Крестен түсіру (Әңгіме)
09.11.2023
2855
7

Қараңғы жерде де сенің бас ауыртатын
мәселелерің таусылмайды.
Автор

Жарыққа ұмтылған, жазықсыз
саяси тұтқындардың рухына

Шағын бөлме. Бір қапталда екі есікті шкаф, қарсыда шағын үстел мен орындық. Ортадағы керуерт­тің бас жағында тартпалы сөре. Винсент­тің ес білгелі көргені – осы зат­тар, ұстағаны да сол. Жеті жасқа толған күні даладан әлдекімдер келіп, терезеге қалың қағазды желімдеп жапсырды. Бергі жағына перде ілді. Содан бері он үш жыл өт­ті, бөлме тас қараңғы. Күндіз бе, түн бе айыру мүмкін емес. Винсент қай зат­тың қайда орналасқанын анық біледі. Үстелді сипалай жүріп тауып алады да, орындыққа отырып, шаруасын күйт­тейді. Шаруа дегенде тастай қараңғы жерде не жұмыс, ойланады. Ол бұл қараңғылықты тағдыр жазуы деп топшылады.
Терезе қанша бекітулі, қымтаулы десе де, сырт­та ойнаған балалардың шуы құлағына талып жетеді. Айқайлаған, шыңғыра қашқан балалардың дауысы Винсент­тің қиялына қиял қосып, өзі де далада жүргендей мәз болады.
– Винсент? Есік қағып тұр, – деді анасы.
– Аптаның қай күні еді? – деді Винсент төсектен басын көтеріп.
– Төртінші күн, – дей барып анасы есік ашты. Гүр-гүр еткен дауыс шығады. Сәлден соң есік жақ қайта тына қалды. Әңгіме қайта жалғасты.
– Винсент, саған келіпті.
– Кіре берсін.
Қапсырып қойған бөлме есігі айқара ашылды. Ас бөлме жақтың жарығы қараңғы бөлмеге жетіп, Винсент кіріп келе жатқан еркектің сұлбасын байқады. Ақ көйлек, қара шалбар киген мұрт­ты еркек орындыққа отырып алды.
– Жағдайың қалай?
– Жаман емес!
– Терезе пердесі мен жапсырылған қағаз орнында тұр ма? – деді еркек.
– Білмеймін, терезеге жолған емеспін. Ал сырт­тағы балалардың шулаған дауысы анық естіледі, – деді Винсент шынын айтып.
– Оған мән берме, олар да көп ұзамай қараңғы бөлмеге қамалады. Олардың тағдыры солай. Ойнай берсін. Не айтпақ едім, иә, бүгін сенің туған күнің ғой.
– Жиырмаға толдым.
– Тамаша! Винсент, мен салық комитетінен келдім. Сенімен салық туралы сөйлесуге, – деді мұрт­ты.
– Мен ешқандай кәсіп­пен айналыспаймын, мырза, – деп Винсент көрпесін аяқ жаққа лақтырып жіберді.
– Мейлі, мен анаңа төлем қағазын қалдырамын. Төлемді мүлде кешіктіруге болмайды, – деп еркек бір бет қағазға бірнеше рет қол қойды да, екіге бөліп тастады. – Сау бол!
Ертеңіне дәл осы уақыт­та Винсент­тің бөлмесіне жасы алпысқа таяған әйел кірді. Винсент­тен терезе пердесі және жапсырылған қалың қағаз туралы сұрады.
– Терезеде жұмысым жоқ, бірақ сырт­тағы балалардың шуы естіледі. Олар қат­ты айқайлайды, шыңғырады, кейде өкіріп жылайды, – деді Винсент.
– Оларды жақында қамайды. Қараңғы бөлмеде отырады, сен алаңдаушы болма! Одан да өз шаруамыз жайында сөйлесейік, – деді әйел.
– Жарайды, жалғастыра беріңіз.
– Мен банктен келдім. Винсент, сен жиырмаға толыпсың. Сенің атыңа несие рәсімдеуіміз керек, – деп әйел құжат­тар шығара бастады.
– Маған несие не үшін керек? Керегі жоқ, – деп кесіп айт­ты.
– Бұл – міндет! Заңның аты – заң! Келіссең де, келіспесең де несие аласың! Қанша аласың?
– Жиырма еуро.
– Болмайды, біздің банк ең кемі екі жүз еуродан қарастырады.
– Иә, екі жүз еуро, ең аз соманы беріңіз, – деді Винсент. Бірнеше минут­та Винсент­тің қолына екі жүз еуро тиді. Ол ақшаны екі есікті шкафқа салып қойды.
