СОЛ «ТӘТТІНІҢ» ДЕ ӨЗ ЖАУАПКЕРШІЛІГІ БАР
20.12.2021
1119
0

Ол кезде мұндай интернет жоқ, ненің не екенін ұғып болмайтын бір заман еді. Теледидардан кешке жақын бір берілетін жаңалықтың өзі «қысыр» сөйлейді. Сосын мектеп бітіріп, оқуға тапсырып жатқан 16-17 жастағы бозбаланы саясаттан гөрі қаладағы жаңа өмір көбірек алаңдатқаны айтпаса да түсінікті. Ерекеше есімде қалғаны – әйгілі «тамыз бүлігі». Мәскеудің ортасына танкі кіріп, оқ атылғанын санама сыйдыра алмай, барлық дүрбелеңді Горбачев пен Ельциннің жеке бас араздығына бұрып қойып жүрген уақ. 1991 жыл – менің өмірімде үлкен бетбұрыс жылы. Мен сол жылы өз кластастарымның ішінен Алматыдағы жоғары оқу орнына түскен бірден-бір оқушы болдым. Ол кезде Алматыға оқуға түспек түгілі, бір келу, бір көру арман болатын кәдімгідей. Бірді-екілі мәрте Семейге барғаным болмаса, ауылдан аттап шықпаған сарыауыз бала үшін қазандай қайнаған қатал шәрдің ортасына топ ете түсудің қандай ерлік болғанын көз алдыңызға елестете беріңіз осыдан кейін. Елдің Тәуелсіздігімен қатар келген біздің бас еркіндігіміз сол жылдары жап-жас басымызбен жоқшылық, аштық, ауру, рэкет сияқты түрлі сынақты бастан өткерді. Азық-түлікті арнайы карточкамен ғана алып, оны бір аптаға да жеткізе алмайтын күндерді қазіргі балалар түсінбейді. Тиын санап жүріп алған киіміңді көшедегі бұзақылар басыңды жарып тұрып алып кететін заң жоқ, зәкүн жоқ заманда қалай аман қалғанымызға таң қаламын кейде. Әйтпесе, жап-жас басымен атылып һәм пышақталып қалған замандастарымыз аз ба еді? Қазір ғой ол «тәуелсіздік» деп таңдайлары тақылдайтыны бәрінің. «Тәуелсіздік», «дербестік» деген сөз тәтті-ақ. Бірақ сол «тәттінің» де өз сұрауы һәм жауапкершілігі бар екенін көбіміз түйсіне бермейміз. Сол заманда материалдық жұтаңдық көрген біз енді рухани жұтаңдыққа ұшырап отырмыз. Азаттық деген қастерлі ұғымды «ойыма не келсе, соны істеймін» деп түсінген қортық сана отыз жылды тек ішіп-жеуге жұмсады. Жоқшылық пен қорқыныш бәленбайыншы бабасына дейін өтіп кеткен отандастарым қулық пен сұмдықтың тілін игергендері сондай, қазір қазақша сөйлеуді мүлде қаперден шығарды. Жасы отызға шыққан қазақ жігіттерінің қазақша сөйлемек түгілі, қазақ болып туғанына арланатынын да керең болғыр құлақ естіп, соқыр болғыр көз көрді. Өткенде Қызылордаға баратын пойызда шетелде оқып келген Бақыт атты жігіттің: «Менің қазақша сөйлеуге еш құлқым жоқ, әгәрәки, кімде-кім менен қазақша сөйле деп талап етсе, мен оны заң жүзінде жауапқа тартам», – дегенін естігенде ішер асым тамағымнан өтпей, пойыздан түскенше ақылым – айран, ойым – ойран болды да отырды.

Сосын:

             «Өз қағынан жеріген
бауырыма албастыдай көрінем.
Неге біздер құдай атқан ұлт болдық
өз ұлысын жек көретін бәрінен?

              Тілі – орыс, ділі – шүршіт, діні – кер,
Отыз жылда болып алдық қырық ел.
Кегі кеткен сияқты осы қазаққа
Біреуінен біреуі өткен құныкер.

              Барлығына кінәлі
Қайда барсаң
 қазақ болып шығады.
Кейде безіп кетпеу үшін қазақтан
Қазақстаннан кеткім келіп тұрады.

              Еркелетіп, тойдырған
Еңіреген ер шықпай-ақ қойды ұлдан.
Біреуі жоқ (әкесі өлген ақшадан!)
«Ел бола алмай кеттік қой» деп қайғырған.

              Көсеміндей осы елдің
Жыл он екі ай қапалы күн кешер кім?
Қазақ болып туғанына өкпелі
Отанында кесір менен кеселдің…»

деген өлең жаздым.  «Осы-ақ зарланады да отырады екен» дейтін шығар бәлкім біреулер. Кім не десе, о десін, бірақ шындығы осы. Біз «тыныш болсынды» алға тартып, отыз жыл бойы мемлекеттің ұстыны саналатын негізгі ұлтқұраушы ұлтты тұншықтырып келдік. Ұлт боламынды ойлайтын билік ендігі жерде этномазохизмді тоқтатып, этноцентризмге көшпесе, өкініш көп болатыны айтпаса да түсінікті. Мен 1991 жылы шет тілдер институтына түскенде қазақшаны талап ететінмін. Сол сорлылық отыз жыл болды жалғасып келе жатқанына. Бұл күнде қазақ боламын деу – сұмырай атанумен бірдей. «Құда да тыныш, құдағи да тыныш» деп бәрінің жапа-тармағай орысша сайрай жөнелетіні сол. Қамшының сабындай қысқа ғұмырын ит ырғылжыңға айналдырғысы келмейтін жастарға қазір космополит болу тиімді. Ал отыз жылда да толыққанды ұлт болып қалыптасып үлгермеген мемлекет үшін бұл – өз іргетасын өзі қазумен пара-пар аномалия.

Дәурен БЕРІКҚАЖЫҰЛЫ, ақын

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір