Мақсатым – әлемдік деңгейдегі кино түсіру
22.06.2018
2018
0

 

 

 

Айдие АЙДАРБЕКОВ,
Нью-Йорк киноөнері
академиясының магистранты

 


Ол шығармашылығын кітап жазудан бастап, сценарий жазумен сабақтапты.
Қазір кино саласында бақ сынап жүр. Бұл күнде Нью-Йорк кино академиясының «Кино. Режиссура. Телевизия» мамандығы бойынша магистратурада білім алуда. Оның бірінші мамандығы техника саласына қатысты екен. Бірнеше кәсіпті серік еткен талантты жас Айдие Айдарбековпен әңгімеден Мағжан сенген жастарды тануға болады.


– Еңбек жолыңызға қарап оты­рып, мамандығыңыз әуелде мә­де­ниет­тен мүлде бөлек сала – техника са­ла­сы екенін көреміз. Қалай ойлай­сыз, техника мен шығарма­шылықтың байланысы бар ма?
– Мен әрқашан гуманитарлық салаға жақын болым. Мектеп қа­быр­ға­сында жүргенде де осы сала­­да­ғы оқулықтар қызықтыр­атын. Әрине, мектеп бағдарлама­сынан тыс материалдарды оқуды да өте қатты жақсы көрдім. Дегенмен ма­те­матика, алгебра және басқа да нақты ғылым салаларымен достаса қоймадым. Алғаш­ үйіміздегі ком­пью­тер бұзылғанда, мен техника әлеміне ден қойдым. Ата-анамның рұқсатымен оны ашып зерттеп, кі­нәрат қай жерде болуы мүмкін­дігін іздедім. Бөлшектелген ком­пью­тердің алдында өткізген бір­не­ше күннен кейін техникаға қызы­ғу­шы­лығым артты. Бұдан әрі ком­­пью­тердің техникалық бөлі­гімен қоса, бағдар­ла­малық қамта­масыз ету жағы бар. Осылайша бағдарлама­лаумен та­ныса баста­дым. Осыдан келіп сайт­тар жасау­ға қызығушы­лық артып, техно­логияның да­муы­на байла­нысты мобильді қолдан­ба­лар­ға қарай ауыстым. Осы сфераға қы­зық­қаным сондай, туған-туыста­рым, достарым мені «програм­мист» деп атап, компьютер мен техникаға байланысты көмек сұрау­ға әдет­теніп алғанын аңғармай да қалып­пын. Ал мектеп бітіріп, ма­ман­дық таңдау кезеңі келгенде ата-анам тех­ника саласына баруға үгіт­теді. Шынын айтсам, ҚазҰӨУ «Шабыт­қа» түскім кел­ген… Бірақ мен үшін ата-ана сөзі – заң. Сон­дық­тан да Сәкен Сей­фул­лин атын­дағы Қазақ агротехни­ка­лық универ­ситеті «Есептеу тех­ни­касы және бағдарла­малық қам­тамасыз ету» маман­дығына түс­тім. Осы универсиеттің «Ком­пьютерлік жүйелер және кәсіптік білім беру» факультетінде алты жылым өте шыққанын (ба­калаврдан соң бірден магис­татураға түстім) өзім де аңғармай қалыппын. Бүгінгі таңда Техника және Техно­ло­гиялар магистрімін. Маман­дығым бойынша ірі-ірі компания­ларда табысты жұмыстар істеп те үлгердім. Еш­теңе­ге өкін­беймін. Керісінше, осын­дай жақсы техни­калық білім алғаныма өте қуана­мын. Қалай болғанда да біз қазір ақпарат пен техника ғасы­рында өмір сүрудеміз, әрі онсыз еш­қай­да да бара ал­май­сың. Оның үс­тіне сіз айтқан екі сала арасындағы ше­кара жойылуда. Сондықтан бай­ланыс бар және ол күн өткен сай­ын аны­ғырақ көрі­ну­де. Өнер мен иннова­цияны бірік­тіретін за­манауи стар­таптар, шығар­ма­шы­лық қабілетті дамы­та­тын әрі жаңа технологиялық құрыл­ғыларды қолданатын толық­тырылған және виртуалды шын­дық, сондай-ақ нейрондық желілер мен жасанды интеллектіні жасап шығу – бұның бәрі мына біздер өмір сүретін қызықты болашаққа әкеледі. Сондықтан өз-өзіңді ешқандай рамкамен шектемей, дамытып отыруың керек.
– Шығармашылыққа келуіңіз фэнтези жанрындағы «Спуститься с Небес» кітабын жазумен бас­та­лыпты. Ол қалай жазылған еді?
– Мен бала күнімде әкем Ұлан­бек Ғазизұлының арқасында өте көп кітап оқыдым. Сө­ре­сінде ең үздік әлем әдебиеттері жинақ­талған әкемнің бай кітап­ха­на­сы болды. Әр іссапарынан келген сайын өзімен бірге қызық әрі сирек кездесетін кітаптар ала келетін. Кітаптардың ортасында өскен соң, ерте ме, кеш пе оларды оқи бас­тай­сың… Ал олар көп болса және бәрі де жақсы кітаптар болса – онда сен уақыттар ара­сында адасып, реалды әлемнен басқа жаққа түсесіз, өйт­кені әр жаңа кітап – ол парақта­ған сайын өзің үшін ашып отыратын зерттел­меген жаңа бір әлем. Оқып отырып, өзің де сол әлемнің бір бөлігіне айналасың. Менің тіпті бір уақытта бірнеше кітапты қатар оқыған кездерім болды. Бір уақыт­тары ата-анам алаңдап, мені сыртқа ойнап келуге қуа бастады, бірақ сонда да кітапты қойыныма жасы­рып, өзіммен бірге ала шығып, ашық аспан астында оқып отыра­тынмын. Шатырға жатып оқығанды ұнататынмын, кейде сонда ұйықтап қалып, сосын ата-анам ұзақ уақыт бойы іздейтін… Жас өскен сайын график те түзе­ліп, бірақ оқуға деген махаббатым суымады. Бір кездері өзім де жазуға шешім қабылдадым. Оның үстіне әкемнің мамандығы фило­лог болғандықтан ол салмақты философиялық шығармаларды жақсы жазады. Жан-жақты да­муы­ма жауапты анам Гүлнар Елеш­қызы­ның арқасында түрлі секция­лар мен топтарға қатыстым, тіпті «Жұлдыз» одағы ұйымдас­тырған республикалық форумдар мен іс-шараларға «Жас коррес­пондент» боп қатысып, өңірлік және аймақ­тық басылымдарға мақалалар жаздым. Сонда мақала ғана жазып қоймай,кішігірім әңгімелер мен өлеңдер де жаза бастадым…
«Спуститься с Небес» кітабы да кішкентай әңгімеден басталып, аны­ғыра­ғы – жазуға шабыттан­дыр­ған түстен басталып, аяғында сол кітаптың прологына айналды. Шабыт­тың болмағанынан емес, бір мезетте оқып, жұмыс істеп, жазу­ға уақыт көп бола бермеген­діктен де бұл кітапты бірнеше жыл жаздым. Мүмкіндік бола қалған жағдайда көбірек жазуға тырыс­тым. Кейде тәулік бойы да отыр­дым… Бір кітапқа жетерлік мате­риал жи­налып, ақыр аяғында дайын шы­ғарма шыға келгенін өзім де аңдамай қалдым. Жазуды бастаға­ным­да өзіме «20 жасымда кітап аяқталуы керек» деген мақ­сат қой­дым. Әрине, бұған еңбек­пен болса да, бірақ мақсатпен жеттім. Қазір бірнеше кітаппен қатар жұмыс істеп жатырмын. Үнемі уақыт бола бермейді, бірақ бұған уақыт бөліп, күніне бір жол болса да жаза беруге тырысамын. Тұтастай алғанда, мен бұл про­цессті қатты ұнатамын, тіпті уақытты да ұмы­тып қаламын. Құ­пияны айтайын – «Спуститься с Небес» трилогия­ның бір бөлігі. Сондықтан бұны аяқтағанымда кейіпкерлері мен оқиғалары осы туындымен бай­ланысқан тағы да екі кітап болады. Бірақ олар жанр және рейтинг бойынша да әр түрлі болатын бола­ды! Тезірек аяқтауға тырысамын, өйткені кейіпкерлер, сюжеттер, негізгі сәттер – бәрі де басымда тұр. Енді аяқтау ғана қал­ды. Жақында ол да болып қалады!
– Сүйікті жазу­шыңыз немесе әдеби шығыр­маңыз қандай?
– Мен фантастика және фэн­тезимен өстім десем де болады. Айзек Азимов, Артур Кларк, Рэй Бредбери, Джордж Мартин және Джон Толкин секілді жазушылар менің сана-сезімімді қалыптас­тырып, қиялымның дамуына әсер етті. Сондықтан менің ойым үнемі космос пен бұлттар арасында жүреді… Бұл жазушылардың шы­ғар­маларында бүкіл бір ғаламды жасауы үнемі таң қалдыратын… Соншалықты егжей-тегжейлі әрі шынайы ойластырыл­ғаны сондай, соған сеніп, сонда өм­ір сүруді қалайсың… Мені ең ба­сын­да жазуға итермелеген де осы.
Маған ең қатты әсер еткен шы­ғар­ма – Джон Рональд Руэль Толкин­нің «Властелин колец» три­ло­гиясы мен «Хоббит» повесі. Ал Джоан Роулингтің «Гарри Поттерін» оқығанда алғаш рет жазушы болуды ойладым. Джордж Мартиннің «Иг­ра Престолов» және «Песнь льда и Пламени» циклын қазір танымал сериалы шықпай тұрғанда, жасөспі­рім кезімде оқығанмын… Меніңше, сонда жазушы болуға нақты шешім қабылдаған сияқты­мын.
Орыс әдебиетін онша ұнатпай­мын. Не үшін екенін білмедім… Негізінен, Маяковский, Рождест­венс­кий, Асадовтардың өлеңдері ғана ұнайды. Әрине, арасында Кир Булычев, ағайынды Стру­гацкий сынды фантасттар да бар… Және Сергей Лукьяненко.
Ал қазақ әдебиетін өте қатты жақсы көремін. Мағжан Жұма­баев­­тың өлеңдерін әлемдік жетіс­тік санаймын, ал оны Есенинмен са-лыс­тыру түбегейлі дұрыс емес. Ол екеуі бір деңгейде, ал егер маған Есен­ин мен Жұмабаевтың екеуінің бірінің кітабын ал десе – таңдауым күмәнсіз Мағжан Жұмабаевқа түскен болар еді.
Қазақ жазушыларының арасы-нан сүйікті үш қаламгерім – Мұхтар Әуезов, Сәбит Мұқанов және Сә_кен Сейфуллин. Бұған қоса, қазір Шоқан Уәлихановтың еңбектерін зерттеу үстіндемін – олар өте қызықты… Міне, ол шын мәніндегі көрнекті тұлға.
Айтпақшы, «ҚазАвтоЖол» ҰҚ» АҚ Баспасөз қызметінде жұмыс істеу барысында, арасында сіздер-дің газеттеріңізді – «Қазақ әдебиетін» де оқыдым. Аға әріп­тесім әрі басшыларымның бірі – Талғат Көктеубаев сіздердің газет­теріңізді оқуды әдетке айнал­­дырған.
Менің бір кітабым бар – ең сүйікті болмаса да, ең көп оқы­лады. Ол – Джон Уиндемнің «День Триффидов» кітабы. Неге екенін білмедім, бірақ өте көп оқы­ғанмын… Ұнайды, бар бол­ғаны сол. Егер мен кез келген бет­тен оқуды бастасам, барлығын қайта оқып шыққанша тоқтай ал­маймын.
– Сізді кино саласына алып кел­ген қандай күш?
– Кино туралы үнемі арман­да­дым, бірақ ешқашан бұл сала мен өмірімді жалғаймын деп ойлап көрмеппін. Бір жағынан бұл заңды да – қазір көптеген жақсы әдебиет­тер дереу экранизацияла­нады. Жазушы ретінде кітапты киноға айналдыру сынды күрделі процессті де ойладым. Бір қызығы, көптеген достарым «Спуститься с Небесті» оқып болғаннан соң фильм ретінде елестетіпті… Ал бұл салаға қатысы бар кей таныс­тарым кітаптың кино­сцена­рий­ға ұқсай­тынын жет­кізді. Бұл кезде мен сценарий ше­берлігін оқи баста­ғанмын. Тез арада қызығу­шылы­ғым үлкен ынтаға, сосын ұмты­лысқа ұласты: түсіне алғанды кино өзіне тез тар­тып алады. Оқу және жұмыспен қатар сценарий жа­зып көрдім, қазақ­стандық кине­матографияға кіруге тырыс­тым. Бірде Қазақ­стандағы Нью-Йорк Киноөнер Академия­сының ресми өкілі Әсел Зоямен фейсбук желісі арқылы жазыса бастадым. Ал жарты жылдан кейін кенеттен дәл осы кино­ака­демияға Прези­денттің «Бола­шақ» стипен­диясы бойынша түсіп кеттім.
Қазір, міне, Голливудта кино­ин­дустрияны оқып жүрмін. Бар­лық нәрсені үйренуге тырысамын, барлық шараға қатысып, тәжірибе жинап жүрмін – Қазақстанда да әлемдік деңгейдегі кино түсірілге­нін қа­лаймын. Бұл менің негізгі арма­ным мен мақсатым. Осыған бар күш-жігерімді саламын.
– Ең үлкен арманыңыз бүкіл әлем қызығатын сапалы қазақстан­дық кино жасау екен. Әрине, бола­шақ­­ты болжап болмайды. Әйтсе де, сіз армандаған фильм қандай бол­мақ? Қиялыңызбен бөліссеңіз.
– Иә, қандай жоба сәтті шы­ғарын білмейсің – оның үстіне, интернет арқылы әлемдегі оқиғалар мен тұлғалар бір-ақ сәтте танымал бола шығатын үрдістер жүріп жатыр. Бірақ мен салмақ­ты кино түсіргім келеді. Авторлық немесе арт-хаус емес, керісінше кең аудиторияға арнап жасау, өйткені режиссер ретіндегі менің миссиям – өзім үшін емес, ең бірінші кезекте көрермендерге арнап кино түсіру. Менің салмақты дегенім – ол міндетті түрде драма не­месе тарихи кино емес, комедия да салмақты болуы мүмкін. Бұл жер­де басты назарда әдіс, өйткені кино қазіргі заманғы салмақты өн­ер және оған салмақпен келу ке­рек.
Әрине, Қазақстанды әлемге кино арқылы ашқым келеді. Біз мем­лекет, ұлт ретінде өте жас әрі амбициялы ұлтпыз. Жақын арада бү­кіл әлем құлақ асады деп ойлай­мын! Бұл уақыт та алыс емес, егер мен болмасам, онда 18 миллион қазақстандықтардың арасынан біреуі осыны жасайтынына күмәнім жоқ.
– Әңгімеңізге рахмет!

Әңгімелескен
Нұрлайым БАТЫР.

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір