Шаниннің шекпені табылды
15.09.2017
1736
0

Осыдан ширек ғасыр бұрын, Жұмат Шаниннің 100 жылды­ғында Баянауылдағы Жұмат ауылы дүбірлі той жасаған. Сол кезде «Южный» кеңшарының атауы Жұмат Шанин болып өзгеріп еді. Кейін белгісіз себептермен ол ауыл Қапар, бертін Күркелі болып аталып кетті…

Қуанышты жайт, таяуда ғана Павлодар об­лысы әкімі Болат Бақауов пен облыстық мәс­лихат хатшысы В.Берковскийдің ауылды Жұмат Шанин есімімен қайта атау жөніндегі бір­лескен шешімі шықты. Болат Жұмабекұлы­ның мұндай азаматтық қадамына ел алғысын жау­дыруда.
1992 жылы өткен мерейтой тұсында қа­зақтың арда туған ұлына арналып мұражай ашыл­ған. Өкінішке қарай, ол мұражай ән­шейін басшыларға көрсетуге арналған уақыт­ша дүние болып, кейін жәдігерлері жан-жаққа таратылды.
Қазір Жұмат Шанин ауылындағы Қошке Ке­меңгеров атындағы 11 жылдық мектепте «шық­па, жаным, шықпалап» бір мұражай тұр. Шанинге арналған мүйісі болғанымен, музей тұңғыш режиссерге түбегейлі арналмаған. 25 жыл бұрын қойылған деректер, құжат көшір­мелері әбден сарғайып, өңін жоғалтқан. Көп­тен жаңартылмапты. Бұл музейде Жұматпен иық тіресіп бір кездегі «Южный» кеңшарында ең­бек еткен, еңбегі сіңген-сіңбегені бар ди­ректорлардың да суреттері ілулі тұр. Осы ауыл төңірегінде туған Алашордашыл азаматтар Сә­лемхат Күленов, Ахметолла Барлыбаевтар жай­лы дерек мүлдем жоқ! Айта кетерлігі, Жұмат Шанин ауылымен іргелес Жарылғап елді мекенінде Шана атаның туған шөбересі Балтабай Кәбираұлы тұрады. Көзкөрген жұрт Балтабай ағаның үйін Шананың қарашаңыра­ғы дейді.
Бір қызығы, Балтабай ағаның үйінен таяуда Жұмат Шаниннің шекпені табылды. «Атам Нұршеке – Шананың бес ұлының кен­жесі. Ал шекпенді Мұстафаның (ол да Ша­наның ұлы) баласы Бейсенбай марқұм Жұмат­тікі деп маған берген», – деп сыр шерт­кен Балтабай ағай Шаниннің 100 жылдық мерейтойы тарқаған соң музей жәдігерлері иелеріне қайтарылып, көне шекпен өз үйіне оралғанын айтады. Сол шекпенді Балтабай ағайдың қызы Пәкизатқа жүктің арасынан тап­қызып алып, жоғалып кетпегеніне көз жет­кіздік…
Қазір Ертіс-Баян өңірінде Жұмат Ша­ниннің 125 жылдық мерейтойына орай түрлі мәдени шаралар қолға алынуда. Әйтсе де, күтпеген Жұматқа қатысты жәдігерлердің ба­сын қосатын бір мұражай керек-ақ!

 

Жанаргүл ҚАДЫРОВА.
Павлодар облысы.

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір