Қазақ тілінде заң қалай қабылданды?
15.12.2017
1959
0

Күн көреді әкесіз де, анасыз,
Өмір сүрер әйелсіз де, баласыз.
Ал Отансыз – нағыз сорлы панасыз!
Мұқағали Мақатаев.

Отан! Осынау сөзді толғанбай, те­біренбей айта алмаймыз.
Отан! Адам біткеннің ар-ожда­нын дірілдеткізетін, азаматтық жү­регін тулататын сөз! Отан! Сенің адамдық болмысыңның бағасын­дай көрінеді маған. Бала кезіңнен са­наң­ды жиі мазалап, жаныңды жай тапқызбай, қаныңды сездіртіп, арың­ды биіктетер қашанда Отан қым­бат! Жандүниеңде Отанға деген сезім атойлап тұрмаса адаммын деп айтуың бекер.
Отан мен Азамат! Меніңше, екеуі егіз ұғым болуы тиіс. Отанын сүй­меген адамнан азамат шықпай­ды. Ел жүгін көтермеген жан отан­дықты ұқпайды.Менің Отаным – менің Қазақстаным! Менің Егемен Қазақстаным – менің мәртебем, ар-намысым, өмірім!
Мақтанарым да, табынарым да, сағынарым да, жабығарым да осы. Барым да, нарым да осы. Байлығым да, бақытым да осы! Өйткені менің Тәуелсіз елім бар, елім деп соғар жүрегім бар – мен бақыттымын!
Отанын ардақтамаған – ата-ана­сын да ардақтамайды. Өз ұл­тының қадірін білмеген – еш­теңе­нің қадірін білмейді. Ал өзі тағдыр тауқыметімен сыртта қалып, Отанына табан тірей алмағаннан ар­тық қасірет жоқ шығар. Олар Отанның киелі даласын, саф алтындай ауасын, бір уыс то­пырағын да аңсайды. Осындай жағ­дайды бастан кешіп, қаза­ғым­ның үштен бірі шетте шерменде боп жүр емес пе?! «Ел үшін аянба – ер­лі­гіңе сын, жұрт үшін аянба – жі­гіттігіңе сын», – дейді батыр Бауыржан Момыш­ұлы.
Әрбір азаматқа әрбір қадамы сын екені белгілі. Сондай сынның бі­рін осыдан жиырма жыл бұрын бастан өткізуімізге тура келді.
Созбақтап жатпай әңгімені тө­те­сінен бастасам, 1995 жылдың соң­ғы күндерінде қос палаталы Қа­­зақс­тан Республикасы Парла­мен­ті Мәжілісінің бірінші шақы­ры­лым дептутаттығына өзім туған өлке Ордабасыдан сайланып, же­-
ң­іс­ке жеттім. Сөйтіп, 1996 жылдың 30 қаңтарында бірінші сессияның ашылуымен төменгі палата өз жұ­мы­сын бастады.
Бұл алмағайып заман-тын. Ел нарыққа бет алған, жаппай же­ке­ше­лендіру, ел экономикасын оң­тай­ландыру, жаңа валюта енгізу сияқты реформалар, қаржылық же­тіспеушілік, сонымен қатар, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен мемлекет орталығын Арқа жеріне көшіру сияқты қат-қабат шаруалар жүріп жатты.
Осы қарсаңда тағы бір назар ау­даратын мәселе – Ел Тәуелсіз­дігімен жарысып, шет елдегі қа­зақтар да ба­йырғы атамекеніне ор­ала бастауы болатын. Бұл салада қордаланған мәселе шаш етектен. Сырттан көш басталып кеткен де, оны реттеу ісі әлі толық жолға қойыл­маған.
Тіптен тарқатып айтар болсам, 1993 жылдан бастап шет мемлекет­тердегі қазақтарды көшіріп алу жа­йында Үкімет квота белгілеп, жос­пар жасаған екен. Аталмыш жос­пар бойынша: шет елдерден 1993 жылы – 10 мың отбасы, 1994 жы­лы – 7 мың отбасы, 1995 жылы – 5 мың отбасы, 1996 жылы – 4 мың от­басы көшіп келуге тиіс делініп, осы­ған мемлекеттік бюджеттен қаржы бөлу қарастырылған.
Жоғарыдағы көші-қон бағдар­ла­масы негізінде 1994 жылы үкімет көші-қонға 10 миллион теңге бөлсе, осының 1 миллионы ғана шотқа түс­кен. 1995 жылы 23,5 миллион теңге жоспарланған екен, осының 10 миллионы ғана берілген. 1996 жы­лы осы салаға 25 миллион теңге қар­жы жоспарланған болса, соның 8 миллионы ғана бөлінген. Осындай жағдайлардан кейін мыңдаған оралман баспанасыз босып кеткен, кейбіреулері тіпті қайта қайтуға мәж­бүр болған.
Осындай алмағайып толқып тұрған заманда 1996 жылдың қазан айында Еңбек министрлігі мен Әлеуметтік қамсыздандыру
минис­тр­ліктері қосылып, жаңадан «Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі» пайда болады. Оның басшысына Қаржы министрі­нің орынбасары Н.Коржова ханым тағайындалады. Министр ханым келе сала өзіне бағы­нышты Көші-қон департа­ментін жойып, қатар­дағы басқарма­ға айналдырып, «Кө­ші-қон қорын құру» туралы бапты түбірімен сызып тастайды.
Расын айтқанда, қазақтың басын бүтіндейтін, жоғын түген­дей­тін, кезінде еріксіз туған жерінен ау­ып, жат жұртқа барып жанын сау­ғалаған қазақтың қамы үшін жасалуы тиіс заңның түрі осы болатын.
Қазір көп адамдар менен: «Үкі­мет ұсынған жобаға балама заң жо­басын ұсынуыңызға не себеп бол­ды?», – деп сұрайды. Шынымды айтсам, бұл жерде жоғарыдағы ке­леңсіздіктерді көріп отырып, Махамбет ақынның «Қара қазан, сары бала қамы үшін қылыш сермедік» дегеніндей, бір әрекет ету қажет деген байламға тоқтадым да, 1997 жылы 23 қаңтарда Үкімет дайындап Парламент қарауына келіп түскен «Көші-қон туралы» заң жобасына жетекшілік жасауға сұрандым.
Үкімет ұсынған жобамен тереңі­рек таныссам, мұнда да қиғаш кет­кен тұстар баршылық екен. Бірінші­ден, Қазақстанға көшіп келген адам­­дарға мемлекеттік бюджеттен қар­жы бөлу қарастырылмапты. Олар­ды қаржыландыру тетігін жергілікті бюджетке лақтырып тас­та­ған. Ол кезде жергілікті жер­лердегі бюджеттің жағдайы ауыр-тын. Екіншіден, Қазақстаннан сыртқа қоныс аударатындарға арнайы қаржылық көмек көрсету туралы бап енгізіліпті. Зерттеп көр­сем бұл жобаны іске асыру тетік­тері­нің бәрі ойластырылып, тек заң­дастыру ғана қалған екен.
Шын мәнінде Үкіметтің әзірле­ген заң жобасының бір-екі бабын өзгертуге болатын шығар. Бірақ онымен іс бітетін түрі жоқ. Әрі бұл жобаның республикадағы көші-қонды ұйымдастыру мен нысаналы түрде қамтамасыз ету негіздерін құқықтық тұрғыдан қанағаттан­дыра алмайтынын аңғардым. Заң­ның басты мақсаты мен жекеленген аргументтер арасында қайшы­лық­тар жетерлік. Сол себепті, баламалы заң жобасын жасау қажет екенін түсіндім. Сондықтан да Үкімет жо­басының жұмыс тобының жетек­шісі болудан бас тарттым да, депу­таттық өкілеттігімді пайдаланып, өзімнің балама жобамды жасауға кірістім.

***
Бұл бір керемет күндер еді. Сол кездегі күнделігіме: «Аптап ыстықта шөлдеген гүлді суарған сияқты, атажұртынан жыраққа кетіп, ға­сырлық аңсары шерге айналған қандастарды атамекеніне қауыш­тыру дүниедегі ең үлкен бақыт», – деп жазыппын. Тегі бұл менің сол тұс­тағы ұстанымға айналған ұра­ным болса керек. Атам қазақ айтады ғой, «Малды баққанға бақтыр, отты жақ­қанға жақтыр» деп. Осы бір ұғым бойынша әуелі қасыма, сол жылдары Отанға оралған, бауырларды жинап алдым. Көштің кө­леңкесі мен күңгейін олардан артық кім білмек. Сондықтан да жақы­ныма айналған Қайрат Бодау­хан­ұлы, Алмас Ахметбекұлы, Баба­қ­ұмар Қинаятұлы, Ботагөз Уатқан, Тұрсынхан Зәкенұлы, Рақым Айып­­ұлы, Досымбек Қатыранұлы, Нұр­лан Зияханұлы, Құл-Керім Елемес, Нұрбек Халымұлы, Дина Бөлешова, Ақеділ Тойшанұлы және т.б. ұсыныс тілектерін тыңдап, тереңірек зерт­теу­ге кірістім,шеттен келген аға­йын­­дармен қоян-қолтық еңбек еттім.
Осылай күнді түнге жалғап істі бас­тадық. Адам баласы үшін өзі өмір сүріп отырған қоғамға өзінің қажеттігін сезінуден артық не бар. Арада көп кешікпей мен дайындаған балама жоба да әзір болды.
Әлі күнге дейін есімде 1997 жыл­дың 7 ақпан күні Парламенттің №5 залында мен ұсынған заң тал­қыланатын болды. Спикеріміз, мар­құм Марат Оспановқа барып мынадай ұсыныс айттым: «Бесінші залды ілеспе (синхронды) аударма жасайтын етіп жабдықтап берсеңіз. Себебі, мен «Халықтың көші-қоны туралы» заң жобасын қазақ тілінде жаздым және қазақ тілінде талқы­лау­ды ұсынамын», – дедім. Жұмыс то­­бымыз киелі тілімізде жұмысын бастады. Өз тіліңде сөйлеу, ол бо­йынша заңды талқылау шынында керемет болды.
Сөйтсем, Парламент тарихында бұған дейін қазақ тілінде заң жобасы талқыланып көрмепті. Қысқасы, орыс тіліндегі нұсқасынсыз толық талқылауға мүмкіндік жоқ екен. Үкімет өкілі осылай «шу» шығарды. Қолымдағы жобаны орыс тіліне аударту мәселесі туындады. Парламентте аударма бөлімі бар, бі­рақ қазақ тілінен орыс тіліне ау­даратын маман жоқ. Бірнеше белді мекемелермен хабарластым, бәрін­де осындай жағдай. Бұл мәселені енді қалай шешеміз дегенге келіп тірел­дік. Кезекті пленарлық мә­жіліс­те осы мәселе жөнінде дабыл қағуыма тура келді. Мәжіліс төра­ғасы нақты тапсырма берді. Аппарат басшысы: «Аудармашыны өзіңіз табыңыз, қаржысын біз төлейік» — деді. Содан аудармашы іздедім, та­былмады. Ақыры, Әділет
ми­нис­тр­лігінде істейтін бір таныс қыз­мет­керге өтініш айтып, жобаны әрең дегенде орысша аударттым. Іс мұнымен де бітпеді, балама жоба екенін дәлелдейтін бірнеше ғылы­ми-зерттеу институттарынан, ми­нис­трліктен қорытынды алуым ке­рек екен. Бұл тұрғыда дұрыс қоры­тынды берген Ішкі істер мен Сырт­қы істер министрліктері мен сол институттарға мың алғыс. Әсіресе, ең бірінші боп үн қатқан Қазақстанның Даму институтына ризашылығым шексіз. «Балама жобада Көші-қон жөніндегі мем­лекеттік саясаттың негізгі бағыт­тары көрсетілген. Ал Үкі­меттік жо­бада бұл қарастырыл­маған» деп екі жобаның басты айыр­ма­шы­лық­тарына тоқталған. ҚР Ұлт саясаты жөніндегі мемлекеттік комитетінен С.Оразалин біздің жобаны «мемлекет мүддесіне сай келетін құжат» деп баға берді.
Жұмыс тобында жоба мемле­кеттік тілде болған соң, талқылау да негізінен сол тілде өтті. Қаншама рет талқыладық, соның бәрінде ілеспе аударма қатар жұмыс істеді. Парламент тарихында жұмыс тобы өткен залдарда қазақ тілінен орыс тіліне ілеспе аударманың жұмысы алғаш рет осылай қалыптасты деуге негіз бар. Сөйтіп, 1997 жылдың 26-ақпан күні ҚР Парламент Мәжі­лісі мен ұсынған жобаны депутаттар талқысына ұсыну туралы Қаулы қабылдады. Әлеуметтік-мәдени даму жөніндегі комитетке балама жобаны қарап шығып, қорытынды әзірлеу тапсырылды.

***
Осы бір арпалысқа толы күндер­ді қазір аса бір сағынышпен еске аламын. Өйткені, осы заңды жазу және талқылау кезінде қаншама қиын­ды­қ­тарға тап болсам да, соншама жа­­нашыр дос, ағалар, тілеу­лестер таптым. Жамбыл облысы, Талас ау­даны, Ақкөл ауы­лының тұрғыны Тайыр Түлеков деген азамат: «Бауы­рым-ай, мынау тұста қолмен емес, ақылмен салармысың көш сорабын», – деп адамға рух сыйлар жыр жолдаса, өздігінен Пар­ламентке із­деп келіп, көмек қолын ұсынған ұлтжанды азаматтар да аз болмады. Мә­жілісте қа­рал­мас бұрын «Егемен Қазақстан» (бас редакторы У.Қа­лижан), «Қазақ елі» (бас редакторы Б.Сарбалаев) газеттері арқылы жобамды бүкілхалықтық талқы­лау­ға ұсын­дым. Сондай-ақ, еліміз­дегі бү­кіл БАҚ-тары, «Түркістан» га­зе­ті­нің әрбір нөмірі көші-қон мәселе­сіне, заңына көңіл бөліп, бас ре­дак­торы Қалтай Мұхамеджанов ағамыздың өзі хабарласып тұрды. «Қазақ әдебиеті» газеті, «Ана тілі» апта­лығы да дер кезінде үн қоса білді. Жер-жерден өзеннің бұғаты ашыл­ғандай толассыз хаттар қаптап кетті. Меніңше, балама жобаға бүкіл зиялы қауым немқұрайлы қараған жоқ.
Өйткені, менің бағытым негізі­нен Елбасының Көші-қон жөніндегі саясатын қорғау болатын. Ол – ұлттың мүддесі, мемлекет қауіп­сіз­дігі, біртұтастығы, демографиялық ахуалы, Тәуелсіздігімізді нығайту еді. Сондықтан да бірінші кезекте Көші-қон жөнінде Президентке тікелей бағынатын уәкілеттік орган құру. Үкімет жобасындағы «отандас­тар» деген анықтаманы алып тастау. Өйткені, анықтамада отандастар – Қазақстанда дүниеге келген барлық ұлттың өкілдері деп атап өткен де, оларға отандастар есе­бінде жағдайын жасау көзделген. Со­нымен қатар, қандастарымыздың өз Отанына көшіп келуіне мемлекеттен арнайы қаржы бөлу. Үкі­мет­тік жобада біріктіріп жіберген репатриант пен босқындар ара жігін ашып, бөлек-бөлек статус беру. Өйт­пегенде, Қазақстанға соғыстан қашқан әлемдегі түрлі ұлт өкілд­е­ріне, яғни босқындарға жол ашылады деген сөз. Репатрианттарға қазақша атау беру…
Әрбір тақылаудан кейін қазақ тіліндегі жобамыз үстемдік ала бас­тады. Ол қарсыластарға оңай бол­мады. Содан олар басқа амалдар қолдануға көше бастады. Тіпті «ҚазТАГ» арқылы «депутат Әкім Ысқақ ұсынған балама жоба қабыл­дан­байтын болды» деген жалған ақпарат таратылды. Бір таңқала­р­лы­ғы, Кеңестер Одағынан қалған әдетпен оны біраз ресми газеттер жариялап та жіберді. Ертеңінде бұл мәлімет жалған екенін айтып, Пар­ла­менттің баспасөз қызметі қосым­ша хабар беруге мәжбүр болды. Әлгі тілші менен келіп кешірім сұрады. Бұдан басқа да әртүрлі әрекеттерге барды ғой. «Аты шықты, балама заң жобасын қайтып алсын» деген ба­ғыт­тағы түрлі сәлемдемелер мен ұсыныстар да аз болмады. Менің мақ­­сатым атымды шығару емес қой. Бұл жерде Тәуелсіздігіміздің қауіп­сіздігіне қатысты принципті мәселе бар. «Мақұл, балама заң жобаны қайтарып алайын. Тек мен ұсын­ған ұсыныстар Үкімет жобасында көрініс тапса болды» деген ойым­ды айттым. Бұл жауабыма келіспеді.
Толқыны тасқын хаттардың ар­қасы, бәлкім күнделікті теледидар арқылы қос жобаның талқылау барысы туралы елге хабардар етіп отырғанның әсері болса керек, қор­жын­дағы екі жоба 1997 жылдың 2 сәуір күні Президенттің жанын­дағы мемлекеттік саясат жөніндегі Ұлттық кеңесте қаралды. Кеңеске Мемлекеттік хатшы Әбіш Кекілбай жетекшілік етті. Министрге де ма­ған да сөз берілді. Өте қызу тал­қы­лау өтті. Кеңес мүшелерінің бар­лы­ғы дерлік, мәселен Ә.Кекілбай, С.Зиманов, М.Қозыбаев, Ж.Әділ­дин, Е.Сағадиев, Г. Бельгер, А.Гар­ка­вец, Н.Мамыров, Н.Оразалин сын­ды тұлғалар мен ұсынған балама жобаны қолдады. Соңынан Мә­жі­ліске өздері қабылдаған ес­кер­тулері мен ұсыныстарын және с­теног­рамманы ұсынды. Әсіресе, жоғарыдағы Кеңес мүшесі заңгер-академик Салық Зиманов 7 сәуір күні Мәжіліс төрағасына өз атынан ресми хат жолдап, онда балама жо­ба­ның артықшылығына тоқталып: «Үкімет ұсынған заң шикі әрі құ­қық­тық мәртебесі өте төмен, заман талабына сай емес» деп атап көр­сетті.
Сол сияқты академик Манаш Қозыбаев та: «Депутат Әкім Ыс­қақтың балама заң жобасының мәртебесі биік екені сөзсіз», – деп, Мәжіліске хат жолдап жатса, іле-шала жазушылар атынан Н.Оразалин, С.Оразалин, М.Мағауин,
Қ. Жұ­маділов, Ә.Тарази, Қ.Ысқақ, Қ.Тұрсынқұлов, А.Жақсыбаев,
Т. Медетбек бастаған бір топ белгілі қаламгерлер қауымы қол қойып, қуат­таған хаттары Мәжіліс пен Сенат төрағаларының атына келіп түссе, академик Әбдімәлік Нысанбаевта қос жобаны салыстыра талдау жасап, депутат ұсынған құжа­т­тың Ұлт мүддесі үшін дұрыс екенін дәлелдеп шықты. Балама заң жоба­сы­ның жұмыс тобына қатысуға ті­лек білдіруші депутаттар саны да арта бастады. Тіпті 1997 жылдың
8 сәуір күні Мәжілістің 35 депутаты өз қолдарын қойып, барлық әріп­тестеріне Үндеу тастады. Осылар­дың ішінде өзге Ұлт өкілдері де бол­ды. Олар: қарағандылық
В.Громов, павлодарлық А.Шварцкопф, жез­қазғандық П.Колесов, көкшетау­лық В.Калюжный қатар­лы азаматтар еді.
Сол тұста өзі де Парламент депутаты, халық жазушысы Фариза Оңғарсынова да балама жобаның басымдылығын көрсетіп, Мәжіліс­тің Әлеуметтік-мәдени даму жөнін­дегі комитет төрағасы Ө.Жолдасбековке ресми хат жолдап, бұл құ­­жат­тың саяси және стратегиялық маңызы зор деген байламын ашып айтты.
Бұдан мынадай қорытынды жа­сауға болады. Қазақ зиялылары қан­дастарымыздың байырғы Отанына оралуына мүдделі. Оны осы заң жобасын талқылау барысында көз жеткіздім. Осы ағаларым мен апаларыма, бауырларыма сол бір тартысқа толы күрес күндерінде мені қолдап, қажет кезінде қорғап, пікір білдірген барлық азаматтарға қазір алғыстан басқа айтарым жоқ.

***
Көптен күткен күн де жетті. 1997 жылдың 14 мамыры. Сынға тү­су қашанда оңай емесі анық. Төрт ай бойғы талқылаудан кейін Мә­жілісте Үкімет ұсынған «Көші-қон туралы» және мен ұсынған «Халық­тың көші-қоны туралы» заң жобалары қатар қаралды. Екеуінің біреуі ғана таңдалмақ. Қайсысы елімізге керек? Қажыгелдиндей Премьер-Министр мен 20 министр қол қой­ған Үкімет жобасы ма? Әлде депутат Әкім Ысқақ жобасы ма? Кім-кімді де болса толғандырған осы сұрақ. Депутаттар қай заң жобасын қол­даса, сол өтпек. Таңдалған нұсқамен Парламент әрі қарай жұмысын жалғастырмақ. Бірақ Үкімет жобасында шикіліктер сол күйі, еш­қан­дай өзгерістер болған жоқ.Біз тал­қы­лау барысында көп түзетулер енгіздік.
Алғашқы сөз кезегі әдеттегідей Үкімет атынан Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Н.Кор­жоваға берілді. Ол белгілі, жұртқа жақсы таныс ресми тілде сөйледі. Біздің заң жобамызды «өздерінше атаған баламасымақ» деп кекетіп те өтті. Үкіметтік жобада барлық ұлт­тың жағдайы қарастырылғанын тіл­ге тиек етті. Осынау сөздерді ес­ті­генде, шыдамсызданып отырдым.
Сөз кезегі маған тигенде асық­­қа­ным соншалық, баяндамамды ұмытып, құстай ұшып, мінберге қалай жеткенімді білмедім. Өмірдің өткелінде тарыдай шашылып кеткен қандас бауырларымыздың жүрек шырылы мен жан дауысы жаныма маза бермей, сергелдең күйде жүрген кезім еді. Асыл арманды арқалап, елге жете алмай жүрген қандастарымның ақ пейілінің кө­мегі болар, «ұлтшылсың» дегенге жеткен ханымның іс-әрекеті де намысымды қамшылады. Бабалар ама­наты – қазағымның жоғын жоқ­тап, қарапайым әрі киелі тілін қор­ғау парызым еді. «Е, Алла, бір өз­ің қолдай гөр» деп іштей өзімді қайрай түстім. Ешқандай қағазға қарамай, тоқтамай сөйледім. Сөйлеп жатқан өзім емес, шерменде болып қатқан жүрегім еді…
Мен үшін шеттегі қандастарым өз туған жерінен алшақтап, бөгде елде жүрсе де, бүкіл қазақтың қаза­қы болмысы мен ана тілін бабалар аманатындай қорғап, ана әлдиіндей баға жетпес байлыққа балаған асыл жандар. Өзге халықтың Әнұранын тыңдап өссе де, ұрпағына ұлт тәлі­мін сіңірген бауырларымыз, елмен тербелген шөбінің сылдырынан қобыздың үнін ұлт сағынышын­дай ұғынған аяулы алтын ағайындарым олар менің!
Ар жетім болар егер де,
Арыңды біреу лайласа.
Бақ жетім болар егер де,
Бағыңды біреу байласа.
Сөз жетім болар егер де,
Сөзіңе ешкім нанбаса.
Көз жетім болар егер де,
Көз қырын ешкім салмаса.
Сыр жетім болар егер де,
Сырласар досың болмаса.
Қыр жетім болар егер де,
Қырларға гүлдер толмаса.
Көл жетім болар егер де,
Аққу-қаздар қонбаса.
Адам жетім болар егер де,
Өз Отаны болмаса,
Қазақ жетім болар егер де,
Өз елінде өз перзенті болмаса! –
деп, бабалар мұрасынан жадымда жатталып қалған сөздерден екпін алып өзімді тоқтата алмай кеттім.
Бір қарасам, залдағы депутаттар­дың бәрі көздеріне жас алып отыр. Бұларға не болған десем, ар мен намысымыз тапталмасын деген ыза жүрегімді толқытқаннан шығар, бәлкім, өзімнің көзім жасқа толып тұр екен.
Қызу талқылау басталды. Ана ті­лімде сөйлесем де әріптестеріме жүрек сөзімді жеткізе білгендеймін. Дауыс беру нәтижесінде маған үш-ақ дауыс қарсы беріліп, өзгелері түгел қолдады.
Мәжіліс Төрағасы Марат Оспанов: «Бұл күн – тарихи оқиға. Бұдан былай бұл заң Әкім Ысқақтың заңы деп аталады», – деп бағалап, сонау төрдегі орнынан түсіп келіп, артта отыр­ған менің қолымды алып, бү­кіл депутаттардың көзінше ақ тіле­гін жеткізді.
Түсіне білген жанға мұның өзі үл­кен жеңіс еді! Бұл – бүкіл Қазақ Елі­нің жеңісі! Мен оны бабалар ру­хының қолдауы деп білдім.

***
Заң жобасы мұнымен аяқталған жоқ. Жеңіске жеткен талқылау жұ­мысы ары қарай тағы жеті айға созылды. Бұл бүкілхалықтық талқы­лауға ұсынған және ең ұзақ тал­қы­ланған заң жобасы ретінде белгілі. Жылға жуық қызу талқы­лауда Парламент қабырғасындағы 42 кеңейтілген отырыста, жүзге жуық жұмыс тобында өз жобамды қорғап, дәлел­деуге тура келді. Нәтижесінде ар­а­да 11 ай өткен уақытта, Ел астанасы Ақмолаға көшкенде, яғни 1997 жыл­дың 13 желтоқсанында Елбасы заң жобасына қол қойды. Бұл – Мемлекет басшысының Елорда төріндегі алғашқы қол қойған заңы болатын. Бұл Тәуелсіздігіміздің де, Астана қаласының да тарихына алтын әріп­пен жазылған күннің бірі.
Мен үшін бұл өз өмірімдегі өте бір ұмытылмас тарихи күн.
Өткен күндерді саралап, парасат биігінен қарап отырсам, терім сің­ген заңның арқасында 1997 жылдың 8 желтоқсаны күні Елба­сы­­ның Жарлығымен «Көші-қон және демографиялық агенттігі» құ­рыл­ды. Осы Жарлықта: «Агенттік­тің міндеті – көші-қон процесін басқару және халық санының өсуі жөніндегі саясатты қамтамасыз ету болып табылады» делінген. Барлық облыстарда көші-қон жөнінде басқармалар құрылды. Барлығы республикалық бюджет есебінен күні бүгін қаржыланып отыр.
Екіншіден, квота мәселесі және оралман кім, босқын кім, көшіп келуші кім, көшіп кетуші кім, ішкі көші-қон дегеніміз не, осының бәрі заң жүзінде нақтыланды. 1997 жылдары көші-қонға республика­лық бюджеттен 20-30 миллион тең­ге көлемінде қаржы бөлініп келсе, қазір 17-20 млрд теңгеге жеткен. Бүгінгі таңдағы мәліметке жүгінсек, атамекеніне миллионнан астам қазақ оралыпты.

***
Бұрынғы өткен бабаларымыз: «Жақсылық жерде қалмайды, иман отқа жанбайды» депті. Немесе «су сүзілмейді, ұрпақ үзілмейді» деп те айтқаны бар екен. Сол сияқты, «Әр қазақ менің жалғызым» деп ақын бауырымыз Сабыр Адай айтпақшы, әр оралман менің бауырым. Қазіргі таңда осы бауырла­рымның қазақ руханиятына сіңіріп жүрген еңбек­теріне қарап, әркез қуанып отырамын.
Сөзімді түйіндеп айтар болсам: еліміздің табиғи ресурстары мұ­найын, газын, жер асты түсті металдарын, жер үсті ашық кендері мен қа­зынаға толы кеніштерін игеріп, заманауи техника-технологияларды енгізу үшін дамыған мемлекеттерден инвестр тартамыз. Сол арқылы ел экономикасын көтереміз. Осы орайда айтпай кетуге болмайтын дүние – экономикамызбен қатар, Елбасы айтып жүргендей халқы­мыз­дың жоғалып кеткен ұлттық кодын түгендеп, рухын түлетіп, салт-дәстүрін, қазақы болмыс-біті­мін қалпына келтіру үшін біз дамыған мемлекеттерден ешқандай ин­вест тарта алмаймыз. Біздің ұлт­тық инвесторымыз – шетте жүрген оралмандар!

Әкім Ысқақ,
қоғам қайраткері, қазақ тілінде жазылған тұңғыш заңның авторы, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі.

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір