Батыр пайымдары және Асыл апа
03.05.2018
1431
0

«Қасым Қайсенов – жер бетінде бұрын-соңды болмаған ең жойқын шайқаста жауға етегінен шалдыртпай, жағасынан алдыртпай өткен еңіреген ер. Халқымыздың күллі адамзатпен бірге жасаған ең ұлы ерлік дастанының ең басты қаһармандарының бірі» — деп заңғар жазушы, мемлекет және қоғам қайраткері Әбіш Кекілбаев ағамыз бағалаған, көзі тірісінде-ақ аты аңызға айналған қаһарманның қасында жүремін, дәмдес-тұздас, сапарлас-сырлас болып, жеке хатшылық қызмет атқарамын деп кім ойлаған. Бұл да бір Жаратқан иемнің маған бұйыртқан жақсылығы шығар деп қабылдаймын.

Еске алсам, Қасым ағамен та­ныс­тығым 1985 жылдың басында басталыпты. Сирек болса да ха­бар­ласып, жүздесіп, берген тап­сыр­маларын орындап жүрдім. 2000 жылы көзінің нашарлауына байланысты жеке хатшылық та­ғайындалып, оған өз қалауымен мені таңдағанынан бастап 2006 жылдың соңына дейін жалғасқан жақын араластығымыз ұзын-ырғасы жиырма жылға жуықтады.
Айтулы даталардан сырт қал­майтын «Балдырған» журналының Ұлы Жеңістің 40 жылдығына арналған санына Қасым ағаның бір әңгімесі баратын болған соң жеке фотосуретін алуға 1985 жыл­дың ақпан-наурыз айларының бір күнінде алғаш рет батыр тұрған пә­тер-үйдің табалдырығын атта­дым. Бас редакторым Мұзафар аға алдын ала телефон шалып қойған­дықтан Қасым аға күтіп отыр екен. Ағаға алғаш рет сәлем беріп, өзі сұраған соң аты-жөнімді айттым. Ол кезде «Қазақ әдебиеті» газетіне әзіл суреттерім (шарждар) жа­рияла­нып жатқан-ды.
– Ой дорогой, Еркін Нұраз­ха­нов деген сен бе? Сенің әзіл сурет­теріңді «Қазақ әдебиетінен» көріп отырамын. Кейде мәз болып күле­мін. Содан риза болғандықтан, міне, сол суреттеріңді қиып алып альбом жасап койдым. Соны саған сыйлайын. Суретің көбейе берсін! Енді өзің де осылай жинақтап жүр, – деп, суреттер жапсырылған оқу­шы дәптерін ұсынды. Әзілді түсі­ніп, өзі де әзіл-қалжыңға жүйрік екендігін кейін талай дәлелдеген Қасым ағамен таныстығымыз осылай басталған еді.
2003 жылы 20 наурыз күні ер­тесімен телефон шалған Қасым аға:
– Ай Еркін, анау иттің баласы екеуімізді тыңдамай соғысты бастап жіберді, – деді налыған үнмен. Бұл, сол кездегі Америка­ның президенті Дж. Буш туралы еді. Біраз күн бұрын Қасым аға идеясын айтып, мен қағазға түсі­ріп, Иракқа қарсы соғыс ашқалы жатқан Бушқа «Тоқтаңыз, мұны­ңыз дұрыс емес. Хусейнді құрта­мын деп бейбіт халықты қырып аласың», – деген сыңайда, соғысты көрген адамның атынан «Егемен Қа­зақстанға» мақала шығарған едік. «Бізді тыңдамады» деп отыр­ғаны сол.
Қасым аға жалпы үлкен масш­таб­та ойлап, кең толғаныстар жа­сай­тын. Жер шарының қай жерін­де қандай жағдай болып жат­­­қа­нына байланысты өзіндік ой-пікірлерін ашық айтатын. Алысқа бармай-ақ, көрші қырғыз-өзбек шекарасында болған қақты­ғыс­қа алаңдап, мың жарымдай адам оққа ұшты дегенді естіп, қатты күйзелген. «Өз халқына оқ атқызған ел басшысы қайбір жақсылыққа жетер дейсің», – деген-ді. Өзі басынан кешкен Екін­ші дүниежүзілік соғыс кезін­дегі ха­лықаралық жағдай, соғыс­тың тұ­тану себептері, оның сал­да­рын сараптай тарқата әңгі­ме­лейтін. Пар­тизан қозғалысы жөнінде еске алғанда әлдекім­дер­дің «бұл соғысқа Кеңес Одағы дайын­­дық­сыз бейқам келді. Бар­лау нәтиже­сін­дегі ақпарларға Сталин сенбеді» деген пікірлерге мүлдем қарсы бол­ды. «Біздің ел соғыстың бола­рын нақты білді. Тіпті, оның қай күні, қай сағатта басталарына дейін біліп отырды. Тек арандату­шы­лыққа беріліп, бірінші болып оқ шығармаңдар. Ертеңгі күні та­рих бетінде соғысты Кеңес Одағы бірінші бастады деген айыптаудың жазыларын Сталин терең түсінген. Әйтпесе, біз Украинаға жау ты­лына түскенде орман-тоғай, тау-тастың қойнауларында соғыс бола қалған жағдайға арналған көпте­ген азық-түлік, қару-жарақ қойма­лары құпия түрде жасырылған екен. Кейбір сатқындардың неміс басқыншыларына оларды тауып бергенінен аман қалғанына біздердің де қолымыз жетті. Соған қарап-ақ соғыс басталған күнде Украина, Белоруссия жау қолында қалатынын, ол жерлерде партизан қозғалыстарын ұйымдастыру жос­пар­ланғанын білдік. Міне, солай ойла­ған Кеңес басшылығын қа­лайша «соғысқа бейқам отыр­ды» деп айтарсың. Дүниежүзілік қауым­­дастыққа сездірмей маңыз­ды зауыт-фабрикаларды ішкері елге көшіру жұмыстары, қорғаныс шепті күшейту әрекеттері үздіксіз жүр­гізілген. Бірақ толық дайын­далу­ға уақыт жетпей қалған. 1939 жылғы Риббентроп-Молотов қол қойған Германия мен Кеңес Одағы арасында біріне бірі шабуыл жаса­мау жөніндегі Келісім шарттың жасалғандығы анық. Сөйте тұра Гитлер ол келісім шартты опасыз­дықпен бұзып, бізге қарсы соғыс ашты. Еуропаның 14 мемлекетін жаулап алып, солардың күш-қуатын пайдалана отырып, бізге басып кірді. Соған қарамастан Кеңес елі жойқын басқыншы­лыққа төтеп берді. Сансыз адам шығыны мен күйреген өндіріске қарамастан етек-жеңін тез жиып, қарсы соққы берді. Ақыры Сталин айтқандай «Біздің ісіміз әділ» екен­дігін дүниежүзіне дәлелдеп, жау­ды жеңдік. Дүниежүзін фашист басқыншылығынан сақтап қал­дық, азат еттік. Сталин өз елінде жүргізген қаншама қатыгездік қия­наттарына тарих таразы, ал осы соғыстағы жеңіске жеткізген бас­шылығын әлем мойындады. Соғыстан кейін де қирап, күлге айнал­ған қалаларды, елдімекен­дерді өзі өлгенше қалпына келтіріп кеткен ұйымдастырушылық іскерлігін, қатал тәртіпке бүкіл елді бағындырған басшылығын, көрегенділігін қалайша жоққа шығарамыз. Ол еліміздің ауыр, жеңіл өнеркәсібінің соғысқа дейін де, соғыс кезінде де, соғыстан кейін де тек қана алға басуына, да­мып жетілуіне мүмкіндік жа­сады. Ол өте мемлекетшіл адам болды. Өз басының бақытын, байлығын, болашағын ойламай, халыққа, мемлекетке болсын деді. Тіпті, капитализмге қарсы тұра­тын социалистік лагерді нығай­тып, осы жолдағы елдерге көмегін аямады. Мен сондықтан да Са­лин­нің жеке басын сыйлап (табыну емес), мына төсегімнің тұсына оның портретін, біздің қазақ халқының басын қосып кет­кен ұлы ханымыз Абылай хан баба­мыз­дың суретімен бірге іліп қойып отырмын. Мұным ста­лин­шіл­дік емес, мемлекетшілдік, ха­лық­шылдық деп түсініңдер. Тағы да халқының жәйін ойлаған ұлы басшылар болса, олардың да су­ре­тін іліп қояр едім. Қай елде бол­ма­сын жекелеген капиталис­термен ауыз жаласып, халқын қанап, өзіне алтыннан қойма жасатып, ескерткіш тұрғызған, дүниенің рахатын маңайындағылармен бөлісіп, елінің байлығын талан-таражға салған, халқын кедейші­лік­те зарлатқан басшыларды суқа­ным сүймейді. Мен ондай ел бас­шыларының түбінде зор зауал­ға ұшырайтынын білемін. Ұшырап жатқандарын да естіп, көріп отыр­мыз. Иә солай, ондай басшыларды елінің болашағына балта шапқан опасыздар демеске шара жоқ», – деп ой толғайтын.
Қасым аға шағын радиоқабыл­да­ғышын құлағына төсеп немесе теледидар қарап жатып әлем жаң­алықтары мен елімізде болып жатқан өзгерістерді жіті бақылай­тын. Барлаушылықпен бойына сіңген саяси сергектік қасиеті оған маза бермеді. Маған айтып отыр­ған мұндай әңгімелерін құлағы шалып қалған Асыл апа: «Тыныш жатпайсың ба, сенсіз де жөнделе­тін дүние жөнделер, жөнделмесе, жөнін табар», – десе, «Қалай ты­ныш жатамын. Әділетсіздік пен қулық-сұмдық, ұрлық-қарлық, опасыз­дық жайлап бара жатса. Мені өз елім­нің азаматы ретінде тәуелсіз­дігі­міздің тағдыры, елім мен же­рім­нің тағдыры алаңда­тады», – деп, дауысын қатты шы­ғарып, Алтай­дың қоңыр аюындай ақырар еді. Өзі айтқандай «жа­саған жасы өзі­не жау болып», үйде отырып қал­ған шарасыз­дығына, «әйтпесе басар едім баяғыма» – деп жау тылында жасындай ойна­ған жас­тық шағын аңсаған қуатты күн­де­рін сағынғандай сезілетін… «Мем­лекеттің мүддесін, халықтың жағдайын жоғары қою – қай деңгейде болмасын әр басшының абыройлы борышы, міндеті. Онсыз ел өркендемейді», – деп ойын түйер еді.
Қасым аға осындай күрделі де маңызды тақырыптар қозғалғанда өз пікірін тыңдаушысына қызу жігермен, қатаң үнмен нығарлай жеткізетін. Ал, әзіл-оспақ айтарда жаймен ғана қысқа да нұсқа қа­ғыт­паларымен іліп түсетін.
Бір жылы кейін шегінген ав­то­кө­лік жол шетінде тұрған Асыл апаны қағып кетіп, жамбасын сындырды. Ауруханада, сосын үйде ұзақ жатып аяғынан тұрған апаның жүрісінде ептеп өзгеріс пайда болды. Қасым аға «Апаңның жүрісі осы күнде пингвиннің жүрісіндей» деп әзілдейтін. Не­ме­се әлдебір әңгімеде пікірлері қа­рама-қайшы келіп қалса, өз айт­қа­нынан қайтпаған апаның мі­незіне ме, әлде әлгіндей «жүрі­сіне» қарап па «қисық апаңды» көндірсең, айтып көр…» деп езу тартар еді. Ал апаға мейірі түсіп, көңілденгенде «Астай, а Астай» деп шақыратын. «Бұл апаң маған алты бала тауып берді. Екеуі жастай шетінеп, төртеуін аман-есен жеткізді. Ол да бір кісіге оңай емес қой. Оның қасында біз не істеппіз?..» деп қос алақанын көрсетіп жымиятын.
Қайран, Қасым атам тірі болса ғасырлық тойын тойлар едік-ау…

Еркін НҰРАЗХАН,
Қасым Қайсеновтің
хатшысы.

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір