Өмірдің мәні: борышқа адалдық, кәсіпке шеберлік
12.01.2018
2170
0
Жылжыған жылдар адамның санасына салмақ қосып, өмірлік тәжірибемен бірге ақыл-ойыңды да толықтыра түседі. Өткен жылдарды саралай салмақтасаң неше түрлі пенделерді еске алып, жақсы мен жаманды жіпке тізесің. Солардың ішінде тоқсан пайызына ортақ мінез – Абай айтқан «жарқылдаған өмірге» алданып, қайтсем көзге түсемін, қайтсем атымды шығарамын, қайтсем кітабымды қалдырамын, қайтсем еңбегім еленеді деп өліп-өшіп, есі-құты қалмай шапқылап жүрген пенделерді жиі көргеніңді еске аласың. Ондайлар ешкім оқымайтын болса да бірнеше кітабын шығарады, айтары болмаса да жиі-жиі телехабарлардан көрініп, танымал болады, ешкімге ешқандай себеппен пайдасы тимейтін «ғылыми еңбектер» де жазып шығарады, атақ алады, кеудесіне де орден-медальдар қадатады. Сонысына қарап қарапайым халық көзі тірісінде ондайларды сыйлайды, еңбегі зор екен деп құрметтейді. Ұшпа бақтың буымен олар біраз жерге жетіп, төрде шалқайып, аттыға жол, ауыздыға сөз бермей, өмірдің мәні осы екен деп алданады. Бірақ өлген соң бағы ұшып, жетістіктерінің бәрі жасанды екені ашылып жатады…
Ал өмірдің шын мәні неде? Біз­дің­ше, өмірдің ең басты мәні – жан-тә­нің­мен қалап, сүйген ісіңде шебер­лік­тің шыңына жетсең және одан ләззат ал­саң – өмірдің мәні сол ғой деп ой­лай­мыз. Осыған жетсең атақ та, даңқ та өзі келеді. Көзің тіріде келмесе өл­ген соң та­ба­ды. Тіпті өлген соң да ұзақ жыл­дардан кейін табылып, кей адам­дар­дың есімдері жарқырап қайта туып жа­татыны да бар. Мұндай адамдардың от­басылық бақыты да көл-көсір бо­лып жатады. Қоршаған ортаңдағы құр­мет пен бедел, қадір мен қошемет, ізет пен иба да арылмайды.
Хас шеберлікке жету үшін адам­­ның бойында табандылық, алған бет­тен қайтпайтын қайсар­лық, ең­бек­қорлық сияқты асыл қасиеттермен бір­ге көрінгенге елтімейтін, елігіп-же­лік­пейтін қорғасындай зіл салмақты мі­нез бен жанашырлық бойынан үне­мі табылатын мейірімді, жанашыр жү­рек керек. Соңғысының неге қа­жет­­тігін көп адам ұға қоймайды, өйт­­кені мейірімді жүректің ше­берлік­ке қан­дай қатысы бар деп ойлайды. Ал өмір­де қатып қалған қатты мінезден еш­қашан қасиет шықпайтынын, тек қа­на жүрегі жылы адамдардың бойы­нан осы асыл қасиет табылатынын көріп жүрміз. Абайдың «үш-ақ нәрсе адам­ның қасиеті: ыстық қайрат, нұр­лы ақыл, жылы жүрек» дегені содан. Қай­рат пен ақылдың неге керек еке­нін білетін жұрт «жылы жүректің» не үшін керектігін біле алмай қалатыны бар. Алайда жылы жүрек болмаса се­зім­нен жұрдай адам күйкілік пен ши­кіліктен аса алмай, өмірдің мәнін ұға ал­майды.
Міне, осы аталған қасиеттің бәрі бойы­нан табылып, өз ісінде ше­бер­лік­тің шыңына жеткен, борышына қара тырнағына дейін адал болып, өмірдің мәнін түсінген бір адам туралы әңгіме қозғағалы отырмыз. Ол адамның есімі Ержұман Смайыл ағамыз.
Ер ағаң журналистиканың қара на­ры, ғалым Бауыржан Омарұлы­ның сө­зімен айтқанда «кәтепті қара нар». «Егемен Қазақстан» газетінде табан ау­дармай отыз жылға жуық басшы қыз­метте бо­лып, зейнет жасына дәл тол­ған күні жұмысын қалт қойған жал­ғыз адам. Осыдан-ақ оның артына еш­нәрсе қалдырмай, барлық күшін, қуа­ты мен қауқарын өзінің сүйікті ісі­не сарқа жұмсағанын біле беріңіз. Бо­рышқа адалдық дегеннің жарқын үлгісі осындай-ақ болар.
Ерағаң өз шығармашылығымен те­реңдеп айналысқан жоқ, тек жур­на­листері мен басқа да қызмет­кер­лерінің жақсы жазуына, міндет­терін дұрыс атқаруына барлық жағдайды тудырып, жұмысты жіті ұйымдастырып, өз ісін­де шеберлік­тің шыңына жетуіне бау­лыған хас шебер, орны айрықша ұс­таз, қам­қор аға, қайырымды жан.
1990 жылдардың басында «Еге­мен­ді» Шер-ағаң басқарып, еш­қандай әкімшілік ресурстарды пай­даланбай-ақ таралымын 200 мыңнан асырғанын бүгінгі күні қалам қамшылағандардың бә­рі біледі. Рас, ол кезде еркін жазуға, шек­­теусіз ширығуға мүмкіндік туған за­ман болды, соған сай қазақ жур­на­листикасының қарым қуаты да айқын көрінді. Бірақ басқа басылымдар «Еге­­мен» сияқты 200 мыңнан асып, айды аспанға шығарған жоқ… Оқитын халық негізінен «Егеменді» іздеп кетті. Әрине, Шер-ағаңның аты мен заты да халықтың жүрегіне жол табуға жол ашты, бірақ бас редактор белгілеген бағ­дардан таймай, жур­налистердің қалың көшін бұй­дасынан жетектеген орын­басары Ер ағаң еді. Соның бәрін Ер ағаң жердің тартылыс күші сияқты үн-түнсіз, ың-шыңсыз атқарып жүре бе­ретін.
Ержұман аға қаламында қуаты бар, санасында сарайы бар талай жас­ты осы 30 жылға жуық уақытта «Еге­мен­нің» табалдырығынан өзі аттатты. Осы жолдардың авторын да сонау, қиыр терістікте, еліміздің шетіндегі, жел­дің өтіндегі Қызыл­жар қаласында жүр­ген жерінен шақырып, бірден се­нім білдіріп, шолушы қылып алған еді. Жасыра­ты­ны жоқ, «Егеменге» де басқа басылымдар секілді кейбіреулер тамыр-таныстықпен орналасып жа­тады. Ол енді өмір заңы ғой, мұн­дайды қазекең мойындамай, ат-тонын ала қашып, ерін мойнына алып тулайтыны да болады. Бірақ шындық солай және ол жалғыз қазақта емес, басқа халық­тарда да болып жатады. Алайда Ер ағаң басшы болып жүрген жылдарда газетке жаңа тұрпатта ой айта алатын жас­тар келіп, жаңа тыныс, соны леп соқ­қан. Ер ағаңның «Егемен» мен «Жас Алаш» та бас­шы болғанда қыз­метке алған шәкірттері шетінен «сен тұр, мен атайын» дейтін жойқын жур­на­листер болып шықты. Мәселен, Қай­нар Олжай, Нұртөре Жүсіп, Ер­мұрат Бәпи, Еркін Қыдыр, Бауыржан Омарұлы, Қыдырбек Рысбекұлы және т.б. қазақ ой-өрісі­нің алдыңғы қатарға дамуына үлес қосып жүрген ақтаң­гер­лер.
Ер ағаңның асыл қасиеті – ол тек шын сөйлегенді ұнататын. Жан таза­лы­ғының бір көрінісі сол ғой. Қандай ащы болса да шыныңды айтсаң, ол тү­сіністікпен қарайтын, ал өтірік ай­тып, алдағың келсе ол бірден сезіп, аза бойы қаза тұрып, қатты ашуланатын еді.
Бірақ Ер ағаңның ашуы… зілсіз бо­ла­тын. Кейбір қыздарымыз аға ұрсып жатса біз күліп тұратынбыз деп қазір еске алады. Ал Ер ағаңның қыз­дарға жасаған қамқорлығын айтқың келсе, арнайы бір кітап жазуға болады. Ойсыз жүргенде түсіне бермейміз, ер адамның бойындағы асыл қасиеттің бірі – қолынан келгенше әйел қауы­мы­на қамқорлық жасау ғой. Өйткені, қанша жерден мықты болса да, әйел шіркіннің жаны нәзік, әрқашан қол­дау мен қорғауға зәру болып жүреді. Бірақ соны көп еркектер біле бермей­міз, кейбір бастықтар тіпті қыздармен ұстасып, жүрегіне қаяу түсіріп, соңына түсіп жатады. Ал Ер ағаң соны түсініп, олардың бәрін қолдайтын, жас қыз­дарды тіпті қанатының астына алып, қорғайтын. Қолы жұмыстан сәл бо­саса материал басатын бар­лық қыз­дарын жинап алып, шәй ішіп, қарбыз сойып, мәз қылып, әңгіме айтқызып отырушы еді. Жарқын-жарқын сөй­леп, жарқы­рап күліп отыратын қыз­дарымыз да ибасы мен инабатынан айрыл­майтын. Көңілді қыздар көрікті де болып кетеді екен, сол кезде қыз­дарымыздың арасында «Сұлулар сайы­сын» өткізсе ғой, қайсы жеңер еді, Жанар ма, Сәлима ма, Әсел ме, Айнұр ма, Мәншүк пе, Ләйла ма… деп ойланып қалатынбыз.
Ер ағаңның қыздарға көрсеткен көп қамқорлықтарының бірін ғана ай­та кетпесе болмайды. Бір жылы Моң­ғолиядан оралған Сапаргүл деген қы­зымыз тұрмысқа шықты. Той Аста­надан 250-300 шақырым жердегі, жолы нашар бір қазақ ауы­лында болу­ға тиісті екен. Күйеу жігіт те оралман. Қызымыз бәрі­мізге шақыру билетін бер­генімен, жұрттың бәрі түрлі сылтау айтып, барғысы келмеді. Сол кезде Ер ағаң арнайы автобус жалдатып, ішіміз­дегі күміс көмей әншілеріміз бен сөзге шешен көсемдерімізді теріп алып, өзі бастап, тойға апарған еді. Сөйтіп, ауылдың атқамінерлері мен әкім-қаралары менсіне қойма­ған той­ға бір автобус болып, Аста­надан ар­найы, аспаннан түскендей болып «еге­мендіктер» кіріп кел­генде жұрттың бә­рінің естері шы­ғып қалды. Өзін із­дейтін жандар барын көрген қызымыз да қуанған­нан жылап жіберген. «Еге­мен» келеді деп неге айтпадыңдар, біз дайындалатын едік қой» десіп, жаңа ғана көк тірегендей шіреніп, төрде отыр­ған әкім-қаралар да апы кіріп, күпі шығып, қызмет көрсетіп шала ша­былып қалған еді…
Әрине, Ер ағаң тойсырап бара жат­қан жоқ, ол тек өзінің ер мінезі­мен қанатының астындағы қарапа­йым қыздың шашбауын осылай көтеріп тас­таған. Басқа бір бастық болса біреу­дің шашбауын көтермек түгіл, өзіне сый-құрмет тілеп, кер­гіп бітер еді… Мұндайдың жүздеген мысалын келтіруге болады, Ер ағаң алыс ауылға тұрмысқа шыққан бірде-бір қызының тойын атаусыз қалдырған жоқ, тіпті өзі бара алмай қалса жұмыстан боса­тып тойшыл топты жіберетін…
Қыздар дейміз… Ол ер-азамат­тарға да соншалық қамқорлық жасап, ба­сы­на күн туған жан болса, бірінші болып көмекке ұмтылатын. 2007 жылы Түркіменстанда іссапарда жүргенімде шешем қайтыс болып, дереу Ашхабадтан Алматыға ұшып келдім. Қазақс­танда қатардағы жур­налистердің мекеме есебінен ұшақ­пен жүруіне болмайтындығына қарамай, Ерағаң телефонмен Астанаға ұшып келуіме рұқсат етті, ал мында жанар майына дейін толтыртып қойған өзінің мәшинесі күтіп алып, елге жет­кізген еді… Мұндай жақсы­лық­тарды қалай ұмытарсың?.. Ол барлық ұжым мүшелеріне де осын­дай қамқорлық жасайтын.
Кейде Ер ағаңның «әй, ертеңге мон­­ша жақтырам, келіңдер» деп жұртқа өзі хабарлап жүретінін де сағы­нышпен еске аламыз. Ал жұмыс бабымен бір керегіміз болып қалса, ол ешқашан қабылдау бөлмесіндегі апайды жұмсамай, тікелей өзі хабар­ласатын. Сондық­тан бәріміз де ол кісі­мен тура, жиі араласатынбыз. Жүз­ге жуық жур­налистің бәрі де өз мұң­дары мен мұқтаждарын оған тікелей айтуға үйреніп алған. Ер ағаң салған дәстүрмен берекесі берік, діңгегі мық­ты ұжымымыз ол кезде жылы ұядай еді.
Ержұман аға өзінің жұмысын шек­сіз сүйетін, түн ортасы ауа, кей­де тіпті таңғы 5-ке дейін созылатын га­зетті сүзе қарап, көз майын тауысып аяқтап кетсе де ол таңғы сағат 9.30-да орнынан табылатын. Басқа бастық­тардың бәрі 11-ден асқанда келеді, ке­зекші тіпті түстен кейін шығады, әр­қашан орнынан табылатын жалғыз Ер ағаң ғана еді. Оның кезінде «өй­тіңдер-бүйтіңдер, мынаны алыңдар, ананы салыңдар» деп команда бергіш байбат­шалардың «шабуылы» да кемшін болды. Олардың шолтаңдай беретін ретсіз «шабуылын» тойтарып тастайтын Ер ағаңның батылдығы еді. Оқылуға болмайтын талай материал­дарды ол өңдетіп, қырнап, мұртын бастырып қана бергізетін. «Өзгеріссіз басыңдар» дегенге ол пысқырмайтын, өйткені газетке жауап беретін өзі екеніне бекем еді. Кейде тіпті: «Ер­жұман ағаға ананы айтыңызшы, мы­наны бергізіңізші» деп кейбір бас­тық­тардың қолас­тындағы таныс қыздар өзімізге шығатын. Өзің неге айтпай-сың десек, ағай бізге ұрсады деп қор­қа­тын еді… Сөйтіп, өз ісіне берік жан еш­қандай шенеуніктің алдында ығы­сып, өз жұмысына өрескелдік­пен ара­ласуына жол бермеді. Сондықтан да газет оқылатын, оқырманды жа­лық­тырмайтын.
Ерағаң туралы әңгіменің бәрін өт­кен шақта айтып отырғанымыз, оның «Егеменге» істеп жүрген жыл­дарын еске алып жатудан ғой. Әйтпесе Ерағаң, құдайға шүкір, бақуат, бүгінгі күні жетіп, пісіп, 70-ті желкелеп отыр. Бі­раз жылдар дем алған соң жұмысқа шығайын деген екен, балалары «дем аласың, бізге де, өкіметке де сіңірген еңбегің жетеді, ендігі керек ақшаң­ды өзіміз беріп тұрамыз» деп ана­лары­ның жанына отырғызып қойыпты. Бұл да білгендік, балаға да көп еңбек сіңіріп, тер төккеннің ақталғаны. Бірақ бір қызмет қыл­май, еңбек етпей Ерағаң отыра алар ма, ол енді өз ауылының тұр­ғындары туралы мақалаларын, бар­­лық достарын еске алып «Дос­тар еске түскенде» жинақтарын т.б. шы­ғарды. Өзінің курстас досы, рухани іні­сі Ербол Шәймерденов марқұмның рухына да көп еңбек сіңіріп, алты том­дық шығармалар жинағын құрас­тырып берді.
Ер ағаң «Егемендегі» ұл-қыз­дары­­ның бөбектерін де ұмытпай «Бала­лар­ды қорғау күнін» сыл­тауратып, жалғыз өзі бір жылы үлкен мереке де жасап бе­ріп еді. Дәндеген бөбектер сол күнді еске алып, 1 маусым жақындаған сайын ата тағы келе ме деп тосып жү­реді…
Мектепті жақсы бітіріп, Қаз­МУ-дің журналистика факу­ль­тетіне алғаш­қы жылы түсе алмаған Ерекең 18 жа­сында әскерге алы­нып, Солтүстік теңі­зі флотында әскери міндетін ат­қар­ған. Бұл жай флот емес, нағыз ядро­лық зы­мыран­дары бар сүңгуір қайық еді. Ер ағаң сонда үш жыл бойы, бір­неше ай судың астында, үне­мі жұ­мыс істегеннен қызып тұратын приборлардың ыстығынан ауасы қа­пырық болып кететін кемеде, қа­ра тер­ге түсіп жүріп міндетін атқарды.
Әскерден келе сала ол журфакқа та­ғы барады… Бірақ қарайыңқырып қал­ған басы, тағы да өте алмайды. Мұ­қият дайындалып, келесі жылы тағы барады… Қысқасы Ер ағаң жур­фак­қа бесінші рет барғанда ғана түс­кен. Осы уақытта ол жур­налистікке қол­ды бір сілтеп, басқа оқуға түсіп кетуіне болушы еді, бірақ алған беті­нен қайтпайтын табанды, туабітті қай­сар мінез оны көздеген мақсатына жет­кізбей қоймады. Ақыры студент ата­нып, оқыған деген былай болады деп ең үздіктердің қатарына ілегіп, мық­тының мықтысы ғана қол жеткі­зе­тін лениндік стипендияны қанжы­ғасына бөктеріп жүрген…
Бірге оқыған қыз-жігіттерге де ол әр­дайым қамқор болып, бас­та­рынан құс ұшырмаған. Сондықтан күні бү­гін­ге дейін алпыстан асқан курстас­тары­ның бәрі онымен «Сіз» деп қана сөйлесіп, қатты сыйлайды. Ұжымдасу­лары да өте тығыз, барлық қуаныштар мен қайғыда бір жерден табылып, ын­тымақтары жарасып тұрады. Со­ның негізгі ұйытқысы Ер ағаң.
Қорыта айтқанда, Ержұман Смайыл өмірдің мәнін ұғып, өз ісінің шыр­қау шеберлігіне жеткен, міндетіне адалдықтан айнымаған, сонымен бірге жүрегіндегі жылы­лық шуағын жа­нында жүрген жанның бәріне мо­лы­нан шашқан абзал жан. Мұндай жан­дары көп болған кәріс, неміс, қы­тай секілді елдер әлемнің алдына шық­ты, қазаққа да осындай жан­дар­дың көп болғаны керек. «Қайтадан қайры­лып, қауымға келмейсің, Ба­рыңды, нәріңді тірлікте бергейсің. Ғиб­рат алар артыңда із қалдырсаң – Шын бақыт, осыны ұқ, мәңгілік өл­мейсің» деген Шәкәрімнің адамға қой­ған талабын ол толығымен орын­­дап келе жатқан жан. Прези­дент сый­лығының тұңғыш иегері, Қазақстанға еңбек сіңірген қайрат­кер сияқты мем­лекеттен алған атақтары да көп. Ал халықтан алған алғысы мен батасы жөнінен одан озған адам жоқ. Ағаның жетпістен желдіріп өтіп, апайымыз екеуінің жұбы жазылмай жүзге жетуін тілейміз.

Жақсыбай САМРАТ,
журналист

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір