Діннің басты мақсаты – адамның рухани жетілуі

0
52 қаралды

Қазақстан Республикасы Тәуелсіздік алғаннан кейін рухани ояну процесі басталды. Бұл – кең көлемдегі тоқтаусыз процесс. Болашаққа қол созған жарқын істеріміздің, ұдайы алға жетелейтін үмітіміздің маңызды да өзекті бөлігі – діни сауаттылық. Дін – қоғамның даму процесіндегі және адам өміріндегі позициясын әлі күнге жоғалтқан емес. Және адамзат оны дұрыс жағынан, ал кейбірі бұрыс жағынан бұрмалау үстінде.
Біздің бүгінгі кейіпкеріміз радикалды діни ағымдардан сақтанудың жолы мен жөні жайлы айтып береді.


Асылтай ТАСБОЛАТ,
Л.Гумилев атындағы Еуразия Ұлттық университеті, әлеуметтік және азаматтық даму департаментінің бас маманы, дінтанушы


– Қазіргі жастар дін – адамның ұятында, арында деп түсінеді. Олар киген киімі арқылы денесін ғана емес, бет-әлпетін де қымтайды. Яғни «мұсылман болу – араб болу» деген түсінік кең тараған. Осы көзқарас туралы не айтар едіңіз?
– Орамал тағу мәселесі – ХХ ғасырдан бастап қызу талқыланып келе жатқан, дін айналасындағы даудың бірі. Діни үкімді әртүрлі түсінетін адамдар бар. Дегенмен, орамал тағу, оның формасына қатысты көзқарас әркімнің жеке таңдауы. Иә, мектепке орамал тағып келетін оқушылар жайына арнайы тоқталсақ, әрине олар Білім және ғылым министрі енгізген ереже не болмаса талап бойынша, мектеп формасы талаптарын бұзбау керек. Яғни зайырлы мемлекет ретінде мектеп сияқты қоғамдық торындарда ортақ ереже-талапқа әрбір азамат бағынуы тиіс.
Дауды осы тақырып айналасында өршіту – балаң қоғамға тән құбылыс ретінде көрінеді жеке өзіме. Мультикультрализмге аяқ басқан қазіргі кезеңде біреудің діни көзқарасы мен діни атрибутикаларды қолдануына байланысты кемсітуге жол берілмегені дұрыс.
«Ар-ұят – адамның ішкі жан дүниесінде», – дейді ғой. Яғни орамал таққан адам сол орамалға лайық болуы тиіс. Қоғам осы тұрғысынан орамал таққан немесе сақал қойған дін ұстанушы жұртты сынап жатыр деп ойлаймын.
Жалпы, демократиялық құндылықтарды ту еткен ел ретінде адамның қалай киінуі өз еркіндегі дүние десек, орамал тағу да – әр адамның жеке мәселесі болып шығады.
– Елбасымыз Н.Ә.Назарбаев қоғамда, әсіресе жастар арасында діни эсктремизм профилактикасын күшейтуіміз керек деп атап өткен. Алайда діни экстремизмге қарсы шығамыз деп өзіміздің дәстүрлі дінімізді жоғалтып алмаймыз ба, бұған көзқарасыңыз қандай?
– Осы профилактикалық жұмыстардың бел ортасында жүрген адам ретінде айтайын. Мұнда ең әуелі діни экстремизмді туындайтын факторларды анықтау керек. Яғни экономикалық және әлеуметтік жағдайдың төмендігі негізгі факторлардың бірі ретінде қабылданатын. Қазір ақпараттың дәуірде радикалды идеялар шекара танымайтын сипат тапты. Мұның алдын алудың ең оңтайлы жолы — дұрыс ақпараттану дер едім.
Бұл мәселенің шешімі – мың жылдық тарихы бар дәстүрлі діни мектеп құндылықтарын насихаттауда жатса керек. Соңғы екі-үш жылда ҚМДБ-ның осы бағыттағы жұмыстары көңіл толарлықтай болып келеді. Атап айтар болсақ, «Дін мен дәстүр» және «Дін мен Дәстүр2» және Дәстүрлі Ислам жауһарлары еңбектер шығарды. Соның ішінде қазақтың дәстүрі мен түсініктерін, тұрмыс қағидаларын діни көзқарас тұрғысынан түсіндіруге тырысқан. Бұл теолог мамандардың мойнындағы жүк болатын. Кеш болса да осы келелі іс қолға алынды. Альтернативті жол ұсынбай, діни радикализмнің алдын алу мүмкін емес. Бос кеңістікті жаулап алған деструктивті ағымдардың алдын алудың бірден бірі жолы діни сауатсыздықпен күресу болмақ.
– Радикалды діни ағымдар идеологиясына төтеп беру үшін, сіздің ойыңызша, қандай іс-шаралар қажет деп ойлайсыз?
– Діни экстремизм мен терроризмге қарсы шығу үшін бір ғана әдіс-тәсіл қолдануға болмайды. Оған кең көлемде шаралар қолдану қажет. Бұл мәселеде сергек болу керек. Радикалды дінге қарсы кешенді түрде шаралар жасалуы тиіс қой. Экстремизм мен терроризм надандықтан туады. Қазақ: «Білмеген у ішеді», – демей ме?
Ал, экстремизм мен терроризмге қарсы заң және құқықтық тұрғыдан қатаң шаралар қолдану – өзекті. Сонымен бірге, халық арасында үгіт-насихат жұмыстардың да көптеп жүргізілуі діни сауаттылыққа жол ашпақ.
– Еліміздегі көптеген жас діни сауаттылықтың аздығынан ба, әлде төмендігінен бе – радикалды діни ағымдардың айтқанына тез елтиді. Мұндай жағдайлардың алдын алу үшін дәстүрлі діни ұстанымдарды қалай насихаттау қажет деп ойлайсыз?
– Жоғарыда атап өткендей, дін – адамзат қоғамындағы аса күрделі де маңызды әлеуметтік-мәдени сала. Діни таным тарихына терең үңіле отырып, ондағы ғибратты тұстарды кеңірек насихаттай алсақ, көп дүниенің алдын алған болар едік. Қазақ мұсылмандық түсінігінің өткенін, кеңістігін, дала өркениетіндегі діннің орнын, құндылығын және міндетін терең ұғындыру арқылы талай жасты радикалды ағымның азуынан алып қаламыз. Діннің бірлікке, ынтымақтастыққа, тұтастыққа жетелейтінін ұғынған әрбір жас радикалды діннің айтқанына ешуақытта елти алмас еді.
– Әңгімеңізге рахмет.

Әзірлеген Назгүл ӘМІРБЕК.

Пікір қосу