуірдің әде­бие­тін­де белгілі бір сарындар қайталанып ке­леді.
Германиялық ертегі жинаушы ағайынды Гриммдердің дүниеге әй­гі­лі «Гримм ертегі жинақтары» (1812-1814) баспа бетін көргеніне де екі ғасыр бо­лыпты.
Бұл оқиға ертегі-аңыздарды ғы­лыми түрде жинақтаудың жаңа тарихи бастамасын ашты. Осыдан бас­тап әлемнің әр бұрышында ғы­лыми тұрғыдан фольклорлық про­заны жинап-реттеу жұмысы қолға алы­на бастады. XIX ғасырдың соң­ғы жартысы мен XX ғасырдың ба­сында Еуропада аңыз-ер­те­гі­лерді реттеу, бастыру жұмыстары қауырт жүріп жатқан кезде, Азия­да, Африкада, Латын Америка құр­лығында бұл үрдіс әлі толық қол­ға алынбаған болатын.
Әр халықтың, әр елдің жи­на­ған аңыз-ертегілері мыңдаған, он мыңдаған санға жеткен, әрі ол уа­қыт өткен сайын қосылып отыр­ған, ал бүкіл әлемдегі аңыз-ер­те­гілердің саны өте мол. Бұл аңыз-ертегінің сюжеті немесе түрінің осын­шама мол екендігін білдір­мей­ді. Мәселен, бір аңыз-ертегі әр ел­де таралып жүрген. Былайша айт­қанда, сюжеттік түрдің саны са­лыстырмалы түрде күллі аңыз-ер­тегінің санынан аз.
Көптеген аңыз-әңгіменің сю­жеті үздіксіз өзгерістер әсерінде түр­ліше мазмұнда қалыптасып шы­ғады, бірақ олардың ұлы өзегі, мо­тивтері сол баяғысындай сақ­талып қала береді. Кейбір мем­ле­кет­тердің санағына қарағанда, бір ұлттың таралып жүрген бүкіл аңыз-ертегілерінің үштен бірінен кө­бі көпұлттық сипатқа және дү­ниежүзілік сипатқа ие болады. Кей­бір аңыз-ертегілердің «ізін» Азия жане Еуропа елдерінен ғана емес, әлемдегі көптеген ұлттар мен елдердің арасынан да кез­дес­ті­ре аламыз. Осыған бай­ланысты зерт­теушілер салыстырмалы зерт­теу мәселесін ортаға қояды. Аңыз-ертегілердің сипатын, олардың қа­лыптасуын, өзгерісін, таралу заң­дылығын зерттеу үшін, осын­шама мол материалдарды әртүрлі тұр­ғыдан тарихи немесе геогра­фия­лық, жылнамалық жақтары­нан салыстыра зерттеу керек.
Бір ғасыр бұрын, ауыз әдебиеті үлгілерінің сюжетін нөмірлеп ин­декс құрастыру жұмысы қолға алы­на бастаған. XIX ғасырдың соң­ғы жартысынан бастап, көп­теген зерттеушілер ілгерілі-кейінді қол­дарында бар аңыз-ертегі ма­те­риалдарын классификация­лап, түрлерге бөлу принцпін бел­гі­лей бастайды. Германиялық ғалым Ханн 1864 жылы «Грек және Албания аңыздары» атты кі­табындағы барлық аңыз-ер­те­гі­лерді қырық түрлі нұсқаға жік­тейді. Таратушылар мектебінің бір бөлім зерттеуші-ғалымдары мәселен: франциялық ғалым Косхвин, англиялық зерттеуші Клаустон жинап, халықтық аңыз-ертегілерді түр­лерге бөліп, рет­тейді. Ресейлік ғалым Жир­мунский барлық аңыз-ер­тегілерді үш бөлімге жіктеп, (хайуа­наттар туралы аңыз-ерте­гі­лер, мифтер, тұрмыс-салт аңыз-ертегілері) жал­пы қырық бір түрлі типті тізімдеп шығады. Бұдан сырт, Барен Колд, Стеир, Танпур, Сахаров, Смирнов, т.б ғалым­дар­дың бәрі аңыз-ертегі­лерді түрлерге бөліп, класси­фикациялауда өзін­дік үлестерін қосты. Осы зерт­теу­ші­­лердің барлығы сюжеттері қы­рық шиыр­мен кеткен аңыз-ертегілерді ретке түсіріп, мәлім бір шекте­ме­лі­лік сипатқа ие типтерге жат­қызуды сынап көрген, олардың көз­қарасы ұқсамайды, әдіс-тә­сіл­дері әр басқа, аңыз-ертегілерді бөлу түрлері мен атау-терминдері де ұқсамайды. Бастысы, олардың осы саладағы жұмысы шектеулі материалдар аясында ғана жүр­гі­зіліп, ақыр соңына дейін жал­ғас­пады. Сондықтан, бүкіл адамның қолдауына ие болмады. Де­ген­мен, жоғарыдағы ғалымдар­дың ізденісі кейінгі кездегі көлемді класси­фи­кациялау жұмыс­та­ры­ның жолын ашып, оларды ғылыми тәжіри­белерімен қамтыды.
XX ғасырдың басында, Скан­динавиядағы түрлі елдердің фо­льк­лористика теоретиктері аңыз-ертегілерді жинауда айы­рықша рөл атқарып, тарихта айтылатын «Финляндия ағымын» қалып­тас­тырды. Финляндия ағымындағы зерт­теушілер аңыз-ертегілердің мо­тив индексі саласына айырық­ша үлес қосты. 1907 жылы Фин ға­­­лымы Кар Крон, Шве­­­ция зерттеушісі К.Сидо, даниялық А.Корлик халық­аралық фольклор зерттеу­шілер қоғамын, 1909 жылы осы ұйым­ның «Фольклор зерттеушілер қо­ға­мы» журналын құрып шықты.
1910 жылы осы журналдың 3-са­­­нында Финляндия ағы­мын­да­ғы­лардың басты уәкілдік зерт­теу­шілерінің бірі, кейіннен Фин­­лян­­дия академиясының ака­де­­мигі болған, профессор А.Ама­нос Арнның (1925-1867) «Аңыз-ертегі түрлерінің индекісі» ат­ты кітабы шықты. Арн Фи­нлян­дия мен Солтүстік Еу­ропа­дағы басқа елдерде басылып шық­қан халықтық аңыз-ертегілерді қа­ғазға түсіріп, аңыз-ертегілердің ұқсас сюжет­те­рін топтастырды. Қысқа, түсінікті, ша­ғын таныстыру жазды. Нақ­ты­лы принциптерге негіздеп аңыз-әңгімелердің сюжетін түрлерге бөлді. Арнның бұл кітабы да бү­кіл әлем халықтары аңыз-ерте­гілерінің толық мотиві бола алған жоқ. Ол кейінгі жыл­дары толық­тыр­ған мотивтердің индекс маз­мұны да Еуропа көлемінде ғана болды.
Осыдан кейін америкалық фольклорист, Индиана универ­си­тетінің профессоры Стис Томсон 1926-1927 жылдар­дың аралығында Финляндия ағы­мының негізін қалаушы Карл Ко­льннің жетек­шілігінде көлемді зерттеу жүргізіп, Арнның инде­кі­сіне маңызды түзетулер мен то­лықтырулар жасаған. Сөйтіп, 1928 жылы ағылшын тілінде «Аңыз-ер­тегі түрлерінің индекісі» атты кі­тап шығарды. Осыдан кейін дү­ние­нің әр жерінде көп елдер аса мол халықтық аңыз-ертегілерді баспадан шығарып қана қоймай, қыруар аңыз-әңгімелер сюжетін ретке келтірді. Осындай жаңалық­тардан кейін, 1928 жылғы индексті толықтырудың қажеті тіпті зо­рай­ды. Бұл қызметті Томсон одан ары жалғастырды. Ол әлемдегі түрлі ел­дердің аңыз-ертегілеріндегі жаңа материалдарға негізделе оты­рып, 1961 жылы индексті екін­ші рет бастырды. Осы басылым кейін 1964-1973 жылдары қай­та­дан баспа бетін көрді. Томсонның индекс жасаудағы қажырлы еңбегі осы саланың негізін салушы Анти Арнмен қатар аталады. Сол се­беп­ті, әлем елдеріндегі ауыз әде­биетін зерттеушілер олардың жік­теу әдістерін «Арн–Томсон жүйесі» немесе «AT жіктеу әдісі» деп атайды. Томсон түптеген ин­декстен кейін жарты ғасыр ішінде бүкіл жұртшылыққа таныс аңыз-ертегі сюжетінің индекстері жа­рық­қа шықты. Бұлардың бәрі де АТ индексінің мысалын, түрлерін, нөмерлерін дәлел етті. Томсон ин­дексімен қатар Н.Андреев Арн­ның түрлерге жіктеп, класси­фи­кациялауына сүйене отырып, орыс халқының аңыз-ертегі сю­жет­терінің индексін жасады. Арн-Андреевтің жіктеу тәсілі мен Андреев істеген барлық ма­териал­дардың индексі әлдеқашан орыс ертегі-аңыздарын зерттеу­шіле­рінің қолданысына енді. Бұл материалдар кейін әйгілі фольклор ғалымы В.Проптың толықтыруы­нан өтіп, Афанасий ертегі-аңыз­дар жинағының соңғы томына қосымша нұсқасы берілді. Осыдан кейін әлем елдеріндегі ғалымдар әр өңір мен ұлттың аңыз-ерте­гі­ле­ріне талдау жасап, түрлерге бөліп, қыруар индекстерді бастырып шы­ғады. Мысалы, Чехия (1929-1937), Испания (1930), Литва (1936-1940), Қытай (1937-1978), Италия (1942), Ирландия (1952), Түркия (1953), Батыс Индонезия топ аралдары (1953), Үндістан (1957), Куба, Бодоливер және Оң­түстік Америка, Испан тілді ай­мақтар (1957), Украина (1958), Фран­ция (1957-1976), Үндістан-Пәкістан (1960), Жапония (1966-1971), Англия және Солтүстік Америка (1966), Исландия (1966), Шығыс, Солтүстік Африка (1966), Орталық Африка (1967), Мексика (1973), Латвия (1977), Грузия (1977), Белоруссия (1978) т.б мем­ле­кет, ұлт, өңірлердің аңыз-ертегі түр­лерінің индексі баспадан шы­ғады.
Жалпы айтқанда халықтық аңыз-әңгімелердің мотив индек­сін жасау жұмыстарын қолға алу әрбір қайсы елдер үшін өте маңызды. Бұл саладағы жұмыстар фольк­лор­лық мұралардың жинақ­талып қана қоймай одан ары үздіксіз зерттеле беретіндігінің куасы болмақ.

Пікір қосу

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте как обрабатываются ваши данные комментариев.