Қай мезгіл екені, қай күн екені белгісіз. Қараңғы. Винсент дөңбекшіп ұйықтай алмады. Көшеде қиқулаған сирена даусы мен зулаған көліктің шуынан мазасы қашты. Жедел жәрдем, өрт сөндірушілер, полиция бәрі бір мезет­те қиқулағандай қала шулап кет­ті. Винсент ұзақ ойланды. «Терезе пердесін түріп, қалың қағазды жыртып көрсе не болады?» – деп өз-өзінен сұрады. Бірақ бойы мұздап, өз ойынан өзі үрейленіп кет­ті. «Пердені түрсең, полицейлер үйге жетіп келеді» деп анасы күн сайын ескертеді. Иә, полицей келсе, басқа қараңғы бөлмеге қамайды. Үлкендер ылғи солай айтады. Бір мезет­те Винсент өзіне тағы бір сұрақ қойды. «Бұл бөлме мен полицияның бөлмесінің не айырмашылығы бар? Екеуі де қараңғы емес пе?» – деді. Күбірлей жүріп, терезе пердесін қалай түргенін түсінбеді. Әйнекке желімделген қалың қағазды тартқылады. Шетінен ұстап тартып еді, бір ұшы жыртылып кет­ті. Көзі ойнақшып, саңылаудан сыртқа қарап еді, тас түнек. Ол терезе пердесін түсірді де, керуертке жата қалды. Кеудесіндегі жұмыр ет атқақтап, ауызына тығылардай болды. Қорқынышын жеңе алмай көрпе астына тығыла бүрісіп, жатып алды.
«Екі жүз еуроны қайда жұмсаймын?» деп басын ауырт­ты. Есіне сап етіп салық түсті. Анасына екі жүз еуроны ұстат­ты да, салықты төлеп тастаңыз деп өтінді. Анасы үйден шығып кеткенде, Винсент терезе пердесін қайта түрді. Түнде жыртқан саңылаудан күн сәулесі түсіп, қараңғылықты тілгілейді. Сәуле Винсет­тің көзін ағызып жіберердей болды. Жігіт қолымен күн сәулесін көлегейлей шалқадан түсті.
Сол күннен бастап терезеге жолауды қойды. Саңылаудан кірген сәулені біреу көріп қоя ма деген үрей оны ұйқыдан айырды. Өткір сәуле бір күні пердені тесіп, бөлмені күйдіріп жібереді деп мазасы қашты. Күні бойы көрпені қымтап бүркеніп алады да, түні бойы банктен алған екі жүз еуроны қалай қайтарамын деп бас ауыртады. Винсент уайымнан торығып, әбден жүдеп, көзі шүңірейіп кет­ті.
Сәуле пердені күйдірмеді, ештеңе өртенбеді, бәрі сол күйі. Винсент­тің басына бір ой келді. Бөлмеге анасын шақырып алды.
– Мен екі жүз еуроны қалай қайтару керегін білдім, – деді қуана.
– Ал?
– Шкафты, керуерт­ті және үстел мен орындықты сатайық. Сатып бересіз бе?
– Иә, иә, сатып бере аламын. Күн түспеген бұл жиһаздар жап-жаңа күйінде тұрған шығар. Сен қайда жатасың, қайда отырасың? – деді анасы.
– Жерге жатамын, жерде отырамын.
– Жақсы.
Бірер сағат­та анасы жарнама тарат­ты да, көршілерге Винсент­тің бөлмесіндегі бар зат­ты сатып жіберді. Бөлмеде тек қана үш тартпалы шағын сөре қалды. Түскен ақшаны Винсент анасына беріп, банкке төле деді. Өзі көрпесін қымтай еденге жат­ты.
Жексенбі күні түс ауа үйге дін қызметкері келді. Тобығына дейін жететін дін қызметкерінің киімін киген қызметкер Винсет­ті іздеп келіпті.
– Қайырлы күн, Винсент!
– Қайырлы күн!
– Бұл саған сыйлық, – деп дін қызметкері төрт бұрышты сурет­ті жігіт­тің қолына ұстат­ты.
– Алғыс айтамын! Бұл не? – деп Винсент суретке үңілді. Әуелде анық көрінбеді. Көзін уқалап, жақындай түсіп еді, басына тікеннен тәж киген Исаның портретін көрді. Тікен тәжден сорғалаған қан иығын жуады. Көзін аларта, көкке қараған Иса жарылқау тілейді.
– Тағы да алғыс айтамын, – деді Винсент суретке қарап болған соң.
– Винсент, бұл құтқарушы. Сені құтқарады. Осы қараңғы жерде онымен сырлас бол, дос бол, – деді дін қызметкері.
– Жақсы, жолыңыз болсын, мен сурет­ті қабырғадағы жалғыз шегеге іліп қоямын.

Гвидо Рени. «Тікеннен тәж киген Ғайса»

Винсент айтқандай жасады. Исаның портретін қабырғаға іліп, қарап жат­ты. Қараңғыда портрет мүлде көрінбейді, десе де Винсент одан көз алмайды. Бірнеше күн өткен соң ол портрет­ті анық көргісі келді. Ол үшін жарық керегін түсінді. Ол пердені түріп, саңылауды кеңейтіп, жабысқан қағаздың бәрін жыртып тастады. Бөлме іші әп-сәт­те жап-жарық болды. Винсент көзін қолымен қалқалай ұзақ уақыт еденде жатып қалды. Ол есін жиғанда үш тартпалы сөренің шаңын, бұрыш-бұрыштағы өрмекші торын, иығын қан жуған Исаның бейнесін анық көрді. Басы айнала тәлтіректей тұрды да, сыртқа көз салды. Доп қуалаған балалар, гүрілдей өтіп бара жатқан көлік. Азап та, қайғы да, өлім де жоқ.
Ол балалармен ойнағысы келді. Асықты. Жылдам қимылдай үш тартпалы сөрені көтерді де, терезеге соқты. Әйнек шатынап, шатырлап қирады. Сөре жарып шықты. Винсент қабырғадағы Исаны алды да, терезеден қарғып кет­ті. Жан-жағына алақ-жұлақ қарап, аулаға шықты. Ойын алаңындағы балаларға жақындап еді, олар Винсентке бажырая қарады. Әріректе қыздар шегіншектей қашып жоғалды. Винсент балаларға қол көтеріп амандасқандай ишара білдіріп еді, олар бақырып безе жөнелді. Портрет­ті қолтықтап жолға шыққан бет­те, бірнеше көлік оны қағып кете жаздап, жолдан шығып әрең бұрылды. Айналада көрінген адамдар да Винсентке маңайламай теріс айналды. Жарыққа басы айналып, мең-зең күйге түсті. Киім сататын дүкеннің жанынан өтіп бара жатып, үлкен айнадан өзінің бейнесін көрді. Әуелі қолтығына қыстырған портрет­ті қозғады. Сол сәт­те айнадағы бейне өзі екенін түсінді. Шашы жалбырай, сақал-мұрты өсіп кетіпті. Портретке бір қарап, айнаға бір қарап, Исадан аумайтынын көріп таңғалды. Винсент тыржалаңаш еді. Қарсы келе жатқан жұрт оны көре сала, кілт бұрылып кете барды. Көпшілік бір орынға жинала қалып, оған қолдарын шошайта күліп жат­ты. Айналаның пысылдаған әңгімесі құлағына жет­ті.
– Ол тыржалаңаш!
– Құдайым-ау, мына масқараны қараңдар!
Винсент көше қиылысына келгенде, қиқулаған полиция көлігі келіп жет­ті. Қолын қайыра ұстап алды. Бір полицей портретін алса, біреуі Винсент­ті көлікке бүктеп тықты.
Бұл жолы ол өзі ойлағандай торлы терезесі бар бөлмеге қамалды. Тор арасынан жарық түсіп, қараңғылықты қуалайды. Алагеуім жарық оның өрекпіген жүрегін басып, өз-өзіне келді. Қабырғаның кертішіне Исаның портретін іліп қойды.
Ұзын дәліз бойымен полицей айқайлай жүріп өт­ті.
– Жарыққа қарамаңдар! Қарауға болмайды, – деді ащы дауыс.

 

 

 

 

 

Әлихан ЖАҚСЫЛЫҚ

 

ЖАРЫҚҚА ҰМТЫЛҒАН ҰШҚЫР ЖАН

(әңгімеден кейінгі әңгіме)

11.07.2023 жыл. Алматының мамандандырылған ауданаралық қылмыстық сотында Қаңтар оқиғасы жөнінде «Әуежай ісі» бойынша үкім оқылды. Сот үкімімен «әуежайды басып алмақ болған» бес адам төрт жылдан сегіз жылға дейін бас бостандығынан айырылды.
28.09.2023 жыл. «WhatsApp» әлеумет­тік желісі. Сағат – 01:15. Әлихан Жақсылықтан екі хабарлама келді: біріншісі – «Крестен түсіру» деп жазылған құжат; екіншісі «оқырсың» деген хат.
03.10.2023 жыл. «WhatsApp» әлеумет­тік желісі. Сағат – шамамен 02:30. Асылан Қуанышұлы Әлихан Жақсылыққа жиыны жарты сағат­тан асатын бірнеше аудиохабарлама жолдады.

 

* * *

Ардақты досым! Хәлің қалай? Жағдайың жақсы ма? Біз секілді оқырманыңның барын ескеріп, әңгімеңді жібергенің үшін рахмет. Шығармаңды енді оқып болып отырмын, алған әсерім үшін саған алғыс айтуға тиіспін.
Әлихан, білесің бе, көптен бері еңсем езіліп жүр. Неден дейсің ғой, «әуежайды басып алмақ болған» бесеуді айтамын. Салған жерден аулақ, Орталық Азияда да бес мемлекет бар емес пе еді… Өзің жазған қараңғыдағы…
Сөйлемді аяқтағым келмей қалды.
Жақында осы әңгімең үшін Таласбек Әсемқұлов атындағы бәйгені жеңіп алыпсың. Құт­ты болсын! Әбден лайықсың деп есептеймін. Қазір «шығарманы жақсы талдайтын ауа­ны» жұтып алайын, қалғанын сосын айтамын… (5 минут үзіліс).
… Ал құлағың менде болсын.
«Крестен түсіру» – символдық шығарма: басы артық кейіпкер, бос деталь, мағынасыз әрекет табу мүмкін емес. Тіпті шығарманың тақырыбынан, кейіпкердің атынан бастап, соңғы нүктесіне дейін жан-жақты талдап-тәпсірлеуді тілеп тұр. Күлсең күл, бірақ өзіңе түсінікті болу үшін мазмұнын қысқаша баяндап берейін.
Винсент деген баланы жеті жасынан бастап қараңғы бөлмеге қамап қояды. Міне, он үш жыл өт­ті, бөлме су қараңғы. Бір күні баланың бөлмесіне ақ көйлек, қара шалбар киген мұрт­ты еркек – салық комитетінің қызметкері кіреді. Ол Винсентке жиырмаға толғанын, салық төлеуге міндет­ті екенін айтады. Винсент кәсіпкер емес екенін алға тартып қарсыласқанымен, онысынан түк шықпайды. Ертесі күні дәл сол уақыт­та бөлмеге банк қызметкері – жасы алпысқа таяған әйел (кемпір дей көрме, бізде жасы жетпістен асқанды да жас санайтындар бар!) кіреді. Ол да Винсент­тің жиырмаға толғанын, несие алуға міндет­ті екенін айтады. Винсент ең аз соманы беруін өтінеді. Неше күн, неше түн өткені белгісіз, бір күні Винсент банк қызметкерінен алған несиені қалай қайтару керек екенін ойлайды. Иә, ол сөйтіп, бөлмесіндегі бар жиһазды шешесіне айтып, сатқызып жібереді. Тек үш тартпалы сөрені ешкім керек етпей, шаң басқан күйі қалады. Жексенбі күні түс ауа үйге дін қызметкері келеді. Ол жиырмадағы жігітке сыйлық береді. Сыйлығы – басына тікеннен тәж киген Ғайсаның портреті. Винсент портрет­ті қабырғаға іліп, соған қарап жататынды шығарады. Алайда су қараңғы бөлмеден не көрінсін! Кейіпкеріміз бірнеше күннен кейін портретке анықтап қарағысы келді, бірақ ол үшін жарық керек еді. Ақыры пердені түріп, саңылау­ды кеңейтіп, жабысқан қағаздың бәрін жыртып тастады. Сөйтіп, сыртқа көз салды: доп қуалаған балалар, гүрілдей өтіп бара жатқан көлік… Неше жыл қамауда болған жігіт балалармен ойнағысы келіп, үш тартпалы сөремен әйнекті шағып кеп жібереді де, Ғайсаның портретін алып шағылған терезеден тысқа шығады. Балалардың бірі қорқып, бірі мазақтап жанына жуымай қояды. Киім сататын дүкеннің жанынан өтіп бара жатқан ол шарайнадан өзін көреді: портретке бір қарап, айнаға бір қарап, өзінің Ғайсадан аумайтынына таңғалады. Винсент тыржалаңаш еді, сақал-мұрты да жалбырап өсіп кеткен. Жөпелдемеде полиция келіп, оны көлігіне бүктеп тығады. Ол өзі ойлағандай торлы терезесі бар бөлмеге қамалды. Тор арасынан жарық түсіп, қараңғыны қуалайды. Винсент қабырғаның кертішіне Ғайсаның портретін іліп қойды. Осы уақыт­та ұзын дәліз бойымен полицей айқайлай жүріп өт­ті. «Жарыққа қарамаңдар! Қарауға болмайды», – дейді ащы дауыс.
Міне, бас-аяғы осы. Қызықтырып әкететін оқиға, қым-қуыт сюжет жоқ. Жазуы да суық. Сөйлемдері де қысқа-нұсқа. Әңгіменің соңына қарай автордың шығарманы аяқтауға асыққаны болмаса, оқиға мейлінше баяу сипат­талады.
«Крестен түсіру»… Неге айқыш емес? Оқырманмен көп санасатының осы жерде байқалды. Айқыш жалпы ұғымда дінмен байланыстырылады. Ал сенікі діни нанымнан бұрын, нақты «крест», яғни ты­йым салу белгісі. Винсент осы сырт­тан танылған тыйымдарды бұзады. Демек, сен осы арқылы Ғайсаны да айқыштан түсіресің. Оны айқышқа керген кім еді? Сол кездегі билік тізгінін ұстап тұрғандар. Винсент ше, оны қараңғы қапасқа қамаған кім?! Міне, көрдің бе, егер «айқыш» деп алсаң, «кресіңнің» мәні қарапайым оқырманға бұлыңғырлау болып қалар еді. Не дегенмен қу екенсің тап!
Айтпақшы, осы сенің шығармаларыңнан қазақтың атын неге тап­пай қала береміз? Винсент. Ван Гог па? Жоқ. Кейіпкерің сюрреалиске мүлде ұқсамайды. Қателеспесем, бұл латын тілінен аударғанда «жеңімпаз» деген мағынаны білдіреді. Бұған сәл кейінірек тоқталсам деймін.
Сол «жеңімпазымыз» жеті жасқа толғанда, қараңғы бөлмеге қамалады. Үлкен идеяларды арқалай жүріп, ұмытып қалған шығарсың, есіңе салайын, екеуміз де жеті жасқа толғанда мектепке барып едік қой. Сол мектеп бәрімізді бір қалыпқа салуға тырыспап па еді?! Жақсы оқушылар артық бағаланатын. Ал жақсы оқушы деген кімдер: мұғалімнің айтқанынан шықпайтын көнбістер; жағдайға қарай бейімделгіш иі жұмсақтар; бастысы, кітаптағының бәріне имандай сенетіндер, күмән келтіре алмайтындар, қысқасы, «ыңғайлы» оқушылар. Өз басым басы артық сұрақ қойғаным үшін сыныптың бұрыш-бұрышын өмірі ұмытпастай етіп жат­тап алғанмын. Сенің де өз сыныбыңның бұрыш-бұрышындағы өрнектерді қағазға қиналмай түсіре алатыныңа сенімім кәміл. Оқушы шағымда елде болып жатқан қиын жағдайларға дұрыс жұмыс істемейтін халық қана кінәлі деп ойлайтынмын… Сен де сөйткен боларсың. Ақымақ!
Винсент­тің бөлмеден шықпағанына он үш жыл өт­ті. Көке-ау, мектепте асса он бір жыл оқимыз ғой?.. Кешір, ақымақ емес екенсің. Он үш жыл деген бір мүшел екенін ұмытып қала беремін. Иә, Винсент жарық әлемді көрмей өмірінің бір циклын өткізді. Өкінішті-ақ…
Әуелі бөлмеге мұрт­ты кісі кірді. Білесің бе, шығарманың осы тұсына келгенде есіме Джордж Оруэлдің
«1984-і»­ түсті. Аталмыш шығармадағы диктатор Ұлы Көке мұрт­ты кісі болатын. Сенің Винсентің Оруэлдің Уинстонындай күрескер ме екен, соңында диктатураның сойылына көнер ме екен?.. Жә, бірді айтып, бірге кететінім бар, айыпқа бұйырма. Кейіпкерің сол мұрт­ты кісімен неге қарсыласты? Ол жұмысы, жекеменшігі жоқ адамның салық төлемейтінін қайдан біледі?
Винсент­тің үйіне ертесі күні банк қызметкері келеді. Мақсаты – жиырмаға толған жігітке несие алғызу. Кейіпкерің тағы қарсыласады. Банк қызметшісі заңмен қорқытпаса, алмайтын түрі бар. Бәрібір алды ғой, бірақ ең аз соманы беруін сұрады. Винсент қараңғы бөлмеде жатып осының бәрін қайдан біледі? Айтпақшы, ол күнде үстелдің басына жайғасып, шаруа күйт­тейтінін де жазып едің ғой, онысы не шаруа?Не туралы ойланады? Тіпті ол ойлануды қайдан біледі?
Кейіпкерің ақыры несиені алды, несиемен салықты төледі, оны қайтару үшін бөлмесіндегі бар мүлікті сатқызды. Жиһаздардың түгелі дерлігі көзді ашып-жұмғанша өт­ті де кет­ті. Сонда үш тартпалы сөре неге өтпей қалды? Онда не бар? Мені білесің ғой, авторлардың бәрін ашып, анық жазатынына, тіпті соңында түйіндейтініне үйреніп қалғанмын. Тәптіштеп жазбаған өзіңнен көрмесең, мен осылай сұрай беремін.
Осы жерде тағы бір дүниені айта кетейін. Мұрт­ты кісі мен алпысқа таяған әйел кіре сала терезе пердесі және жапсырылған қалың қағаз туралы сұрайды. Винсент терезеге жақындамағанын, әйткенмен сырт­тағы балалардың у-шуы естілетінін айтып, жауап береді. Оған жауап қайырған екеуі де сырт­тағы балалардың жақында қамалатынын жеткізеді. Мүмкін олар да жақында жеті жасқа толатын шығар…
Сол ізбен үшінші адам – дін қызметкері келеді үйге. Жетпегені сол еді. Тым болмаса соның терезе жайлы сұрамағанына шүкір. Ол ештеңе алмайды, керісінше, сыйлық беріп кетеді. Сыйлығы – Ғайсаның портреті. «Бұл – құтқарушы, сені құтқарады», – дейді ол. Қайбір уақыт­та мешітке барғаным, ондағы молданың «үкімет­тен емес, құдайдан сұраңдар» дегені есіме түсті. Тағы да басқа әңгімені шиырлап бара жатыр екенмін, кешір.
Мен бұл дін қызметкеріне аса мән бермедім. Өйткені оның банк пен салық қызметкерлері секілді саясат­танғанынан бұрын, Ғайсаның портретін әкелуші рөл ғана деп ойладым ба…
Ғайса кім еді? Ғайса – бұқараны жарыққа шығаруды көздеген, сол үшін кәззаптардың азабын көрген, өзін шындық жолында құрбан еткен кейіпкер емес пе? Оның халық санасындағы орны мифологиялық кеңістікке өтіп кеткен жоқ па?! Жарыққа ұмтыламын деп айшыққа шегеленген кейіпкерді көрсем деп Винсент­тің жарықты аңсайтыны заңды құбылыс емес пе?
Осы жерден тоқтай қал. Сонда Винсент­тің күнде күйтейтін шаруасы кітап оқу ғой?! Үш тартпалы сөреде, ешкім сатып алмайтын сөреде, кітап бар ғой! Винсент­тің өз құқығын жақсы білетіні, көзінің ашықтығы, ойлана алатыны – бәрі-бәрі кітаптың арқасы. Сол себепті де Ғайсаның портретіне Винсент басқалар секілді діни нанымдағы қатып-семген құдайға емес, шындыққа қол созған, жұртының қамын ойлап күрескен мифтік кейіпкерге қарағандай қарайды екен ғой!

Әне, оның сыртқы әлемге ұмтылысының бастауы сол үш тартпалы сөренің ішіндегі кітапта жатыр. Сенің кейіпкеріңнің көршілері тұрмақ, менің көршілерім де кітап сатып алмайды…
Винсентке «жарайсың!» дейміз. Ол кітап сөресімен қараңғылықтың құрсауын бұзып шықты. Жарық әлеммен қауышты. Жарық әлем шындықпен қауышты. Алайда шындық тыржалаңаш еді. Оның сақал-мұрты өсіп, «жабайы» кейіпке енгені сонша жұрт одан қорықты, мазақтады – әйтеуір жанына жуытпады. Иә, ол Ғайсаға ұқсайтын. Жоқ, ол тіпті Ғайсаға айналып кет­ті. Сол үшін оны түрмеге қамады.
Винсент үлкендерден полицей келсе, басқа қараңғы бөлмеге қамайтынын еститін. Алайда түрме үлкендер айтатындай қараңғы болмай шықты. Өйткені жарықты бір көрген адамды қараңғыға қайта қамау мүмкін емес. Жарыққа бір шыққан адам қандай қараңғылықтан да иненің көзіндей болсын жарықты бәрібір тауып алады! Оның жарығын ұрлау ешкімнің қолынан келмейді!
Әлихан, сенің Винсентіңнің Оруэлдің Уинстонынан парқы білінді. Ол көнбеді, түсінесің бе?! Ол – шыныменен «Жеңімпаз».
Мен мына «өрекпіген сезімді басатын немесе әсірелейтін ауаны» жұтып қайтайын. Осында бол.

* * *

Әлихан, әңгімеңнің бас жағында «Ас бөлме жақтың жарығы қараңғы бөлмеге жетіп, Винсент кіріп келе жатқан еркектің сұлбасын байқады» деген сөйлем бар. Айналасын «ас үйдің жарығымен» ғана көретін көздер аз ба қазір?! Қазір әлдекімге қоғамдағы мәселелерді айтсаң: «оның маған не қатысы бар? Үйім, жұмысым, жейтін тамағым бар, маған сол да жетеді» деген жауапты көп естисің. Мұныңды туған-туысқаның естісе, тіпті пікір айтудың орнына, бүкіл сеніміңе түкіріп кетеді. «Тыныш жүрмейсің бе, нең бар, сен ұсталып жатсың ба, сені жеп жатыр ма, бәрі сен секілді өмір сүреді ғой» деп айыптай жөнеледі. Өзім ғана дейтін, өлмесем болды дейтін мақсұт – өмір сүру деп атала ма, оның шын аты – күнелту емес пе?..
Осы әңгімеңде мынадай сөйлемдер бар: «Қай мезгіл екені, қай күн екені белгісіз. Қараңғы. Винсент дөңбекшіп ұйықтай алмады. Көшеде қиқулаған сирена даусы мен зулаған көліктің шуы­нан мазасы қашты. Жедел жәрдем, өрт сөндірушілер, полиция бәрі бір мезет­те қиқулағандай қала шулап кет­ті. Винсент ұзақ ойланды. «Терезе пердесін түріп, қалың қағазды жыртып көрсе не болады?» – деп өз-өзінен сұрады. Бірақ бойы мұздап, өз ойынан өзі үрейленіп кет­ті. «Пердені түрсең, полицейлер үйге жетіп келеді» – деп анасы күн сайын ескертеді. Дәл осы сөйлемдер былтырғы Қанды Қаңтарды есіме түсірді. Ол күндері үйден шығу былай тұрсын, радиодан «терезеге жақындамаңдар» деген дауыс сарнап тұрып еді… Кейін білдік қой, сол күндердің бірінде төрт жасар Айкөркемнің өмірін қаңғыған оқ қиып түскенін…
Уақытыңды алсам айып етпе, бір-екі ләмімді жеткізіп, мен де ұйықтайын.
Әңгімелерің алғаш жариялана бастаған кезіңнен бастап, сені «аңдып» жүремін. Тілің жұтаң көрінгенімен, сөйлемдеріңде емлелік, стилдік қателер өріп жүргенімен, тереңнен ойлай алатын қасиетіңе, қабілетіңе, шығармаларыңда салмақты ой айтқың келетін талабыңа сырт­тай сүйсініп жүретінмін. Бүгін бұл сезімім тіпті еселенді. Десе де, сөйлеміңді ширата түссең, тілдік қорыңды байыта түссең деп тілеймін. Айтып-айтпай не керек, әдебиет дегеніміз – мәтін, ал мәтін сөзден құралады. Сөзіңе мән бермесең, қандай керемет ойларың қарабайыр сөйлеммен қор болып кете ме деп қорқамын.
Еңсемді езіп жүрген тағы бір жайт­ты айтайыншы. Адамзат тарихындағы Азияның, Африканың, Аустралияның және Американың ең үлкен шөлдерін жүгіріп өткен бірінші және жалғыз спортшы – Марат Жыланбаев мамыр айынан бері қамауда отыр. Ол «тыйым салынған ұйымның ісіне араласуы» және «экстремистік ұйымды қаржыландыруы» мүмкін деген күдікке ілініпті. Менің ойым, менің мұңым кімге дәрі дейсің. Мен де, менің сүйікті Қазақстаным да сені тағы бір жаңа жақсы әңгіме жазып қалар ма екен деп жатқанымыз ғой. Болмаса, басқа елдер мұндай тұлғасын көкке көтеріп, алақанына салар еді…
Қош, сау бол!

 

Өзіңе деген құрметпен, достық пейілмен,
Асылан ҚУАНЫШҰЛЫ

ПІКІРЛЕР7
Аноним 10.11.2023 | 13:33

Keremet

Аноним 12.11.2023 | 00:08

Құдай сақтасын! Әлихан Жақсылықов деген Өзі әңгіме деп атаған мына жазбаның басынан аяғына шейін бір дені сау сөйлем жоқ.Мынау қазақтың сөз саптауын әдейі осылай құртуға тапсырма алған адам ба,әлде қазақ жазба әдебиетінде өші бар біреу ме ?

Аноним 14.11.2023 | 10:35

Оттаған бірдеңесін шығарып алтын тапқандай таңғалатын надандардың қолпашына мәз болатын жазғаштар шығыпты. Өздері оқып өздері жазып өзара мәз болады. Түк жоқ. Мәңгүрттер дәстүрлі әдебиетке көшіңдер. Түсінікті ғып көркем тілмен жазуды үйреніңдер.

Аноним 14.11.2023 | 13:35

Жақсы әңгіме.

Аноним 14.11.2023 | 13:40

Екінші, үшінші қонақтың сөз саптасы қандай ұқсас, ә! Біз бірдеңе білсек, екеуін жазып отырған бір адам-ау, Исус христосты көріп арты ашыған.

Аноним 26.12.2023 | 22:20

Астарлап жеткізген қазіргі жағдайды еліміздің. Талдауды тамаша жасаған екен. Жазықсыз жандарға бостандық тілеймін.

Аноним 21.08.2024 | 03:08

Бос сөзділік. Әңгіме сиқы жоқ. Көркемдік денгейі өте төмен.

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір