Әлем әдебиеті: қазақ тілінде
29.06.2018
2482
0

Дәулетбек БАЙТҰРСЫНҰЛЫ,
ақын, аудармашы


Мерзімді басылымнан «Қазақ әде­бие­ті» газеті, «Жұлдыз» және «Үр­кер» жур­­налдары қолыма тиді. Олар әр сан сайын аудармаға арнайы орын беріп таң­даулы шығармаларды жариялауды үрдіске айналдырғанын көрдім. Ай­та­лық, белгілі қаламгер Төкен Әл­жан­те­гінің «Жұлдызда» жарық көрген еңбегі соның дәлелі. Осыған дейін Қалихан Ысқақ, Асқар Сүлеймен секілді қа­рым­­­ды қаламгерлер аударма жасап келген Иван Алексеевич Буниннің әң­гі­мелерін тәржімалапты. Оқи бас­тағаннан бірден иіріміне тарта жөне­ле­ді. Қолданған сөз-сөйлемінің сұрып­талғанын, тілінің көркемдігін көрдім. Ыңғайы солай болған шығар, таңдалған әң­гімелерінің дені махаббат хикая­ла­ры. Еркек пен әйел арасындағы сүйіс­пен­шілікті, құштарлықты төгілте жа­зып өз заманын, өз дәуірінің таңбасын та­нытады әрі адамзатқа тән тәтті се­зім­ді төкпей-шашпай қазақ оқыр­ма­ны­на ұсыныпты. Келесі «Үркерге» ба­­сылған ізденімпаз Алпамыс Фай­зол­ла­ның ағылшын тілінен аударған «Тұт­қындағы маршал» мен «Шатырдағы бөл­месі» үлкен ізденістің нәтижесі. Жа­понтанушы Шарафат Жылқы­баева­ны «Әдебиет айдыны» кезеңінен тартып, он жылдан аса уақыттан бері білетін едім, алғашында танымдық, инфор­ма­циялық дүниелерді аударып жүр­ген жас қыз бұл күндері ысылып, ши­рап «Келбет» секілді көркем шығар­ма­ны аударуға жетіп отыр.
«Қазақ әдебиеті» газетіндегі ақын Дүкен Мәсімханның қытай ақын­да­рынан аудармасы орны бөлек, тегеуріні күшті. Осыдан 1300 жыл бұрын өткен атақ­ты Либайдан тартып өзімен құрдас Чжаолихуа ханымға дейінгі алты ав­торды аударып өлеңсүйер жұртқа ұсы­­ныпты. Осылайша он үш ғасырдан бер­гі поэзияның бет-бейнесін, да­муын, сабақтастығын сездіріп, сөзге мән беретін, көркем шығарманы ұр­пақ­тан-ұрпаққа жалғап келген дәстүрі те­рең халықтың жыр сипатын ашады.
Орады тұман гүлдерді,
Көлкілдеп күміс Ай нұры.
Бәтестей әппақ түрге енді,
Сағыныш меңдеп ұйқыдан, –
Аулаққа салдым іргемді.
Күй тыңдап едім әредік,
Көктемдей көңіл гүлденді. (Либай).
Аудармашы Д.Мәсімханның ақын болуы, отыз жылдан бері қытай тілінің ма­­маны болып келе жатуы, аудар­ма­ның көркем болуының толық кепілі деп айтар едім.
Бұл күнде қытай тілін білетіндер аз емес, қытайдан келгені бар, сол жаққа барып оқып қайтқаны бар бір қауым бо­­лып қалды. Алайда, әдеби көркем ау­­­дар­маны кәсіп ету екінің бірінің қолынан келмейді. Солардың арасын­да тікелей аударып жақсы жағынан кө­рініп жүрген тағы екі қаламгер бар. Біреуі, «Иірім» романын, «Аңсау» әңгі­ме­лер жинағын оқырманға берген Нұр­халық Әбдірақын. Енді бірі, үш кі­тап­тың авторы ақын, сыншы Ардақ Нұрғазы.
Менімен хабарласып шығармасын жіберген автордың бірі – Алтай Шаку­ров. Аудармашы, әдебиет әлеміне та­ны­мал Генрих Гейнеден, Иоганн Во­льф­­ганг Гетеден, Фридрх Шиллерден топ­тама жырлар аударып жариялатып­ты. Аудармашы Зәуреш Исмағұлова ағыл­шын және неміс тілдерінен ауда­рып, өзінің «Ауылым» деген жыр жи­на­ғының екінші бөлімінен орын бе­ріп­ті. Созақтық ақын Гүлнәр Өмірбек «Сүм­біле қыздың сырғасы» деп ата­ла­тын кітабында В.Гюгодан, Ф.Тют­чев­тен, А.В.Кольцовтан, С.Есениннен, А.Ахматовадан кәдімгідей аударма жа­сап жинағының тең жартысына жуық орын беріпті. Балалар әдебие­ті­нен де аударма жасалып жатқанын Қо­­ғабай Жұмағалидың «Ата мен не­мере» кітабынан көруге болады.
Ендігі бір көлемді шығарма Лео­нид Фила­товтың «Федот сарбаз жайлы хикая» деп аталатын өлеңмен жазылған пьесасы. Бұл шығарма 1987 жылы жа­рық көре сала, 1988 жылы автордың қа­ты­суымен телеспектакльге, 2002 жы­лы анимациялық фильмге айналған әй­гілі еңбек. Міне, осы көркем туын­ды­­ны тұңғыш рет Ләйла Асқар (Ора­за­қынқызы) қазақ тіліне аударып, кітап етіп шығарып отыр. Осы еңбегі үшін ау­дармашы Халықаралық «Алтын кө­пір» конкур­сында лау­реат атанып, ҚР Мәдениет және спорт министр­лігінің дипломына ие болды.
Қолымда жас жазушы Қуат Қиық­байдың «Бейуақыт» жинағы тұр. Бұл кітапқа өткен жылы редактор болып то­лығымен оқып шыққанмын. Артынан «Жалын» баспасынан басылып шық­ты. Бірінші, екінші бөлімі өзінің әң­гі­ме­лері. Марат Әбдіраманханның «Өзге дауыс» деп аталатын кітабы өткен жыл­дың жұмыстары қатарында маған жет­ті. Ол Стивен Кингтен «Тұманның ар­ғы беті» делінетін әңгімесін, Франц Таф­кадан «Бір мысал», О.Генриден ала­қандай әңгіме, Алек­сандр Гриннен «Жа­сыл шамшырақ» делінетін тереңі­нен толғанатын шытырман оқиғалы, то­сын ойдың шешімімен аяқтайтын шы­ғармасын кі­табына енгізіпті. Әсі­ре­се, компьютер мен интер­нет жай­лаған мына заманда он сегіздегі өспірім ба­ла­лар әдеби аударма жасамақ түгілі, даяр қа­зақшаңды оқыр ма екен? Сон­дықтан да, Марат­тың талғамы­на құр­мет­пен қарап, айта кетуді жөн сана­дым.
Мен сөз еткелі тұрған кітаптың бі­рі, қостанай­лық танымал ақын Ақыл­­бек Шаяхметовтің қо­лы­нан шыққан ау­дар­ма – «Безбен». «Безбеннің» төл авто­ры Әбдірахман Досов. Ол – өңірге бел­гі­лі орыс тілін­де жазатын қазақ. Мі­не, сол еңбек еткен жылдың сүбелі сый­лы­ғының бірі ретінде жол тар­тып­ты.
Ақындарды «пайғамбар» деп, өтіп кет­ті қанша дарын,
Алла берген уақытта сезбейсіңдер ой салмағын.
Түйеқұстай құмға басын тығып қойып, қамығарда,
Менің ойым түнеп шығар Арқада жер табылар ма?! –
деген жолдардан алысқа жетелеген ой­ды, аста­ры­на үңілтетін көп қатпарлы мазмұнды сеземіз.
«Есімдер» деген өлеңінде:
Қазақтардың мінезі бар өзгелерді таң қылған,
Тілектерін, мақсаттарын есімдерге қалдырған.
Бала қайғы көрмей өссін, қайда жүрсе бай тұрсын,
Сондықтан да есімі оның болсын дейді «Байтұрсын», –
деп жалғасатын жыр жолдарын жазған ав­тор да, ау­дарған ақын да осы бір қа­зақ дәстүрін кейінгі ұр­пақтарға ашып көр­сетіп, әдемі жыр жолдарына тү­сі­ріп­ті. Бұл өлеңнің құнды болатыны, ада­сып бара жатқан ағайынға бағ­дар­шам секілді дүние бола білгенінде. Не­ге десеңіз, осы заманғы ат қою үр­ді­сі дәстүрді, ұлттық таным-нанымды бел­ден басып мүлде түсініксіз, мән-мағ­ынасы жоқ есімдер жайлап бара жат­қанда ат қоюдың бұл­жымас қағи­дасын қайта бір санаға салады.
Алмат Исәділдің кітаптары мен мер­зімді бас­па­ларда жарық көрген ау­дар­малары бірқыдыру. Са­нап көріп едім Юнус Эмре, Олжас Сүлейме­нов, Алек­сандр Пушкин, Иван Бунин се­кілді 12 ақынның шығармашылығынан жыр шумақтарын сөйлетіпті. Орысы жоқ Кегенде орыс мектебінде оқыған Ал­мат мектеп қақпасынан ары аттаса орыс, бері аттаса қазақ болып, қос ана­ны қатар ем­ген кепедей еркін өсті. Сон­дықтан да, Алмат қос тілде жазады, қос тілге аудара білетін сипаты бөлек жан.
Қай жақта жүр шашырап,
Сұлу қыздар, асыл жан?
Олардың да топырақ,
Айдай жүзін жасырған.

Кішік пенен ұлығым,
Теңеседі көмген соң.
Бегі қайсы, құлы кім,
Маңызы жоқ өлген соң. (Юнус Эмреден).

Атақ, байлық мансап пенен мақтаныш,
Бұл сөздерден аулақ болдым сақтанып.
Үміт, сенім, шындық және махаббат,
Жадымда тек қалғаны осы жатталып.

Керек емес маған билік, алтын да,
Жүре алмаспын мәңгі өмірдің қалпын да.
Өн бойымда махаббат пен бақыт бар.
Алмат аударған жырлар қашан да сап құрап, тізі­ле береді. Байқаймын Ал­­маттың ойы да, оң қо­лындағы қа­ла­мы да руханият әлеміне ойысып илаһият сәулесіне ынтыға беретінін сез­ген секіл­ді­мін. Бұл оның аудар­ма­сы­нан да анық көрінеді.
2017 жылы «Құла жирен» деп ата­ла­­т­ын су жаңа кітап оқырманды елең ет­кізіп еді. Жинақтың екінші бөлігі Аку­тагава Рюноскэ, Дадзай Осаму, Ко­бо АБЭ бастаған жеті жапондықтың әң­гіме­лері­мен басталады. Онан ары Антон Павлович Чех­ов, Юрий Казаков қа­тарлы еуропалық бес жазу­шының шы­ғармаларымен қатарын қалың­да­тады. Және, «Қазақ әдебиеті» басылымдағы Әлібек Байбол мен Нұрлайым Батырдың ұйымдас­тыруы­мен жарық көріп жүрген «Әлем әдебиеті» қосым­шасын да аударма жанрына қосылған үлес деп білген жөн. Себебі, онда жарияланған тың тәр­жі­малар қазіргі әлем әдебиетінің қай бағытта дамып жат­қанын бағамдауға мүмкіндік береді. Осы екі жас қаламгердің ізденісі ары қарай да өз жалғасын табады деген ойдамын.
«Жүргенге жөргем ілінеді», – деп жұрт­тың на­­за­рын аударған ұшырасулар Каспий теңізін ендей өтіп, бауырлас түр­кі жұрты Әзірбайжан ақын­дарымен жылы жүзді кездесулер көңіл қуант­ты. Нә­тижесінде қазақ ақындарының бір­лес­кен жинағы Әзірбайжанда жарық көрсе, оның қарымтасы «Жаңа заман Әзір­байжан поэзия­сы­ның антология­сы» болып Астана мен Алматыда тұ­­сауы кесілді. Міне, қолымдағы ақын Ұлық­бек Ес­дәулет пен академик Низа­ми Жапаровтың алғы­сөзімен шыққан антология екі ел қалам­герлерінің қа­йыр­­­лы қадамдарының жемісі. Әзір­байжаннан 42 ақын қазақша сөйлеген бол­са, олар­ды қауыштыруға бізден 35 аудар­машы тізе қосыпты. Бұл жобаға мұрындық болып Екбер Қо­шалы, Рес­мие Сабыр, Танакөз Толқынқызы, Дәу­леткерей Кәпұлы білек сыбана кі­рісіпті.
Тәуелсіздігіміздің 27 жылына жет­кен бүгінгі таң­да түбіміз бір түрік ағайындармен де барыс-келістеріміз, алыс-берістеріміз жиілеп тығыз қа­рым-қатынастар орнады. Қазақстан­ның Түркия­дағы елшілігі үлкен шаруа­ла­р­ға мұрындық болып, саяси дип­­­ломатияны мәдени дипломатиямен көркемдеп, көлемі зор, ықпалы терең жұмыстар­ды жү­зе­ге асырып келеді. Сол атқарған шаруалар­дың бір көрінісі ретінде қо­лымдағы түрік жазушысы, драматург Халдун Танердің (1915-1986) «Қызған­шақ кісінің қу әйелі» деп аталған жи­на­ғы. Жи­нақтың бірінші бөлігіндегі әң­гімелерді жазушы Нұрғали Ораз орыс­ша нұсқасынан аударыпты да, екін­ші бөліміндегі көлемді пьесаны тү­рік тілінен Мәлік Отарбаев тәржі­малапты. Түркі дүниесінің бірлігіне қыз­мет етіп келе жатқан Халықаралық ұйым ТүркСОЙ­дың атаулы жобасы ретінде іске асқан Халдун Танердің 100 жылдығы қарсаңын­дағы шаралар­дың жарқын беті болып, Қазақ әдебиеті қо­рына Халдун Танер келіп қосылды. Ен­дігі бір елеулі жұмыс түріктің ойшыл ақыны, философ Юнус Эмренің (1240-1320) «Жырлары­ның» қазақ тіліне ау­да­рылуы болды. Қазақ ақы­ны, ау­дар­ма­шы ақсақал Әубәкір Нілібаев тәуел­сіздіктің алғашқы жылдары Юнус Эм­рені ау­да­рып, алғысөзіне былай деп жа­зыпты: «Біз Юнус Эмренің өлең­дерін орыс тіліндегі аудар­мадан тәржімаладық. Өйткені, әзірше туысқан түрік тілін әлі меңгере алғанымыз жоқ қой. Деген­мен, ежелден дүние­жүзілік әде­биетті аударуда мол тәжірибесі жи­нақ­талған орыс аудармашы­лары­на сенуге болатынын көңілге медет тұттық. Көш жүре түзеледі. Бізден кейінгі түрік тілін жақ­сы меңгерген ұрпақ Юнус Эмре өлең­дерін тіке­лей түрік тілінен ауда­рары хақ», – деп жазыпты. Осы сөздің хат­қа түскеніне де 22 жыл өте шыққа­нын байқамай қалыппыз. Дәл осы мез­гілде шы­нында бір буын өсіп шы­ғып, Әубәкір аға ар­ман­да­ған түрік тілін еркін меңгерген ұрпақ қа­­­лыптасып үл­герді. Солардың бірі аудармашы Мә­лік Отарбаев. Қазақстан Респуб­ли­ка­сының Түркиядағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Абзал Сапарбекұлының ал­ғысөзімен басылып шыққан кітап­тың тұсауы Алматыдағы Ұлттық кітап­ха­нада кесіліп еді.
Осыдан жеті ғасыр бұрын өткен дәруіш, Ал­лаға ғашық ақын өмірінде «Үш мың жыр жазып­ты, оның мыңы ас­панға кетіпті, мыңы суға ке­тіп­ті, қал­ған мыңы жер бетінде қалыпты» дей­тін аңыз бар екен. Қазірге дейін тү­рік зерттеушілері оның 300-ге таяу өлеңін айналымға енгізіп отыр. Соның бірі былай болып аударылыпты:
Дүниені уысыңа ұстадым деп елестет,
Құмар ойнап барлығын ұтқаным деп елестет.
Сүлейменнің тағына отырдым деп елестет,
Дыюменен періні опырдым деп елестет.
Перғауынның қазынасын қолға алдым деп елестет,
Қарымбайдың мал-мүлкін олжа алдым деп елестет.
Ырысынан әлемнің ауызтүйдің елестет,
Шайнап жұтып жібердің, ауыз құйдың елестет.
Өмір деген жебесі адырнаның елестет,
Тартып тұрып зуылдап, атылғаныңды елестет.
Әр деміңмен өмірің қысқарады елестет,
Жас басыңнан күз өтіп, қыс қонады елестет.
Тұншыққан да теңізге су жұтқанды елестет,
Әлің құрып қақалып, ширыққанды елестет.
Юнус, ұзақ жүз жасап жүргеніңді елестет, –
Ең соңында алатын бір деміңді елестет! –
деп, қазақ ақыны болып қасымыздан тіл қатады. Юнус Эмрені әлі талай кісі аударады, біз атаған «Жырларда» бір нұсқа ретінде ізгі жандардың қо­лында жүретіні анық.
Башқұрттың жас жазушысы Айгиз Баймұ­хаме­товті Саят Қамшыгер бауырымыз қазақша сөйлетті. Олардың Бакуден басталған достығы онан сайын беки түсіп, автордың балалық шағын­дағы ащы, азапты, ауыр күндердің өшпес табы секілді «Тастамашы, Ана!» атты хикаятын өз тілі­мізде сөйлетті. Кітап басылып шыққан соң бірден кең таралды. Мектеп оқушылары, ұстаздар, тұтас қоғамдағы қолы жеткендер тегіс оқуға тырысты. Повесть балалар тақырыбы. Автордың шынайы сезінуінен, өмірді көрген дәлдігімен, алған білім, ысылған шеберлігімен тартымды болып отыр. Біріншіден жас талант Айгиз Баймұхаметовтің шеберлігі десек, екіншіден, сезімтал ақын, аудармашы Саят Қамшыгердің де беріліп ізденген шығармашылық еңбегінің жемісі деуге тұрады.
Өткен жылдың кезекті күрделі сыйының бірі «Сезім музейі» романы. Авторы түркі дүниесіне ға­на емес, әлемге атағы жайылған Орхан Памук. 640-беттен тұратын кітапты аударған ақын Мар­жан Ершу. 1952 жылы өмірге келген Орхан Памук 23 жасында «Жеудет мырза және оның ұлдары» атты романын жариялап, әдебиет әлеміне жаңа­шыл жазушы ретінде емін-еркін кіріп келеді. Осы­ған дейін он роман беріп, күллі жердің бетіне та­рап кетті. 2006 жылы Нобель сыйлығының лау­реаты атағын алғаннан кейін тіпті де атағы дүріл­деп, кітаптары бірінен соң бірі аударылды. Бұл кітаптың бір өзгешелігі Маржан Ершу оны тіке­лей түрік тілінен тәржімалады. Кітапты салмақтап отырып қарасаң, аудармашының аз тер төкпе­генін көресің!.. Романның сюжеті шытырман, оқиғалары тығыз және қым-қуыт. Тақырып адам­ның жан әлемі, анығырақ айтсақ «сезім». Автор­дың да, сыншылардың да жарыса жазға­нындай «Махаббаттың сүйініші мен қуанышын ғана емес, қайғы-қасіреті мен азабын да сезді­ре­тін, ең алдымен махаббат туралы роман». Әлемде музейдің сан алуаны бар екенін білеміз, ал адам сезімінің музейін көріп пе едіңіз? Сол музейді Орхан алдымен кітабында жазды (2008 ж.), роман шыққан соң төрт жылды араға салып (2012 ж.) Стамбұл қаласының көрнекті көшелерінің бірі­нен «Сезім музейін» ашты. Бас жағында «Ро­ман­ды мектеп оқушыларына оқытып жатқан мұ­ға­лімдерге осы бөлімді оқымай аттап кетулерін ес­кертемін. «Ұятсыз» деп мені жазғыратын оқыр­мандар болса, бұл парақтарды оқымай, келесі бө­лімге өте берсін» деп жазыпты. Бұл сөз бойын­ша ондай беттерді аттап өтуге тура келсе, романды «оқымай» жылы жауып қойғаннан басқа амал жоқ. Бұл тақырып бүгінгі әлем әдебиетінің ашық бір белгісіндей белең алып тұр. «Шіркін-ай, ол кез менің ең бақытты сәттерім екен. Адам бақыт­ты басынан ұшырып алғанда ғана сезінеді емес пе?» деп басталатын роман бақыт дегеннің не еке­ніне өзінше жауап іздейді. «Терезе бақ жаққа қарайтын. Ашық тұрған балконнан сыртта доп ой­наған балалардың ысқырып, айқайлаған да­уыс­­тары естіледі. Бір кезде бір-біріне ашуланып, ойын­ға келіспей қалды ма, бейәдеп сөздерді борат­ты. Тәрбиесіздіктің белгісі болып саналатын мұндай сөздер төсекте аймаласып жатқан екеу­мізге ап-анық естіліп тұрды. Төсектегі қимылы­мыз осындай сөздердің жиынтығы екенін сезген бетте, үнсіз қалып, бір-бірімізге қарап күлім­сіре­дік» деген жолдардан «Аттың сыры иесіне мәлім» еке­нін Орхан жасырмайды. Бұл көріністер ойда-жоқ­та дүкенде кездескен ежелгі таныс, 18 жаста­ғы Пүсін сұлу мен 30 жастағы сері, бай баласы Ке­малдың төсекте тоғысқан тұсы болатын.
Мінеки, қолдағы кітаптардың айтар сыры осы­лай болып тәмамдалмақ. Кемшіліктерін қаз­балап, осал тұстарына ойыспадым. Ішкерілеп кірер бол­сақ, әрқайсысы бір-бір мақаланың жүгі бо­лары анық. Сондықтан да ат басын осы арадан тарт­тық. «Саннан сапа туады» демей ме? Аудар­ма­лардың көбейіп келе жатқанына, авторлар қата­рының молая бастағанына қуандық. Өзгесі сын­шылар мен ғалымдардың еншісінде.

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір