МЕНІҢ БӘЙТЕРЕГІМ…

0
117 қаралды

Сұлтан ОРАЗАЛЫ,
жазушы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, ҚР Президенті сыйлығының, Халықаралық «Алаш» және Абай атындағы әдеби сыйлықтардың иегері


Елуінші жылдары Қарауыл шағын ғана кент болатын. Алып Кеңес Одағының бір қиы­рындағы Шыңғыстаудың бауырында көктемгі қар суымен асып-тасығанымен, жаз ор­тасына жетпей құрғап қалатын Қарауыл өзе­нінің сағасындағы кең жазықта шикі кір­піштен қаланған, тоқал­тамдары шашырай ор­наласқан алты-жеті көшенің төрт құбы­ла­сынан ышқына соққан дала желі шаңын бұр­қыратып жататын. Кенттің орталық алаңында «Кеңес үкіметі орнаған жылдары са­лынды» дейтін екі қабатты екі қызыл үй бір отар қойдың арасында жайылған түйеге ұқ­сап алыс­тан сорайып көрінеді, кейде сағымға бө­леніп, Кеңес заманының ертегісіндей түр­лі-түрлі кейіпке енеді.

Бір қарағанда, көз тоқтатар көркі, адам сая­лайтын панасы жоқ Қарауылдың қасиеті мен киесі неде дерсіз? Ол – Абай! Оның ел бо­­лып бірігіп, аудан болып есепте жүргені де Абай әруағының қолдауы. Кезінде, то­бық­­тының басын құрап ел қылған әкесі Құ­нан­бай болса енді оның іргесін сақтап, шілдей то­зып кетпеуіне сеп болып тұрған Абай ру­хы. Иә, ол жазған жырлардың, ол шығарған ән­дердің құдіреті, халқының санасына сепкен ізгілік нұрының жемісі. Әйтпесе, жат көз­ге тұлдыр жатқан бұл ауданды да жазығы жоқ Абыралымен қоса атомның құрбаны етіп жойып жіберу жоспары сол жылдары ту­ғаны анық. Бомбаны жаратын жер іздеген Бе­рия мен Курчатовтар Абыралыны шар­лағандай Шыңғыстауға да жасырын келіп, елі мен жерін зерттеген. Қызыққан. «Ар­дақ­тыларың Абай болса, оның да жарасы жеңіл. Мүр­десін қазып, сүйегін Семейге жерлеу ке­рек» деген болжамдар айтылған. Ел басына төнген небір зұлматтардан селдіреп қал­ған аз ғана ағайындарына қамқорымсып, қауіп­сіз аймақтарға көшіру жоспарын ұсын­ған. Бірақ қанша қорласа да рухы жасымаған тобық­тының ақсақал-қарасақалдары әруақ күңіренгенде, өре түрегелген ғой. Оларды илан­дыра алмапты. Оған Семейлік зиялы қауым, биліктің қасында жүрген бірен-саран са­налы азаматтар қосылған. Болашақ ұр­пағына «Сен есірке, тыныш ұйықтат, бақ сө­зіме!» деген ақын аманаты жетесіне жетті ме, әлде халықтың ызғарынан сескенді ме, Мәс­кеу ұзақ ойланып барып, «көшпейміз» деп қасарысқан елді жәйіне қалдырды. «Мей­лің, қырылып қалсаң да еркің. Біз арыл­­дық» десе керек. «Жаны ашымастың қа­сын­да басың ауырмасын» деген – осы.
Сталин өлді. Жер төңкеріліп түскен жоқ. Атом бомбасы сыналды. Оның кесірі әлі бей­мәлім. Болашақта не боларын кім білсін, әзірге тәубесін айтып ел аман отыр. Күйбің тір­шілік, мыймырт уақыт баяғысынша жылжып, ағып жатыр.
Күзге қарай Кенже ағам (Кәмен Оразалин) бір үлкен іске кірісіп кетті. Үйдің сырт жа­­ғын кеңейтіп қоршап, бала-шағаны, бәрі­міз­ді жұмылдырып, жерді тастан арылта бас­тады. Қазылған, қопсыған топыраққа көң әкеп төктік. Шыңғыстың қойнауынан, тас­тақ жерге шыққан қайың мен теректің, қара ағаш пен боз талдың жас өскіндерін әкеліп, қаз-қатар тізіп, ектік. Жаңа егілген жіп-жіңіш­ке, әлжуаз талдар беймәлім ортаны жат­сынғандай Қарауылдың өкпек желінен қал­тырап, бүгіліп, майысады.
– Мұның бос әуре, – деді көлденең өтіп ба­ра жатқан ауылдастың бірі Кенже ағама. – Өзің қарашы, бүкіл Қарауылда жалғыз түп ағаш бар ма? Жоқ. Бұрын да талай әрекет ет­кенбіз, тастақ жерге ағаш түгіл, бұта да көк­темейтін көрінеді.
– Әй, ағайын! – деді ағам оның сөзін жа­рат­­пай. – Аудан орнағанға дейін осы өзеннің екі жағалауын түгел көмкерген қалың ағаш өскен еді, – дейді білетіндер. Тұрғындар отап, қыс­та отынға жақса керек. Түбінде қалған то­марды қазып алып, тамыздық етіп жүр­ген­­дер әлі бар. Ағаш өспейді деген жал­қау­лардың сөзі. Күтімін тапқандар тасқа да тары шығарады.
– Е, тірі болсаң көрерміз, – деп әлгі адам жө­­ніне кетті.
Біз улап, шулап, жаңа еккен талдарымызға құ­дықтан тасып су құя бастадық. Абыр-са­быр болып жатқанда Айранкөздің қасымызға қа­шан келгенін де аңғармаппыз. «Айранкөз» деп жұрт қойған ат, ал нағыз есімі есімде жоқ. Жасы алпыстар шамасындағы, отыз жетінің зо­балаңынан бері елдің көзіне күйік, түсіне кі­ретін сұрқылтай, осы өңірдің атақты арыз­қойы. Талай адамды зар қақсатты. Түймедейді түйе­дей етіп, болымсызды боталы інгендей зорай­тып, социализмнің «жауларымен» үздік­сіз күресіп жүрген, Мәскеуден бастап, Ал­маты мен Семейдің арасында сөзі өтімді, осы аудандағы үндеместер тобының қырағы жауынгері. Соғыстан соңғы «Халық жаулары» шыққанда айы оңынан туып, бір жырғап қалды. Шәкір Әбеновтың ұсталуына өз үле­сін қосқан. Оған жас жазушы Кәмен Ора­за­лин­ді де тіркеп, «жаудың шәкірті, аталас туы­сы, ниеті бұзық, екеуінің ым-жымы бір» деп қосақтап, шатастырып көрген еді, қан май­даннан жаралы келген жауынгерге күйе­сі жұқпады, бірақ шырғалаңы тегін кетпеді. Кү­ні кеше Абай ауданын жойып, сынақ алаңына қосу туралы сөз шыққанда «Елді дүр­ліктіріп, іріткі салып, көшпейік деп үгіт­теп, Абай ұрпақтарын, аудан ақсақалдарын қоздырып жүрген осы, Абайдың атын жамылып, Сталин жолдастың атом бомбасын жа­сау туралы ұлы саясатына қарсы адам» деп ауданның үндеместер тобына жеткізген. Олар қарап қалсын ба, коммунист болса да ағамды шақыртып, ұзақ-ұзақ «әңгімелер» өт­кізіпті. Үстіндегі сұрғылт көнетоз кителін мұ­қият түймелеген, өкшесі бір жағына қи­сайып, жұлығы ақжем болса да Айранкөздің етегі баз күйінде, жүрген сайын табаны сы­қыр-сықыр етеді. Оның дыбысын шығармай жанымызға қалай келгеніне таңырқамай көр.
– Паһ, паһ! Ел аман, жұрт тынышта, жер қа­зып жамандық шақырып не көрінді? «Ағаш егемін деп» сылтауратасың, ә?! Көсем қа­засының жарасы әлі жазылған жоқ. Сен оның бет топырағы жасырынбай жатып-ақ көр қазғандай, жаман ырым бастапсың! Бұл не?!
Айранкөздің атына заты сай екен, екі қа­рашығы ноқаттай боп кішірейіп, шапы­раш­танған ақшулан көзін Кенже ағама қа­дады. «Бәлем, жанды жеріңнен іліктің бе» де­­гендей талтайып тұр. Кенже ағам одан кә­дім­гідей ығысып жүретін. Ретін тапса бетпе-бет жолықпауға тырысады. «Бәлелі жерге бар­мағыңды сұқпа, тырнағың қалар ішінде» дей ме? Ағамның өңі қуқыл тартып, сұрланып кет­ті. Жедел бойын жиып, күлген болып:
– Ей, ақсақал, не айтып тұрсыз? Сіз өзі­ңіз ұлы көсемнің өсиетін әдейі, қысастықпен бұр­малап тұрған адамсыз ғой, – деді. Енді Ай­­ранкөздің ақшулан көзі күзгі даладай бо­зарып, сілейіп тұрып қалды.
– Сталин жолдас коммунизмге жету үшін еліңді, жеріңді көгерт, – деді емес пе? – Жас ұрпақ, тастақ жерді гүлдендір, құмды-шө­лейт өңірге орман өсір! – деп талай жазды. Біз сол асыл сөзді орындап жатырмыз. Ал сіз ұлы көсемнің өсиетін көрге теңейсіз. Бұл сөзіңізді мен ғана білейін, басқалар естісе…
Басына сойыл тигендей мәңгіп қалған Ай­ранкөз жағы қарысқан күйде кілт бұры­лып, етігі «көрерміз әлі, көрерміз» дегендей сы­қырлап кете барды…
– Апырай, өз шоқпарымен өзін дәлдеп соқ­тыңыз, аға! Қақ бастан тиді, – деді таяуда мек­теп бітірген немере ағам Ырысхан.
– Талайға дейін бұл маңайға келе қоймас. Кен­же ағам күйініп, арлы-берлі жүрді де, қо­­­­лын бір сермеп, қайта жадырады.
– Ал енді, балақайлар, егілген әр ағаштың ие­сі болады. Ол сендерсіңдер. Өз ағаштарыңа өздерің су құйып, көң төгіп, баптап өсіріңдер. Әлі-ақ бұл жер Қарауылға көрік беретін кө­­­гілдір тоғайға айналады. Анау, түкпірдегі ағаш, Бекен, сенікі, одан соңғы Самардікі, Әділ­жандікі, Сапардікі, Уәшкендікі. Мынау – сенің ағашың, Сұлтан, – деді ағам құдыққа таяу егіл­­ген талды көрсетіп. – Күніне екі уақыт үш шелектеп су құйсаң зәулім бәйтерек өсе­ді. Ол сенің бәйтерегің, саясында талай адам дем алады.
Ағамның айтқаны келді. Айналасы үш-төрт жылда өрім талдар тамырын тереңге бой­­­латып, Шыңғыстың қатал табиғатынан қай­мықпай, атом аждаһасының қапа дауы­лы­на да төтеп берді. Бұны көрген Қарауыл жұр­ты жаппай ағаш еге бастады. Көні кепкен тас­тақ жердің иіні жібіп, бусанып, шоғыр-шо­ғыр тоғайлар бой түзеді. Менің әлжуаз та­лым жарты ғасырдың ішінде бұтағын кең­ге жайған алып бәйтерекке айналды…
Оның саясында кімдер отырмады дейсіз?! Осы өлкенің ұлы жырауы Мұхтар Әуезовтан бастап, Абайға мінажат еткен талай марқас­қа­лар дамылдаған. Ал оның іргесіндегі қара­пайым үйде жүздеген ақын-жазушы, өнер қайраткері, ойшыл ғұламалар арнайы келіп, дастарқанынан дәм татқан, қона жатқан, жыр оқыған, ой толғаған бүкіл қазақ даласында некен-саяқ кездесетін қасиетті орда, та­рихи жәдігер. Қасірет пен жоқшылықтың та­лайын көрген, не өндірісі, не асқақ ғима­ра­ты жоқ бұл елдің басты байлығы мен мақ­та­нышы – Абай, Шәкәрім, Мұхтардан қал­ған сөз сарайы, көркем жыр мен ойлы сөздер жә­не олардың рухына табынып әлемнің түк­пір-түкпірінен келетін саналы қонақтары. Олар­ды қарсы алу, жарты дәнін бөліп беру, із­гілік қасиеттерін жастарының бойына сіңі­ріп, рухани баю дәстүрге айналған. Сон­дықтан бұл елге қонақ – құт, ырыс. Ал ру­ха­ни байлықтан асқан не бар?!
Мен Шыңғыстауға барған сайын осы қа­рапайым үйге аунап-қунап, өзім су құйып мә­пелеген зәулім қарағаштың түбінде жиі отырам. Көз көрген көп оқиғалар ойға оралады.

1. ҚАСЫМНЫҢ КӨЗ ЖАСЫ…

…Сталин өлерден екі жыл бұрын, осы үй­дің теріскей жағындағы көктемгі су жырып кеткен жарқабақтың табанындағы та­қыр жерде асық ойнап жүр едік. Менің қо­лым шығып, сақам көмбенің дәл түбіне тү­сіп, тізілген асықтарды шекіп, шеңберден бі­рінен кейін бірін ытқытып жатқанымда мұр­нының сорасы әлі кетпеген көрші үйдің ба­ласы жүгіріп жетті.
– Қонақтар келді, – деді ол аптығып, сүйін­ші сұрағандай. – Алматыдан. Ақындар дей­ді.
Бәріміз елең ете қалдық. «Ақын» деген сөз құлағымызға әбден сіңген ауылдың бала­сы болсақ та тірі ақынның өзін көрмеппіз. Бә­ріміз жапырлап олардың қайда түскенін сұрай бастадық.
– Кәмен мұғалімнің үйінде. Қазір шәй ішіп отыр, – деді әлгі бала мұрнын қолының сыртымен бір сүйкеп.
Әлденеден құр қалғандай, ойнымызды тас­тай салып біздің үйге тарттық. Басқа ба­лалар аулада іркіліп қалды да мен ішке кір­дім. Төрдегі дөңгелек жер столды айнала бір топ адам отыр екен, қайсысы ақын, қайсысы жәй адам екенін айыра алмай, сыртқа қайта шықтым. Балалар анталап, мені қоршай қалды.
– Қандай екен?
– Ей… жәй біреулер ғой деймін. Түрлері бір­дей…
Жаңа ғана өрекпіп тұрған көңілдері тез басылған достарым біртіндеп үйлеріне тарап кетті. Біздің қиялда ақын деген ешкімге ұқса­майтын, ерекше жаратылған адам болса ке­рек еді. Мыналар…
Көп ұзамай үйдегі жұрт сыртқа шығып, өз­деріне арналған үй тігіліп біткенше, аула­да­ғы көгалға жайылған текемет-сырмаққа жай­ғасты. Әзіл-қалжың айтысып, ду-ду кү­ліседі. Іштеріндегі аласа бойлы, толық кел­ген, көзінде қалың көзілдірігі бар, ширақ адам қонақтарды шырқ үйіріп, өзі басқарып жүр. Бұл адамды танимын. Бұрын да келген – Қайнекей Жармағанбетов. Ол Кенже ағамды – үлкен Сопақ, Лиза жеңгемді – кіші Сопақ дейді. Атам мен апамның бауырын­дағы Кенже ағаның тұңғышы Қуандық әке-ше­шесін осылай атайтын. Қайнекей аға қар­ша­дай қыздың тілін қызықтап, ақыры өле-өл­ген­ше достарының атын атамай екі Сопақ деп өтті. Жұрт жапырлай жүріп әп-сәтте атам­­ның алты қанат ақ үйін тігіп тастады. Ен­­дігі қызу әңгіме осы үйдің ішінде өтіп жат­­ты.
Төрде ақсұр өңді, қаршығаның жанарындай тік, өткір көзді, қағілез келген жігіт аға­сы отыр еді. Маңайындағылардың көбі со­ның қас-қабағына қарайтын сияқты. Атын атамай «Қасеке! Қасеке!» деседі. Өзін еркін ұстайтын Қайнекей аға үйден домбыра алып кел­ді де, оның ішегін қағып-қағып жіберіп:
– Үлкен Сопақтың домбырасы бабында екен, сайрап тұр. Қасеке, «әу» деп жіберсең қай­теді, – деді.
– Қасекең домбыраны қолына алып, ау­дарып-төңкеріп қарап шықты. Ақырын шер­тіп көріп, тиегін түзеді, өз ыңғайына қа­рай күйлей бастады. Бұл осы елде көп тар­а­ған Абай үлгісіндегі шанағы жалпақ ағаштан ойып жасаған, әнге арналған домбыра болатын. Үні сазды, шерткен сайын дыбысы ай­қындалып, сөйлеп тұр.
Бір күй бар домбырамда тартылмаған,
Бір сыр бар көңілімде айтылмаған.
Сен үшін келдім сақтап, сүйген сәуле!
Көзіңнен айналайын жалтылдаған.
Қасекең бұл сөздерді әлдебір халық әуе­ні­не салып баппен, жүрегі елжірей отырып, үлкен сезіммен айтты. Өлеңнің арнайы әні жоқ екен. Тек дауысын көтеретін кезде өзін-өзі тежеп, бір шумақтан соң, ептеп жөтеліп алды. Бұл кезде үйдің іші адамдарға лық тол­ған. Менің достарым да қайта оралып, үл­кендердің ара-арасына сыналап кіріп алып­ты. Құлақтары қалқайып тыңдап отыр. Қа­секең домбыраны шебер тартты. Өзінің қоңыр даусына домбыраның үні үйлесіп, әде­мі нәзік сыр шертеді.
Ақсәуле, аспанда аймен таласасың,
Төгіліп иығыңа қара шәшің.
Жалт беріп құралай көз қарағанда,
Жанымның жайлауындай жарасасың.
Жұрт дуылдап, ақынды қолпаштап жатыр. «Сөзі жақсы екен» десті бірі, «Өзіне лайық әні болса ғой» деп қосты екіншісі. «Мы­нау нағыз ақын екен. Көзі от болып жа­нып тұр» деді соғыстан жаралы болып, бір ая­ғын беріп қайтқан Ахметқали мұғалім. Біз, балалар, елең ете түстік. «Мұғалім біледі, ақын деген осындай болатын шығар».
Бұл – Қасым Аманжолов екен. Абай ауы­лын­да бұрын болмаған. Бірақ іргедегі Қар­қаралы ауданында туып, Семейдегі жетім ба­лалар үйінде өскен. Өзін Абай шәкірті са­най­ды. Келгеннен бері көп сөйлемей үнсіз, әл­денеге шиыршық атып, толғанып жүрген тә­різді.
– Қасеке, «Дәриға, сол қызды» айтып бер­сеңіз қайтеді? – деді Қайнекей аға.
– Көңілімнің хошы болмай тұр. Жолдан шар­шадық қой… Кейін көреміз.
Көп ұзамай, қонақасы желініп, жұрт тар­қап кетті. Қасым бастаған ақындар тобы біз­дің үйде бір аптадай болды. Бірер күн Құн­дызды өлкесін аралап, Жидебайға барып қайт­ты. Керегедей көсіліп жатқан Шың­ғыс­тың Түйеөркеш, Қарашоқы деген жерлерін көр­ді. Талай рет Қарауыл төбеге шығып ұшы-қиырсыз кең өлкеге көз тікті. Осы жер­лердің бәрінде Абай ізі бар, оның демі, ар­ман-аңсары қалған. Кенже аға қонақтарын жа­нын сала күтті. Елдегі бетке шығар әнші-күй­шілерді, Әрхам, Исраил, Балтақай сияқ­ты Абай ұрпақтарын жинап үйді думанға ай­налдырды. Қонақтар, әсіресе, Әрхам, Ис­раил мен Оразалы атамның әңгімесін ұйып тың­дайтын. Исраил ата қолына домбыра алып, ән де шырқады. Сондай бір сәтте Қа­сым еңкейіп қолындағы қағазға әлденені жа­зып жатқан. Исраил әнін аяқтағанда ол ба­сын көтеріп:
«Қария жас көңілді, жүзі бір нарт,
Әрі әнші, әрі күйші, өзі жомарт
Көп сырды көңілдегі берді шешіп,
Абайдың немересі Исраил қарт», –
деді жайдары күліп. Жөпшенгі сөзге селт ете қоймай­тын абайлық қарттар «Уа, бәрекелді!» деді бас изеп. «Енді бұның жалғасы да болатын шы­ғар…».
Атақты ақын, әнші, сері мінезді Қа­сым­мен бірге дәмдес болу аудан жастарын да қа­наттандырған еді. Абай әндері көп шыр­қал­ды. Бұл елдің кәрі-жасының кез келгені ұлы бабалары туралы сөйлегенде, не оның әнін айтқанда көздері жанып, көңілдері жа­ды­рап, ерекше шабыттанатынын Қасым да бай­қап қалса керек. Жастары жақсыны жа­тыр­қамайды екен. Ақсары өңді, қасы-көзі қиыл­ған, талдырмаш денелі Алданыш деген боз­бала соңғы күндері ерекше көзіне түсті. Кә­мен Құндыздыдан шақыртыпты. Жас­ты­ғына қарамай әннің сырын терең түсініп ай­тады. Ол даусын шырқау биікке көтеріп ал­ды да қайта баяулап, мұңды, сазды Абай әніне көшті.
– Өлсем орным – қара жер сыз болмай ма?
Өткір тіл бір ұялшақ қыз болмай ма?
Махаббат, ғадауатпен майдандасқан,
Қайран менің жүрегім, мұз болмай ма?
Қасымның бойы мұздап, денесі тітірке­ніп кет­ті. Абайдың бұл әнін сан мәрте тың­дап жүр­се де, мына Шыңғыстаудың бауырында, ол жұтқан ауаны жұтып, ол жерден жерлерді көріп отырып ұлы жүректен шық­қан шерді тыңдаудың жөні бөлек екен.
Ақынның жабырқаған жүзі көз алдына келді.
… Жүрегімнің түбіне терең бойла,
Мен бір жұмбақ адаммын, оны да ойла.
Соқтықпалы соқпақсыз жерде өстім,
Мыңмен жалғыз алыстым, кінә қойма!
Ақсұр өңі қызғылт тартқан Алданыш екі көзін жұмып алып, шырқап отыр. Басқа бір әлемге еніп кеткен тәрізді. Мың дұшпанмен жалғыз алысқан, батыр бабасы көз алдына елестей ме? Кім білсін?! Қасым күні кеше ғана талқыға түскен өз тағдырын ойлап кетті. «Абай аға, соқтықпалы, соқпақсыз жер әлі тау­сылған жоқ. Біз де жала мен наланың бат­пағын кешіп келеміз! – дегісі келді. Жүре­гі шымырлап, толқып отыр.
…Ішім толған у мен өрт, сыртым дүрдей,
Мен келмеске кетермін түк өндірмей…
Ол әннің қалай аяқталғанын тосқан жоқ. Өз ойымен өзі алысып, там үйге бет алды. Басқа әнші-күйшілердің өнерін қызықтаған жұрт ақынның шығып кеткеніне мән бер­ме­ді. Біраз уақыт өткен соң әлдене шаруамен ағам­ның жұмыс бөлмесіне кірдім. Қасым аға ақ қағазды алдына жайып қойып, қарсы ал­дындағы терезеден Шыңғыс жоталарына қа­рап, күбір-күбір сөйлейді. Менің кірге­нім­ді байқаған жоқ. Бір кезде даусы, тіпті, қатты шық­ты. Маған бірдеңе айтқысы келді ме деп, жа­нына тақап барып едім, екі көзінен жас ыр­шып-ыршып шығып, қағазына тамшылады. Шошып кеттім. Бұрыла салып, жүгіріп далада отырған ағама келдім. Менің әлем-тапырық болған түрімді көріп:
– Не болды? Бірдеңеден қорықтың ба? – деді Кенже ағам алаңдап.
– Иә. Үйде сіздің столыңыздың қасында Қасым деген кісі айқайлап жылап отыр.
– Т-сс… үндеме! Ешкімге айтпа! – деді ағам. – Ақын адам ғой, өлең жазып отырған шы­ғар.
– Өстіп те өлең жаза ма? – дедім міңгірлеп. – Біреу тиіскен шығар…
Көп жылдар өтсе де осы оқиға ұмы­ты­л­май, көз алдымда қалып қойды. Бірде Қасым ағаның жыр жинағын ақтарып отырып «Шың­ғыстауда» деген өлеңіне көзім түсті. Жа­зылған уақыты мен көрген кезге сай ке­леді.
«Арқаның арланындай алып Шыңғыс,
Көргелі келдім аңсап сені тұңғыш.
Көтеріп әкетесің көңіл күйін
Мүлгіген ойға шомып бұйра шың-құз.
Қараймын Қарауылдан аймағыңа,
Ұшырып қиял құсын қайдағыға,
Мекені ақындар мен батырлардың
Сүйсінем, Шыңғыс, сенің айбарыңа…»
Бұл жырдың дәл сол күні туғанына ешбір шү­бәм жоқ. Кейін, ес жиып, оң мен солды та­ныған кезде өзімнің ұлы ақынның толға­ныс­ты сәтіне тап болғанымды түсіндім. Бұл әркім­нің пешенесіне жазыла бермейтін ба­қыт еді.
Қасымдар Алматыға қайтатын күні жұрт көп жиналды. Ақын алғашқыдай емес, көңі­лі жадырап, екі көзі жайнап, сергіп кетті. Жө­телі азайып, даусы да саңқылдап естіледі. Сол сәтті аңғарды ма Қайнекей мен Кәмен екеуі тағы да өтініш айтып:
– «Дәриға, сол қызды» мына жұрт өз ау­зыңыз­дан естісін, Қасеке! – десті.
Қасым көп күттірген жоқ, онсыз да күйі келіп, сайрап тұрған домбыраның ішегін құ­шырлана қағып-қағып жіберіп, шырқай жө­нелді.
Өңімде ме еді,
түсімде ме еді.
Көріп ем ғой бір
армандай қызды…
Бір нәзік сәуле
күлімдеп еді,
Сұрапыл соғыс
соқты да бұзды.
Сапырды дауыл,
Тебіренді теңіз,
Тулады толқын,
шайқалды шың-құз…
Қып-қызыл өрттің
ішінде жүрміз,
Қайда екен, қайда,
дәриға, сол қыз?!
Ақынның даусынан өксік білінді. Қара­пайым, ашық, қоңыр үні отырғандардың сай-сүйегін сырқыратты. Соғыстың біткені де күні кеше ғана емес пе?! Тіпті, уыздай жас ке­зінде, қыздың ернінен сүйіп те көрмеген ша­ғында қан майданға аттанып, бір аяғын не­міс жерінде қалдырған Ахметқали мұға­лім­ге қараңыз. Мына ән соның жан сыры емес деп кім айтады?!
Оқ тиді келіп
қайратым кеміп,
Барамын сөніп,
Келмейді өлгім!
Кәмен ағамның да көз шарасы жасқа то­лып­ты. Өзінің соғыстың алғашқы күндері май­данның алғы шебінде қанға боялып жат­қаны есіне түскен шығар. Жиырма бір-ақ жа­­сында, бар денесін оқ тесіп, өмір мен өлім ор­тасында жатқан жас жігіттің көз алдына сонда туған жері мен әке-шешесі, мектепте бірге оқыған сұлу бойжеткеннің бейнесі кел­гені рас қой. Өзінің тырнақалды шығармасы «Жек­сенде» осындай сәтті Кәмен де суреттеген. Ал Қасым әні, майдангер ақын аға­сы­ның жан сыры көңілін тағы тербеді.
Тұрғандай сол қыз
жаныма келіп,
Талпына берді
қайран жас көңілім!
Барамын сөніп,
барамын сөніп,
Жұтар ма мені
мына сұм соғыс?
Арманым бар ма,
өлсем бір көріп,
Қайда екен, қайда,
дәриға, сол қыз?!
Көпшіліктің арасынан «аһ» деп көкіректі қарс айырған үн естілді. Кімнен шыққанын аң­дау қиын еді. Бұл ортада жалғызынан ай­рылған кейуана да, сүйікті жарын соғыс жал­маған жас жесір де, мүгедек болып елге кеу­десін сүйреп әрең жеткен солдат та отыр еді. Бәрі де тұнжырап қалыпты.
Қасымның жүзі қуқыл тартып, көзі от ша­шады. Бұрын кеудесін әлде не құрсау­ла­ған­дай, еңсесін басып, жөтел қыса беруші еді, қазір Шыңғыстың саф ауасы сарайын ашып жібергендей, көкірегі көтеріліп, даусы ай­қын, сөзі маржандай төгіледі.
Жеңдік қой жауды
арман не, құрбым,
Күркіреп күндей,
өтті ғой соғыс.
Таба алмай жүрмін,
Айқайлап ән сап,
Қайда екен, қайда,
Дәриға, сол қыз?!
Үнсіз қалған жұрт біраздан соң барып есін жаңа жиғандай, шуылдап кетті. «Паһ-паһ», «Пай-пай» – деген үндер шықты. Бұл ел Алматыдағыдай қол шапалақтау дегенді біл­мейді екен. Сүйініш-күйініштерін айқай­лап, ашық білдіреді. Қасым жуыла-жуыла ақжем болған гимнастеркасының алқымын ағытты. Жүзі жадырап, бойы таралып, тұл­ғасы сымбаттана түскен. Халықтың өзіне көр­сеткен қошеметін жүрегімен қабылдап, те­бірене сөйледі.
– Шіркін, тыңдаушылары сіздердей сер­гек, сезімтал, Абай ағамның үлгісі бойына те­рең сіңген, талғампаз елдің құрметін көру нет­кен бақыт еді! Бір аптадай ұлы ақынның зи­ра­тына мінәжат етіп, ол жұтқан ауаны жұ­тып, табаны тиген топырақты басып, ата­мыздың ұрпақ­тарымен тілдесу – бойыма күш-қуат берді. Осы аз күнде бауыр басып, туы­сып кеткен ағайын, сіздердің үміттеріңізді ақ­тармын, – деді.
Сол күні ел-жұрт Қасым бастаған ақын-дар тобын Семейге шығарып салды. Ел ара­лап асықпай жүру үшін ат-арбамен жолға шық­қан қонақтардың қарасы ұзап кеткенше Абай мен Қасым әндері шырқалып, ду-думан тарқаған жоқ… Менің балалық шағымның ес­тен кетпес бір ғажайып күні еді ол…
Қасымды көзі тірісінде қайта көргенім жоқ. Бірақ ол кісінің сүйікті жары Сәпен апай­мен біраз жыл араласқан едік. 1964 жы­лы мен үйленген едім, жұбайым Зәурештің анасы Бөпежан апа Қасымның немере қа­рындасы болып шықты. Біздің пәтерімізге ақын­ның жақын туысы, Қарқаралыға аты мә­лім ұстаз, ауыз әдебиетінің білгірі әрі жи­наушысы Мекебай Жазыбаев деген мұғалім жиі келетін. Сәпен апай бізбен туыстығын сол кісіден естісе керек, арнайы келіп, жас отбасына жақсы тілектерін білдірді. Аққұба өңді, талдырмаш денелі, бойы тіп-тік, сымбатын жоғалта қоймаған елулер шамасындағы әйел екен, бізге мейірі түсіп, ақын туралы, екеуінің ара қатынасы жөнінде соншалықты сағынышпен бүкпесіз әңгімеледі. Кейіннен Бөпежан апамен біздің үйде жолығып, екеуі таң атқанша көз ілмей әңгімелескендері есімде қалыпты…

Пікір қосу