«Ақын болу шарт емес, Азамат болу міндетің!» дейтін…»
08.12.2017
3331
2

Қазақ әдебиетінің негізін қалаған Алаш азаматтарының көзін көрген, Мұхтар Әуезовтің шәкірті – Зейнолла Қабдоловтай аңыз адамнан дәріс тыңдау, кез келген студентке, әсіресе, әдебиетшілерге баға жетпес бақыт. Алайда ғұлама ғалымның лекциясын тыңдау бақыты бізге бір жыл ғана уақыт бұйырыпты. Өз қолынан «Менің Әуезовім» атты романын алу да еншімізге тиді…
Жаңадан жұмысқа тұрған кезім. Бір күні дәлізбен келе жатсам, кабинеттердің бірінің сыртындағы тақтайшадан: «Абай Бақытұлы Қабдолов» деген жазуды оқып қалып, кілт тоқтадым. Зейнолла ағайдың немересі екен. Бірінші көрген сәттен-ақ, Зейнолла ағайдан аумай қалған екен деген ой келді. Бет-әлпетінен бастап, жүріс-тұрысына дейін Зейнолла Қабдоловтың өзі. Тек жас кезіне ұқсайды. Кейін, сәті түскен сәттерде Абай Бақытұлынан атасы жайлы сұрайтын болдым. Біз үшін классиктің әр сөзі – өсиет, әр ісі – ұлағат қой. Ол жайлы жазылған еңбек те мақала да көп. Десек те, жазушы, әдебиет зерттеушісі, ұстаз, филология ғылымының докторы, профессор, Қазақстан Ұлттық Ғылым академиясының академигі, Қазақстанның Халық жазушысы, Қазақ және Қырғыз Республикаларының еңбек сіңірген ғылым қайраткері – Зейнолла Қабдолов жайлы немересінің аузынан есту басқа…


– Біз Зейнолла Қабдоловты М.Әуе­зов­тің шәкірті, қазақ әде­биетінің біртуар ға­лымы, жазушы, ау­дармашы тұлға ре­тін­де танимыз. Ал ол кісі отбасында қан­дай адам еді?
– Атам сабырлы, ұстамды, на­ғыз Ұс­таз болды. Араласқан адам оның сауат­ты, зиялы, көп оқыған тұлға еке­нін бірден байқайтын. Атамыздын та­ғы бір ерекшілігі – адамның тек қана жақ­сы қасиетін көретін. Осындай міне­зімен өзін қоршаған адамдарды таң­қалдыра­тын, әркім ол кісіге ұқсауға ты­рыса­тын және «Зекең айтқандай», – деп өздеріне үлгі тұтатын. Не­ме­ре­­ле­­ріне деген ықыласы ерекше еді. Ата­мыз сирек ашуланатын, бірақ бізге ашуланса, бес минуттан кейін ашуы кетіп, қайтадан келіп желкеден сүйіп: «Ко­кешка» деп айтатын, соған апамыз: «Әй, Зеке, бұның не? Бүйте берсең олар өз кінәларын кайдан білетін бо­ла­ды», – деп айтушы еді. Балалық ша­­­­ғымыз көбінесе атамыздың үлкен үйінде өтті. Есімде, атамыз жұмыстан қан­ша шаршап келсе де, біздің ба­лалықпен қойған әрбір сұрақта­ры­мыз­ды мұқият тыңдайтын. Бұған қоса, ол кісінің орынды да парасатты жауабы әр­қа­шан дайын болды. Атам бәрі­мізді ойлап жүретін, қал-жағ­дайы­мызды сұрап, қандай жағдайда болса да бізге әрқашан көмек­тесетін.
– Ол кісінің жұмыс күні қалай өтуші еді?
– Атам ең алдымен адамның бо­йын­дағы адамгершілік қасиетті баға­ла­ды деп ойлаймын. Үлкен үйде ақ дас­тархан басында отыр­ғанда апам екеуі: «Біз бұл өмірде ешкімді өкпе­лет­пе­дік, тек бәріне қол үшін беруге ты­рыс­тық, сон­дық­тан, ұрпақтарым, сен­дерден де осыны талап етеміз», – деу­ші еді. Атамыздың айтқан осы сө­зінің куәгері ретінде мен бүгін, жоғары оқу орындарында атамыздан білім алып, бүгінде, еліміздің әр өңірінде абы­ройлы қызмет атқарып жүрген шә­кірттерімен мақтана аламын.
Әрине, атамыздың нақты күн тәр­­тібі болатын. Көбінесе, түн ор­та­сында тұ­рып жұмыс істейтін. Сол үлкен үйдің ұзын дәлізінде радио қабылдағыш тұ­ратын. Содан қазақтың халық әндерін ты­ңдай­тын, белгілі қазақ ақындар­да­ры­ның өлеңдерін жатқа білетін еді.
Ал атамыздың жазуы қандай еді! Тіп­ті, әрбір әріпі моншақтай іліп тұратын. Сондықтан шығар, Сәуле апа­мыз келесі қол­жаз­басын басқаннан соң, қолжаз­баны тастауға қимай ұзақ тұ­ратын. Оның әдемі жазылған қол­жаз­балары – адамның жан-дүниесінің сұлулығын, еңбекқорлығын, бел­сен­­ді­лігін, өз жұмысына деген сүйіспенші­лі­гін көрсететін.
Кейіннен түсіндім, сондай жа­зу атам­ның ұстазы және ұлы тұл­ғалар – Мұх­тар Әуезов, Қаныш Сәт­паев, Ер­мұхан Бекмаханов жә­не тағы бас­қа­ларына тән қасиет екен.
Қазір мен атамның өмір жолы­на ойлы көзбен қарасам, атамыз, 50 жыл­дан аса күндізгі уақытын әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-де адал қызмет істей жүріп, Жазу­шы­лар Одағында, еліміздің мұғалімдер білімін жетілдіру инс­ти­туттарында дәріс оқуға арнап, түнгі са­ғат үш­тен беске дейінгі уақытын шы­ғармашылықпен айналысуға, өзі­нің құнды шығармаларымен қатар мек­тепке, жоғары оқу орындарына ар­­нал­­ған оқулықтар жазуға жібер­ген екен.
Атам туралы тоқтамай айта бе­руге болады, мысалы, «Адамда бәрі тамаша болу керек: жан-дү­ниесі және оның келбеті», – деген А.П.Чеховтың сөздері біздің ата­мызға арнап айтқандай. Өйткені атам киім-киіске де өте көп көңіл бөлетін, өзі өте таза, ұқыпты еді, тіп­ті тазалығы дәрігер сияқты бо­ла­тын. Тазалыққа деген көңілі мүм­кін оның дәрігерлермен де дос болуына әсер еткен шығар деп ойлаймын. Оның балалар дәрігері – Қамал Ормантаевтан бастап, Төрегелді Шарманов, Аман­гел­ді Ахметов, Серік Тоқпановтармен дос­тығы өзі бір бөлек әңгіме.
Атамның жан-жақты адам бо­ла­­тын, оны саясат, өндіріс, эко­но­мика және медицина да қызық­ты­ратын, сол се­бепті де достары филологтар ғана емес, басқа да маман иелері – сәулет­ші­лер, ғалымдар, оқытушылар, инже­нер­лер, ақын-жазушылар болды. Олар­дың қатарында мен білетін И.Тас­­­­­мағанбетов, Ә.Нұрпейісов,
Е. Аман­­­шаев, Х.Ерға­лиев, Ш.Айт­ма­тов, С.Сейі­тов, Ә.Сәр­сенбаев, Ф.Оң­ғар­сы­нова, С.Жүнісов, О.Сүлейменов, та­рихшы М.Бес­паев, заң­герлер: С. Зи­манов, С.Сар­таев, со­ны­мен қатар С. Елу­баев және т.б. бо­ла­тын, ал мен біл­мейтіні қанша де­сең­ші?
Достарының барлығы атамыз­бен кездесуге асығатын. Атам, әсі­ре­се, жас­тарды жақсы көретін. Еліміздің жо­ғары оқу орындарында студенттер­мен кездескеннен кей­ін, үйге жаңа ой­лармен, жаңа жоспарлармен ора­ла­тын және біз­ді баласынбай оның шет-жағасын айтып отыратын.
Атамыз өз Отанының, өз мем­ле­ке­ті­нің нағыз патриоты еді. Ол әрқашанда Ота­нының, өз елінің, өз халқының, Аста­наның, Прези­дент­тің қамын ой­лай­тын, әрқа­шанда қолдайтын. Жаңа Астана­мен мақтанатын, әрбір жаңа үй, әрбір жаңа ғимарат оның жүрегінде жарық жұлдыздай жарқырап, қуаныш сезімін ұялатты. Біз үйде дастарханда шай ішіп отырғанда апама айтатын: «Осы Абайымыз болашақта Астанада тұрады, соған Астанаға жиі барып тұра­мыз», – деп армандаған.
– Кез келген ірі тұлғаның ар­тында – дана әйел тұратыны белгілі ғой. Зей­нолла Қабдоловтай бар ғұмырын қазақ ғылымының да­муы­на, әдебиетке арнаған ғұламаның бағы мен бабын қатар кел­тірген, марқұм әжеңіз жайлы тоқта­лып өтсеңіз? Қандай адам еді?
– Сәуле Төлеуқызы Қабдолова (Мүр­сәлімова) Тайнақ ауданы, Бекше де­ген жерде дүниеге келген. 1950 жылы Ал­матыдағы Қыздар педагогикалық институтының та­рих факультетін бі­тіріп шыққаннан кейін, Мақат қазақ орта мектебінде Ленин орденді Сан­баев Хамза ағай­дың қол астында екі жыл оқы­т­ушы; одан мектептің оқу ісі­нің меңгерушісі болып жұмыс істе­ген. Ал 1952 жылы тұрмыс жағдайына байланысты Алматыға ауысып, 1954 жыл­дан 1983 жылға дейін №12 қазақ орта мектебінде 30 жыл сабақ беріп зей­неткерлікке шық­қан. Апамыз – Қа­зақ КСР Халық ағарту ісінің үздігі; Қ­азақс­танның Еңбек сіңірген қыз­мет­кері болған. Атамның сөзімен айт­қан­да, өз уақытын аямайтын, бас­қа­лар­­дың бақытын аялайтын адам еді.
Екеуі де Атыраулық. Атамыз – Дос­­сордан, ал апамыз – шалғай жатқан Қы­зылқоға ауданынан. Олар тірі бол­са, биыл атамыз 12 желтоқсанда, әже­міз 26 желтоқ­санда 90 жасқа толар еді.
Атамыз жазуға отыруға даяр­лана бас­тағанда, апамыз да қарай­лай, қи­пақтап, кейін үстелінің басында ты­ныш отырып, шабыт­тана жұмыс іс­теуіне қолайлы, бар­л­ық жағдайды жа­сауға жанын салатын.
Апамызда да өз күнтізбесі бола­тын. Таң атса болды, Динамо ста­дионына барып жүгіріп немесе бассейнге барып спортпен шұғыл­данатын. Апамыздың пісірген бауырсағының дәмі ерекше еді, әлі есімде.
– Сізді көрсек, ұстазымызды көр­ген­дей боламыз. Түр-келбетіңіз де, жү­ріс-тұрысыңыз да ұқсайды. Неге сіз әде­биет саласын таңдама­дыңыз? Ол кісі­нің басқан ізбасар­лары бар ма?
– Атамыз Некрасовша: «Ақын болу шарт емес, Азамат болу – мінде­тің!» деп жиі айтатын. Мен атам сияқты әдебиетші болмасам да, жүрегім «әде­биет», – деп соға­ды. Өйткені мен осын­дай ұлы тұлғаның ұрпағымын. Ол өз отба­сын өте жақсы көретін, бала­лары, әсіресе, немерелері үшін жанын пида етуге дайын еді. Оған көп дәлел келтіруге болады. Оны ма­ған студент кезімде жазған хаттың үзіндісінен кө­руге болады:
«Айналайын Абай!
Аманбысың. Оқуың қалай? Жұл­дыз апайыңмен кездесіп тұра­сың ба? Осы­ларды айтып, хат жаз. Мынау Ду­ди­н­ова Елена Ивановна деген қыздан сәлемдеме беріп жі­бердік. Ептеп, жұм­сай тұрарсың. Барлық Қабдо­лов­тардан са­ған дұғай-дұғай сәлем. Аман жүр. Жақ­­сы оқы. Береги себя! Сәуле – апаң, Зейнолла – атаң».
Бүгінде біз сол кісілердің «Ай­на­лайын» деген сөздерін күнде сағына­мыз. Сондықтан шығар қай немересі болмасын атасын мақ­танышпен үнемі ес­ке алып отыра­ды. Атамыз тек бала­ла­рын ғана құрметтеп қоймай, құда-жекжатқа деген көңілі ерекше болатын. Сол үшін де атамызды бүгінде құда-жек­жаттар да ерекше құрметпен еске алады. Құдайға шүкіршілік етеміз, атамыздың немерелерінің ішінде талантылары да жетерлік: менің ағам Арай Бақытұлы – талантты суретші – дизайнер, Жүргенов атындағы өнер акаде­мия­сын қызыл дипломен бітір­ген. Санжар Серікұлы Атырау қала­сын­да Зейнолла Қабдолов атын­дағы қор­дын жұмысын басқарып жүр. Ал ата­мыздың ізін жалғастыр­ған баласы – Серік аға – техника ғылымдарының док­торы, Қазақс­тан-Британия универ­ситетінің про­фессоры. Сардар Сері­кұлы эко­но­мика ғылымдарының кан­дидаты. Немересі – Бибінұр Серік­­­қызы Phd докторы болды, ініміз Абы­лай Бақытұлы – Қытай­да Бейжің қала­сында мұнай сала­сында оқып жатыр. Менің де екі балам – Рамазан мен Зере үлкен аталарына тартып, келешекте, ғы­лым саласында ма, басқа салада ма үлкен жетістіктерге жетеді деп се­немін және басқа ұрпақтары да осы жолды жалғайды деп ойлаймын.
– Атаңыздың жиі айтатын, сіздің есіңізде қалған ұлағатты сөзі?
– Бүгінгі таңда сөз қадірін, оның мә­нін түсінбеушілік, сөздің күш-қуа­тының кемуі, үлкеннің кішіге құр­ме­тінің, кішінің үлкен­нің алдындағы ізет­тілігінің төмен­деуі тұтас бір қоғамға ке­рі әсер етері анық. Сондықтан да жо­ғарыдағы атамыздың айтқан қағи­даларына жай, атүсті қарауға бол­майды. Бұл орайда елінің ертеңіне алаңдап, құл­қыны мен қара басын емес, «Қара­ша қазағым – бола­шағым», – деп қо­лына қалам алған қауымның «Әдебиет – ардың ісі» деген атамыздың ғибратты сөз­дерін үнемі еске алып отырғаны аб­зал демекпіз.
Қазіргі уақытта атам мен апам­ның қасында өткен әрбір күнімнің қандай қым­бат екенін жақсы түсінемін. Сол күн­дердін бәрін де сағынышпен еске ала­мын.
– Әңгімеңізге рахмет.

Әңгімелескен
Арайлым ҚАЙЫП.

ПІКІРЛЕР2
Аноним 03.10.2019 | 07:37

Басқа да балалары бар гой барин жазбайсынба.

Аноним 03.10.2019 | 07:39

Бақыт ағадан үш ул
Серик ағадан екi ул
(Дарын ага) 2 ұл. 1кыз
(Абзал ага) 1 ул

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір