Кино бағын асырар бұрынғыдай ән қайда?..
03.06.2022
453
0

Ежелден белгілі қағидаларға жүгінсек, музыканың кино­дағы міндеті – сюжетке сай аура, ауан қалыптас­тыру.
Әр жанрдың өз стилі бар.

Арғы-бергі кино тарихына үңілсек, көптеген музыканттардың атақты фильмдерге саундтрек ретінде жазылған композициялары арқылы танымал болғанын байқаймыз. Тіпті балаларымыз күнделікті көз айырмай қарайтын шетелдік мультфильмдер мен жантүршіктірер триллерлер де құлақты жарардай, улап-шулаған әуенімен жүйкемізді ширықтырып жатады. Музыкадағы тура құлағыңның түбіне тау құлағандай әсер ететін оқыс дыбыс алдағы көріністе қорқынышты бір жағдайдың болатынын аңғартса, төбелес, атыс-шабыс фильмдердегі адуынды, екпінді әуен басты кейіпкердің жеңіп, қарсыластарының жеңіліс табатынына меңзейді. Ал мелодрамалардағы баяу, жұмсақ, жылы әуен көңіл пернесін мейлінше дөп басып, көрермен сезімін сан-саққа жетелейді. Басқа-басқа, бұл тұрғыдан алғанда үнді кинолары ерекше өтімді. Мәселен, «Диско бишісі», «Биле, биле» фильмдеріндегі тартымды сюжетпен шебер үйлескен ойнақы, назды әуен, онымен астаса кеткен мағыналы әрі мұңлы мәтін картинаның көрерменге әсерін әлденеше есе арттырып тұрған жоқ па?! Тіпті көп жағдайда үнді фильмдерінің басты артықшылығы – ондағы ән мен бидің құдіретінде ме деп ойлайсың. Қарасаң, көзің тояды, тыңдасаң, құлағыңның құрышы қанады. Бұған кино кадрларының бағасын арттырып тұрған тамаша табиғат көріністерін қосыңыз. Былайынша, актерлардың да, сценарийдің де алып бара жатқан түгі жоқ. Ал кино көрерменге ұнайды.Жалпы, әлемге танымал кинорежиссерлардың әрқайсысының музыканы таңдауы, ықыласы әртүрлі. Көзіқарақты көрермен фильмдегі алғашқы әнді естіген бойда-ақ бұл кімнің жұмысы екендігін бірден түсінеді. Кино мамандарының пікірінше, фильмге музыка таңдау тұрғысынан алғанда, Тарантино, Кустурица тәрізді режиссерлердің шеберлігі ерекше. Сол себепті де олардың фильмдерінің саундтректері айрықша болып келеді. Оларды былай қоя тұрып, өзімізге етене жақын және таныс кеңестік дәуір киноларын алып қарайық. Мысалы, «Қорықпа, мен сенімен біргемін» фильміндегі Полад Бюль-Бюль оглы, «Қызметтестер хикаясындағы» Алиса Фрейндлих пен Андрей Мягков, «Тағдыр тәлкегі немесе жеңіл буыңызбен» картинасындағы Алла Пугачева, Сергей Никитин, Андрей Мягков пен Валентина Талызина орындаған әндер қандай еді!..

Өнерде шекара жоқ. Әлемдік кинематографқа тән бұл жайттан қазақ киносы да сырт қалған жоқ. Яғни фильмнің жекелеген кадрларына ортақ сипат беріп, белгілі бір көріністің әсерін музыка арқылы арттыруды қазақ кино шеберлері де ұмыт қалдырмады. Бұл ретте, әрине, «Қыз Жібектің» орны да, салмағы да бөлек. Мұндағы «Аққу» күйі мен «Гәкку» әні «Қыз Жібектің» лейтмотиві іспетті. Бұдан бөлек сондағы «Ақылбайдың әні», «Шегенің әні» фильмнің сюжетіне шебер үйлескені соншалық, картинаның мән-маңызын еселеп арттыра түскен. Тіпті Сұлтан Қожықовтың теңдессіз туындысы «Қыз Жібектің» деңгейін көтеріп, бағасын асырып тұрған бір фактор – фильмнің композиторы Нұрғиса Тілендиевтің музыканы үйлестіріп қоя білген шеберлігінде жатыр ма деп те ойлайсың. Сол сияқты, Шәкен Аймановтың «Тақиялы періштесіндегі» «Мама», Шәріп Бейсенбаевтың «Гауһартасындағы» «Гауһартас», Абдолла Қарсақбаевтың «Менің атым – Қожасындағы» «Пионерлер әні», Серік Жармұхамедовтің «Өтелмеген парызындағы» «Әдемі қыз», Амангелді Тәжібаевтың «Ақырғы аманатындағы» «Сәби болғым келеді», Мұрат Омаровтың «Доланасындағы» «Көк орамал», Едіге Болысбаевтың «Шаңырағындағы» «Дайдидау» әндерінің де аталған фильмдердің көрермен көңілінде мәңгілікке сақталып қалуына, сонымен бірге қазақ киносының алтын қорына енуіне өзіндік ықпал-үлесі болғаны даусыз.

Енді осы арада мынандай мәселе туады: кейінгі жылдары түсірілген қазақ киноларының қайсысында сюжеттің мәнін ашардай, әсерін арттырардай ән-әуен таңдауға мән берілді?.. Киноның бағасын аспандатқан немесе керісінше, әнді танымал еткен қандай фильм бар? Осы орайдағы бір шындық – кейінгі кезде біздің режиссерлеріміздің дені түсіретін фильмдерінің сценарийін де, музыкасын да өзі жазуды әдетке айналдырған сыңайлы. Бұрынғыдай білікті автормен, талантты композитормен бірлесіп жұмыс істеу, жан-жақты ойласу үрдісі қалып бара жатыр. Әйтпесе жыл сайын қаншама дүние түсіріліп жатыр! Солай бола тұра көрерменнің көзін тойдырып, жүрегінің қылын тап басардай, соның ішінде өзіміз жоғарыда сөз еткен талапқа жауап бере алатындай дүние еске түспей отыр. Мүмкін, бар шығар. Бірақ ерекше есте қалмауына қарағанда айдарынан жел есіп, топ жарып тұрғаны шамалы-ау… Меніңше, бұл – ойлануға тұрарлық нәрсе.

Роза РАҚЫМҚЫЗЫ

 

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір