«Сан Мартен» немесе Жактың үйінде
11.08.2017
1851
2

Жанар Әбдішова


Парижден екі жүз шақырым қашықтықта орналасқан бұл ауыл мұнтаздай тап-таза, тып-тыныш екен. Айналасы көкпеңбек. Шаршы-шаршы қылып, бөліп-бөліп қойған осындай алаңдарда сиырлар жайылып жүр. Бір жерде бірыңғай ала сиырлар жүрсе, екінші алаңда қызыл сиырлар жүр.
Олардың ортасын бөлу үшін отырғызылған аласа бұталар да, жол бойындағы өсіп тұрған үлкен ағаштар да гүлдеп тұр. Гүлдері әр түрлі: қызыл, ақ, көкпеңбегі де, сия түстісі де, көк­шілдері де бар… көлемдері де әр түрлі – бар­мақ­­тай-бармақтай аппақ гүлдермен жағала­сып, алақандай-алақандай қып-қызыл гүлдер де жайқалып, көздің жауын алады.
Ал әлгі түсіне қарата бөліп қойған сиырларды таяғын шошайтып, бағып жатқан адам да көрінбейді. Бадада жүрген сиырлар да «мынау менің тұқымдасым еді, көрейінші!» деген келесі алаңдағы «көршілеріне» «қызығушылы­ғы жоқ», өз жайылымынан аттап шықпайды. «Не деген тәртіпті малдар!» деп, ішімнен мырс-мырс күлемін…
Жактың үйі атам-заманғы уақытта салын­ған ескі шіркеудің тақ қасында тұр. Оның ат­асы, әжесі, әке-шешесі осы шіркеудің ар­тындағы алақандай жерде жерленген екен. Көліктен түскен соң, амандық-саулық сұрас­қа­ны болуы керек, «бонжуғ, бонжуғ» деп, бізді құшақтап, екі бетімізден кезек-кезек шөпіл­де­­тіп сүйді. Бұлардың амандығының жөні осы ек­ен деп, біз де олардың істегенін қайтала­дық.
Жак бірінші үйін көрсетті. Атасы салған үй екен. Үсті, шатыры дегенім ғой, қыштан жасалған черепицамен жабылған. Екі қабатты, алдында үлкен тамақ ішетін қабырғалары әйнек, төбесін де әйнекпен жапқан айналасына неше түрлі гүл егіп қойған бөлмесі бар екен. Оны кейінірек өзі қосыпты. Ал жалпы үй сол бұрынғы салған күйінде екен.
«Әйнек» бөлмеден өтіп едік, бір ескі ши­фоньерді, үлкен төбеге тіреліп тұрған жан-жа­ғына кішкентай балалардың, жүзімнің жа­пы­рақ­тарын ойып жасаған ағаш жәшіктегі са­ғатты, ыдыс салатын шкафты, екі жағында екі тартпасы бар жазу столын көрсетіп, «Шешеме әке-шешесі берген заттар!» – деді мақ­та­нышпен, – «әлі пайдаланып келеміз!» –деп, шифоньердің есігін кілтпен ашып, ішіндегі киім­дерін көрсетті.
Әлі қылы қисаймай, Николай заманынан бері тұрған мына заттарға қарап, бала кезімдегі нағашы апамның артынан келген сүйек төсек пен үйдегілер «бранзау айна» деп атайтын… (мүмкін сол француз айнасы шығар) айналасы алтындалған, үстінде доға іспеттес формада гүл дестесі, ұзын-ұзын жапырақтарымен өрі­ліп, көмкерілген айнаны «байлардың заттары» деп, көзге шұқып жатыр» деп, қораға шы­ғарып тастағаны есіме түсті.
Сонда балалардың ең үлкені мен беске ке­ліп қалған кезім. Сүттей аппақ, екі басы кө­теріңкі, астында оюы бар, ешқашан кір болмайтын сүйек төсектің үстінде армансыз сырғанаушы едік. Айна бұрышта жататын, шаң басып… Кейін сол заттар көзден ғайып болды да, біз де ұмытып кеттік.
Сол есіме түсіп, әлдебір қымбатымды бағаламай жоғалтқандай ішім удай ашып, өзім­ді жайсыз сезіндім. Жак қазір алпыс же­тіде, ал, мен одан бес жас кішімін. Жиырма жылдан астам уақыт қорада жатқан сол төсек пен айна біз осылай әспеттеп сақтасақ, сол күйінде әлі тұратын еді…
Бір кісі әрең сиятын бұранда сияқты бұ­ра­тылған, тар баспалдақпен жоғарғы қабатқа көтерілдік. Ұйықтайтын төрт бөлме бар екен. Әрқайсысының қасында қол жуатын орын, ванна, душ, беде, әжетханасы бөлек-бөлек орналасқан.
«Сендерге даярлаған бөлмеміз!» деп, үш­е­уінен үлкенірек, абажадай ағаш төсегі бар бір бөлмені бізге көрсетті. «Мына төсек арғы ата­мыз­дікі, яғни он сегізінші ғасырдан келе жат­қан зат, ал мынау төсеніштер, жастықтар әке-шешеміздікі, осы бөлме солардікі бол-ған», – деді Жак күлімсіреп.
Он сегізінші ғасырда жасалған емен тө­сек­ке, жастықтарға қарап, осы бөлмеде ұйық­та­ған, сүйектері үйдің қасындағы шіркеудің қасында қурап жатқан үй иелері есіме түсіп, өзімді аздап жайсыз сезінсем де, ішімнен «Құ­дайым, өзің жар бола көр!» деп, қобалжы­ға­нымды білдірмедім.
Күннің қабағы сирек ашылады, көбіне жаң­быр жауып, аспан түнеріп тұрады, бірақ жы­лы. Келгелі бері аяқ киімімізді екі-ақ рет тазаладық. Аяқ басатын жердің бәріне тас төселген, асфальтталған көшелерден ойылған, бұзылған, қисайған жерлерді көрмейсің, жол бойындағы белгілер, темірлер, бағаналар – бә­рі ашық түстермен сырланған, жарқырап тұ­ра­ды.
Жуынып-шайынып сыртқа шықсақ, Жак бір виносын ашып, бізді күтіп отыр екен. Оны ішіп алған соң, үйдің қасындағы жерін көр­сетті. Бес гектардай жердің жартысын былтыр сатыпты. Жері көкпеңбек. Бассаң, аяғыңның асты мақта көрпе төсеп қойғандай, былқ-былқ етеді. Шым шөп өсе-өсе осындай күйге жеткен. Ағаштардың барлық түрі бар. Діңдерін мүк басқан. Содан ба, бізде өсетін ағаштарға көбін ұқсата алмадым. Ұшқан бір жәндікті, жорғалаған бір құмырсқаны көрмедім. Ал құстар баршылық екен.
Қураған, діңі жуан екі ағаштың біреусінен басына үлкен табақ көтеріп алған африкалық әйелдің, екіншісінен бал жеп тұрған қоңыр аюдың мүсінін ойып жасап, сырлап қойыпты. Әдемі көрінеді.
– Өзіңіз жасадыңыз ба? – деген сұрағыма күліп:
– Жоқ, Парижден бір мүсіншіні алып ке­ліп жасаттым, – деді.
Көзіме оттай басылған қарағай, жаңғақтан басқа, алмұрт пен алманы таныдым. Қалған­да­ры біз жақта өспейтін ағаштар: бәрі гүлдеп тұр. Бірақ алмұрттарды үшбұрыштап ағаштан жасапты да, Исусс Христос құсатып, ке­ріп тастапты. «Бұның не?» десем, «осылай әдемі көрінеді!» дейді. Байғұстардың жемістері де ұсақ… «Еркіндікте» өсіп тұрған алманың же­містері де жетісіп тұрған жоқ: ұсақ, дәмі де, түрі де, иісі де жоқ…
«Шіркін, жарқыраған Күн, сенің арқаң екен ғой… далиған кең даламда өскен жемістің де, нанның да тәтті болғаны!» –деп ойладым, елді сағынып.
Ал анау «керіліп, жазаланып» тұрған ал­мұрт­тарға қарадым да ішімнен: «Ой, тоба-ай, ә!» дедім де үндемедім. Бірақ жаным ашып кетті.
«Осынша жер… жаңа ғана қырынған еркектер құсап, жылмиып тұр, мына жерді кім қа­райды?» деген ой басыма келген. Жакқа қарасам, бұндай жұмыстарды істейтін адамға ұқ­самайды. Соның арасынша бізді дастарханға шақырды да, бәріміз үй жаққа кеттік.
Жактың әйелі Рудзиан ішіне ет, жұмыртқа, сыр салып, нан пісірген екен, жеп алдық. Ар­тынан көкөністерден езіп жасаған, жап-жасыл көже берді. Оны «әке-шешемнен қалған ыд­ыс» деп, қыш тостақтарға құйып берді.
–Бізде сұйық тамақты бірінші береді, –деп едім, Жак:
–Рудзиан аздап үлгермей қалды, –дегендей әлдене айтты.
Біз сияқты тамақты дастарханға қайыс­ты­рып қоймайды екен, бір тамақты жеп бітіріп, «осы-ақ па?» деп, көңіліміз қоңылтақсып, тұ­ра­тын шығармыз деп отырсақ, тағы бір нә­рсе­сін алып келеді… «десерт деп» қауын, апель­син­ді кесіп әкелсе, оны бітірген соң, балмұздақ алып келеді, сосын неше түрлі сусын береді. Ең соңында өзі ауласына пісірген кәуәп пен «қымбат француз шампаны» деп, әспеттеп, әдемі қораптың ішінен бөтелке шығарып, көбігі көпіршіген, сарғыш сусынын құйды. Оны таңертеңнен бері үлкендермен бірге отыр­ған жиені, он екі жастағы Лио да ішті.
Осы тамақтану рәсімін Жактың өзі жіті қадағалап отырды.
Француздардың үйінде қонақ болсаң, екі-үш сағат отырып тамақ ішсең де, қазақтың көл-көсір дастарханындағыдай молшылыққа, бе­рекесіне көңілің толып, тойып, шалқып шық­пайсың… жараған күйіңде орныңнан тұрасың.
Бір уақытта бір еркек келді. Ол бас изесіп, амандасып, үйдің артына қарата кетті де, артынша шөп кесетін кішігірім машинесін ызың­датып, жұмысқа кірісіп кетті. «Бұл кім?! – деп, Жактан сұрап едім, «Көрші – менің же­рім­ді ретке келтіретін адам, ай сайын ақшасын төлеп отырамын!», – деді.
Біз құсап, дастарханға шақырып, жік-жапар болып жатқан ешкім жоқ…
Жак ертесінде тамақты бізге «әйнек» бөлмесінде емес, әке-шешесі тірі кезінде, бәрі тамақ ішетін, камині бар, ескі сағат, ши­фо­ньері бар бөлмесіне берді. Тамақ ішетін столдары үлкен екен. «Біз кішкентай кезімізде осы орындықтарға отырып, осы столдың басында кезекпен тамақ ішетінбіз!», – деді. «Қалай, неге кезекпен ішесіздер?» – деген менің сұрағыма:
– Үйде адам көп болатын, – деді. – Әкем­нің, шешемнің бүкіл туысқандары осы үйде тұратын. Біз өзіміз – бес қыз, үш ұл едік. Үл­кендермен қосқанда, жиырма адамдаймыз.
Жаңа өздеріңіз келген жолдан төмен қа­ра­та жүрсеңіздер темір жолды көресіздер. Не­містер Францияны басып алғанда, тұт­қын­ға түскен адамдар сол жерде жұмыс істеді. Біз бәрін жалпы «орыстар» деп атағанымызбен, не­ше түрлі ұлт өкілдері бар еді… Олардың арық­тағандары соншалық, құры салдырлаған қу сүйекке тері қаптап қойған сияқты әсер ететін. Әйелдер жалаңаш денелеріне мешок киіп жүретін.
Біз тамақ ішіп біткен соң, әке-шешеміз соларға тамақ беретін.
Әкем инженер-механик болатын. Сегіз ба­ласы болған соң, соғысқа алмай, немістерге бұзылған машиналарын жөндеп, әрі оларға көлік керек болғанда, жергілікті тұрғындардан жарайтын көліктерді кәмпескелеп, жөндеп беретін.
Бір күні «Он мәшине керек!» деген бұйрық алады. Қалаға барып, айтқан көліктердің бәрін алып келіп, жөндеп, даярлап, енді кешкі асына отырғанда, фашистік Германияға қарсылық көрсететін (Движение Сопротивление) топтың адамдары келіп, оны оңаша шығарып алып: «Сен бір жаққа кет! Біз түнде мына мәшинелерді жарамыз! Үйдегілердің ешқайсысы білмейтін болсын!», – дейді.
Ол тамағын апыл-ғұпыл іше салып, неміс­тер­дің бастығына барады. «Шұғыл Парижге баратын бір жұмысым болып қалды, таңертең келемін, ал, анау айтқан көліктерді даярлап қойдым, қабылдап алыңыз!», – дейді. Ол ке­ліп сақадай-сай болып, даяр тұрған көліктерді көріп, риза болады, тіпті өзі де Парижге барады екен, әкемді ала кетеді.
Сонымен, әкем таң бозарып атқанда үйге келеді. Келсе, үйдегілердің өңі қашып кеткен. Мәшинелердің бәрі өртеніп кетіпті, күзетте тұрған неміс солдаттарын өлтіріп кетіпті.
«Енді не болады!?» деп, бәрі үрейленіп отыр­ғанда, немістердің әкемнің үстінен қа­рай­тын бастығы келеді. Тап мына жерде, ка­минге қарама-қарсы мына диванда отырып, (мен отырған жерді нұсқап), «Бұл қалай болды?» деп айғайлап, қолында маузері… қатты ашуланғаннан мойнының тамырлары адырайып, беті қып-қызыл болып, шинелінің жағасына сыймай кетті.
Бір уақытта «Бұл партизандардың ісі! Табу ке­рек, ату керек!» деп, столды қолындағы мау­зер­мен ұрғылай бастап еді, ол атылып кетті.
Үйде бір сәт құлаққа ұрған танадай ты­ныш­тық орнады. «Кім өлді?» деген сұрақ ойы­мызда… ес-түстен айырылып, мелшиіп қалыппыз.
Бір уақытта есімізді жиып қарасақ, камин­нің үстінде ілулі тұрған мыстан жасалып, ал­тын жалатылған, креске керілген Исусс Хрис­тостың бір қолын оқ жұлып кеткенін көр­дік… Міне, ол әлі сол күйінде ілулі тұр», – деді.
Қарасақ, оның сол қолы иығынан жұлы­нып кетіпті…
Сонымен, қанша тергесе де, үйдегілер, көр­­шілер білмегендіктен, бәрі аман қалыпты, бәрін екі-үш күннен кейін босатыпты.
Соғыс біткен соң, әкесі ескі мәшинелерді арзанға алып, жөндеп, сырлап, қайта сатумен айналысыпты. Сол кезде атасы салған үйдің айналасындағы бос жатқан жердің бәрін заң­дастырып, сатып алыпты.
– Осы үйде жиырма адамдай тек қана туыс­қандар тұрдық деп едіңіз, олардың тағ­дыры не болды? – деп сұрадым.
− Олардың бәрі өз жолдарымен кетті. Ең соңында шешем осы үйде жалғыз өзі қалды. Өте еңбекқор кісі еді, таң бозынан, қас қарай­ған­ға шейін бір тыным таппайтын. Мен ақы­ры шешеме ұқсайтын әйел таптым. Ол – Рудзиан. Ондай әйелді бүкіл Франциядан таппай, Маврикиядан кездестірдім.
Біздің француз әйелдері бақшада жұмыс істегенді, күйеулерін күткенді, бала емізгенді, та­мақ жасағанды, үйге қарағанды онша ұнатпайды.
Эмансипация!? Сол эмансипация жақсы ма, жаман ба, біз, француз еркектері, әлі анық­тай алмай келеміз! Бірақ өте жайсыз… жы­лы­лық жоқ!
Бұрынғы әйеліммен балалар өскен соң, ажырасып кеткенмін, мерекелерде, туған күн­дерде кездесіп тұрамыз, – деді күліп.
Мен оның жап-жас, қара торыдан сәл «қа­ралау», тығыршықтай келіншегіне қызыға қарадым. Расында да, біз келгелі ол тыным тап­пай, зыр жүгіріп, бәрін келістіріп жібермесе де, бар өнерін салып, күтуде еді…
− Қай жерде жолықтыңыздар? – дедім.
− Африкада үлкен компанияның, орталық десек те болады, оқу бөлімінің директоры бо­лып жұмыс істеймін. Рудзиан үйде қалады. Мен жақында кетемін. Демалысым бір жетіден кейін бітеді, – деді.
– Ол жерде қандай жұмыстар жүргізесіз­дер? – дедім.
− Жергілікті тұрғындарды порталдарда жұ­мыс істейтін техниканы басқаруды, жүр­гізуді, әрі французша сөйлеуге үйретеміз. Сол жерде осы «шоколад» жарымды таптым. Қы­рық беске келгенше, тұрмысқа шықпай, мені күтіп жүріпті, – деді ол ығы-жығы, ұсақ, сары тіс­терін көрсетіп, жіп-жіңішке еріндері жіп­тей созылып, күлімсіреп.
Кәрілік еңсеріп, еңкіш тартып келе жат­қан тұлғасына, шашы түсіп, «сарғыш түбіті» селдіреген сопақ басына, ұсақ әжім айғыздаған сарғыш бетіне, сүйегі айқындалып, дөңгелене бастаған иегіне, бұлтиып, төмендеп, салбырай бастаған ұрттарына, бұлшық еттері босай бастаған қолдарының қарына, шәнтиіп шы­ғып келе жатқан қарнына «ит кәрілік-ай, сат­қын неме… келе жатыр екенсің ғой… жымсиып! Ал Жак болса, Рудзианға ілесіп, жасар­ғысы келеді…» деген көңілсіз ойлармен қарап қалғанмын…
Бөтен жерде көп жүріп, адамдардың қас-қабағын бағып қалған кәрі қақсыл бұны бір­ден байқап қалды.
Сөзді басқа жаққа бұрып, екі мың алтыншы жылы жазда Грузияға қалай барғанын, не көргенін әңгімелеп кетті. «Ресторанға кірген­де, қару-жарақты тексереді. Әйелдері асау… Қарапайым халық өте нашар тұрады. Бірақ жүз жасаған адамдары көп екен», –деп айтып отырды.
…Мен болсам, осындай ат шаптырым жері бар, мына апандай, үлкен, «музей» үйде жал­ғыз қалған оның шешесі туралы ойлап отыр едім.
Бірнеше жылдан кейін оның орнын басатын қартайған Рудзианның бейнесі де көңіл түкпірінде қылаңдап қояды…

***
Ертесінде жүз рет сүйісіп, мың рет қошта­сып, шықтық әйтеуір…

ПІКІРЛЕР2
Боранбай Ғалиев. Атыраудан 11.08.2017 | 17:18

Тамаша, өте тамаша! Бір демде оқып шықтым. Енді Сіздің шығармаларыңызды іздеп жүріп оқитын боламын. Сәттілік тілеймін!

Жадыра Шамұратова 08.09.2017 | 15:00

Суреткер. Көз алдыма елестеп отырды. Автордың шығармасын кездестірсем қуанып кетемін.

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір