БЕЛГІЛІ ЖУРНАЛИСТ, ӘЙГІЛІ АУДАРМАШЫ ЕДІ
31.08.2018
1589
0

«Мәткерім Әкімжанов өмірден озды» дегенді оқығанда «Әттеген-ай, дүние – жалған дегеніңіз осы екен ғой» деп күйзеліп отырып қалдым. Университетті бірге бітірген Рымғали Нұрғали, Қоғабай Сәрсеке, Есенбай Дүйсенбаев, Қарауылбек Қазиев, Әлдихан Қалдыбаев, Құрманбек Толыбаев сынды достардың бүгінде бірі жоқ, бәрі о дүниелік болған. Көңілге жұбаныш әкелері – бәрінің артында өсіп-өнген ұрпағы, газет-журналдарда жазған-сызғандары, әдеби еңбектері, кітаптары қалды.

Мәткеріммен 1958 жылы бі­рін­ші курста танысып, достас­қан­нан бастап өмір жолымыз қатар өрілді. Ол оқуға әскерден келіп түскен еді. Жасы бізден ересектеу еді. Бірінші курсты бітірерде мен қазақтың әдеби тілін таза сақтау жөнінде мақала жазып, ол жұртшылықтың сүйіп оқитын газеті «Лениншіл жаста» жарияланды. Онда белгілі, үлкен жазушылардың өзі қазақша баламалары бола тұра орысша сөздерді орынсыз қолданатыны сынға алынды. «Бөтен сөзбен былғанса сөз арасы» деген тақы­рыбы да айқайлап тұрды. Орта­лық партия комитетінен бастап Мәскеуде шығатын «Коммунист» журналына дейін маған «ұлтшыл» деген ат тағып, айқай-шу баста­лып кетті. «Лениншіл жастағы» аға­ларым мені қолдап бақты. Сталин өлгеннен кейінгі жылы­мық кезең болғандықтан оқудан шығарылмай, өзге де жазаға ілік­пей, аман қалдым.
Екінші курста оқып жүрге­нім­де «Лениншіл жастың» сол кездегі оқушы, студент-жастар бөлімінің меңгерушісі Сейдахмет Бердіқұлов ағамыздың ұсынысы­мен газет жанынан штаттан тыс студент-жастар бөлімі құрылып, басшылығына мені бекітті. Бұл іске жақын досым, курстасым Мәткерім Әкімжановты тарттым. Бөлімге мүше етіп Алматыдағы барлық жоғары оқу орындары комсомол ұйымдарының хат­шы­ла­рын кіргіздік. Жоспар жасап, іс­ке кірісіп кеттік. Ең алғашқы дайын­даған материалымыз «Сти­п­ен­дия алған күн» деп аталды. Тақырып өте өзекті, көкейтесті, қызықты, маңызды еді. Қолда­рына шәкіртақы тиген жастар оны орнымен пайдаланудың жө­нін білмей, әртүрлі жағдайға ұшырап, сауықтыру үйлеріне де түсіп қалатын. Қаланың жоғары оқу орындарында болған осын­дай шетін оқиғалар біз дайында­ған материалға өзек болды. Дүң­гіршектерге түскен «Ленин­шіл жастың» дәл сол саны әдеттегіден де ертерек, жылдамырақ сатылып кетті. Мақала жұртқа ұнады. Бө­лім­­нің келесі дайындаған мате­риалы «Пәтер көрген жерің бар ма?» деп аталды. Ол кезде Алма­тыда жатақханалар аз, студент­тер­дің көбі пәтер жалдап тұратын. Пәтер иелері негізінен орыстар. Қаладағы қазақтар саны студент­терді қосқанда сегіз-тоғыз пайыз­дан аспайтын. Қаланың не­­гізгі тұрғындары өздерінің үй салғанға дейінгі «уақытша» ме­кен­деген ескі, нашар баспанала­рын бұзып тастамай, оларға сту­денттерді кіргізіп, жалдап, ақша табатын. Ондай пәтерлердің қа­бырғалары жұқа, өздері сыйық­сыз, тар, сыз, суық болатын. Үй ие­лері ішетін адамдар болса, сту­денттердің хал-күйі тіпті қиын. Оқу орын басшылары тарапынан пәтердегі студенттерге ешқандай көңіл бөлінбейтін. Шәкіртақысының жартысын үй иесіне төлеген студенттің одан кейінгі күнкөрісін шамалай бе­руге болады. Мәткерім екеуміз де жатақханадан орын тимей, сон­дай өмірдің дәмін татқамыз. Осындай мәселелерді көтерген мақаламыз жұртшылықтың да, орталық комсомол комитетінің де назарын аударды. Ұмытпасам, бұл республика комсомол ұйы­мы­ның басшылығына Өзбекәлі Жәнібековтың келген кезі еді. «Лениншіл жастағы» мақала Орталық комитет бюросының кеңейтілген отырысында жоғары оқу орындары проректорлары­ның, партия, комсомол ұйым­дары хатшыларының қатысуы­мен талқыланып, студенттер пәтерде тұратын үйлердің тізімі алы­нып, ондағы жастардың жағ­дайы­на үнемі көңіл бөлініп, тұр­мысы төмен отбасынан шыққан, жағдайы қиын студенттерге қа­жет кезінде материалдық көмек көрсетіп отыруға дейін ескерілген шешім қабылдануы газеттің де, біздің де мерейімізді көтеріп тастаған. Біздің бөлім одан кейін де бірнеше материалдар жария­лады.
Төртінші курстың соңына та­ман журналистика бөлімінің студенттері облыстық, республи­калық газеттердің редакциясына тәжірибеден өтуге жіберілетін. Рымғали екеуміз отызыншы жылдарда Саттар Ерубаев басқар­ған Қарағанды облыстық «Ор­та­лық Қазақстан» газетіне, Мәтке­рім «Лениншіл жас» газетіне баруға жазылдық. Практика аяқ­талып, қайта жинал­ғаны­мыз­да, жазғандарымыз тәуір бағала­нып жатқанда, курстасымыз Рым­ғалидың: «Менің білуімше осы жолы бәрімізден олжалы Мәт­керім болды, ол газетті көр­кем­­деп, әр материалды жарқыра­тып, жайнатып берудің Қазақ­-
с­тан­дағы озық мектебі «Ленин­шіл жастың» секретариатының қаза­нын­да қайнап, тәлім-тәр­бие­сінен өтіп келді» дегені есімде.
Төртінші курсты бітірген соң, жастар газетінің штаттан тыс бөлі­міндегі еңбегіміз ескерілген болуы керек, жаз айларында Мәт­керім екеуміз «Лениншіл жас­қа» қызметке шақырылдық. Күзде Рымғали Нұрғалиев те біздің қатарға қосылды. Кейіні­рек мен газеттің Қарағанды облы­сын­дағы меншікті тілшісі, бөлім меңгерушісі, жауапты хат­шы­сы болып қызмет баспалда­ғы­мен жоғарыладым. Газет редак­то­рының сол кездегі орынбасары Қалдарбек Найманбаев «Білім және еңбек» журналына редактор болып ауысқанда, «Лениншіл жасты» абыроймен басқарып, тиражын шарықтатып өсіріп, республикадағы орыс, қазақ газет­терінің арасында бірінші орынға шығарған Шерхан ағамыз мені өзіне орынбасарлыққа ұсы­на отырып, «Жауапты хатшылық­қа кімді қойғанымыз жөн?» деп ақыл­дасты. Мен Мәткерімді ата­дым. «Журналистігі ешкімнен кем емес, ал артықшылығы – га­зет­ті көркемдеуді, әр матер­иал­дың тынысын ашып, жайнатып, жарқыратып беруді өзгелерден артық білетіні. Бұл жауапты хатшы үшін өте қажетті қасиет қой» дедім. Шерағаң келісті.
Кейінірек Шерағаң «Жалын» альманағына Бас редактор болып ауысып, орнына Сейдахмет Бер­ді­құлов редактор болып келді. Бір кезде өзі бөлім меңгерушісі, жауап­ты хатшы болып қызмет атқарған ұжымға басшы болып қайта оралған Сәкең ұжыммен тез-ақ тіл табысып, газеттегі қалып­тасқан жақсы дәстүрлерді жалғастырып алып кетті. Ол ауыл өмірін, ел өмірін, халқымыздың салт-дәстүрін, шұрайлы тілін барынша жақсы білген, бала кезінен қанына сіңірген, қаламы қарымды, талантты журналист еді. Газетке баратын материал­дар­ды қарағанда сөйлемдерге, сөздерге тиісе бермейтін, тек кей уақытта ғана сол қолына ұстаған қаламымен (Сәкең солақай еді) сыр дегізіп, тақырыпты белінен бір-ақ сызып, сойдақтата жазып, басқа тақырып қойып жіберетін. Және ол тақырыбы материалдың өңін кіргізіп, мазмұнын аша түсетін. Арнайы беттер, нөмірлер дайындаудан бөлімдер арасында жарыстар, жекелеген тақырыптар бойынша бір нөмірден келесі нөмірлерге созылып жататын пікірталастарын ұйымдастыруға барынша мән беретін. Сонымен бірге ол газеттің бүкіл мақаласын не газеттен, не гранкадан, не бет­тен оқып көз майын тауыспай­тын. Мұны сенімді орынбасар мен сауатты жауапты хатшының жұмысы деп білетін. Газетке кел­ген кезден бастап Сәкең комсо­мол тұрмысы, оқушы, студент жас­тар бөлімі сияқты бірнеше бөлімдерге күнделікті жетекшілік жасау, материалдарын қарауды орынбасары маған жүктеді. Бірер бөлімнің материалдарын жауап­ты хатшы Мәткерім қарайды. Әде­биет, адамгершілік тәрбие және спорт бөлімдерінің жұмы­сын Сәкеңнің өзі қадағалайды.
Сол кездегі біздерді қатты шар­шататын бір жағдай – Ор­талық партия, комсомол коми­теттерінің сьездері, пленумдары еді. Партия пленумының матер­иал­дары ҚазТАГ арқылы аудары­лып келеді, комсомол пленумы­ның материалдарын өзіміз ауда­ра­мыз. Құлаш-құлаш дүние­лер, сөйленген сөздер. Баспа­ха­на­да материалдар қорғасын әріп­тер­мен қолдан теріледі. Күні-түні салпақтаймыз. Жауапкершілігі бастан асады. Сәкең келген кезі­нен-ақ бұл жұмыстардың бәріне мені жауапты етіп белгілеп қой­ды. Жігіттердің ынтасын, қабіле­тін ескере келе бұларды негізінен Рәшит Рахымбеков, Құрманғазы Мұстафин үшеуміз орындауға дағдыландық. Уақыты жетіп жат­са, кейде бізге жауапты хатшы Мәткерім Әкімжанов қосылады. Кейін мұның пайдасын көрдік. Төртеуміз де жап-жақсы аударма­шы болып қалыптасып, танылып, талай кітапты қазақша сөйлет­тік… «Лениншіл жаста» қызмет істеген жылдарда Мәткерім көп­те­ген талапты жасқа тәлім-тәр­бие берді. Серік Әбдірайымов, Жанат Елшібеков сияқты ынталы інілері газетті қалай көркемдеп шы­ғарудың түрлі әдіс-тәсілін үй­ренді.
Мәткерім қай уақытта, қан­дай жерде қызмет атқарса да ау­дар­машылық өнеріне шындап ден қойды. Бұл істен қол үзген емес. Орыс және шетел жазу­шы­ла­рының танымал, жастар үшін қызықты туындыларын қазақ тіліне сәтті аударды. Солардың біразын атап өтуге болады. Ол Геннадий Голышевтің «Саяқ» повесін, Василий Шукшиннің «Өзімнен сұрар болсам» өмір­бая­н­­дық эссесін, Адольф Дихтяр­дың «Рагузов жотасы» повесін, Ана­толий Безруковтың «Қыл­мыс­­кер­лер» романын, Нобель сый­лы­ғының лауреаттары Майн Ридтің «Оцеола – Семинолдар көсемі» романын, Сэтон Томп­сон­ның «Кішкентай жабайылар» романын, Уильям Фолкнердің «Сар­торис», «Аю», «Аруақты қор­­лау» романдарын, Леон Фей­х­­т­венгердің «Ағайынды Лау­тензак­тар» романын, Николай Ва­си­льевич Гогольдің атақты «Өлі жандарын» қазақ оқу­шы­ларына тарту етті. Бұлардың бәрі бүгін де, келешекте де жастары­мызға керек дүниелер.
Бақұл бол, қадірлі дос!

Болат БОДАУБАЙ,
жазушы, Қазақстанның Еңбек сіңірген қайраткері,
Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының иегері


Қазақ әдебиеті тағы да қазаға душар болды. 83 жасқа қараған шағында жазушы, аудармашы Мәт­­керім Әкімжанов қай­тыс болды.
Мәткерім Әкімжанов 1936 жылы 5 мамырда Ал­маты облысы Ескелді ау­даны Шұбар ауылында дү­ние­ге келген. 1955 жы­лы Шұбар орта мектебін, 1963 жылы қазіргі әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық Университетінің журналистика факульте­тін бітіріп шықты. Сол жылы қазіргі «Жас Алаш» газетіне қабылданып, жау­ап­ты хатшы, бас ре­дак­­тордың орынбасары қызметтерін атқарды.
1976 жылы Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің ұйғары­мы­мен «Мектеп» баспасы­ның бас редакторлығына тағайындалды. Содан бері «Жалын», «Қазақстан» баспаларында ұзақ уақыт жұмыс істеді.
1996 жылы зейнеткерлікке шыққан соң ҚР Білім және ғылым министрлігінде жұмыс істеді. Мәткерім Әкімжанов аударған «Семсер мен қалқан» (4 сериялы), «Жеті бірдей боздағым» фильмдері алтын қорға қабылданған.
Әр жылдарда «Бір мектептің түлектері», «Үлкен өмірдің үш кезеңі» (Нұрмолда Алдабергенов туралы деректі хикая) кітаптары мен Майн Рид – «Оцела Семинолдар көсемі», «Василий Шукшин – «Өзімнен сұрар болсам», Адольф Дихтяр – «Рагузов жотасы, С.Томпсон – «Кіш­кентай жабайылар», Уильям Фолкнер – «Сарторис», «Аю», «Аруақ­ты қорлау», Анатолий Безуглов – «Қылмыскерлер» аудармалары жарық көрген.
М.Әкімжанов Қазақстан Жоғарғы Кеңесінің Құрмет грамотала­рымен, ВПКСМ Орталық Комитетінің, Қазақстан ЛКСМ Орталық Комитетінің Құрмет грамоталарымен, «Баспа және полиграфия ісінің ардагері» медалімен наградталған.
Саналы ғұмырын қазақ әдебиеті мен руханиятына арнаған қаламгер­дің жарқын бейнесі жүрегімізде мәңгі сақталады.

Қазақстан Жазушылар одағының Басқарма секретариаты

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір