БІР ЕЛ – БІР КІТАП

0
26 қаралды

Әлқисса…
Есте жоқ ерте заманда «Дао дэ Цзин» трактатының авторы, қытай ойшылы Лао-Цзы-ға бейтаныс жігіт кеп, шәкірттікке қабылдауын сұрайды. Байқаса, талапкер талай кітапты тауысыпты. Сонда дана дастарқанға жайғасып, шайды алдыменен өзіне түбінен ғана, ал әлгінің шынысын ернеуіне дейін толтырып құяды. Жігіт шошып, «мына шалекең алжи бастаған екен» деген оймен орнынан тұра бергенінде, ғұлама: «Сен, бала… мына кесе сияқтысың, бәрін тегіс талғамай оқи беріпсің. Келесіге шейін тәкаппарлығыңды жең-дағы, алдыма әлі ештеңе оқымағандай боп кел! Сенде оқу бар да, тоқу жоқ», – деп жылы шыраймен шығарып салыпты-мыс.


Оқу – қараңғылықтан қорғар оққағар, сауатсыздықтан сақтар сауыт. Бала кезімде көп оқып, жырақтау жүретіндерді: «Оқу өтіп кеткендер…», – деуші еді, ауылдағы ағайын. Басқа-басқа, бірақ мен үшін шын мәніндегі зиялылар, шын мәніндегі интеллектуалдар – солар-тұғын. Кітап оқып, кісіліктен кеткендерді әлі жолықтырмадық. Қайта, қата­рың­нан қара үзіп, іштей өсетінің өтірік емес. Қылаяғы артыңда ежелгі ассириялықтардың аңызындағыдай: «Ол – оқыды!» деген белгі қалмақ. Не жөнінде сұрасаң да «жоқты» айтуға әдеттенген ауыз: «Бар…», – деп қашан айтар екен, шіркін. Әліптің артын бағалық! Алайда, Біз күткенмен де, уақыт тақсыр күте алмас. Қоғамдық көлікте кітаптан көз алмаған күйі аялдамадан өтіп барып түсетін адамды көргенде, ішің жылып қалатыны бар. Осыдан, шамамен бес-алты жыл бұрын Ресейдің «Культура» телеар­насы Лев Толстойдың «Соғыс және бейбітшілігін» жұрттың жұмыла оқуына мұрындық болды, әрі оған тек әдебиетшілер ғана емес, өзге де мамандық иелері қатысты. Сөйтіп, ел роман-эпопеяны жарты жылда-ақ еңсергені есте. Осы тұрғыдан келгенде, «Қазақ әдебиеті» газеті де жаңа бастама көтергелі отыр. Бұл бастаманы қолдаған оқырман соңғы кезде оқыған және өзіне ерекше әсер еткен кітабы турасындағы ойын оймақтай етіп жазып бере алады. Біздікі – жанды жарып шыққан һәм толғанысқа толы жазбаны жариялап отыру, кітап атты құндылықты насихаттау. Аталған бастама қазіргі қазақ оқырманының көңіл-күйін зерделеуге, оның сұранысын, беталысын бағамдауға мүмкіндік бермек. Бұл – нәтиже шығар сауапты іс. Олай болса, іске сәт!..

Әлібек БАЙБОЛ

Пікір қосу

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте как обрабатываются ваши данные комментариев.