Бейбітшілік пен қауіпсіздіктің басты жауапкершілігі

0
35 қаралды
Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев БҰҰ Бас Ассамблеясы сессиясында. Нью-Йорк, 28 қыркүйек, 2015 жыл.

БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесіне төрағалық ету – мәртебелі жауапкершілік. Бұл Кеңес – Біріккен Ұлттар Ұйымының Жарғысымен «халықаралық бейбітшілік пен қауіпсіздіктің басты жауапкершілігі» жүктелген орган екенін ескерсек, бейбітшілікті, қауіпсіздікті және орнықты дамуды жақтайтын Қазақстанды өзгелердің де мойындай түскенін бағамдаймыз.
Қазақстанның БҰҰ Қауіпсіздік кеңе­сінің 2017-2018 жылдардағы тұрақты емес мүшелігіне сайлануына байланысты ҚР Пре­зиденті Н.Ә.Назарбаев өз үндеуінде: «Бұл тек біздің еліміздің ғана емес, сондай-ақ, бұған дейін ешқашан халықаралық бей­бітшілік пен қауіпсіздікке жауап бере­тін органда өкілеттілік етпеген бүкіл Орта­лық Азия субөңірінің де табысы… Біз жаһан­дық қоғамдастықтың назарын бұған дейін­гі көкейкесті бастамаларымызға ау­дару ниетіндеміз. Олар ядролық қару мен соғыс вирустары және жанжалдардан азат әлем құруға бағытталған… Қазақстан, сон­дай-ақ, су, энергетикалық және азық-түлік қауіпсіздігі мәселелерін шешуге серпін бе­ретін болады… Осының барлығы әркімге де қатысы бар толғақты мәселелер», – деп атап өткен еді.
Ресми Астана Қауіпсіздік Кеңесі тө­рағасы қызметіндегі басымдықтары ре­тінде ядролық қарусыз әлемді жақындату; жаһандық соғыс қатерін болдырмау, жер­гілікті жанжалдарды реттеу; аймақтық қауіп­сіздік пен ынтымақтастықты нығай­ту­да Орталық Азияның мүдделерін ілгері­лету; терроризмге қарсы күрес, т.б. мақ­саттарды атап отыр. 18 қаңтарда ел Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың қа­тысуымен БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесі мүше­лерінің «Жаппай қырып-жою қаруын таратпау: сенімді нығайту шаралары» та­қырыбында жоғары деңгейдегі тақырыптық пікірталас, Қазақстан Сыртқы істер ми­нист­рі Қайрат Әбдірахмановтың төраға­лығымен «Қауіпсіздік пен дамудың өзара тәуелділігінің үлгісі ретінде Ауғанстан мен Орталық Азиядағы аймақтық серіктестікті құру» тақырыбында жарыссөз, ал қаңтар­дың соңына таман Таяу Шығыс мәселесі бойын­ша тоқсандық пікірталас өткізіл-мек.
Дөңгеленген дүние бүгінгі күні дүрбе­леңге толы екені әмбеге аян. БҰҰ Қауіп­сіздік Кеңесіне төрағалық ету арқылы Қа­зақстан жаһандық проблемаларды ше­шу жолдарын іздестіруге сүбелі үлес қо­сады. Бұл – ел дипломатиясы мен сыртқы сая­сатындағы жаңаша бір кезеңге жол аш­пақ.

Пікір қосу