«Әкемді археолог екен деп ойлайтынмын»

0
293 қаралды

Өткен ғасырдың алпысыншы жылдары әдебиет әлеміне аяқ басқан Дүкенбай Досжан қаламынан он роман, жиырмаға жуық хикаят, жүзден аса әңгіме дүниеге келді. Ол дүниені ешкімге ұқсамас өзіндік бояу-белгімен көрген қаламгер. «Әкем – Сарыұлы Досжан көне Қаратау ішінде 1894 жылы туып, ғасыр басындағы дүрбелеңнің неше атасын басынан кешірген аса қажырлы кісі еді. «Қажырлы» дейтінім – 1932 жылғы қаратабан аштықта ел тамақ іздеп берісі Ташкент, әрісі Ауған жағына ауа көшкенде, бұл кісі екі білегіне сеніп, аң аулап, жер ойып, жүгері егіп, жиырмадай отбасыны бір өзі асырап көшпей қалыпты. Соғыстың алдында, соғыстан кейін Ақүйік өзені бойындағы «Ынтымақ» колхозының төрағасы болған. «Жасыңыз үлкейіп қалды, екі тау арасының мал-жанына ие болыңыз» деп әскерге алмаған, бронмен қалдырған. Мен дүниеге келгенде әкем 48 жаста екен», – дейді Дүкенбай Досжан әкесі жайлы «Жазмыштың жазуы» атты хикаясында.
Бүгінгі сұхбат та әке туралы. Дүкенбай Досжанның ұлы Ардақ Досжан әке тәлімі, әке өнегесі жайлы жүрек сөзін бізбен былай бөлісті…


Ардақ Дүкенбайұлы Досжан

– Дүкенбай Досжанов қазақ да­ла­сындағы өзендер бойына халқы­мыздың бекініс, қала салғанын айтып мақалалар жазды. Қа­зақтың өзге ұлттарға ұқсамайтын салт-дәстүрін ұлықтап көркем әң­гіме, хи­каяттар тудырды. Қаламгер ре­тінде ғана емес, әке ретінде Д.Дос­жа­нов өткенді қадірлеу, бұрын­ғыны құрмет тұту сезімдерін бойыңызға қа­лай сіңірді?
– Кішкене күнімде әкемді ар­хео­лог екен деп ойлайтынмын. Не­ге десеңіз, жаз бойы іссапарға ке­теді. Жаз соңында үйге келеді. Қо­рап-қорап тиын, қыш құмыра бөл­шектері, көне жәдігерлерді мұ­қияттап сұрыптайды. Сосын оларды хаттап, музейге тапсырып жүр­гені. Сол сапарлардың нәтижесінде «Отырар», «Жібек жолы» романдарын жазды. Көне қалалар туралы, та­рихымыз туралы аңыздарды майын тамызып әңгімелейтін. Ата­­жұртымыз – Жаңақорған ауда­нындағы құмды өлке. Сол құмы ал­тындай шағылысып жататын ауылға бізді ертіп барып: «Байыр­ғы­да бұл жерде қалың жыныс орман болған, тоғайы сыңсып жататын. Тоғай ішін аң патшасы арыс­тан, жолбарыс мекендеген. Бұл далада ордалы жыландар пат­шалық құрған. Көне қалалар сал­та­нат қылған. Керуен жолдары со­­зы­лып жатқан», – деп, талмай, ерін­бей әңгімелейтін. Ал мұндай тарихты, әңгімені құлағына құйып өскен бала, әрине өткенге үлкен құр­метпен қарайды…
– Қазақта «Әке көрген оқ жонар» деген сөз бар. Сіздің әкеден алған тәлім-тәрбие, үлгі-өнеге қан­дай еді?
– Әкем бізге еңбекті сүюді үй­ретті. Әкемнің библиографиясын қарасаңыз, қаншама тағылымды ма­қала, ғажап әңгіме, сүйекті шы­ғар­малар жазып кеткеніне куә боласыз. Мысалы, артына мол шы­ғар­машылық мұра қалдырған Лев Толстой жазуға арнайы уақытын бөлген. Әкемнің арнайы бөлетін уа­қыты болмады. Күндіз – жұмыс­та. Түрлі іссапарларға көп шықты. Үй­ге кештетіп келеді. Түнімен жазуы­­на отыратын. Әкемізге қарап өскен біздің бойымызда да осы ең­бексүйгіштік мінез бар деп есеп­теймін. Іссапарлардан, елден кел­ген­де қай жерге барды, қандай қы­зық көрді, кімдермен танысты – бәрін бүкпесіз әңгімелеп беретін. Біз­дің де әңгімемізді, көрген-түй­ген­дерімізді мұқият тыңдай­тын. «Бала екен ғой» деп жүре тыңдаған жері жоқ. Үлкен кісідей ақылдасып отыратыны ұнайтын. Әкем сонымен қатар, әр күнін хаттап, күн­де­лік жазды. Бізге де күнделік жазуды үйретті. «Сезімдеріңді сол сәтте қағазға түсіріп үйреніңдер, кейін ол сезім ештеңе болмағандай ұшып жоғалады» деп отыратын.
Әкемнің тағы бір мінезі – өте ба­лажан адам еді. Оныншы сыныпта оқып жүргенде, қаңтар айын­да шешеміз Мәриям қайтыс бол­ды. Арада екі ай уақыт өткенде, сәуірде әкем маған жоғары білімді Қазақстанда емес, Мәскеуде алға­ным жөн екенін айтып, ақыл қос­ты. «Қандай жағдайда да білім із­де», – деді әкем. Шешем болса, дү­ние салды, соңымнан ерген қа­рын­дасым бар, сондықтан тәуекел еткім келмеді. Сонда әкем маған: «Мен сенің әкеңмін. Болашағыңды ойлаймын. Жердің орбитасынан шығуыңа мен көмектесемін. Сол үшін жөн сілтеймін. Ал ашық кос­мос­қа шыққан соң ғарыштағы қо­қыс боласың ба, әлде жердің сері­гіне айналасың ба – өзің ше­ше­сің», – деді. Содан, әкемнің ті­лін алып Мәскеуге барып оқуға түс­тім. Әкем бұл қадамыма қатты қуан­ды. Содан бері біздер – балалар әкем көрсеткен жолмен жүрдік, бірақ одан арғы тағдырымызды өзі­міз таңдадық. Оқуға түсерде, үл­кен өмір бастарда әкеміздің жы­лы сөзі демеу болды, бірақ жазу­шы­лығын, даңқын пайдаланған жоқ­пыз. Мен де осы күні балаларыма әкемнен естіген өсиетімді ай­тамын: «Мен зымыранның бірін­ші сатысы сияқтымын, сендерді ғарышқа ұшырамын. Әрі қарай еңбектеріңе, алған тәлім-тәрбиеге, білімге байланысты өз жолдарың­ды табасыңдар», – деймін.


Әбіш Кекілбайұлы

Жақсылық диқаншысы

Адам естелікпен өмір сүреді. Ескеріле жүрсек деп ұмтылады. Өткен ғасырдың 60-жылдарының басында қаздай тізіліп Алматыға келіп, біріміз – ғалым, біріміз – атақты жазушы боламыз деп, арманның биік асуына баспалдақ қойған кезде ұшырасқан, шүйіркелескен, кейінше арамыздан қыл өтпестей боп достасып кеткен; Әуезовтің сөзімен айтсақ: «толыспаған толстойлар мен шала шекспирлердің» бірі – осы Дүкенбай Досжан еді. Жүрегіне сөз қасиеті қонған, табиғатына тарта туған, «болсын» деген ілгері тілеумен жүретін, баладай – аңқау, анадай – адал, ерекше дарын иесі – сөзден сөйлем, сөйлемнен – сурет көркемдеген жақсылықтың диқаншысы болып елестейді көзіме. Мұндай кісі зұлым болмайды, жаулық жасамайды. Жасайын десе де қолынан келмейді. Жан әлемі шыны секілді – арға-бергісі көрініп тұрады. Қызғаныш, аярлық, пасықтық сезімнен ада-күде өз шайтанымен өзі өмір бойы алысып, жауласып өтуге бар. Үнемі басқыштап биіктеуге ұмтылады. Кемелденуден ұмтылады. Дүкенбайда бәрімізден ерекше бір қағаз бар. Ол – республикалық кітап палатасының «Ең көп оқылатын жазушы» деген куәлігі. «Бұл менің саусағымның сүйел болып, көз майымның сарқылып кітап жазғанымның қарымтасы ғой», – деп мақтанады кісіге. Дүкенбайда бәрімізден ерекше бір мінез бар. Ол – күншуақта жалаңбас сағаттар бойы отырып ой кешуді ұнатады. Сол ойының ізін суытпай қағазға түсіргенше сырт дүниені мүлде есінен шығарады. Жазушылықты, шығармашылықты базбіреулер бәйге жарысына теңеп жатады. Меніңше, Дүкенбай шығармашылығы бәйгеден гөрі, ат үстінде ойқастап қол төңкерген жорыққа келеді. Қалыбы бөтен, екпіні дүлей қол. Әр қырқаның басынан бұлт болып көтерілген шаңды, жер еңбегін тесіп жібергендей дүбірді сезсек – ол мына Дүкенбай Досжан бауырымыздың ұлы жосқыны деп танығанымыз жөн.


– «Жазушының баласы» деген ат сізге қандай жауапкершілік жүк­те­ді?
– Үлкен адамның баласы бол­ған жақсы, бірақ жауапкершілігі де зор. Әкемнің маған үйреткені, ме­нің балаларыма үйреткенім – те­гі­міз­ді құрметтеу, кір келтірмеу. Әр­­кез әкемнің атына жаманат кел­тірмеуге тырыстым. Бұл күні әкем­нің екі немересі бар. Азамат және Ал­тай. Біздің отбасымыздың дәс­түрі солай, балалардың аты «А» әр­пінен басталады. Бұл дәстүрді әке­міз ойлап тапқан. Қарын­да­сым­ның да аты «А» әрпінен – Алуа. Бұл дәстүр осы күні немере-шө­береге дейін жалғасып келеді.
Әкем жасы кіші болса да, үлкен бол­са да, үйге кісі келсе, құрақ ұшып амандасатын. Атамыз Дос­жан 1976 жылы қайтыс болған ғой. Сон­да әкем біздерге: «Шіркін, әкем­нің көзін көрген адам кезіксе, алдынан жүгіріп шығар едім. Әкем­ді көрген жандардың әкем тура­лы жақсы әңгімесін естігім келіп тұрады», – дейтін. Әкем айт­қан осы сөздің қадіріне енді жет­кен­деймін. Әкемнің көзін көрген жандарды көрсем, «әкем жайлы әң­гіме тиегін ағытар ма екен» деп мен де елеңдей қаламын…
– Кеңес үкіметі дәуірінде «Қазақ тілі құрып барады!» деп парақша та­ратқан студент Дүкенбай Досжа­нов­тың тілді қадірлеуі, қазақтың ді­лін қадірлеуі сізге қалай байқа­ла­ды?
– Балалығым, жастығым Кеңес Ода­ғы деп аталған мемлекетте, әсем Алматыда өтті. Ол кезде Алматыда қа­зақ мектебі санаулы. Біздің үй №12 мек­тептен алыс болған соң, қа­ла­ның орталығында тұрмағаннан кейін орыс мектебіне бардым. Мәс­кеуде орыс тілінде жоғары оқу ор­нын бітірдім. Одан кейін екі жыл Ре­сейде әскери міндетімді өтедім.
Дегенмен, қазақ тілін жақсы бі­­­лемін деп есептеймін. Себебі, ата-анамыз әркез қазақ тілін ұмыт­пауымызды қадағалады. Шешем Мә­риям Қазақ Қыздар уни­вер­ситетінде қазақ тілі және әдебиеті пә­нінің мұғалімі болған. Ғажап ана ғана емес, тәлімді ұстаз еді. Әкем жазушы ретінде, әңгімешіл жан есебінде ұдайы қазақ тілінің түр­лі бояуын қолдана отырып, сөз сөйлеп отыратын. Одан бөлек, ала жаз­дай қарындасым екеуміз ауылға ба­ратынбыз. Қызылорда облысын­да­ғы туыстар бізге тілдің қаймағын әбден татырды.
Шынын айтқанда, Жоғары оқу орнында да ғажап ұстаздар кезікті. Әлі күнге таңғаламын. Кеңес Ода­ғы Жазушылар одағының ша­қыруы­мен бізге, 3-4 қазақ тобына Рым­ғали Нұрғалиев, Мұхтар Ма­ғауин арнайы келіп, қазақша дәріс оқып беретін. Төте жазу, қазақ та­ри­хы, қазақ тілінің сабақтарын Мәс­­кеуде жүріп те оқыдық.
– Дүкенбай Досжанов атына кө­ше немесе мектеп беру мәселесі қа­лай шешімін тауып жатыр?
– Бұл – өте маңызды мәселе. Әкем­­нің оқырмандары, достары, жалпы қаламгерді қадірлейтін жан­дардың да осы сауалды қоя­ты­ны белгілі. Бұл мәселе туралы мем­ле­кеттік органдармен ақылдастық. Үкіметтің шешімі бойынша, көше, мектеп атын беруі үшін тұлға дү­ние­ден қайтқан соң, бес жыл уақыт өтуі керек екен. Сол заңнан ешкім ат­­таған жоқ. Қызылорда облысы, Жаңа­қорған ауданы, Кеңтөбе деген әкем туып-өскен өлкеде жаңа мектеп ашылған. Сол мектептің ашылуына әкемнің қосқан үлесі қо­мақты. Сол мектепке әкеміздің атын береміз бе деп үміттенемін. Ауыл халқы да, ақсақалдар мен оқыр­мандар, әкемнің қаламгер дос­­тары да сондай жақсы жаңа­лықты күтіп жүргенінен хабардармын. Қазір қазақтың қалалары тез ұлғайып келеді. Кей қалалардың кейбір көшелерінің аттары тіптен ешқандай мағына бер­мейді. «Сол көшелердің біріне әке­міздің атын берсе, шіркін!», – деп ой­лайсың. Бір жылдан кейін әкем­нің дүниеден қайтқанына бес жыл толады. Уақы­ты келгенде бұл мә­селені көтереміз. Әкемнің оқыр­мандары, қаламдас достары, ті­лек­тес жандар әкемнің атын мәңгі есте қалдырған сондай шараларға куә­гер болып, атсалысамыз деп ойлай­мын.
– Әңгімеңізге рахмет!


19 қыркүйекте, сағат 16.00-де Қазақстан Жазушылар одағының Әдебиетшілер үйінде, жазушы,  ҚР Мемлекеттік сыйлығының иегері Дүкенбай Досжановтың туғанына 75 жыл толу мерейтойына орай еске алу кеші өтеді.
Келем деушілерге есік ашық.


Әңгімелескен Қарагөз СІМӘДІЛ.

Пікір қосу