Өмір сүргім келеді…
18.05.2018
2012
0

Жанар ӘБДІШОВА


Апам екеуіміз күні бойы күй­бең­десек те, қыбыр-жыбыр тір­ші­лі­гіміз бір бітпейді. Байғұс ап­ам кейде әлі құрып, сөйлеуге ша­масы келмей, қалжырап жа­тып қалады. Мен аяғымның ұшы­­нан басып, мазасын алмауға тырысамын. Біраздан кейін: «Кәдімгідей тынығып қалып­пын!» – деп, басын көтереді. Мен де қуанып қаламын, тіпті үйдің іші де көңілденіп кеткендей бо­лады.
Апамның бір қызық қылығын айтып берейін.
Осы апам осыдан төрт-бес жыл бұрын қатты ауырды. Бә­рі­нің өңдері қашып, уайымдап, операцияны күтті. Үйдегі үлкен­дер­дің бәрі күні-түні сол ауру­ха­на­дан шықпайды. Әйтеуір апам аман қалды. Үш-төрт ай жатып, үйге келді. Әкем мен шешем жұ­мыс­қа кетерде: «Апаңа қарап қой, қасынан ұзап кетпе!» – деп тап­сырып кетеді. Сондықтан апам­ның қасынан бір елі шық­пай­мын. Он шақты күндей өт­кенде, апам ілбіп, үйдің астыңғы қабатына түсті. Текшеленіп жиналған бірнеше теңкиген қаптарды көрсетіп:
– Мынаның біреуін алып, екеуміз отырған бөлмеге апар! – деді.
Шеткі біреуін тартып алып, көтерсем, жеп-жеңіл…
– Апа, бұл не? – дедім.
– Барған соң көресің, – деді.
Қаптың аузындағы жіпті апам шешті, қарасам – жуылған қой­дың жүні…
– Апа, бұны не қыласыз? – дедім.
– І-и-и, балам-ай, операция жасардың алдында, осы жүн есіме түсіп, қатты уайымдадым. «Қап, сонша жуып, көрпе жасап үлгере алмай кетіп бара жат­қа­ным-ай!» – деп… – «олай-былай болып кетсем, бұл жүннің қадірін кім біледі… ары жатады, бері жатады, сосын «мына кісінің жоқтан өзгені жинай бергені-ай!?» деп, лақтырып жібермесе болды ғой…» деген ой маза бер­мей қойды… Әне біреу… «құрақ құраймын ба…» деп, жинаған, па­кет-пакет болып жатқан шү­беректер де есіме түсті…
Сосын жан сақтау бөлімінде есім­ді жиғанымда «Тәуба, жүнім­ді жөндеп, құрағымды құрап алатын болдым!» деген ой келгені басыма… Енді осыны жөндеу керек, шама келсе, – деді апам.
Сонымен апам екеуміз қыс­тай жүн түтіп шықтық. Жүн біт­кен соң, апам «құрақ құрай­мын» деп, жинаған шүберектерін шы-ғарып, «геометриялық дәлдік-пен» үш бұрыштап, төрт бұрыш-тап, қиюластырып құрады… Әр қайсымызға арнап, көздің жауын алатын көрпе тігіп берді. Бұл жұмыстың басы қайырылды-ау дегенде, екеуміз отырғанда, маған мынандай әңгіме айтып берді:
– Ол кезде мен жап-жаспын: өлім-жітім, ауру-сырқау деген-дер­ді ойға да алмайтын, алып-ұшып тұрған кезіміз… Қан қысы-мы көтеріліп, аяқ астынан жаңа­­дан көшіп келген көршінің әйелі қайтыс болды. Төрт ұлы бар екен, олар да үйленбеген, жас бәрі. Жөнін жөндейтін жақын-жуықтары да жоқ екен, жаздың күні, күн ыстық… сол… көрші әйелдер кірісіп кетті. Жуғысына салатын киім іздеп, ақтармаған жерлері қалмады. Қолдарына бір жөні түзу киім ілінбеді, бәрі ескі-құсқы… Өзінше бір құрақ құрап­ты… өңкей бір сұрықсыз, ескі шү­беректерді шатпақтап тіге беріпті. Олар бір-біріне «Құрағы­ның сұрын қара!» дегендей, ерін­дерін шүршитіп қарады да, «Бұл неге керек?» дегендей пеш­тің тү­бін­де жинаулы тұрған отын­ның үстіне лақтыра салды… денем түршігіп кетті… «ажал – ғайып» деген осы екен ғой деп, ішімді жиып қалдым. Ақша жинап, жуғысы дейді ғой қазақ, денесін жуған адамдарға беретін киім алдық… Операцияға алып бара жатқанда, осы есіме түс­кені… – деді апам көзі жасаурап…
– Апа, сен ол әйел құсап өл­мей­сің! – деп апамды құшақтай ал­дым.
– Иә, алтыным, менің өмір сүр­гім келеді! – деді апам мені құ­шақтап.
…………………….
Бүгін де екеуіміз кір жудық. Әрине, автоматты кір мәшине­мен… Апам жуылған кірді оңы­нан теріс аударып, орташа ле­генге салып, даладағы бес-алты қатар қылып, әдейі кір жаюға арналып байланған, керілген жіптерді сүртіп жая бастады. Мен кір қысқыштарды арнайы тігіл­ген сөмкеден алып, бір-бірлеп, беріп тұрмын. Басында осы кірді теріс аударғанына қарсы болып: «Апа, осы екі жұмыс неге керек? Кепкен соң оңына қайтадан ау­дара­мыз!» – деп, біраз бұрқыл­дағанм­ын… «Үи-и-й, ақымағым-ай, кір таза болады, сосын күннен онша оңбайды, соны да түсін­беген­сің бе?»– деген соң, ойлан­сам, апамның айтқаны рас екен… тіпті апам жайған киімдерді, сей­септерді үтіктемесе де болады, себебі, апам олардың тігістерін біріне-бірін келтіріп, бірнеше рет сілкіп жайғанда, қыртыстары жазылып кететін…
Кенет апам «құбыла жақ» деп, айта беретін күн бататын жақтан бір ұшақ ұшып шықты. Атқан оқтай болып, көз ұшында зы­мы­рап барады. Соңынан апамның иірген сайын зырылдап, шыр айналған ұршығынан жіп болып шығатын, шүйкеленген жүніндей шұбатыла созылған аппақ із қа­лып барады. Анау, а-нна-а-ау көз ұшындағы ұшып бара жатқан ұшақтың алғаш көзге көрінгенде, күн алыстан күркірегеніне ұқсас­тау бір гүрілдеген дыбыс шығар­ға­нымен, биіктеген сайын үн-түн­сіз, ақ шуда ізін қалдырып, жет­кізбейтін армандай болып, өтіп бара жатқан өмірдей болып, (апамның сөздері ғой…), зуылдап барады. «Зуылдап» десем, артық болар… кеңістікке еніп, а-а-нау көкке сіңіп барады…
Тек қана көзге кіп-кішкентай болып көрінген күміс қанаты мен сауыры ғана бір жарқ етіп, көрін­гендей болды да, ақ ноқатқа ай­на­лып, а-на-у ақ шулан іздің ба­сында ғана ақ нүктедей болып, көзге әрең-әрең көрініп, көкке сіңіп кете берді…
Артындағы шудаланған аппақ іздің шет-шеті аздап селдірей тү­сіп, сөгілгенімен, түткен жүн құ­сап қобырап, әлі толық тарай қой­май, көк аспанның төрінде ке­ріліп, әлі тұр…
Екеуіміз созылған аппақ ұл­па­­­дай ізге қарап, ұзақ тұрдық… апам күрсінді… Қазір не айта­ты­нын мен жатқа білемін. «Беу, өтіп бара жатқан өмір-ай де­сеңші…» деуі керек.
Бірақ бұл жолы үндемеді, өз ойы­мен өзі әуре болып, кірін жайып, күйбеңдеумен болды. Қа­сында қалтиып тұрған мені жаңа байқағандай, қадалып қа­рап қалды да, ыңғайсыздан­ған­дай күй кешіп:
– Қой, мыналарды жайып бі­­тірейік, күн батқанша кеуіп кет­сін! – деді.
Мен тақ етіп:
– Міне, апа! – деп, кір қыс­қыш­тарды ұсына бердім.
Бұл шаруаны бітірген соң, апам екеуіміз сәкідегі диванға келіп отырып, осы жерден жақсы көрінетін, шыңын мәңгілік қар басқан, аппақ биік тауларға көз салдық. Құлағымызға шықылық­таған құстардың үні, жапырақ­тардың сыбдыры келеді…
Біз ұзақ отырдық…
Апамның таудың ұшар ба­сына қарап отырғанын байқап, мен де «зерттеп», қарай бастадым. Шыңын­­дағы жатқан қардың таза­лы­ғы, аппақтығы… сон­ша­лық­ты… тіпті көз қарықтырады… Одан төменірек таудың апай төсіне оралған, үлпілдеген ақша бұлт әкесінің мойнынан құшақ­таған сұлу қыздай нәзік, әрі ерке… Ал, таудың өзі болса бүгін көкпенбек аспанмен таласа, тым биіктеп, асқақтап, асауланып, мейманасы асып, такаппарланып кеткен сияқты болып көрінді… Бірақ сондай әдемі…
–Апа, анау таулардың ар жа­ғында не бар? – дедім.
– Е, балам, ол да бір адамның өмірі сияқты ғой… Жастық шақта алдағы өміріңнің жалғасы сол таудың арғы жағындағы бізге белгісіз дүние сияқты – жұмбақ. Анау биікке шығып, мақсатыңа жеткен соң, ылдиға қайта түс­кенде, тура осы кездегі жүрісің сияқты өмір тез өтіп кетеді екен…
Сол биікке көтеріліп, артыңа бұрылып қарасаң, жасыңның да біразға барғанын, уақыттың да көбінің өтіп кеткенін, әрі ағат басқан қадамдарың, жіберген қателіктерің, тағы басқа ұсақ-түйек келеңсіз жайттар тайға таңба басқандай, бадырайып, анық көрініп тұрады… Тіпті кейбірі еске түскенде, ішті күйді­ріп, өмірді өксітіп жібереді…
– Апа, қателік жасамас үшін не істеу керек? Олар қандай қа­теліктер? – дедім.
– Олар сондай көп, – деді апам төмен қарап, түймесін шұ­қы­лап. – Бірінші адам өз ден­сау­лығын қадірлемей, қателік жа­сайды. Сосын оны түзету өте қым­батқа түседі. Кейде оның тө­лемі – Алланың берген ең үл­кен сыйы, ең қымбатың – ӨМІР болуы мүмкін… Адам айнала­сын­да­ғының бәрін қадірлеуі керек. Алла Тағалам адам баласына бәрін берген, сол жақсылықтарды бағалай білу керек… Мысалы, екеу­міз анау тауға қарап, сұлу көрі­нісіне көзіміз тоймай, там­са­нып отырмыз, рас па? – деді.
– Рас, қандай әдемі, ә, апа! Мен соны көргеніме қуанып отыр­­мын, бұл тауды ешқашан ұмыт­паймын, – дедім.
– Жаным сол менің, – деді апам басымнан сипап. – Ата-ба­ба­ның салт-дәстүрінен мүлдем ал­шақтап бара жатырмыз… Хал­қымыздың әр күнді қадір­леген қа­сиетін ұмытқанымыздан шы­ғар…
– Ол не, апа? – дедім.
– Бұрын үлкендер бір күн өт­се, «бір күнге қартайдым!» деп, жы­лайды екен… Таңмен таласа тұрып, күніміз ұзақ болсын дегені ме екен, жарық күнге жеткеніне шүкіршілік етіп, қуанады екен… Қазір қалалықтар да, далалықтар да, көбіне жастар, түнімен «көк жә­шікке» (теледидар дегені) тел­міріп, тал-түске шейін бас­тары қазандай болып, пысып, ұйықтап жатады ғой… Терезе­лерін қараң­ғылап қоятынын айтсаңшы… – деді апам басын шайқап…
– Сосын? – дедім.
– Сосын… жақын адамдарың­ның қадіріне жетпеу… Қазақтың үйден бір адым аттап шықса, жа­қын­дарымен қоштасып шыға-тын, бірін-бірі қадірлеу қасиетін ұмытқаннан шығар, көп жақын адамдар (ерлі-зайыптыларды айтам-ау)…бір-бірімен түсініс­пей, өмірі босқа өксіп өтеді, бі­рін-бірі жоғалтады. Әңгередей үйде екеуден-екеу тұрса да, бет­пе-бет келіп, көздеріне тура қа­рап, «ренжітіп алдым-ау деген, қал-жағдайын білейін, не күйде жүр екен…» деген ой келмейді ғой… Ерегіседі… Екеуін көкте Алла Тағала қосқанын ұмытады… Тіпті бір шерлерін тарқатып сөйлесуге мойындары жар бер­мей, бірінен бірі теріс айналады. Ал, сөйлесе қалса, бірін-бірі кінәлап, ақыры ұрыс-керіске айналады ғой… Бір үйде тұрып, бір-біріне ықыласы азайғаннан жат, суық бауыр болады… Сырт­тан қызық, сырттан жылы сөй­лейтін әлдекімді іздейді… Оның бәрі уақытша алданыш, бөтен адамдар ғой… Адам, әсілі, жақын адамдарын жоғалтып алудан, ренжітіп алудан қорқуы керек… Байқаймын, қазіргі жастар осыны түсінбей жүр-ау… Адам баласының бір-біріне қонақ екенін ұмытқанбыз ғой, сірә, – деді апам мұңайып…
– Сосын? –дедім.
– Атамыз қазақ: «Жақсы сөз жарым ырыс!» деп, айтылған сөз­ге өте мән берген. Қазір сол ұмы­ты­лып барады. Алды кең, кеші­рімді Алла Тағалам адам баласына өте ықыласты ғой, сондықтан оның істеген ісіне де, сөйлеген сө­зіне де ынтамен қарап, тілек­терін беріп отырған…
Сондықтан жан жаралайтын жа­ғымсыз сөзден, қара ниеттен, жа­ман істерден аулақ болуы ке­рек. Әр адам «осыларды біреу ма­ған істесе қалай болар еді…» де­ген тұрғыдан келуі керек… Ал, бұны «Сен тимесең, мен тимен, бадырақ көз!» деп, жамандық көрсең, басыңды бұғып жүре беру керек екен деп түсінбей, біреуге біреу қиянат жасап жатса, оны тоқтатып, зұлымдықпен күресу керек. Ол да үлкен сауап… Әділ­дік жақта болсаң, жолың ашы­лады.
– Сосын? – дедім тағы да.
– Аққан судай болып, тоқтау­сыз өтіп бара жатқан уақытпен адамның өмірі кетеді. Сол уақыт­тың қадіріне жету керек. Баяғы атамыз қазақтың мал ұстаған кезіндегідей, құрт, май алатын сәттеріндей, өмір белестерінің өз уақыты, өз жолы болады. Әр жұмысты дер кезінде қолға ал­маса, уақыт өтіп кеткен соң, кеш болады, балам, – деді апам.
– Апа, сіз көп қате жібердіңіз бе? – дедім.
– Пенде болған соң, мен де біраз қате жібердім, – деді апам мұңайып. – Денсаулығымды ба­ға­­ламағаннан, осылай ауырып отыр емеспін бе? – деді. – Дер ке­зінде барсам, қазір бүйтіп, әлім құрып, шаршап-шалдығып, бол­дырып отырмас едім, әлі жұмыс істеп жүрер едім, – деді апам көзі жасаурап. – Бірақ Алланың ша­пағаты түсіп, тірі жүрмін ғой… Осы­ған да Құдайға шүкір, өмір сүріп, мына жарық дүниені көріп жүргенге ештеме жетпейді ғой… – деді басымнан сыйпап.
– Апа, бірнәрсеге өкінесіз бе? – дедім.
Жазық маңлайындағы әжім­дері тереңдей түсіп, жайсыз әл­дене есіне түскендей, көңілсіз күйде, үнсіз отырып қалды. Әл­ден соң:
– Иә, – деді.
– Ол не, апа? – дедім.
– Ол… Сенің шешең кіш­кен­тай кезінде нағашы апасы қонақ­қа келді.
– Апа, ол кісі сіздің шешеңіз ғой, – дедім.
– Иә, менің апам, біз қой сой­дық. Ол кісі аздап сырқат­танып жүрген. Кәрі кісінің
әш­ейін­­дегі ыңқыл-сыңқылы ғой деп, онша мән бермедік… Сол қойды сойып жатқанда, шешем қалқайып қасымда отырған.
– Шіркін… мына төстің етегін отқа қақтап, баяғыдай, жас кездегідей көк жуамен, кірт-кірт еткізіп, төстік жасап жесе ғой! – дегенді айтты.
Менің ойымда болды. Тіпті, бас үйіткен оттың орнындағы шоқты да қаузап-қаузап қойдым. Бірақ ішек-қарын тазалап, бас үйітіп, қуырдақ жасаймын деп, абыр-сабыр жұмыстармен жүріп, шешемнің сөзі есімнен тарс шы­ғып кетіпті…
Кейін шешем қайтыс болған соң, төстік жасап бермегенім есі­ме түссе, әлі күнге шейін өкіне­мін, – деді жанары суланып. – Әсіресе, сағынған кездерде сол бір сәт есіме жиі-жиі түседі, – деді апам.– Кейін өкінбес үшін жақын адамдарыңның әр сөзіне, әр тілегіне мән беріп, сыйластық­пен қарау керек екен, мен сол бір сәтті жіберіп алдым, – деді.
Мен апамның қолынан ұстап, бетіме бастым.
– Апа, сізге бірнәрсе керек болса, маған айтыңыз, – дедім, – егер мен ұмытып қалсам, қай­та­дан есіме салыңыз. Мен сізді жақ­сы көремін, кейін өкініп жүр­мейін, ауырмаңыз жарай ма? – дедім.
Апам күліп:
– Жарайды, алтыным, – деді басымнан сипап, – Сен маған көп көмектесіп жүрсің: әңгімеле­рім­ді тыңдап, қас-қабағыма қарап, қолқанатым болып, өмі­рім­ді ұзартып жүрсің. Бақытты бол, үлкен азамат бол! Өмір жа­сың ұзақ болсын!
Ал, сенің жақсы адам болып өсетініңе мен сенімдімін, себебі, сен сөз түсінесің… адамды тың­дай аласың… Сенің үлкен болға­ныңды көргім келеді, Алла Таға­лам­нан бұйрық болса… тағы біраз өмір сүргім келеді! – апам таудың ұшар басына тағы біраз көз ал­май, қадалып отырды да, басым­нан сыйпап, – бітпеген көп жұ­мыс­тарым бар, – деді.
Мен көңілденіп, қуанып қалдым…

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір