Түсіну және түсінбеу
29.06.2018
1467
0

Жарас СӘРСЕК,
ақын


Жаңа кітаптарға қарық боп, қо­лы­мыз жылынып қала ма деген едік. Одақ тарапынан 2017 жылға тие­сілі санаулы ғана жинақ ұсы­ныл­ды. Себебін білмедік.
«Арда» баспасынан жарық көр­ген Бақытжан Тобаяқовтың «Ме­то­морфоза» жыр жинағы Тәуелсіз­ді­гі­м­із­дің 25 жылдығына арналған екен. Он­дағы өлеңдер мен толғаулардың сол ыңғайда топтастырылғаны бай­қа­лады.
«Тоғанай Т» баспасына тиесілі Ораз­бай Байбақұлының «Парасат» жинағын парақтай отырып, авторды мазалаған сан мың ойдың дәрменсіз қа­лыпта, оқырманына мұң шағып, ерік­сіз күрсіндірер жыр керуеніне кез боласың. Кейде күйіндіреді, бір­де сүйіндіреді. Үнемі шабыт үстіндегі Оразбай ақынның бұл отыз бірінші жинағы екен. Қаламы мұқалмасын.
Толыбай Абылаев «Қыран ша­йыр» жинағына ақын Зейнолла Шү­кі­ров туралы дастаны мен ли­ри­ка­лық шумақтарын топтастырған екен. «Қыран шайыр» – Зейнолла Шү­кіров. Азғантай ғана жалғанның жа­рығын төсек пен арбаның ара­сынан сығалатқан тағдырлы ақынға дас­тан арнау, әрине – құрмет қой. Алайда, автор қыр асып кеткен қы­ран шайырдың ақындық болмысын тым қарабайырландырып жіберген. Оның өмір жолын жалаң баяндаумен шектеген. Көркемдігі жайлы сөз ай­ту да қолайсыз. Мысал келтірейік:
Жаныңда жақсы ағалар, асыл іні,
Жырына Қасымдардың ғашық ұлы
…Жақында тырнақалды берді жырын,
Аудандық «Соц.Аралдай» басылымы.
Немесе:
Бір сәттік бұл тіршілік…
болар ғайып
Тақпаңдар тірілерге сонан да айып.
Бұрынғы обл. газет қызметкері,
Ағасы Әбдікәрім Оңалбаев.
Бұған енді не деуге болады? Өлең­нің тілі ме бұл? Өкпешіл қазақ­тың ошағындағы отын көсегендей болмай, осы жерден тоқтай қалайық.
Осыдан он шақты жыл бұрын әде­би ортаға әуені, әуезі бөлек ай­шық­ты жырларымен танылып, өзін­дік қолтаңбасы қалыптасқан әлдебір әріп­тесімнің дін жолына бет бұрғаны бар. Сол-ақ екен, бұрынғы жазған­да­­рына мүлдем көңілі толмайтын­ды­ғын кездескен сайын қайталап, басқа да ақын әріптестерінің адасып жүр­гендігін көлденең тарта беретін. Бір сөзбен айтқанда, сөз пат­ша­лы­ғы­на деген көзқарасы алақұйындай ас­панға көтеріліп кеткен болатын. Сөй­тіп, ақ қағазды Алла жолындағы мі­нәжат жырларға біржола мен­шік­теп тынды. Бұл да керек, әрине. Алай­­да, әдебиеттің еркін ойдың өрісі екен­дігін ұмыту қалай болмақ. Әсілі көр­кем дүниеде имани тақы­рып­тағы туын­дылар өзінше бір бағыт есебінде ғана қабылданса керек. Құдайға құл­шылық жасайық, бірақ әдебиетті на­мазға жығуға бола ма?
Белгілі ақын Дәулетбек Байтұр­сынұлының «Ясин-нұр» жинағын парақтай отырып, автордың қанша жер­ден мінәжат жырлар жазып жүр­геніне қарамастан, өлең деген си­қыр­ды өзгенің дүниетанымына мін тағу­шы емес, сырлас, дос, бауыр ре­тінде өрнектей білетініне ішім жы­­­лыды.
Итен Қарымсақұлының «Жаса, жа­рық күн»-і жайлы жинаққа алғы­сөз жазған Төреғали Тәшенов былай депті: «Бір қызығы, Итен ақын бас­қан ізіне қайтып қайырылмайды, қи­сық басса да, кері басса да, түзе­ту­ге әуреленбейді. Бояу, сырлау мен қыр­лау, әрлеу мен зерлеуді әу бастан жат көреді. Жылтыр сөз іздеп ты­раш­танбайды. Нені таңбаласа да, кем­шілігіне қарамай табиғи бол­ға­нын қалайды. Сондықтан да, поэзия пы­рағы – асау арғымағы жорғалап ке­ле жатып, ойда жоқ жерден аяңға тү­сіп кетеді, кейде шоқырақтап желе жө­неледі, ара-арасында ағыза шауып та алады». Осыдан артық жа­нымыздан алып-қосарымыз жоқ.
«Тау мен өзен жырлары». Талант­ты әріптесіміз Ерлан Жүністің құ­рас­тыруымен жарыққа шыққан Же­тісу ақындарының антологиясы осы­лай аталыпты. Он сегіз бен қы­рық бес жас аралығындағы ақындар шы­ғармаларын қамтыған бұл жинақ шын мәнінде сапалы шыққан. Жи­на­ққа енген Жетісу шайырларының есімі әдеби ортаға жақсы таныс. Олар­дың қатарында Бақыт Бедел­хан, Жанарбек Әшімжан, Алмат Исә­діл, Танакөз Толқынқызы, Ақ­сұң­қар Ақынбаба, Мағиза Құна­пия­қызы, Роза Сейілхан, Есей Жеңіс­ұлы, Жангелді Немеребай, Ырысбек Дә­бейұлы, Ерлан Жүніс, Мақпал Мы­са, Әсел Оспан, Тоқтарәлі Таң­жа­рық, т.б. бас-аяғы тоқсанға жуық ақын бар. Арасынан өзіндік үні, өлең­дерінің бояуы бөлек жаңа есімге тап болдым. Ол:
Ол өзін қояды анда да, мұнда да,
Ішінен ызыңдап келеді мұңдана.
Е, жоқ ол өлеңмен дұға оқып келеді,
Сырласы – Түн, Дала.
Ол мына өліара өмірге өкпелі,
Қайтпады құстары.
Әттеңі – келмеді көктемі.
Бағдаршам – қызыл түс,
Шамданып тұр қазір сол ақын
Өтпелі кезеңнен өткелі… –
деп елең еткізген Нұргелді Әбдіғани­ұлы дейтін ініміз. Үміт күтеміз осы ба­­­ладан.
Жалпы, осындай іріктелген әде­мі жырларды топтастырып, жинақ боп жарыққа шығуына мұрындық бол­ған Алматы облысының әкімі Аман­дық Баталовқа Тәңір жарыл­қа­сын айтамыз. Әттең тиражы аз. Бес жүз-ақ дана.
Болат Шарахымбайдың «Ауылға жазған арзулар» атты жыр жинағы қолымызға кеш тигендіктен оқып үлгер­медік. Сондықтан бұл жинақ жайлы айтылар пікір алдағы күннің еншісінде.
Енді жеке кітапханамыздан орын тепкен бір-екілі авторға да тоқ­­­тала кетейік.
Әбіш Кекілбаевша айтсақ, «Бір­түрлі ақын» – Тыныштықбек Әб­ді­кә­кімұлының «Атамұра» баспасынан жарық көрген жыр жинағы «Бесінші маусым» деп аталады.
Қаламымның арқасында мен не көрмедім,
Қаламым не көрмеді менің арқамда, –
деп өзі жырлағандай осы уақытқа дейін түрлі пікірлердің ашық алаңы­на айналған Тыныштықбек шығар­ма­шылығының қуаты бұл жинақта да артпаса, бәсеңсімеген. Қара­пайым оқырман былай тұрсын, жазу үстелінің басында самайы ағарып, сақалы қоюланған сақа ақындардың өзі қабылдауы қиын поэтикалық-фи­лософиялық «қиын» дүниелер мұн­да да бар. Алайда осы бір «қиын» дүниелеріне деген қызығушылық – ақын оқырманының қатарын мо­лайтып, уақыт озған сайын өзіне ын­тықтырумен келеді. Оған куә боп та жүрміз. Ашығын айтсақ, автор өз шығармасын түсіндіруге міндетті емес. Түсіну, түсінбеу – оқырман тал­ғамына байланысты. Сондай-ақ, уа­қыт дейтін төрешінің алдына әлі еш­кім шығып көрген жоқ.
«Бесінші маусым» – ақынды оқыр­манмен жақынырақ таныс­тырды. Алматының қақтөрінде, нақ­­тылай айтсақ, «Алатау» өнер ор­талығында көкек айының екінші онкүндігінде «Көкек айы – Гүлстан» атты Тыныштықбек ақынның си­па­ты бөлек шығармашылық кеші дү­рілдеп өткен болатын. Сипаты бөлек дей­тініміз – бұл басқосуда Исраил Са­парбаев, Жәркен Бөдеш, Темірхан Ме­детбек, Әбубәкір Қайран, Те­мір­ғали Көпбай, Қасымхан Бегманов, Бауыр­жан Жақып сияқты аға, орта буын өкілдерімен қоса, кейінгі жас пе­­рілер де Тыныштықбек өлеңдерін жат­­қа оқып, бір үйдің баласындай әде­мі әсермен тарқасқанын көзіміз көр­ді. Жалпы, ақындарға кеш өт­кізу­дің осындай тәсілдеріне бет бұр­ғаны дұрыс па деп қалдық. Ты­ныш­тық­бектің шығармашылық ке­ші Ал­матымен біткен жоқ. Эс­­та­фетаны Се­мей, Өскемен қалалары жал­ғас­тыруда. Жыр керуені тоқта­ма­са игі.
Өлең – тауар емес, әрине. Әйтсе де, оны оқырманға жеткізу автордың өз мойнына жүктелген мына заманда белсенділік қажет-ақ. Мардымсыз тиражбен жарық көрген жинақтың кейде ағайын-туыстан артыл­май­тыны тағы бар. Қалың оқырманың бол­майынша миллиондап қаржы са­лып шығарған дүниеңнің тұтыну­шысы кім болмақ сонда? Сол үшін оқырман туысыңдай болуы шарт. Ол үшін, яғни оқырманнан туыс жа­сау­ға қарекет керек қашанда. Уақыт со­ны талап етіп отыр.
Қолымыздағы талантты ақын Мақ­пал Жұмабайдың «Мақпал шер» атты өзгеше жинағы уақыт тала­бы­ның жемісі іспетті. Арнайы қорап­пен басылып шыққан бұл жинақта Мақ­палдың үнтаспасы да бар. Ма­қамды жырларымен оқырманды ерік­сіз өзіне ынтықтырған ақынның бұл бастамасы құптауға лайық. Ақын­­дығы, сазгерлігі, орын­даушы­лы­­ғы қатар өрілген Мақпал ақынға тың ізденіс жолында сәттілік тілей­міз.
Аймақтардағы оқырманға қа­лам­герлердің кітаптары жете қоюы неғайбыл. Бұл олқылықтың орнын бұл күнде баспасөз бен әлеуметтік же­лілер толтырып отыр. «Қазақ әде­биеті», «Жас Алаш», «Ана тілі» сияқ­ты апталық газеттер, «Жұлдыз», «Үр­­кер», «Адырна», «Жамбыл», «Таң­­шолпан» сияқты журналдар әде­би шығармаларды үздіксіз жа­рия­лаумен руханиятқа қалтқысыз қыз­мет жасап келеді. Бұл басылым­дарға алғысымыз шексіз.
Шыға бастағанына биыл 10 жыл то­лып отырған «Үркер» журналы жыл сайын қырыққа жуық автор шығармаларын жариялайды екен. Өткен жылы жарық көрген Пакиза Арыс­тан, Жангелді Немеребай, Жұл­­­дыз Бейсек, Айдана Қайса­р­бек­қы­зы, Әсел Оспан, Айгүл Жұмаділ, Тоқ­тарбек Тауұлы, Мұратхан Орын­тайұлы, Нұртас Тұрғанбекұлы, Ма­ғиза Құна­пия­қызы, Жазира Бақаева, т.б. та­лант­ты ақындардың топтама­лары көпке ру­хани азық.
Мойындайық, мойындамайық, қа­зір интернеттің заманы. Ол бір әлем. Жастар үшін ол бір жайлау. Топ-тобымен, лек-легімен сапы­ры­лы­сып жатқан өзінше бір әлем. Пай­далана білген адамға бұл да бір мін­бе. Біздің аға, орта буын ақын­да­рымыздың біразы осы әлемде өз ау­диториясын қалыптастырып үл­гір­ген десек те болғандай. Жаңа туын­дылардың жыршысы іспетті бұл әлемде қаламгерлеріміз пәтуалы сөз қозғап, кейінгілерге үлгі болар­лық­тай ойларымен де бөлісіп оты­ра­ды. Олардың қатарында Тыныш­тық­бек Әбдікәкімұлы, Аманхан Әлім, Серік Ақсұңқар, Байбота Қо­шым-Ноғай, Шәмшия Жұбатова, Дәулетбек Байтұрсынұлы, Құл-Керім Елемес, Жанат Әскербекқызы, Бауыржан Бабажанұлы, Маралтай Райымбекұлы, Қуат Қайранбай, Дәурен Қуат, Сәкен Сыбанбай, Қаз­бек Иса, Қазбек Құттымұратұлы, Бақыт Беделхан, Бақытжан Алдияр, Жанарбек Әшім­жан, Есей Жеңіс­ұлы, Алмат Исәділ, Қал­қаман Са­рин, т.б. ақындарымыз бар. Бұлар­дың әрқайсысында бес мың­ның үс­тін­де өз оқырманы бар. Арыз да, хат та, қызу пікірталас та осы ав­­­торлардың жазбаларына қатысты өрбіп отырады. Осы тұста қаламгер қауымға наз ретінде жуырда әлеу­мет­тік желіге жолданған ақын Құл- Ке­рім Елеместің мына бір хатына аз-кем тоқтала кеткенді жөн көрдік. Ол бүй дейді:
«Қазақ қаламгерлерінің – менің әріп­тестерімнің тілдерін біреу тар­тып тастаған ба? Әлде ділдері өшкен бе? Әлде біреулерге сатылып кеткен бе? Әлде бүккен бір құпия-сырлары бар ма? Әлде оларға ұлтының керегі бол­май қалған ба? Өздерін зиялы са­на­маушы ма еді олар. Зиялы болса, өз­дерінен халқына түсірер жарық­тары, сәулелері, қызметтері қайда?! Шы­ғыста Қытай 2-3 миллион қан­да­сының ерін (аталығын) қор, әйе­лін (аналығын) қатын, қартын ға­пыл, жасын отын, жігерін құм, на­мысын күл қылуда. Бірақ олар ләм­сіз. Неге? Қаламгерлер-ау, Сіз­дер халықтың тілі едіңіздер ғой, неге үндемейсіздер?».
Барша қаламгерлер атынан жауап беруге менде құқық жоқ. Алай­­­да, бірауыз пікір айту парыз. Әри­не, қаламгердің ағайыншыл емес, алашшыл болуын әркім қалай­ды. Автордың ортаға сауал тастауын қолдаймын. Кешегі Ахмет, Мір­жа­қып, Жүсіпбек, Мағжан сияқты арыс­тардың ұлтшылдық мінезін бойына дарытқан қаламгерлер жоқ емес, бар арамызда. Арқамызға аяз­дай батқан түрлі мәселелер төңі­ре­гінде ойын ашық айтып, билікке сұқ саусағын көрсетіп те жүрген әріп­тес­тер жетерлік. Мәселе айтуда болса, бұ­ғып қалып жатқан ешкім жоқ. Жау мен жақыныңның кім екенін, ақ пен қараның арасалмағын ажыра­тып барып арағайындық сөзін сал­мақтайтын қалам иелеріне оқыс қи­мыл тағы да жараспас еді. Піспе­ген пікір – шалшық сумен пара-пар. Оны­мен шөл қандыра алмайсың. Осы жерден тоқтадық.

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір