Астанаға ақындар келді!

0
64 қаралды

Астана қаласының 20 жылдығына орай Мәдениет және спорт министрлігінің қолдауымен «Ақ ордалы Астанам» атты халықаралық поэзия кеші болатыны жайында оқырман қауымды құлағдар еткенбіз. Ел іші елеңдей күткен жыр дүрмегіне аустралиялық ақын, Шанхай университетінің профессоры Оуянг Ю, армениялық ақын, баспагер Гагик Давтян, ресейлік прозашы, ақын, сыншы, «Литературная газетаның» Бас редакторы Максим Замшев, қырғыз ақыны Акбар Рысқұловтар уақытында келіп жетті. Сонау Финляндиядан, Польшадан келген қаламгерлер де сол аталған жыр кешінен табылды. Халықаралық саясат пен геоэкономикалық мәселелердің хабына айналған Астанаға осы жолы арқалы ақындар келді.

Жыр жүйріктері жиналған кеш­тің шымылдығын ашқан Мә­дениет және спорт министрі Арыс­танбек Мұхамедиұлы: «Дү­ниенің әр қиырынан ескен самал мен ағын біткеннің лебіне құша­ғы ашық Ұлы қазақ даласының қақ жүрегінде, көне аңыздан жет­кен гүл тәрізді, ғажайып қала – Астана бой көтерді. Елбасымыз Н.Ә.Назарбаевтың теңдессіз ер­лігі мен ерен еңбегінің арқасында са­лынып, дамыған Қазақстан ас­танасына, міне, жиырма жыл бол­ды! Ол – заңды түрде мәде­ниет, әдебиет, ғылым, өнер, бі­лім, жаңа саяси және гума­ни­тар­лық идеялардың тоғысына ай­­­налған қала. Астана – әрі жас, әрі көне қала. Ол бар-жоғы екі он­жылдық ішінде қайталанбас өзін­дік бірегей ландшафтқа ие бо­лып, осы жерде бұрын салын­ған дүниенің бәр-бәрінен асып түсті. Астана заманауи Қазақстан мен бүкіл жер жүзінің ең озық идея­лары мен технологияларын кейіп­тейтін мегаполиске айнал­ды. Азияның інжу-маржаны, Еу­разия континентінің саяси жә­не экономикалық орталығы – Ас­тана өсіп-дамып, көркіне кө­рік қосып келеді. Оған өзге­ріс­т­ер жат емес. Көне түркі эпосы­ның, ға­жап қазақ әндерінің, саз­ды дом­быра күйінің қойна­уынан өсіп-өніп келе жатқан, өзгеріс атаулыны жатырқап, жас­қан­бай­тын Поэзияның нақ өзіндей…
Елбасының «Рухани жаң­ғыру» – «Қоғамдық сананы жаң­ғыр­ту: Нұрсұлтан Назарбаев мо­делі» атты ауқымды бағдарламасы ұлттың поэтикалық әлемімен һәм ақындардың туындыларымен ұш­таса түсетіні айтпаса да белгілі.
Біз ару Астанада, оның жиыр­ма жылдық тойы қарсаңында әлем­нің әр түкпірінен келген ақын­дарды қуана қарсы аламыз! Қош келдіңіз! Сізге бейбітшілік пен келісім тілейміз!» –деді.
Жазушылар одағы Басқар­ма­сы­ның төрағасы Ұлықбек Ес­дәу­лет те сөз алып, кешке келген қа­лам иелеріне жылы лебіз біл­дір­ді:
«Қасиетті Сарыарқа дала­сын­да, Елордамыздың төрінде «Ақ ордалы Астанам» атты ха­лық­аралық ірі фестивальдің ұйым­дас­тырылуы және оған қазақ ақын­дарымен қоса, алыс-жақын шет­елден қаламгерлердің тар­тылуы Астанамыздың 20 жылдық ме­рейтойына үлкен сый деп бі­лемін.                          Міне, бес күннен бері Астана­ның жұпар ауасын жұтып, ақын­ның өлең жолдарындай сұлу ғи­ма­рат­тарына тамсанып жүрміз. Кү­ні кеше келген қонақтар Бура­бай­ға, Баянауылға барып, қазақ да­ласының қасиеті мен қастерін ұғын­ғандай болып қайтты. Әсі­ре­се, шетелден келген қонақ­тар­дың әсері ерекше. «Астана бү­гін­де – Қазақстан жетістігі мен жеңіс­­те­рінің символы» деп Ел­­басымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың айтқаны еш шүбәсіз шындық. Жаңа астана салу идеясының авторы – Елбасы­мыз­дың «Рухани жаңғыру» тарихи стратегиялық бағдарламасы, міне, өздеріңіз куә болып жүргендей, қазірдің өзінде нәтижесін беруде. Бұл шара да «Рухани жаңғырудың» көрінісі. Ақындар да, халық та іш­тей түлеп, жандары нұрланып жат­қаны көздерінен-ақ көрініп тұр. «Ақ ордалы Астанам» жыр ке­шіне жиналып, ақындардың жы­рына сусап отырған астаналық ағайынның ақеділ көңіліне мың алғыс! Бүгінгі күн Астанамыздың тө­бесінен жыр жауған күн бол­сын!» – деді Жазушылар одағының төрағасы.
Қазақстан Жазушылар одағы Басқарма төрағасының орынба­сары, ақын Бақыт Беделхан поэ­зия кешіне қатысушылардың Дек­ларациясын оқыды:
«Поэзия – біздің поэтикалық өмі­ріміздің қозғаушы күші. Ғасыр­лар мен мыңжылдықтар тоғысын­да Астананың шын мәніндегі поэтикалық образы қалыптасты. Осы бір кереметті ежелгі Есілдің жа­ғалауында адамдар жасады. Бурабай мен Баянауылдың ұмы­тылмас ландшафтары қазақ хал­қының жадындағы мифтер мен аңыздарға, өлмейтін эпосқа жол ашады. Бұның бәрі біздің ақындық бауыр­ластықтың жаңа өлеңдері мен поэмаларында, аудармала­рын­да көрініс табады. Астанадағы Ха­лықаралық поэзия кешін Ұйым­дастыру комитетіне, ҚР Мә­дениет және спорт Министрлігіне, Қазақстан Жазушылар одағына және «KZ SF» ЖШС-іне шын жү­рек­тен алғысымызды білдіреміз. Қазақстан, Ресей, Ұлыбритания, Қы­тай, Австралия, Армения, Моңғолия, Польша, Финляндия мен Франция ақындары, поэзия кешіне қатысушылар аталмыш поэтикалық кездесу XXI ғасыр аста­насы – Астана қаласында жыл сайын өтетініне сенімді. Және бұл сенім мен үміт осы Декларация арқылы беки түседі. «Ақ Ордалы Астанам» поэзия кеші бірауыздан қабылданды».
Қазақстанның Халық жазушы­сы Олжас Сүлейменов шет елден өзінің құттықтау хатын жолдады. Хатта: «Астанамыздың жиырма жыл­дығына орай ғажайып Елор­дамыздың төрінде өткелі жатқан «Ақ Ордалы Астанам» атты поэзия кешіне жиналған түрлі елден кел­ген ақындар – Сіздерді шын жү­рек­тен құттықтаймын. Ақын сөз сұрамайды, ақын сөз алады! Қа­зақ­станда болғанда дүниеге келген Сіз­дердің поэтикалық сөздеріңіз, сіздердің поэтикалық образда­ры­ңыз осынау қарама-қайшылықты әрі қиын заманда мемлекеттер мен ұлттарды рухани біріктіруге қыз­мет етеді деп сенемін. Өкінішке орай, қазір Қазақстаннан тыс жерде жүргендіктен әрі уақыттың ты­ғыздығына байланысты сіздер­мен бірге бола алмадым. Астана­дағы поэзиялық кездесулер жыл сайын өтетініне сенімдімін. Келесі поэзия кешінде міндетті түрде бо­ламын!» – деді.
Фестиваль бағдарламасы бо­йын­ша қатысушылардың бір то­бы Бурабай өңіріне сапар шексе, бір тобы Баянауылға ат басын тіреді. Көр­некті қазақ ақындары Исраил Са­парбай, Есенғали Раушанов, Серік Ақсұңқарұлы, Бақыт Бедел­хан, Ардақ Нұрғазы, Хамит Еса­ман, Бағашар Тұрсынбайұлы, Бек­зат Смадияр, Нұртас Тұрған­бекұлы және Қырғыз Жазушылар ода­ғының төрағасы Акбар Рыс­құлов, фин ақыны, эссеші, славян, орыс әдебиетінің аудармашысы Юкка Маллинен, армиян ақыны, баспагер Гагик Давтян, орыс ақы­ны, аудармашы Михаил Сиде­ль­ни­ков, аустралиялық қытай ақы­ны, Шанхай университетінің про­фессоры Оуянг Ю Баянауылда бо­лып, табиғат аясында тыныстап, оқыр­мандармен кездесті.
Қазаққа Бұқар жырау, Жүсіп­бек Аймауытов, Сұлтанмахмұт То­райғыров, Қаныш Сәтбаев сын­ды кесек тұлғаларды сыйлаған Баянауыл өлкесіне келген қонақ­тарды аудан әкімінің орынбасары Мәдениет Ахметов, аппарат бас­шысы Қайыркен Абылғазин,
Бая­н­ауыл ауданының құрметті аза­маты Қорабай Шәкіров күтіп алып, ел мен жердің терең тарихы мен мәдениеті жайлы әңгіме өр­бітті. Қасиетті аудан өзінің қо­нақ­жайлығын көрсетіп, қонақтарға төрін ұсынды. Ақындар келесі күні Қ.И.Сәтбаев мемориалдық мұра­жайында жас оқырмандармен кез­десу өткізді.
«Қасиетті, қастерлі Баянауыл­дай елге, жерге деген құрметіміз шек­сіз. Баршаңызға үлкен рақмет. Қа­зақтың жаны қанша сұлу болса, Баянауыл да соншалықты сұлу», – деді кеш тізгінін қолына алған ақын Есенғали Раушанов. Ал ресейлік ақын Михаил Сидель­ни­ков: «Мені Қазақстанға шақыр­ған­да алдымда не күтіп тұрғаны, қан­дай сапар тосып тұрғаны маған бей­мәлім еді. Сөйтсем, мен өмір бойы Баянауылды іздеппін. Менің көзім осыған жетіп тұр. Бұл жерде табиғи өмір, ерекше әсер, мол поэ­зия бар екен», – деп жүрек жар­­ды сөзін айтты. Өз кезегінде сөз алған Оуянг Ю: «Мен Қа­зақ­стан­ға бірін­ші рет келіп тұрмын. Қа­зақ елін көріп көзайым болып қал­­дым. Себебі, мен Аустралияда бол­сам да, мені азияқанды ақын-жазушы деп түсінеді. Менің көзіме Азия десе болды, Шығыс Азия, Оң­түстік Азия секілді өзім көрген мемлекеттер елестейтін. Ал, Орта­лық Азияға келгенде Азияның жаңа бір бетін ашқандай болдым. Табиғаты, салт-санасы маған қат­ты әсер етті. Бақытжан Қанапия­нов, Ардақ Нұрғазы секілді қазақ ақын­дарын аудару арқылы мен қазақ әдебиетімен ептеп таныс­пын. Шығармашық адамы ретінде менің осы сапарым, өзім таныс ортаға келуім, қазақ әдебиетінің өкілдерімен етене араласуым бір ғани­бет оқиға болды», – деді. Ал, Акбар Рысқұлов: «Мен Баянауылға келіп, Бұқар жыраудың, Қаныш Сәтбаевтың, Сұлтанмахмұт Торай­ғыровтың қасиетті жерін көргені­ме қуаныштымын. Бар бол, Бая­науыл! Аман бол, Баянауыл!» – деген тіле­гін жеткізді.
«Ақ ордалы Астанам» идеясы­ның авторы және Баспа тобының жетекшісі Бақытжан Қанапиянов өзінің құттықтауында: «Поэзия – біз­дің поэтикалық болмыс-біті­мі­міздің қозғаушы жүйесі. Ға­сыр­лар мен мыңжылдықтар тоғысында Астананың поэтикалық образы пайда болып, тас пен шыныдан көне Есілдің жағасында осы ке­ре­метті тудырған адамдар арқылы нақ­ты шындыққа айналуда. Ал ес­тен кетпес Бурабай мен Бая­науылдың көркем жер бедері поэ­тикалық тұрғыда көз алдымызға миф­тер мен аңыздарды, қазақ хал­қы жадының өлмес эпосын жайып салады. Мұның бәрі жаңа өлең­дер мен поэмаларға, біздің поэ­тикалық бауырластығымыздың жаңа аудармаларына жан бітіре­тініне сенемін және соған көзім жетеді. Әлбетте, бұл кітапшаның ауқымы барлығын дерлік, бәрін бірдей қамти алмайтыны анық. Сондықтан, біздің поэтикалық кездесуіміздің нәтижелеріне сай, осы мереке аяқталысымен, жер ша­рының әр түкпірінен келіп, біз­дің елордамыз Астанада, аттары аңызға айналған Бурабай мен Бая­науылда бас қосқан ақындардың өлеңдерінен жинақ шығаруға дайындықты бастаймыз. Поэти­ка­лық бауырластық табыстырған қа­дірлі достар, өз шығармала­рыңыз­ды жіберіңіздер! «Аста­на­дағы поэзия кештері» мұқабасы ая­сында әлем ақындары бас бірік­тірсін! Жақсы да сан қилы ақын­дар! Белгілі бір уақыт, бір немесе екі жыл өткеннен кейін XXI ға­сыр­дың елордасы – Астанада тағы қауышайық!» – деп жүрекжарды сөзін айтты.
Халықаралық кештің мақсаты – Астананың кеңге құлаш жайып, көз тартқан сұлулығын жырлап, еліміздің рухани құндылықтарын, бірлігін ту етіп, жас ұрпақтың бойы­на отаншылдық рухты сіңіру болып табылмақ. Іс-шара бары­сын­да «Рухани жаңғыру» айдары­мен «Әлем ақындары Қазақстанды жырлайды» атты мазмұны биік туындылар жинағы жарық көретін болды.

Пікір қосу

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте как обрабатываются ваши данные комментариев.