АБАЙ ІЛІМІ – КҮРДЕЛІ ІЛІМ
03.11.2017
2432
1

Абай мұраларын, ілімі мен өнегесін жастардың бойына сіңіру жолында «Абайтану» институты ғалымдары аянып жүрген жоқ. Бүгінде абайтанудың отыз томын жарыққа шығарды. Абайтану ғылымының басы-қасында жүрген ғалым, профессор Жанғара ДӘДЕБАЕВ Абай ілімін меңгеру терең білімді талап етер күрделі іс екендігін айтады.
Жоба әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлт­тық университеті «Ғылыми зерт­теулерді гранттық қаржыландыру» бағ­дарламасы бойынша орындалды.


Жанғара ДӘДЕБАЕВ,
филология ғылымының докторы, профессор


– Абайтану институты ашылғалы бе­рі Абай мұраларын зерттеп-зер­де­леу­ге сүбелі үлес қосып келеді. Сту­дент­тердің жүрегіне Абай ілімін сіңіру­де оқытушы-ғалымдар теория мен практиканы теңдей ұштастыра алып жүр ме?
– Студенттердің жүрегіне Абай ілі­мін сіңіруде оқытушы-ғалымдар теория мен практиканы ұштастыра алып жүруі өте маңызды. Осы тұста Сіз­дің назарыңызды мына жайға аударғым келеді. Мұхтар Омарханұлы Әуезов әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде ұстаздық ете жүріп, Абайдың ғылыми өмірбаянын жасады, Абай туралы монографиялық зерттеуін жазды, Абай, Абайдың заманы туралы «Абай жолы» роман-эпопеясын дүниеге әкелді, «Абайтану» ғылымын қалыптастырды, «Абай­тану» пәнін дайындап, өндіріске ен­­гізді, лекция оқыды, семинар са­бақ­тарын өткізді. Студенттердің жүре­гіне Абай ілімін сіңіруде теория мен практиканы ұштастырудың үлгі­сін М.Әуезов тұрақтандырды.
«Абайтану» пәнін жоғары оқу орын­дарының бәрі оқыта бермейді, оқы­та алмайды. Біздің универси­те­тімізде М. Әуезовтен бері жалғасып ке­ле жатқан бір қағида бар. Ол қағида бойынша, әр профессордың оқитын ар­наулы пәні оның өзінің авторлық пә­ні болуы шарт. «Абайтану» пәнін оқы­тушы маман осы салада ғылыми ай­­налымда бар білім қорын ғылым­ның бүгінгі жетістіктері мен талап­та­ры тұрғысынан өзінше қорытып, өзі өндірген біліммен толықтырып, «Абай­тану» пәнінің мазмұнын байыта білуі шарт. Басқаша айтқанда, пән оқы­тушысының студент жүрегіне сіңі­рер білімі оның өз жүрегінен қай­нап шығуы шарт. Бүгінде абайтану са­ласында университеттің филология фа­культетінің студенттеріне арналған екі пән бар. Бірі – Абайтану. Екіншісі – Абайдың антропологизмі. Екі пән де Абай ілімі туралы. Екі пән де ав­тор­лық. Әрине, әр оқытушының өзі­не тән жүйесі, мәнері мен машығы бо­лады. Қазіргі шақта бұл пәндерді осы қалпында тек осы екі оқытушы ға­на оқи алады.
– Сіздің жетекшілігіңізбен абай­тану­дың жиырма томдығы жарияланып, оның келесі он томы баспаға даярланып жатқанынан хабардар болатынбыз. Сон­дай-ақ, институт ғалымдары абай­тану­дың қырықтан аса кітабын даярлап қой­ғанын айтқан еді. Осы еңбектерді де болашақта жариялауды жоспарлап жат­қан шығарсыздар? Оны қаржы­лан­дыру жағы қалай жүзеге аспақ?
– «Абайтану. Таңдамалы ең­бек­тер» көптомдығының әуелі он томы, одан кейін келесі он томы, содан кейін үшінші он томы жарық көрді. Бү­гінде бұл басылымның 30 томы жа­рық көріп отыр. Барлығы 35 том шы­ғару жоспарланған. Келесі бес то­мы алдағы уақытта жарияланатын бо­лады. Бұлардан басқа орыс тілінде 30 томнан асатын мол еңбектер тобы жи­нақталды. Оларды баспадан басып шы­ғару – өз алдына бөлек іс-шара.
Отыз бес томның жарыққа шығуы мем­лекеттік тапсырыс бойынша ар­найы қаржыландыру арқылы жүзеге ас­қан іс-шара нәтижесі емес. «Абай­тану. Таңдамалы еңбектер» ба­сы­лы­мын шығарудағы мақсат абайтану са­ласында ғалымдардың талай буы­ны­ның тәжірибесіне, тарихи қалып­тас­қан ғылыми мектептердің арнаулы ақ­параттары мен өндірген білім­де­рі­нің көлеміне негізделген электрондық дер­бес ғылыми базаның негізін жасау бо­латын. Аталған 35 том осы базаның ғы­лыми негізін түзеді. Абайтану са­ла­сында ғалымдардың талай буы­ны­ның тәжірибесіне, тарихи қалып­тас­қан ғылыми мектептердің арнаулы ақ­параттары мен өндірген білім­де­рінің көлеміне негізделген элект­рон­дық дербес ғылыми базаның негізін жа­сау – «Абайдың шығармашылық мұрасын пәнаралық зерттеу» ғылыми жо­басы аясындағы сегіз міндеттің бірі. Жобаға қатысушылардың жала­қы­сынан қалған қаржы осы міндетті іс жүзіне асыруға жұмсалды. Бұл көп қар­жы емес. Сондықтан бұл басы­лым­ның таралымы да көп болған жоқ. Ең бастысы – электрондық дер­бес ғылыми базаның нақты және зат­ты негізі қаланды. Бұл басылым ары қарай жалғастырылады, Абай институтының сайтында толығымен орналастырылады.
Орыс және басқа тілдердегі ең­бек­тердің мол қоры жинақталды де­дік. Оларды баспадан шығаруға қа­жет­ті қаржы көзі әзірге анықталған жоқ. Сондықтан: «Оларды қаржы­лан­дыру жағы қалай жүзеге аспақ?», – деген сұраққа нақты жауап беру қиын.
– Абайдың «Толық адам» ілімін жастардың бойына сіңірудің негізгі жолы қандай?
– Абайдың «Толық адам» ілімін жастардың бойына сіңірудің негізгі жолы туралы айтылып жүрген ойлар бар. Абайдың «Толық адам» ілімін жас­­тардың бойына сіңіру – үлкен жә­не ұдайы жаңарып отыратын күр­делі үдеріс. Оның өзіне тән кезеңдері, са­тылары болады. Мұндай үдерісті қам­тамасыз етудің белгілі шарттары бар. Біріншіден, бұл үдерістің маз­мұ­нын анықтап, қалыптастыру. Біздің тілімізге аударғанда, бұл Абай ілімінің мазмұнын анықтау және қалып­тас­тыру дегенді білдіреді. Бұл бағытта ат­қарылған біраз істер бар. Бірақ тиіс­ті бағдарлама деңгейінде кезең-ке­зеңімен жүйеленген, анықталған, ғы­лыми-әдістемелік тұрғыда негіз­дел­ген білім мазмұны жоқ. Екіншіден, мұндай үлкен, аумақты және маңызды іс-шараны жүзеге асырудың тиісті ма­териалдық-техникалық базасы болуы шарт. Ауызға алып айтарлықтай мұндай база алдағы уақытта жаса­ла­тын болар. Үшіншіден, арнайы оқу-әдістемелік ресурстар қоры болуы шарт. Онда оқулықтар, оқу құралдары, оқыту технологиялары, әдістеме түр-түрімен қамтылады. Бізде бұл жағы да жоқтың қасы. Төртіншіден, адами ресурстар, мамандар корпусы да осы­ған жақын.
Абайтану саласында ғылыми ай­налымда бар білім қорын оқу ісінде пай­далануға әзірлеу, өндіріске енгізу – өте күрделі іс. Оны орындау жет­кі­лік­ті теориялық білімі, тәжірибесі, дайын­дығы мол мамандардың ғана қо­лынан келеді.
– Әңгімеңізге рахмет!

Әңгімелескен
Нұрлайым ЖАҚЫПҚЫЗЫ.

ПІКІРЛЕР1
ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір