Олжас Сәндібек. Мәңгілік бала болып кім жүре алмақ?!
05.02.2022
1593
0

БӘРІ БАР МЕНДЕ

Бәрі бар менде,

Періште де бар,

                            жын да бар,

Қуаныш та бар,

                            мұң да бар,

Жайым жоқ, бірақ, бұлданар.

 

Бәрі бар менде,

Жұмысым да бар,

                               үй де бар,

Туысым да бар,

                               ұл да бар,

Түсінбейді бірақ, кейде олар.

 

Бәрі бар менде,

Әкем де аман, (Анам да),

Дәл менен өткен бақытты жан жоқ ғаламда.

Соларға кейде бір сыйлық сыйлай алмаймын

Бәрі бар мына заманда.

 

Бәрі бар менде,

Бар болып жүрген қандайды,

Бір жұтым сумен жібітіп кепкен таңдайды

Бәрі бар деймін.

Бәрі бар менде расында,

Жоқ деуге аузым бармайды.

 

 О. Сәндібек

 Өгей санап өзіңді бұл ғасырға,

Сыр айтуды қойдың-ау жырға, сірә!

Мың мәселе тоғысып бір басыңа,

Мұңның өзі айналған мұңдасыңа.

 

Тәуелсіз ел – Тәуелсіз бола алмауы,

Еліміздің мұншалық тоналғаны,

Жайсыздықтың бәрі де қоғамдағы,

Аяздай боп батады саған тағы.

 

Әр сынақты қарсы алдың,

                                  қамықпадың,

Атқан сайын сан қырын танытты әр күн.

Ұлыңды алам дегенде Әзірейіл,

Құдайға жүз күн жылап алып қалдың.

 

Кеудеңде тулап соғып асау жүрек,

Жалғанды жақтырмайсың жасанды деп.

Көре жүріп,

                        бәрін де сезе жүріп,

Жыр жазбай қалай жүрсің,

                                       О. Сәндібек?!

***

Құлыншақтар,

Шабыңдар құлдыраңдап,

Мәңгілік бала болып кім жүре алмақ?!

Әкем тірі болған соң, «баламын деп»,

Өзімді жүрмін алдап.

 

Өмір бұл

Алдасу көп, арбасу көп,

Сатқындыққа бір барсаң қанға сіңбек.

Жанымды шүберекке түйіп жүрем,

Былғанып қалмасын деп.

 

Махаббат,

Сұлу сезім жырлағаным,

Кей кезде ойға батып мұңданамын.

Сендерге үлгі болуды ойлаймын да,

Сендерден үлгі аламын,

 

Құлыншақтар,

Шабыңдар құлдыраңдап,

Мәңгілік бала болып кім жүре алмақ?!

Есейтіп жібереді-ау сендерді де,

Уақыт бір күн аунап.

 

****

Құдай мені сүйеді, сынайды көп.

Сынағаны сенгені шыдайды деп.

Бергеніне, ырза боп алғанына,

Сүйген құлы болғасын шыдау керек.

 

Сына, Құдай. Көтерем сынағыңды.

Бабам маған сабырын мұра қылды.

Бір күндері болмаса, бір күндері

Жарылқайын дейсің ғой мына құлды.

Көрсетерсің аңсаған жұмағымды.

 

Сынақты күн дегенің жауапты күн,

Бірегейі мен едім тағаттының.

Жарылқайын дейсің ғой бір күндері,

Жарылқауға мұқтажбын бірақ бүгін.

 

Құдай мені сүйеді. Сынайды көп.

(Кейде нəпсім еңкілдеп жылайды кеп).

Мен Құдайды сүйемін жүрегіммен,

Ол да мені сүйеді.

…Құдай білед(і).

 

 ЕЛЕҢДЕ, КӨҢІЛІМ…

Елеңде, көңілім,

                              елеңде,

Байланбай тірлік көгенге.

Өлместей қылып жазуға

Уәде бергем өлеңге.

 

Алаңда, көңілім,

                             алаңда,

Бұл бес күн – сынақ саған да.

Алаңдамасқа шама жоқ,

Дүбірге толы заманда.

 

Арудың сүйген керімін,

Бірі едім мен де серінің.

Елеңдеп әлі қоясың

Беу, менің дүлдүл көңілім.

 

Алаңда, көңілім,

                               алаңда,

Жыр жазу керек әмәнда.

Былғамай ағын парақтың,

Қиянат қылмай қаламға.

 

Елеңде, көңілім,

                              елеңде,

Бір уәде берген едім өлеңге.

Көк те, Жер де куә де,

Сол уәдем – уәде.

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір