«Алыстағы бауыр» және Мағжан жылы
02.03.2018
3899
1
Алаш азаматы Мағжан Жұмабаевтың туғанына 125 жыл толу құрметіне арнаған іс-шаралар легі ТҮРКСОЙ ұйымы аясында басталып кетті. Түркі елдерінің 2018 жылғы Мәдени астанасы – Кастамону қаласында ұйымдастырылған алғашқы шаралардың бірі де Мағжан ақынның құрметіне арналды.

 

«Қосылып батыр түрік балалары…»

Мағжан Жұмабаевтың құр­­ме­тіне арналған негізгі іс-ша­раға ТҮРКСОЙ халықаралық ұйы­­­мының бас хатшысы Дүйсен Қасейінов, Түркияның Мəдениет жə­не туризм министрінің орын­ба­сары Хусейн Яйман, Кастамону өңірі губернаторы Яшар Караде­низ, Кастамону қа­ла­сының бас­шы­сы Тахсин Бабаш жəне Түр­кі ел­дерінің өкілдері мен Мағжан Жұ­­мабаев туған Солтүстік Қа­зақ­стан об­лысының мəдениет қыз­мет­керлері жə­не Қазақстандық ақын-жазушылар қа­тысты.
Жиында туғанына 125 жыл тол­ған айбынды ақынды бір ми­нут үн­сіздікпен еске алған түр­кі жұрты оның тағдыры мен шы­ғармаларынан сыр шертер бей­нефильмді тама­ша­лады.
«Түрік Республикасы қазір қиын ке­зеңді бастан өткеруде. Түрік қарулы күштері халықаралық тер­роризммен күресіп жатыр. Мі­не, дәл осындай қиын сәттерде бауыр­ластығымыздың берік екенін көрсете білгеніміз өте маңызды. Бұл орайда Мағжанның өнегесі біз­­ге үлгі болуы тиіс. Жүз жылдай уа­­қыт бұрын ол Анадолыдағы бауыр­ла­рын рухани қолдап, жыр ғана жа­зып қойған жоқ, сонымен қа­тар, қазақ оқығандарынан қар­жы­лай көмек жинағаны да бел­гілі. Қа­зақтың Абайдан кейінгі ұлы ақыны Мағ­жан Жұмабаев – ұлттық ояну дәуі­рінің басты қайраткерлерінің бірі. Оның жүрегінде тек қазақ хал­­қының ғана емес, бостандық үшін күрескен күллі түркі жұрты­ның қайғысы бар еді. Шанаққалада қан кешіп жүрген түріктерге ар­нап «Алыстағы бауырыма» өлеңін жазған сәтте оның туған қа­зақ хал­қы да езіліп-жаншылып жат­қан болатын. Мағжанның бұл өлеңі бауыр­лас елдер рухани тұр­ғыдан бір-біріне қолдау беру ар­қылы ғана қайғыны бірлесіп жеңе­тінін дәлелдеп бе­рді», – дей­ді ТҮРКСОЙ ұйымының бас хат­шысы Дүйсен Қасейінов.
Кастамону аймағының гу­бер­­на­торы Яшар Карадениз Мағ­жан поэ­зиясын түрік халық ақы­ны Мехмет Акиф Эрсой шығар­маларымен са­лыс­тыра келе: «Қос ақын да біздің хал­қымыздың ұлт­тық дүниетанымы мен мәдение­ті­не үлкен еңбек сіңірді. Олар қоғам­дық сана мен рухани даму­дың не­гізін жасап кетті. Біз үшін бұл шараның маңыздылығы – қо­­ғам­ның рухани жолын көрсетіп бе­ре­тін құдіреті бар. Мұндай ша­раны әркез қолдап, кең көлемде өт­кізуге ба­рымызды саламыз», – де­ген пікірін біл­дірді.
«Ширек ғасырлық мерейтойын өт­кізгелі тұрған, Қазақстан Рес­публикасының Президенті Н.Ә.Назарбаев айтқанындай, «Түрік әле­мінің ЮНЕСКО-сы» қыз­метін ат­қаратын ТҮРКСОЙ ха­лықаралық ұйымының маңызы орасан зор. Өнер мен мәдениет ғасырлар бойы жасайды. Ұлы қа­ла­м­герлер тү­рік әлемінің рухын жа­сап кетті. Олар: Мағжан Жұ­мабаев, Шыңғыс Айт­матов, Жү­ніс Әмре, Яхия Кемал Беят­лы, Нед­жіп Фазыл Кысакүрек, Сезаи Ка­ракоч, Жалалад-дин Руми, Хад­­жи Байрам-Уәли, Шейх Ша­ғбан-и Уәли… деп тереңге та­мы­рын тарта бер­мек. Бұл ғұла­ма­лар мұралары – күл­лі түркі әле­мін біріктірген құн­дылықтар. Сол ғасырларда ғұмыр кеш­кен тө­релер мен билеушілердің есі­мі жа­дымызда сақтала қоймаған. Ал өнер мен мәдениетімізге із тас­та­ған тұлғаларды күллі түрік жұр­ты әлі күнге алақанында ая­лап отыр», – деген Түркияның Мə­де­ниет жəне туризм министрінің орын­басары Хусейн Яйман Мағжан Жұмабаевтың «Алыстағы бауырыма» өлеңін жатқа оқып сөзін тә­мамдады.
Кастамону қаласының мэ­рі Тах­­син Бабаш түрік әлемі мә­де­ние­тін насихаттап келе жатқаны үшін ТҮРКСОЙ ұйымына алғысын біл­дірді. Қала әкімшілігінің атынан 2018 жылға жоспарланған мәдени шаралардың барлығы жоғарғы дең­гейде өтуі үшін қолынан келген кө­ме­гін аямайтынын жеткізген бас­шы енді ғана қайта күрделі жөн­деуден өткен та­рихи ғимарат ТҮРКСОЙ аясында өте­тін түрлі іс-шараларды өткізу мақ­сатында ха­лықаралық ұйымның құ­зырында еке­нін айтып өтті.
Парламент депутаттары Ме­тин Челик пен Мурат Демир, Сол­түс­тік Қазақстан облыстық Тіл­дер­­ді дамыту басқармасының бас­­­шысы Кемел Оспанов Мағжан Жұ­­мабаевтың ақындық мақсат-мұ­раты мен азаматтық ұстанымы ту­ралы тереңнен толғап, ақынның ту­ғанына 125 жыл толу мерейтойын халықаралық ауқымда өткізіп жат­қан ТҮРКСОЙ ұйымына алғыс­тарын жеткізді.
Бұдан бөлек, Мағжанның жиыр­­­ма алты өлеңі түрік тілінде тасқа басылып, алқалы жиында кі­­­­таптың тұсаукесер рәсімі өтті. «ТҮРКСОЙ» халықаралық ұйымы мен Еуразия Жазушылар одағының бас­тамасымен жарық көрген кі­тап «Алыстағы бауырыма» деп ата­­лады. Алаш қайраткерінің өлеңін түрікшеге тәжімалаған – Түр­кияның белгілі ақындарының бірі Әли Акбаш. Әли Акбаш мыр­за Мағжан шығармаларын аудару, оның жан дүниесін түсіну үшін ақын жүрегіне терең үңілу қа­жеттігін айтады. «Мағжан – то­лық зерттелмеген, тұң­ғиық ақын. Ер­кін­дікке, азат­тыққа жаны құмар шайыр. Ол түр­кі халықтарының бір­лігі үшін жа­нын берген шәйіт. Заманында Түр­кияның өзінде де түрік­шіл аза­маттарға қиянат жасалған. Біз ол заманның куәсіміз. Әрине, ол кезеңді Мағжан заманымен са­лыс­тыруға келмес. Себебі, Мағжан бас­тан өткерген ауырпалық – ешкімнің аузы барып айта алмай­тын қиыншылық. Мағжан өз өлеңі­нің құдіретін халқына толық жет­кізіп үлгере алмай, өмірден ерте кеткені, тек қазақ халқы үшін ғана емес, бүкіл түркі жұрты үшін орны толмас қасірет», – дей­ді Әли Акбаш.
Осы жерде айта кету ләзім, ТҮРКСОЙ халықаралық ұйымы Мағ­жан Жұмабаевтың тағы бір кіта­бын жарыққа шығармақ. Ол кітапта ақын өлеңдері орыс, татар, түрік, өзбек, башқұрт тағы басқа ұлт­тардың тілінде сөйлейді.
Салтанатты шарада ТҮРКСОЙ-ға мүше елдер өкілдерінің қа­тысуы­мен 2017 жылды қорытындылап, түр­­кітілдес елдердің рухани өмі­­рін, мәдени үрдістерін, ТҮР­К­СОЙ ұйымының жә­не бауыр­лас мемлекеттердің өзара ын­ты­­­мақтастығы мен бірлігін на­­си­хаттауға ерекше еңбегі сің­ген Қазақстан, Қырғызстан, Татар­стан, Башқұртстан, Гагаузия жəне Солтүстік Кипр, Болгария, Ма­ке­­дония, Түркия елдерінің ақын-жазу­­шылары мен журналистеріне ТҮРКСОЙ «Баспасөз сыйлығы» мен арнайы диплом жəне бағалы сый­лықтар табысталды.
Солтүстік Қазақстан облысы өнер­­паздары дайындаған кон­церт­­тік бағдарламада әншілер Қайыр­лы Ғафуров, Біржан Есжан, Дә­меш Құрманкиналар әуелетіп ән шыр­қап, Асхат Ғалеев күй тө­гіл­тіп, Дінмұхаммед Аяқбай Мағ­жан өлең­дерін жатқа оқыды. Ақын Мақпал Мы­са Мағжан Жұ­мабаевқа арнаған өлең­дерін көп­шілік назарына ұсын­ды.

 

«Қарасаз, қара шалғын, өлеңде өстім…»

Кастамону тұрғындары Қара­саз­­да өстім деп айта алады. Себебі, қа­­ланы қақ жара ағып жатқан Ка­ра­чо­мак өзенінің қазақша аты – «Қа­расаз». Мұндағы табиғат та біз­дің Қа­ра­саздағыдай – таулы, көр­кем, ке­лісті…
Кастамону – Түркияның сол­түс­­тігіне қарай, тау баурайында ор­­наласқан өңір. Өңір губернаторы Яшар Караденизбен кездесуде Қара теңіз жағалауының 300 шақырымы дәл осы аймаққа тиесілі екенін айт­қан еді. Түркияда жүргізілген зерт­теулерге сәйкес, «ауасы ең таза қала» мәр­тебесі бар әкімшілік ор­талыққа кел­генімізді қала мэрі Тахсин Бабаш­тың аузынан есті­дік.
Түркі елдерінің 2018 жылғы мә­дени астанасы атанған Кастамону – таңғажайып табиғатымен ғана емес, тарихи ескерткіштерімен, кө­не ғимараттарымен, әулиелі жер­лерімен, музейлерімен де көрікті, тар­тымды.
Кастамонудың символы – тәтті алуа һәм ащы сарымсақ екен. «Бұл жер­ге табаны тиген әрбір адам осы екі дәмнен ауыз тимей кет­пей­ді» деген соң, тәтті алуаны таң­­дайы­мыз­да еріттік. Ал, ащы са­рым­саққа жүре­гіміз дауаламады. Де­се де, «мың да бір ауруға ем» са­­рым­сақты өңір хал­қы айрықша әс­петтейді екен. Кас­тамонуда бес мыңнан аса отбасы сарымсақ өсі­ру­­мен шұғылданатынын да айта кет­кен ләзім.
…Хош, 1901 жылы халықтың қар­жысына тұрғызылған ғимаратта қа­зіргі таңда Кастамону қаласының гу­бернаторы, біздіңше айтқанда, об­лыс әкімшілігі қоныстанған. Қа­зақ­станнан келген мәртебелі мей­мандарды осы ғимаратта қар­сы ал­ған губернатор Яшар Қара­де­низ ең әуелі Кастамонудың бай да қыз­ғылықты тарихымен та­ныс­ты­рып өтті. Кездесуге ТҮРК­СОЙ бас хатшысы Д.Қ.Қасейінов, түркі ел­­дерінен арнайы шақырылған жур­налист, қаламгер қауым және Солтүстік Қазақстан облысының де­­легациясы қатысып, мәдени ас­та­на мәртебесін иеленген өңір­ге, Мағ­­жан Жұмабаевтың мерей­тойын халықаралық ауқымда ұйым­дас­тырып жатқан барша ұйым­дастырушыларға рахмет пейілін жеткізді.
Солтүстік Қазақстан облыстық де­легациясын бастап барған, осы өңір­дегі Тілдерді дамыту бас­қар­ма­сының басшысы Кемел Қа­рашұлы Оспанов: «Мағжан Жұмабаев – тек қазақтың маң­дайына біткен шоқжұлдыз емес, ол күллі түркі әлеміне ортақ тұл­ға. Түркі әлемінің тыныштығы мен болашағы үшін құрбан болған Мағ­жан ақынның әруағын сыйлап, ме­­рейтойын ұлы дүбірмен өткізіп отыр­­ған сіздерге Солтүстік Қа­зақ­­стан облысы халқының және әкім Құмар Ақсақаловтың атынан үлкен алғысымызды білдіреміз. Қа­зақ­стан тарабы да Мағжанның тойын ұмыт қалдырмақ емес. Ту­ған өңірі – Солтүстік Қазақ­стан уни­верситетінде үлкен ха­лық­­ара­лық конференция өтеді. Са­ры­­томар ауылында алқалы жиын ұйым­дастырамыз. Бар­шаңыз­ды сол жиынның қадірлі қона­ғы болыңыздар деп шақыра кел­дік», – дей келе, Құмар Ақса­қа­­­ловтың ыстық ықыласын жет­кіз­ді.
Кастамону губернаторы Яшар Караденизбен кездесу барысында: «Гелішіңіз гүле-гүле, кетішіңіз гү­ле-гүле, һəр ішіңіз гүле-гүле», – деген сөзді естіген едік. Дəл осы сөзді Кас­­­тамону қалалық әкімшіліктегі кез­десуде қала мэрі де қайталаған бо­лат­ын. Сөйтсек, бұл ықылым за­манда жергілікті əулие Шейх Шағ­бан-и Уəлиден қалған сөз екен. «Күліп ке­ліңіз, күліп кетіңіз, әр ісіңізді кү­ліп бастаңыз» деген ұғыммен өмір сүр­ген Шейх Шағ­бан-и Уəли есімі Түр­кияда зор құр­метпен аталатын əу­лие. Түр­кия­дағы Ислам дінінің төрт тіре­­гінің бірі», – дейді Қазақстандық делегацияны Түркияның тыныс-тір­шілігімен таныстырып, Мағжан ақын тойын халықаралық деңгейде лайықты өтуін ұйымдастыру ісінің басы-қасында жүрген ТҮРКСОЙ Ха­­лықаралық ұйымындағы Қа­зақ­­стан өкілі Асқар Тұрғанбаев. Шейх Шағбан-и Уəли– біздің құл Қо­жа Ахмет Иассауидің шəкірті. Иас­сауи ілімін Түркияда таратып, өзінің силсиласын жасаған ғұлама. Шейх Шағбан-и Уәли кесенесінде əулиемен қатар шəкірттері, ал ке­се­не сыртында сол заманда Кас­та­мону аймағына еңбегі сіңген ая­улы тұлғалар жерленген. Қазір ке­сене жанында музей бар. Тəу етіп келу­ші­лер «зәм-зәм суы іс­петті» бұлақ суынан міндетті түрде дəм татады. Біз де сөйттік. Əулие бабалар рухы кезген бұл маң ерекше сезімге бөлейді, көңіл сарайың ашы­лып, жаның тазарады…
Жалпы, 150 мың тұрғыны бар Кас­­тамону – жан басына шаққанда ме­шіттері ең көп қала болып есеп­те­л­еді. Бес уақыт бойы азан дауы­сын сан-салалы үнмен естіп, кеудеңе сәу­ле құйылады. Мұндағы көне ме­шіттердің өзі әлі күнге жұ­мыс істеп тұр. Қала шетіндегі Ка­саба ауы­лындағы Махмұд бей ме­шіті – соның бір дәлелі. Шегесіз тұр­ғы­зылған бұл мешітте намаз оқу үшін ел әлі күнге жиналады. Кө­не ескерткіштер санатындағы ғимарат қазір əрі музей, əрі мешіт. Есігін вандалдар көне жәдігер ре­тінде бұлдау мақсатында ұрлап кет­кенімен, көп ұзамай ұрыларды тауып, есікті сонау Манисадан ке­рі қайтарыпты. Алайда 14 ға­сыр жəдігері болып са­налатын есік­ті музейде қалдырып, қазір ме­шітке көшірмесін әкеп салған. «Мешіттегі айналмалы қос тас 360 градусқа еркін айналып тұрса, жер сілкінісінен қауіп жоқ, ал айналуы қиын­даса, қауіп жақындағаны», – дейді Кастамонудың көрікті жер­ле­рімен таныстырып жүрген түрік аруы. Ертеректе бұл жақта зілзала көп болғанға ұқсайды. Бұлай дейтініміз, 1360 жылдардың соңында салынған мешіттің жер сіл­кінісінен екі рет мұ­нараларына зақым келіп, жөндеу жұмыстары жүр­гізілген.
Ал қалада орналасқан «Исмаил бей күллиесі» осы өңірді билеген Ис­­маил ханға тиесілі. Бірақ кесе­не­­де Исмаил бейге арналған орын тұр­ғанымен, өзіне бұл жерден то­пы­рақ бұйырмапты. Жорықта, бұлғар же­рінде көз жұмған бей сол жаққа жер­леніп, бұлғар даласының бір уыс топырағы мұндағы кесенеге қойы­лыпты. Ғажап кесене, мешіт, керуен­сарай, медресе салдырған ең­бегін халқы ұмытпай, Исмаил бей­дің атын аспандатып отыр. Мұ­сылманшылықты берік ұстан­ған Ис­маил бей адамды ерек құр­мет­те­генінен бөлек, мал екеш малдың артық қи­налмауын қатты қадағалапты. Мұн­дағы керуен сарайына екі есік ор­натып, жүк артқан түйелерді қос есік­тен кіргізеді екен. Сонда түйенің теңі биік болып, есіктен ішке кіре алмаса, «түйеге артық жүк арттың» деп саудагерге салық салыпты. Ал мұндағы медресенің берген білімі озық болғаны соншалық, медресенің білімімен сусындаған шәкірттер өзге жақтан ілім-білім іздемейді екен. Исмаил бей – Ыстамбұлды алған Фатих Мехмет сұлтанның нағашысы. Мехмет сұлтанға өз иелігіндегі, басқаруындағы аймақты қосып беріп, түріктің біртұтастануына да үлес қосқан биік тұлға да осы Исмаил бей.
Кастамонуда тасбасқы өнері кең дамыған. Тасбасқы – мата бетіне түрлі бейнелерді мөр секілді баса отырып өрнек салу. Қолдан жасалынған өнім сыйлы қонақтарға арналған аса бағалы тарту ретінде беріледі. Бір ерекшелігі – матаға басылған сəт­те жасыл түсті өрнек түскенімен, ма­таны жуған сайын өрнектер қанық қара түске боялады. Мұндағы бояулар табиғи шөп тамырларынан жасалған. Бояу демекші, кезінде Кастамону хал­қы пештің күйесі мен көгершін саң­ғырығынан да өте сапалы бояу алып, тіршілігінде пайдаланған екен.
Кастамону мəдени орталығы де­ген үлкен кешенде бірнеше му­зей­лер шоғырланған. Түркияның əр­түрлі соғысына қатысқан қару-жа­рақ­тар мен мемлекеттегі көне бес пиа­ниноның біреуі, Шапка музейі осы мәдени орталықта. Ататүріктің дәл осы Кастамонуда айтқан: «Бір тү­рік күллі əлемге татиды» деген сө­зін де орталықтағы үлкен тақтадан оқы­дық.
Бұл деректердің барлығын Қа­зақ­стандық делегацияның ба­сы-қасында жүрген студент Байғозы Нұрлан тәр­жімалап берген еді. Жалпы, Кас­тамонуда елудің айналасында студент білім алып жүр. Біз көрген, танысқан қа­зақ сту­денттер «Әр қазақ күллі әлем­ге та­титынын» ұғынып және тү­рік бірлігі мен бауырмалдығының биік өлшеміне айналған Мағжан ба­басының жауһар жырларын жүрек­терінде тербетіп жүр…

«Жүзіміз емес пе еді жарқын айдай!»

Халықаралық деңгейдегі ке­ле­сі алқалы жиынға қатысу үшін Түр­кия астанасы Анкараға ат басын бұр­дық. Алты миллионнан аса хал­қы бар Анкара – жарқыраған, жап-жарық қала. Біз көрген, та­ныс­қан түрік бауырлар қазақ дегенде қа­бағы ашық, құшағы кең екенін бай­қатты. Негізгі шаруа – Мағжан Жұ­мабаевқа арналған алқалы жиын болғандықтан, кіндік шаһардың сән-салтанаты туралы әңгімені кейін­ге ысыра тұрған жөн шығар деп шештік…
ТҮРКСОЙ ұйымдастырған кон­ференция және симпозиум Гази университетінде жалғасын тапты. Келелі басқосуға Қазақстанның Түркиядағы Төтенше және өкілетті елшісі Абзал Сапарбекұлы, Түркия Республикасы президентінің бас кеңесшісі Ялчын Топчы, Ха­­­лы­қаралық Түркі мәдениеті ұйы­мы­ның Бас хатшысы Дүйсен Қа­сейі­нов, Түркия мәдениет жә­не туризм министрінің орын­ба­сары Хусейін Яйман, Гази уни­верситетінің ректоры Ибрахим Услан, Түркиядағы Түркіменстан ел­шісі Ишангулы Аманлыев, Ке­­чиөрен муниципалитетінің мэ­рі Мұстафа Ақ, «Еуразия» Жазу­шы­лар қауымдастығының төра­ғасы Якуп Омароғлы, Ахмет Яс­сауи университетінің Өкі­летті кеңес төрағасы Мұса Йылдыз, Га­­зи университеті Түркітану инс­ти­тутының директоры Хулия Ка­сапоғлу Ченгел, сонымен қатар Қа­зақстанның белгілі ғалым­дары мен мағжантанушылары– Айгүл Іс­мақова, Жарасбай Сүлейменов, С­е­рікқазы Қорабай, Зарқын Тай­шы­бай, Қайырбек Кемеңгер, Ер­бол Тілешов, Сауле Мәлікова, Сол­түстік Қазақстан облыстық де­легацияны бастап келген Кемел Қарашұлы қатысты.
«Мағжан өз отанында «халық жауы атанып» шығармалары на­сихатталмай жатқан кезеңде оның өлеңдері Түркияда танымал еді. Қазақстан тәуелсіздігін алған соң, Анкараның Кечиөрен ауданында Мағжанға арнап ескерткіш тақта орнатты. Бұл өзге мемлекетте Мағ­жанға арналған тұңғыш ес­керт­­кіш болатын. Түрік халқы­ның бұл құрметін барша қазақ жо­ғары бағалайды», – деген Д.Қ.Қасейіновтың сөзін жалғаған Түркия президентінің кеңесшісі Ялчын Топчы: «Шанаққала түбінде тәуелсіздігіміз үшін күре­сіп жатқан сәтте Мағжан Жұ­мабаевтың мейірімге, бауыр­мал­дыққа толы өлеңін арнағаны бар­лы­ғымыздың жүрегімізде ри­за­шылық се­зімін ұялатады. «Не көр­сем де, Алаш үшін көргенім, Ма­ған атақ ұл­тым үшін өлгенім!» деп өткен қа­зақ шайыры отан үшін оққа байланды. Ол әркез Алаш ру­хын насихаттады», – дей келе, Мағ­жан бейнесі түркі жұртының жү­регінде екенін жеткізді.
Қазақстанның Түркиядағы ел­шісі Абзал Сапарбекұлы Мағжан Жұ­мабаевтың қаламгер­лігі мен қай­раткерлігі туралы сөз қозғап, ақын­ның түркі бірлігіне, түркі ын­тымақтастығына қосқан мол үлесін атап өтті: «Мағжан Жұмабаевтың «Түр­кістан», «Алыстағы бауы­ры­ма», «Пайғамбар» сынды өлеңдері қа­зақ пен түрік халықтарының ор­тақ мұрасына айналды. Оның өл­мес өлеңдері түрік әлеміне соны леп әкел­ді. Мағжан мұрасы – бауырлас қос елді елдестіретін, мемлекет пен мемлекетті жалғайтын ал­тын көпір. Мағжан бейнесі бізге бауырластық пен бірліктің үлгісін паш етті», – деген А.Сапарбекұлы Қа­зақстанның ширек ғасырда қол жеткізген же­тіс­тіктері мен «Ру­хани жаңғыру» бағ­дарламасы аясында ат­қарылған іс-шаралар ту­ралы егжей-тегжейлі мәлімет берді. Сөз соңында елші биыл­ғы жыл­ды «Мағжан Жұмабай жы­лы» етіп жариялаған ТҮРКСОЙ Ха­­лықаралық Түркі мәдениеті ұйы­мы­на алғыс айтты.
Шара барысында елші А.Са­пар­бекұлы Кечиөрен му­ници­па­литетінің мэрі Мұстафа Ақ мыр­­заны Қазақстан Республикасы Сырт­қы істер ми­нистр­лігі тағайын­даған «Қазақ­стан­ның дипло­ма­тия­лық қарым-қаты­настарына 25 жыл» мерейтойлық ме­далі­мен ма­­рапаттады.
Кечиөрен ауданының басшысы Мұстафа Ақ: «Қазақстанды ата­жұр­тымыз деп есептейміз. Қазақ елінің топырағына табанымыз ти­­ген сәтте өзімізді жат жерге кел­­дік деп есептеген емеспіз. Қ­а­зақ бауырларымыз да Түркияны жа­тырқамайтынына сенеміз. Се­бебі жүздеген жылдар бойы бір мә­дени аумақта өмір сүріп келеміз: біз­дің бұл қарым-қатынасымыз екі ел басшыларының арқасында эко­номикалық, саяси және қоғамдық са­лаларда да өсіп-өркендей бе­ре­рі­не сеніміміз мол», – дей ке­ле, Мағжан ақын мұрасы түркі жұр­тына ортақ еке­нін де жеткізді.
Гази университетінің ректоры, профессор Ибрагим Услан Мағжан есімі қазақ әдебиетінде ғана емес, түрік елдерінің тарихында да ал­тын әріптермен жазылғанын тіл­ге тиек етті: «Қазақстанның тәуел­сіз­дігі жолында үлкен із қал­дырған Алашорда тарихында Мағжанның да зор үлесі бар. Ис­м­аил Гаспралының жәдидшіл идеясымен сусындаған Мағжан Жұмабаев қазақ жұрты ғана емес, түркі жұртына күрескерлік рух сіңіріп кеткен ақын. Оның азаттық, бостандық рухты жырлары күллі түркі жастарының жүре­гін тербеуі керек», – деп есеп­тейді профессор Ибрагим Услан.
Осы университеттің Түркітану институтының директоры Хулия Ка­сапоғлуы ханым Ататүрік пен Мағ­жанның замандас қана емес, рухтас азаматтар болғанын атап өтті: «Ататүрік пен Мағжан бір жыл­дары өмір кешкен. Ататүрік 1938 жылы өмірден қайтты, Мағжан да сол жылы кеңес жендеттерінің қо­лы­нан мерт болды. Ататүрік: «Жастар – менің үмітім» де­се, Мағжан: «Мен жастарға сене­мін!» деп жырлаған. Екі ұлы тұл­ға­ның ұстанымы да біреу – ұлт тұ­тастығы, бірлігі, бостандығы. Біз Алаш ардақтыларына, Мағжан рухына арнап қаншама алқалы жиын өткізсек те, парызымызды өтей алмаймыз. Түрік әлемінің жас­тарына Мағжан сияқты Алаш ардақтыларының мұрасын та­ныстыра беруіміз керек», – дей келе, Мағжан өлеңін әуелі қазақша, кейін түрікше жатқа оқыды.
Қырғыз қаламгері Абдиламит Ма­тисаков: «Мағжан – түркі көк­жа­лы. Оның азаматтық ұстаны­мы түркілік ұстаным. Егер, түрік дүниесінің энциклопедиясы жасалса, Мағжан осы энциклопедиясының тө­рінде тұрады. Ал, түрік дүниесінің му­зейі ашылар болса, Мағжан тү­рік дүниесінің данышпандарының қа­тарына ойып тұрып өз орнын алар еді. Бізде: «Құдықты бір адам қазады, ал одан мың адам су ішеді» де­ген сөз бар. Мағжан атамыз ру­ха­ни үлкен құдық қазды. Ол рухани құ­дықтан бүгін күллі түрік дүниесі су ішіп отыр», – деді ағынан жарыла.
Мағжан Жұмабаев атындағы музей директоры Айгүл Жүнісбаева: «Мағжанның 1923 жылы жазылған өлеңдер жинағын ала келген едік. Бұл кітап Ташкент қаласында жарық көр­ген. Ең құнды жәдігерлер ішінде 1894 жылы шыққан құран кітап пен қолмен әдіптелген жайнамаз бар. Тәттілер сатылған ыдыс та Жұ­ма­баевтар әулетінен қалған. Одан бө­лек, Мағжанның жары Зылиханың еті­гі мен бөртпе шәлісін де түрік бауыр­ларымыз көзбен көрсін деп арнайы алып келген жайымыз бар», – дейді.
Ғылыми-практикалық кон­фе­ренцияда ақын өмірі жайлы бұрын құпия сақталған деректер де ай­тыл­ды. «Мағжан Жұмабаевтың 1927 жылы жазылған қолжазбасын тап­тық. Ақын ол қолжазбада туған күнін 1893 жылғы 7 қараша деп көр­сет­кен. Осынау аса құнды дүниені на­зар­ларыңызға ұсынамыз», – дейді Сол­түстік Қазақстан облыстық архивінің директоры Сәуле Мәлікова.
Профессор Ахмет Бижан Эрджи­ласун және қаламгер Якуп Омароғлы жетекшілік еткен екі бірдей сек­цияда Айгүл Ісмақова, Серікқазы Қо­рабай, Зарқын Тайшыбай, Жа­рас­бай Сүлейменов, доцент Ферхат Тамир, Сәуле Мәлікова, Ербол Ті­лешов, Қайырбек Кеменгер, Ке­мел Оспанов, т.б. ғалымдар мен мағ­жантанушылар Мағжан Жұмабаев­тың ғылыми мұрасы, жаңашылдығы мен шығармашылық эволю­циясы, поэзиясы мен бірқатар өлеңдерінің тарихы, қайрат­керлігі мен қаламгерлігі туралы баяндамалар жасады.
Аталған шара аясында Қазақ­стан­нан келген қонақтар мен түрік зиялылары Анкараның Кечиөрен муниципалитетінде орна­­ласқан Мағжан Жұмабайдың ескерт­кішіне гүл-шоқтарын қойып, ақынның биік рухына тағзым етті. Ең әуелі шейіт Мағжанның рухына бағыштап құран оқылып, соңынан қос елдің әнұраны Анкара аспанында әуеледі. ТҮРКСОЙ басшысы Дүйсен Қа­сейі­нов, Қазақстанның Түркиядағы ел­шісі Абзал Сапарбекұлы, Кечиөрен ауданының басшысы Мұстафа Ақ сөз алып, Мағжан Жұмабаевтың өшпес бей­несі туралы тереңнен сөз толғады. Жиын соңында көпшілік қауым Мағжан ескерткішіне гүл шоқтарын қойып, ақын рухына тағзым етті…

«Атаулы жыл аясында желтоқсан айына дейін көптеген іс-шаралар мен түрлі кездесулер өткізілетін болады. Мағжан Жұмабаев жылына арналған арнайы бағдарламалар Түркияға қарасты басқа қала­ларда да, түркі елдерінде де ұйымдастырылады», – деген Дүйсен Қорабайұлы Қасейінов­тың сөзімен жолсапар жазба­мыз­ды түйіндегіміз келеді. Жалпы, ТҮРКСОЙ аясында 2018 жыл – қазақ ақыны Мағжан Жұмабаевтың, қыр­ғыз жазушысы Шыңғыс Айтматов­тың және әзербайжан сазгері Қара Қараевтың мерейтойларын және ТҮРКСОЙ халықаралық ұйымының 25 жылдығын атап өтуге арналған шаралар салтанатты түрде өткізілмек… Ал 21 наурыз күні «Кастамону – Түркі әлемінің мәдени астанасы» жылының салтанатты ашылуы өтеді…

Қарагөз СІМӘДІЛ.

АЛМАТЫ-ЫСТАМБҰЛ-КАСТАМОНУ-АНКАРА-ЫСТАМБҰЛ-АЛМАТЫ.

ПІКІРЛЕР1
Аноним 12.11.2019 | 10:49

аа

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір