САНА-ТҮПТІҢ САН СИҚЫРЛЫ СӘУЛЕСІ

0
23 қаралды

Светқали НҰРЖАН


 

Т.Әбдікәкімов

(Т.Әбдікәкімовтің «Алқоңыр Дүние» кітабы хақында)

«…Сахнада – «Дариға-ай» жастар театрының әртістері.
Ә.Кекілбайұлының Тыныштықбек туралы толғамдарын кезекпе-кезек төкпелеп келіп, ақын өлеңдерінен жасалған қойылымға ауысты. Әншейінде, ұғымға ауыр көрінетін ақын жырлары тереңнен тербеген, жүректен қозғаған жастар талантының арқасында әр жүрекке шымырлап сіңіп жатыр. Қасиет пен қасіреттің бесігіндей Семейден басталып, барша адамдық, ғаламдық кеңістіктерге қанат ұрған ақын шығармаларының шырайы бір шықты-ау!.. Санамыздың барлық тірі Сәулелеріне тіл бітіп жүре берді.


Тыңдаңыз:
«Сезімнің сынықтарын құрсар күйді
Сен маған осы қазір қисаң қидың!» –
деп түнгі құрбым отыр,
Омырауынан
Бүр жарған жұлдыздардың исі аңқиды… –
Бұл Қарауыл өзенінің жағасында ерте көктемде түн жамылып отырған балауса ақын ғой.
Не деп саған жазайын, қой қоздаған,
Тау мөңіреп, аспанда Ай боздаған.
Жұлдыздар да түрткілеп түйсігімді,
Түсініксіз діріл бар бойда аздаған… –
Бұл енді Шұнай тауының бөктерінде қой бағып жүрген бозбала шайыр. Адам бір түрлі «Абай жолының» кейіпкеріне айналып, Абай заманына өтіп кеткендей ме, қалай?!
Бозбала ақын, енді бір қарасақ, Шыңғыс­таудың баурайында шешесіне түс жорытып отыр:
… – Шеше деймін, тыңдашы, шеше деймін,
Бұл бүгінгі түс емес, кеше деймін,
Бір ашқарақ қой маған көп маңырап,
Түсіп кетті қолымнан кесе деймін!
– Қайдағыны, қарағым, ойға аласың,
Қар мен жаңбыр жатыр ғой найзаласып.
Ашқарақ қой сендегі – алаң көңіл,
Сынған кесе – кешегі ай жаңасы…
Көкірегі – көңілі дала-мекен,
Дала-мекен, шешем-ай, балаңа кең.
Қызыл-жасыл ойлардың хикметі
Құбылмалы маусымнан ғана ма екен?

Қайдағыны жоқ менде қайғы санау,
Қайратыма, ісіме алғыс алам.
Көрген түсті көктемге жорысаң да,
Көп күрсіне бердің ғой, байғұс Анам?!
Әттең-ай! Манағы бір көзінде көгілдір нұр дірілдеген, көңілінде көп періште күбірлеген, ерте көктемнің ексімінен кірпігі ілінбеген уыз-бозбаланың ақжелең дәурені тым қысқа бол­ды-ау.
Қап-қараңғы.
Үрейдің қаңқасындай
Мына түннен азырақ қорқасың да.
Сыртта боран булығып…
Жын күледі
Моп-момақан пешіңнің қолқасында.
Манағы елжірек көңіл, желбірек сезім қай­да ұшып кетті екен? Енді ол, енем екен деп әр қойдың алдынан шығып, оңбай таяқ жеп жүр­ген «Жеке қоңыр» – жетім қозының соңында шырылдап жүр.
Неге оларға барасың…
Бүйіріңнен
Солқ еткізе салмай ма мақұлықтар! –
деп жанұшыруда.
Сөйтсек, ақын көкірегіндегі көгілдір тау­лар көнеріп, көгілдір көлдер сыздап, көгілдір түндер қанталап үлгеріпті! Өйткені айналаның бәрі – «кіл күйік тау, ісік төбе» көрінеді; «Бұлт емшегін тек сайтан-сағымдар» ғана сорғылап жатыр; «Ағысы жоқ арналар бұралқы итке ай­налып ұлып» кетіпті; Ұйқыдағы жұрт соңғы рет «Шыңғыстаудан тамырларын қопара бұлт­тар ұшқанын» ұмытып қалыпты; «Қақ­па­лардың алдында тау желіне қосыла маңыраған арқарлардың мүйіздері» ғана қалған. Даланы «гүлдің тілімен пішіндесе» де ұқпайтын ел бар. Себебі олар «өз тілдерін өздері түсінбейтін» болған! Демек, бұл далада қаттырақ күрсінудің өзі қауіпті: «Қурап тұрған дала лап-п ете түсері анық!» «Дегелеңнің миы атылып кеткелі», «жер төсіне атом сына қаққалы» бұл далада «мияу­лаған иттер» мен «ұлыған мысықтар» сон­дай-ақ, «ата жолын қуғыш момын», «ақ қан­ды қара халық» қалыпты. Себебі: Ата-Қа­зақтың «тілі төресініп, көзі көсемсініп, құлағы құ­дайсынып, дулығалы басы үшке бөлініп, Дуа­лы Ауызы отыз рулы тіске бөлініп, Қызыр бол­ған Ағаны «Қызыл» болған аға атып» жүр­генде, қонақ біткен қойынынан қорған тауып, «таңданғандары – тамыр болып еркелеп, жонданғандары – әмір болып қонып алыпты желкеге». Содан бері, Ата-Қазақтың «нәзік тыл­сым жанын бұ Дүниенің полигондары қақ­тап», «күлтілдеген қу далада қара түннің қол­тығындағы қызыл без – қып-қызыл Ай шо­шып­ты!..» Содан бері, «Дәті – Кәлимадан да ауыр, зәресі – Жәһаннамнан да терең» Қазақ «аш ауыздардың сілекейлеріне асылып өле» бастапты. «Қызылпатшалық империя ындыны қызыл сөздер түндігін бүлкілдеткенде – Текті Ойлардан қан ағып», «шаңырағын шой бал­ғалап, маңырағын қол орақтап, түзін жүз мың түренмен сойғылап, Аруақтардың басындағы Ай құлап!..» сөне бастапты. «Жүрегінен құлағы үлкен жұлдызы мол иықтар мемлекеттік миық­тан күле жүріп, Абыройына Атом сұғып­ты»! Содан бері: «Қазақтың Қара өлеңі табы­ты­ның тақтайын қызыл тілмен жона жүріп Ән айтып келеді» екен! Содан бері, сөзімен «қан­жардың жүзін жып-жылы, жыланның тілін тәп-тәтті, көрдің өзін жап-жарық» қылып жі­­беретін Ақын «төртбұрышты сұп-сұр Дү­ние­нің ортасында» «төртбұрышты қызыл қағаз­дарға» «үшбұрышты табыт сатып алмақ» болып отыр. Баяғы «сауысқан саз таң – бозарып атады», баяғы «қарға сарын Күн қарайып бата­ды…» Кенет осынау аласат Дәуір, аласапыран Жырдың алып сахнасының төрінен:
Қош бол, Сен, Шағанайым – үр асылым,
Ашылмай кетер елге бұла сырым.
Қара заң буындырған Қара өлеңнің
Қазақы қаны ұйыған дұғасымын! –
деп аяулы жары – Шағанын жетектеп, қазақ­тың Қара Өлеңін жетпіс жылдық дерттен, кір­ден, ыластан, мерезден тазартқан, қазақы кер­миық сөздің барша мүмкіншілігін ашқан, қазақы тұңғұйық ойдың барлық қиырларына түрен салған, барша қазақтың барлық уа­қыттағы ұлы ақыны Тыныштықбек шығып келеді екен!..».
Бұл – келте үзінді менің осыдан он бес жыл бұрын Семейдегі Тыныштықбек Әбдікәкімов­тің 50 жасқа толған тойынан алған әсерімнің бір парасы еді. Иә, шынында, ол кезде, сол сәтте мен дәл осындай хәл кештім. Дәл сол се­німде едім… Он бес жылда көгімізден қанша жұлдыз ағып өтпеді, қанша жасын көкірегімізді қарып өтпеді; қаншама таулар опырылып құла­мады, қаншама сулар сапырылып жыла­мады дейсің?..
Жә, басынан бастайыншы. 1986 жылдың қаһарлы Желтоқсаны өткен кез-тін. Барлық жерді тіміскілік, жымысқылық жайлаған. Көзі көгіс жұрттың бәрі – құдай! «Құдайға» тірі жаз­­ған біз, бір түрлі, мынау қоғамның, мынау қоныстың, мынау қаланың, мынау мемлекеттің өгей баласы сындымыз. Өгей болғанда да, жеті насыры жерге бүгілген, ашуға болмайтын есікті ашып қойған, қайтып келімге келмес бір нәрсені оңдырмай бүлдірген жұтықы баладай­мыз. Көзі көгісің не, осы топыраққа тағдырдың түрлі толқыны салындыдай лақтырып әкеліп тастаған келімсек атаулының бәрі бізге бапан­дай! Бірақ, обалы не керек, сол ызғарлы қыс кө­кірегінде тірі еті бар қазақты қайраудай қай­рап еді! Өкімет пен партияға өлердей сеніп келген қаймана жұрт Алладан басқа панасы, қазақтан басқа қарасы жоғын сол жолы бір ұғынып еді-ау…
Қарлы қаңтардың сондай күндерінің бірі болса керек, Шер-ағаң – Шерхан Мұртаза бас­­қаратын «Қазақ әдебиеті» газетіне Тыныш­тықбек Әбдікәкімов деген ақынның «Құбыл­малы маусымның қызыл-жасыл ойлары» атты топтамасы жарқ ете қалды. Газеттің поэзия бөлімінің меңгерушісі Иран-Ғайып ағамыз-тын. Өлшемі өзгелеу, мөлшері бөгделеу жас таланттарға есігін айқара ашқан кез-тін. Бірақ осы жолғы сыйлығының – жыр аламанына қосқан жүйрігінің тойнағы тым бөлек еді! «Соц. реализм» атты тазкепеш-шірне – мәң­гүрт-телпек басына көнмен тігіліп, шимен шегеленіп кигізілген, шекесі шытынап жүрген біз байғұс жарыққа үймелеген аквариумның мылқау шабақтарынша әлгі өлеңдерге шүпірлеп кеп үңілдік-ай!.. Ол өлеңдерден – біз­дер, яки ауылдан шыққан ақындар, басы­мыз­дан сан мәрте кешкен, бәріміз талай рет сезінген, алайда осы уақытқа дейін, біріміздің тіліміз олақтықтан, біріміздің ойымыз, бәлкім, біліміміз шолақтықтан, біріміздің түйсігіміз молақтықтан жеріне жеткізіп айта алмай жүр­ген өмір суреттері шұрқырап, сезімдері бұр­қы­рап қоя берді-ай!.. Содан көп ұзамай ақынның өзі­мен танысудың да сәті түсті. 87-нің ерте көкт­емінде республикалық телеарна жас ақын­дар туралы хабар түсірді. Оған Семейден Тыныштықбек, Ақтөбеден Ертай Ашықбаев, Қарағандыдан Оңайгүл Тұржанова, Жез­қазғаннан Бақтыбай Аманжолов, Шымкенттен Назым Байоралова, Алматыдан мен қатыстым. Ұйымдастырушы Қымбат Әбілда. Бұл ха­бар­дың басқа хабарлардан сипаты бөлектеу бол­ды: студияда біз өлең оқыдық, қарсымызда қа­зақтың қабырғалы ақындары Ғ.Қайырбеков, Т.Молдағалиев, С.Иманасов үшеуі отырып біздердің туындыларымызға сын пікірлер біл­дірді. Ол енді, басқа әңгіменің желісі… «Ро­зыбакиев-269» дейтін жалға алған пәтерімде жал­ғасқан сыр-сұхбаттарымыз біздерді тым ете­не қылып жіберіп еді. Алыстан ағалары кел­ген, желтоқсанда жәбір көрген жетім бала – мен біраз құсамды төксем керек… Міне, с­одан бері Тыныштықбек Әбдікәкімов, менің ға­на емес, күллі қазақтың көз алдында. «Күллі қа­зақ» дегенім сәл асығыс сөз, барлық өлең­сүйерлердің десем, артық болмас…
2001 жылдың жазында Әбіш Кекілбайұлы елге келді. Бір оңаша сұхбат үстінде әшейінде көп құпиясын құлыптап ұстап үйренген ол кісі, неге екенін қайдам, менің шығарма­шы­лы­ғым туралы мақала жазбақ болып жүргенін айтып қалды. Мен: «Аға, ықыласыңыз үшін ға­на қарыздармын, аса көп жарияланып жат­пасам да әдеби ортаға ертерек танылдым ғой. Менің елде көзтасалау болып жүрген екі та­лантты досым бар, бірі – Тыныштықбек, бірі – Сабыр Адай. Егер, мүмкін болса, алдымен осы екеуі туралы мақала жазғаныңызды қалар едім», – деп қиылдым. Ағам маған томсара қарап тұрды да, күрт ырзашылық танытты: «Алдымен өзіңді емес, достарыңды қамдаға­ның Құдайсүйер қасиет. Мен де солай едім. Осынымнан талай опық та жедім, бірақ қайт­кенмен де сенің бұның дұрыс», – деп сөзді келте қайырды. Аға сөзінде тұрды: 2001-дің қыр­күйегінде Тыныштықбек туралы «Күн тұтыл­ған бір әлем жүрер іште»; 2002-нің көкте­мінде Сабыр хақында «Өзегіңді үзе сүй өз еліңді» деген толғамды толғау-мақалаларын жария­лады. Достарымның дуалы ауыз ағаның уәлі қаламымен күллі қазаққа танымал болу­ларына, аз да болса, септігім тиді-ау деген мар­қа-көңілмен жүрген мен өзім туралы ма­қаланың жазылмай қалғанына өкінгенім жоқ…
Сөйткен Тыныштықбектің «Алқоңыр Дү­ние» атты кітабы алдымда жатыр. Биылғы Мем­лекеттік сыйлыққа ұсынылыпты. Бұл сый­лықты ол әлдеқашан алса керек-ті. Алайда әр істің сәті мен орайы бар, енді беріліп жатса да өкініші жоқ. Достық, інілік қарыз үшін, одан да бұрын Қара Өлеңнің кепиеті үшін қол­ға қалам алмасқа болмады.
Хош, сонымен, «Алқоңыр Дүниенің» соң­ғы бетін жапқанда санамды ілкі қапқан ойдан бастайын сөзімді. Ең әуелі, Мүбәрак пайғам­бары­мыздың: «Менен кейін ақындар келеді», – деген сөзінің шын мәнін ұққандай болдым. Өйткені қоғам өзгерерде, дүние жаңғырарда ақындардың жүрек-қоңыраулары безілдеп қоя беретіні бесенеден белгілі құбылыс. Адамзат немесе ұлт өміріне зорлап таңылған өктемдік пен озбырлықтың, бассыздық пен басқын­шылықтың қандай түріне де ең бірінші болып ақындар қарсы тұрып, солар жойқын аждаһа­ның толмас ындын, қанбас құрдымына алды­мен жұтылады. Олар жұтылып кеткен күннің өзінде, қарап жатпайды, ұлттың қайта түлеп-тірілуі үшін рухымен, рухы сіңген шығарма­лары­мен қызмет жасап жатады. Ал күні туғанда әлгі жеті басты жалмауыз аждаһаның бас­тарын ақиқаттың аса таяғымен езгілеп өлті­ретін де сол ақындар! Аса таяқ – Алланың ая­нындай иләһи-илхам сөз! Зұлымдықтың үкі­мін ешқандай сот әділ шығарып көрген емес, ең бұлжымас үкімді шығарушы хас ақын ғана! Жендет-қоғам, сондықтан, ең әуелі, ұлттың рух шырақшыларындай ақындарын жа­залап, ұлт санасын олардан «тазалап» отыр­ған… Һарамы қоғамның жаназасын шығарған ақындарды алыстан іздеп жатпай-ақ, бір ғана Мәшһүр Жүсіп Көпеевтің «Замананы бол­жауын» шолып шықсақ та жетіп жатыр.
…Мәңгі-бақи бұл дүние тұрмақ емес,
Қалжыратып, шаршатар күнде кеңес.
Өлмеген құл көреді, асықпаңдар,
Бұл Кеңес те таусылып, болад көмес…

Мың тоғыз жүз, міне, отыз бірінші жыл,
Жылқы кетіп, қой келді, мұны ырым қыл.
Қойдан қоңыр заманды бір көрмексің,
«Қой анасы – бестен» деп бусайшы бел!.. – деп, Кеңестің (Совет өкіметі) қашан келмеске кететініне, тәуелсіздіктің қай жылы жететіне дейін қазақтың Ата-Тілінде тәпсірлеп кет­ке­ніне таңданасыз да қоясыз… Біздің кейіп­кері­міз Тыныштықбек Мәш-екең құсап Алланың кәламына немесе көненің іләміне сүйеніп отырған жоқ. Алайда Жаратушы Ие айырықша талант пен бөлекше талай берген ақын ішкі жойқын рухани қанағатсыздық пен сухани жарылыстың күшімен кешегі алапес қоғамға өз үкімін шығарды. Нанбасаңыз, тыңдаңыз…
«Ақындарың мен батырларыңның сүйегін, – Абақтылар түнегіне қақтаған, – Қызыл жаға көп «қаған», – Етіктері дастарханыңды тап­та­ған, – Қызыл тулы шұбырынды ақтабан, – Көр­сетті ғой аш ауыздардың сілекейлеріне асы­лып, – өлу дегеннің не екенін! – Ій-й, Қара Өлең шекелі, – Есіңде ме, Қызылпатшалық империя Ындыны, – бүлкілдеткенде Қызыл Сөздер түндігін, – Текті Ойыңнан қан ағып!.. – Қалқаныңды қақпақ етіп аузыңа, – Ақ қаға­зың – жайнамаз: намаз жаттап қып-қызыл, – Азаттықтың көздеріне құлдық тілін сұққы­зып, – Көлеңкеңе құлақ бітіп іңірде, – Түр­шігу­ші ең ғой тапаншалы күбірден…». Қалай, оқырман, осы жолдардағы шындықтардың әр қарпі бір тамшы уға айналса, сеспей қата­рыңызға күмәніңіз бар ма?! Мен күмәнсізбін… Ары кеттік:
«Бастар барда, жоспар барда қоғамдық, – Обал болып, Арал болып жоғалдық! – Намыс тап­тап… нан ұстап та, қол алдық, – Бүлінбей-ақ, білінбей-ақ тоналдық! – Ақталдық та… Мақ­талдық та… Құп алдық, – Жүз мың жылға же­терліктей сыналдық! Жә, Қара Өлең, Тари­хының сақал-мұрты күзелген, – Ұғымың­ның Ұнжырғасын үзем мен! – Күдігіңді күрке етіп, – күретамырыңды білте етіп, – Не Қызыр жоқ, көз жасыңды сүртетін, – Не түлен жоқ түр­тетін, – Әлі отырсың қаперсіздік жұртында!..» Оқырман, мүлт мүдіріп, кілт кідіріп тоқтай қа­лыңыз! Міне, біз осы жерде ақын аузымен айтылып қалған сұрапыл ақиқатқа жолықтық! Ескі ілімнің айтуынша, адам баласын қоз­ғаушы ішкі-сыртқы күштер: періште мен сай­тан; рух пен нәпсі болса, оларды күшейтіп-әл­сірететін пенденің өзімен-өзінің мігірсіз күресі. Жеке адам бойында жасалатын осынау Құдайлық эксперименттер нәтижесінде қоғам ілгері жылжиды. Ал сол жақсылыққа қарай қозғаушы Қызырдан (пайғамбар-періштеден) немесе жамандыққа бастаушы түленнен (ібілістің баласы) айрылсаң, адамның қандай құ­быжыққа айналарын түстеп тануға көп біліктің қажеті бола қоймас. Міне, рухы да, нәпсісі де өлген, «жануариялық ілімге» мел­дектеген міскін ненің қадіріне жетпек, кімді ардақ тұтпақ?.. Бізді осындай мүжәлсіз хәлге түсіру үшін: «Ауа да өртелінді. Су да тұншық­тырылды. От та өлтірілді. Олар Топыраққа жерленді. Құсалықтан Топырақ та қайтыс болды…» «Даласына саусақ безеп тұрған қола Сұлбаны, – тәңір тұтқан Ұлы Түздің қара көзді ұлдары, – жат тілінде бұқаралық аят оқып, күні үшін… – Саясаттың қоза түскен ұрғашылық жы­нысы, – сақал-мұртын түземеген пролетар тү­рінде түске енетін, – халықаралық қор­қы­ныштың түнінде» оянып кеткен Қаза­құлының санасы енді қайтіп тарғылданар-малғұнданар, пәркіленер-тәркіленер екен деген үрейлі ой өне бойыңды, ене-көңілді жайлап алмады ма?.. Ақын аузынан абайламай, жоқ, айқын-кәміл-илхами айтылып қалған Ақиқаттан бізге, яғни «ақ қанды қара халыққа» қандай кесапат эксперименттер жасалғанын ұқтық! Сондықтан да, «жусаниялық құштарлығының обалы – жалмаңдаған жануарияның тұмсы­ғында жоғалған» жұртқа қарап: «Яғни, «Боққа айналу» деген сөз бар, боқ тілде! – Кие де жоқ! Аруақ та жоқ! Періште де жоқ мүлде! – Тым құрмаса, түлен де жоқ түртіп ойнар көңілді!.. – Тфу-у!.. Өйткен жанталасы құрып кетсін өмір­дің!» – деген ақынның өттей ащы ызасына сенің өрттей қыжыл, оттай қаның шыжғыры­лып қосылмаса, онда сенің де біржола «боққа айналып» тынғаның! Сондықтан да: «Ша­лақа­зақ түсінікпен шалап ішіп сан дарын, – Ар­манды Елдің әліппесін орманды Елдің том­дары жаншып жатса, – Ар алдында жөн көр­гендей бұғуды, – Көкжал Ойлар үнсіз-түн­сіз көкірекпен ұлуды әдет қылып, – тірлік мә­нін күнкөріспен өлшетті!..» Рухсыз іс істеп, нәп­сісіз ас ішіп, «көкжал ойлар ғана үнсіз-түн­сіз көкірекпен ұлуды әдет қылған»; даласында «өлең­шөптен гөрі, арамшөптер өлермен» елге енді қандай сойқандар ұйымдастырса да болады ғой деген ой санаңды қауып, шоршып тү­с­есің! Шоршытпаса, шошытпаса, ол шын шайыр бола ма?! Сондықтан да, «партсьез­дер­дегі кардиограммалық толқындар кәлласының ішіндегі нуклеинбелогын қызартып тастаған»; «бірге туған қарындасынан комсомоли қызды артық» көретін мұсалдат-мүгедектер армиясын жасақтаған; «арағының өзінен Жұмысшы мен Шаруаның иісі аңқитын» қоғамнан шыққан елге – жойқын ұмтылыстар мен жайқын ізде­ніс­тер керек емес пе?! Әлі «боққа айналып» үлгер­мегендердің барына, ендігі келер ұрпақ­тың тек қана тұрғын-бейіт ғұмыр кешпесіне, ұрғын-кейіп бейнесіне енеріне сенгің келеді. Өйткені әлгіндей шындықтарды жайып салған Ақын­ның өзі күл астындағы шоқты көсеп: «Плюс-минус жұлдызданған ет-сүйекті денем­нен, – элементтер ұшқын атып, жер мен көкке кет­кенде, – сол бір Елес соңғы оттегін тұтан­ды­рып өкпемде, – Қанымдағы соңғы қызыл түйір­шікке Күн тиіп… – Ақымақтау жусан бо­лып, қайта өсемін қылтиып!» – деп тұрған жоқ па?!
Хош, сонымен… Ақын қазаққа ғана хас ең уыт­ты, улы тілмен адамзат тағдырына өлшеусіз ауыртпалық, ұлт ғұмырына мөлшерсіз зұлмат әкелген социалистік қоғамның Үкімін шығар­ды! Оны енді Тәуелсіздік Тағдыры толғанды­ра­ры сөзсіз. Енді ол бұрынғы «Ортақ» пен бүгін­гі «Меншіктің» ара-салмағын таразылап жанұшырады. Кешегі Обыр-«Ортақтан» тү­теленіп шыққан жұрт қазіргі Жебір-«Мен­шік­тен» біржола түйтеленіп қалмаса екен деп қам ойлайды. Әр жүректе: туған топыраққа, төл тарих­қа, өз ұлтына, Ата-Тілге, ертең келер ұрпақ­қа деген Ғашықтық гүлі бүр жарса екен деп армандайды. Оның ойынша:
…Ғашықтықта Обал бар ала-бөтен.
Ол жай ғана ымдаса,
Ымның өзі –
Ұланғайыр көкжасыл Далаға тең!
Опа таппай Обалды ұға алмайды,
Обырланған тірлікке қанағат ел.
Обал – маздап тұрғаны шиелердің!
Обал – боздап тұрғаны түйелердің!..
Обал – Тылсым Әлемі, шым-шытырық
Адам Бейнесіндегі Кійелердің!
Ал қанда қалғып жатқан Обалды ояту үшін қайтпек керек? Оның жауабын да «Алқоңыр Дү­ниеден» іздеп көрейік:
Өмір емес – Обалсыз сүрген өмір,
Ғашық қана – өлмеудің білген емін.
Жарыңды сүй, жарығым,
Жанмен бірге
Тән де қоса аңқитын түрге ене біл! ..
…Тұр әзірше түнеріп Замана-Түн,
Сүйе алмауды ел болып доғаратын
Кез де жақын қалды енді ағаратын!..
Опасызға оқ жетсе Қорала-Тіл,
Обал ғана үлгеріп қаға алады!
Бақыттылар бағына қол сұққандар
Тажал Ажал туатын шөп алады!..
Шайыр шиғырлары, шіркін, қай қиыр­ларға сілтейді?! Адамзат ғұмырындағы ақырғы «қасиетті қас-қағымды», яки «Алтын заманды» аң­са­ған Армандының аһы-ұрғы үні емес пе бұл? Басқаны білмеймін, бұл жолдарды оқы­ғанда, менің көз алдыма кәрі таулардың қой­науында қалғыған көне мешіттерде май шамы мүл­гіген түндерде Жалған Дүниеде Жалқы Жа­рату­шысымен Жалғыз жолығып отырған дәруіш елестеді. Ал санамда Қ.А.Ясауи бабамның:
Ғашықтық – от.
Басылмайды жанның шөлі,
Ғашықтыққа бөгет емес таудың селі.
Ғашық болмай танымаспын, Мәулім, Сені,
Не қылсаң да ғашық қылшы, Пәруардигар! – деген тылсым
сырлы хикметінің; Ибн әл-Фаридтің:
Қылса ишара жұмбақ таным,
Сол болар ед тіл қатқаның,
Ал мен болсам, тіл-аузымды
                            жүрегіме құндақтадым.

О, егер де Синай тауы батса менше құса-мұңға,
Қалар еді басылмайтын
                            дауылдардың құшағында.

Жанарымнан аққан жастың тап болса
                            егер топанына,
Нұқ пайғамбар кемесі де шыға алмас ед сапарына! – деген тұңғы-ұйық қасидасының; Мәулана Румидің:
Мақсатымыз – суару ед әділеттің дарағын,
Ал залымдар өсірмекке әуре боп жүр тікенін.
Өшсін тікен! –
Ғашықтардың жаттап алып зар-әнін,
Жаз желі боп есіп түнде, қыздырамыз дүке­нін, – деген мұнар мәснәуиінің; Жүніс Әміре­нің:
Аһ, соғармын желдей болып,
Аһ, тозармын жолдай болып,
Аһ, ағармын селдей болып,
Келіп көр, ғашықтық менен не жасады?! – дейтін діл-құса диуанының бағзыдағы Киелі Сарыны бабаурап қоя бергендей болды… Бағзы сарын демекші, осы кітаптағы:
Тәубаға елді түсіретін (күндердің бір күнінде)
Бір Жасыл Сөз барын білем Жапырақтар Тілінде!..
Құбылмалы заңға емес-ау,
Қанға ғана көнетін
Сол Жасыл Сөз
Мына Жалған Дүниеден көне тым, – деп келетін шумақ Шәкәрім қажының: «Жарға ға­шық болғаныма таңданатын түк те жоқ, – Жер жаралмай тұрғанында менде Асықтың нұ­ры бар!» дейтін, яки адам Рухы Алла нұры­ның бөлшегі екенін тәмсілдейтін танымымен туыс­тастығына қайыл қаласың! Туыспай да қайтсін: бір топырақтан, бір қаннан жаралса, одан да әрі туысар ед, бір танымнан нәр алса… Әри­не, дүниені қырық айналып, Шың­ғыс­тауды шырқ айналып Ақиқат іздеген және оны тапқан Қажының: «Ислам діні – ақиқат дін» деп жазып кеткені мәлім. Оның ағасы әрі тәрбиешісі Хакім Абайдың: «Алланың өзі де рас, сөзі де рас, – Рас сөз ешқашанда жалған болмас!» – деген бағдаршам-жырын білмейтін қазақ баласы жоқ. Ал бүгінгі «Хақтың қасында қабыл болған» асыл дінді сарттық-арабтық-сә­лафтық сандырақтармен былғаған дүбәра­ларға ызаланған Тыныштықбектің аузынан дін хақында кейде тым қатқыл сөздер шығып кетіп жатса, оған да сәл кешіріммен, кеңші­лік­пен қарау керек шығар. Тағы да Абайға жүгінеміз: «Алла ішіңді айтқызбай біледі, ойла, – Пендесіне қастықпен кінә қойма. – Распе­нен таласпа мүмин болсаң, – Ойла, айттым, адамдық атың жойма!» Тағы да Шәкәрімге жү­гінеміз: «Қояр ем мылжыңдамай сөзімді ұқса, – Қайтемін оны ұға алмай діннен шықса. – Азды ұқсаң, – бұл сөзімді анықтап ұқ, – Иең­дей болам деме, Иеңе ұқса!..» Демек, Иең – Ке­шірімді, Мейірімді һәм Әділ! Ендеше біз де сол сипаттарды бойымыздан іздеуге һәм табу­ға тиіс емеспіз бе, әуселесі биік оқырман!..
Хош, сонымен, сөздің әлқиссасында иша­ра қылдық-дүр: «Тыныштықбек дәуірі» 1987 жылдың басында басталғанын. Міне, содан бері ол үлкен мектеп қалыптастырған, қазақ­тың қасиетті Қара Өлеңін мүлде соны сапаға көтерген, шынын айтқанда, рухани әлемімізге құбылыс болып енген тұлға! Бұл айтқандарым­ды дос та, қас та мойындауға тиіс. Қабылдамай жатса, иманына аманат. Әлбетте, бұл мектептің түпбастауын әркім әр тараптан іздеуі мүмкін. Айтылмыш мақаласында сарабдал Әбіш Кекілбайұлы: «Бұл әуелде, өткен ғасырда Па­риж салондарында етек жайыпты. Клас­си­калық бейнелеу өнеріндегі Ренессанстан кейін­гі адамды әспеттеу үрдісі қалыптастырған эстетикалық қағидаларға байқатпай басталған шабуылдар бірте-бірте үдей түсті. Адамға там­сану азайып, таңырқау табалауға, аяушылық әшкерелеуге жалғасты… Өмірлік көріністер буалдыр елестерге ауысты. Қай нәрсе де табиғи қалпындағы тартымдылығын жоғалтып, қи­лы-қилы қитұрқысыз қызықтырмайтын қым-қиғаш құбылуларға ұшырады. Екі дүркін жаһан­дық соғыс дүниені екі рет асты-үстіне шығарды. Адамдардың бұрынғы көзқарасының ойран-ботқасы шығып, мінез-құлықтары да қырық құйқылжыды. Құйқылжыған құбылма көңіл төңірегіндегі ештеңені қаз қалпында көруге құлық таныта қоймады. Құбылтып, құй­қылжытып көргісі келді… Суреткерлер Тәңірімен тайталаса бастады.
Бұл ағым әуелі Батыс Еуропаны түгел мең­деп, қалған құрлықтарға да аяқ салды. Бірақ Балтықтан бері өте алмай, ұзақ малтықты», – деп өздерін «сана-түпке ұмтылушылар» са­най­тын модернистік, содан соңғы постмо­дер­нистік ағымдардың бастау тегін, сыр-сипат­тарын аз сөзге көп мағына сиғызып ашып кетіпті. Ал бұл ағымдардың философиядағы бас­тауы, әдебиеттегі, өнердегі бастауы деген мә­селелерге келсек, тым шығай-маңып кетуім­із бек мүмкін. Сондықтан сөзімізді қыс­қаша шиырғанда айтарымыз мынау: Өздерін «эклектика қабырғасын» (адам баласының ақи­қатты тануына бөгет келтіретін қабырға-мыс) күйретушілер деп санайтын модернистік һәм постмодернистік ағымдар өкілдерінің сана-түпке ұмтыламыз деп жүріп, өздерін ғана емес, адамзатты шыға алмас рухани шытыр­ман-шырғалаңдарға салып жібергені жасырын емес. Ебіропаның, Американың, тіпті, күл­ліадамзаттың күн өткен сайын Құдайлық мән­нен ажырап, азғындықтың ұйығына тар­тып бара жатуына осы ағымдардың аз ықпал етпегені там-тұмдап болса да айтыла бастады. Француз поэзиясындағы декаденттік-сим­волистік ағымның басында тұрған Шарль Бод­лердің әр өлеңін жазып болғасын: «Бұл маған Құдайдан келді ме, әлде ібілістен келді ме?» деп үргедектенуінде тұңғиық сыр бар. Кейінгі ағыстардың иірімдеріне ілінгендердің ондай ой ойлауға, үрейленуге құлқы да болған жоқ, әрі-беріден соң, шамасы да келмей қалды… Ал қазақ поэзиясында 60-жылдары түр­лік-мазмұндық өзгерістер жасағысы кел­гендер болған. Алайда олардың ізденістері қо­ғамнан қолдау таба алмай тоқырауға ұшы­рады. Қытайдағы қазақтар арасынан қытайлық һәм ебіропалық жаңашыл ағымдардың соқ­пағына түскен Омарғазы Айтанұлы ғана өз ізденісін өмірінің соңына дейін жалғастырды… 80-жылдары Тыныштықбек түренінен түскен ізге өскен өнімдердің тұтас буыны қалыптас­қанын жоғарыда айттық. Әлбетте, рухани әлем ізденіссіз қалған күні, ол өлі суға айналады. Мынау жаһанданған ғаламда әлеми әдеби үдерістерден біздің де шет қала алмасымыз анық. Тек қана бір ескертеріміз: сана-түпке ұмты­ламыз деп жүргендер, Саға-Түптен ажы­рап кетпесе екен деген тілек қана! Ал Тұңғыш­бай Ешен мен Шәкәрімдей әулиелердің, Абай мен Әуезовтей хәкім-даналардың топырағынан жаралған Тыныш-ақынның діліне байланған шынжырдың үні – сол саф әуезелі әулиелердің Алтын Қазығына жалғанғанынан хабар беріп тұрардай…
Ақын шығармаларындағы метафизикалық қабаттар, мистикалық-мифтік қатпарлар арнайы зерттеуді талап етеді. Оған тоқталып жату­ға дәл қазір мүмкіндігіміз жоқ. Тек қана ақынның сөз-жасам шеберлігіне оқырман назарын аудара кеткенді жөн санадым. Мы­салы: мұңдақ (мұңдақ арман), есінек, мүсә­дірәң, азғырын (есімденген етістік), тұмаурақ, мәкі, зімізім, күркірек, сұрық, мантықтау, құн­си, айқылдану, көңсік, өбеген, жатырыс, лаулақ, құбаң, тебіренім, көмілім, күшемеу, шаңыра, кісінек т.б… Дегдар санаткер Тәкен Әлім­құлов марқұм: «Жаңа сөз жасай алмаған жазушы – жарымжан» дейді екен. Тыныш­тықбек тудырған сөздер де өгейленіп, шоқы­белденіп тұрмайды. Төл топырақта өсіп шық­қан табиғи өнімдей иісі жұпарланып, тынысы іңкәрланып тұрады…
«Алқоңыр Дүниені» бір шолып шыққанда көз шоламызға ілінген пікірлердің бір парасы осылар болды. Егер түбіжіктеп зеуірттеп, інде­те тексерсек, әрине әңгіме мүлде басқа өріс­тер­ге шығып кетуі ғажап емес. Әзірге осыны қанағат тұталық…
Қысқасы, біз сөз танысақ, Мемлекеттік сый­лық шынайы поэзия, хас талантқа берілуі тиіс болатын болса, онда Тыныштықбек Әбдікәкімовтің осынау «Алқоңыр Дүниесі» әб­ден ылайық демеске ылажымыз жоқ.

Пікір қосу

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте как обрабатываются ваши данные комментариев.