«От болып, өлең болып өткен ақын»

0
113 қаралды

Түркістан облыстық мәдениет және тілдерді дамыту басқармасы, облыстық «Отырар» ғылыми-әмбебап кітапханасы, Қазақстан Жазушылар одағы облыстық филиалының ұйымдастыруымен қазақтың ақиық ақыны Тоқаш Бердияровтың бақилық болғанына 30 жыл толуына орай «От болып, өлең болып өткен ақын» атты әдеби-сазды еске алу кеші өткізілді. Облыстың бас кітапханасында өткен бұл іс-шараны осы құтхана директорының орынбасары Гүлмира Алпысбаева қысқаша кіріспе сөз сөйлеп ашты. Кешті жүргізу тізгіні ақын Мұрат Бекейге берілді.


Алғаш сөз алған ардагер қаламгер Еркінбек Тұрысов майдангер ақынмен Алматыға барғанда аз-кем жолығысып тұрғаны жайында әңгіме өрбітті. Сондай кездесулердің бірінде Тоқаңның «Жазушы» баспасының басшысы Әбілмәжін Жұмабаевпен айтысқанының үстінен түсіпті. Баспа қызметкерлерінің кінәсінен кітаптарының кешігіп шығатынына ашынған ақын біршама ашу шақырған көрінеді. Әбекең Тоқаңды әупірімдеп басқан екен. Осылайша атағымен де, шатағымен де танылған шайырдың отты жырлары мен прозалық шығармаларын тебіренбей оқу әсте мүмкін еместігін тілге тиек етті.
Белгілі жазушы Мархабат Байғұт ақынның көзі тірісінде 50 және 60 жасқа толған, бақилық болғаннан кейін 70 жылдық мерейтойына қатысқаны жайында сөз етті. Әсіресе 1985 жылы Тоқаш Бердияров, Ғафу Қайырбеков, Ғафаңның зайыбы, төртеуі бір апта бойы Келес ауданында сан түрлі іс-шаралар өткізгенін әсерлі етіп жеткізіп берді.
Жұмат Шанин атындағы Түркістан облыстық театрының актері, Қазақстанға еңбегі сіңген әртіс Сапар Өтемісов Тоқаш Бердияров пен Мұқағали Мақатаевтың өзара дос болғанын тілге тиек ете келіп, сөз соңын Мұқаңның өлеңімен өрнектеді.
Ақынның ағайын-туыстарының атынан «Нұр Отан» партиясы Шымкент қаласындағы Қаратау аудандық филиалының төрағасы Әшірбек Тұрдалин, Сарыағаш және Келес аудандарындағы Тоқаш Бердияров атындағы әдебиет және өнер бірлестігінің төрағасы Жаппарбек Үмбет, Тоқаңның туған інісі Аралбай Бердияров, ағайын інісі Құттыбай Қалыбаевтар ақын туралы естеліктер мен ойларын ортаға салды.
Басқосу барысында шымкенттік әнші-сазгер Гүлжан Сұлтанқызы ақын Сабырбек Тұрлыбектің сөзіне жазылған «Дүниеге Тоқашты жаратты өлең…» әнін орындады. Ақындар – Қыздаркүл Омарова, Жүсіп Әшімов, Сабырбек Тұрлыбек Тоқаң рухына жыр арнады.Шымкенттік мектеп оқушысы Алтынай Маханбетова Тоқаш ақынның «Мейлі, мейлі» деп аталатын өлеңін оқыды.

Зылиха ЖАНТАСОВА,
облыстық «Отырар» кітапханасының ғылыми хатшысы
Шымкент қаласы

Пікір қосу

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте как обрабатываются ваши данные комментариев.