ЖЕТІСТІККЕ ЖЕТУ ЖОЛЫ
14.04.2017
3914
0

Білім – қоғамды әлеуметтік, мәдени-ғылыми прогреспен қамтамасыз ететін ғажайып құбылыс, адам үшін де, қоғам үшін де ең жоғары құндылық. Оның ең негізгі қызметі – адамның менталитетін, адам­гершілігін, шығарма­шылық қабілетін қалып­тасты­рып,  дамыту. «Цифрлы Қазақстан» аталатын жаңа дәуір бізге орасан зор мүмкіндіктер сыйламақ. Әрине, ұлы өзгерістер қауіп-қатерсіз болмақ емес. Әйтсе де, ширек ғасырлық даму тарихы тұрмақ, ежелден бергі өмір сүру салтында қиындықтан қашпаған, сынақты сәтте саспаған біздің халқымыз  кедергілердің өзін кемелділік көпірі етіп, жемісті жетістіктерге жетуде. Бұған тарих куә.

Болашаққа бастайтын сенімді көпір – еліміздің үшінші жаң­ғы­р­уы – өмір талабына сай жаңа бі­лім­ді талап етеді. Цифрлы технологияны қолдану арқылы құ­­ры­­латын жаңа индустриалды өр­кениетті елдің өршіл рухты жастарын тәрбиелейтін маманға білім беретін жоғары оқу орын­да­рының міндеті де күшеймек. «Қа­зақс­танның үшінші жаңғыруы: жа­һандық бәсекеге қабілеттілік» атты Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың биылғы Жолда­уында айтылғандай,  еңбек өнім­ділігін айтарлықтай арттыру – яғни Төртінші өнеркәсіптік ре­волюция элементтерін жаппай енгізудің нәтижесінде автоматтандыру, роботтандыру, жасанды интеллект, «ауқымды мәліметтер алмасу» жүргізілетін болады. Бір сөзбен, жаңа технология дәстүрлі салалардағы еңбек ресурстарын ығыстырмақ. Демек, қысқарты­латын жұмысшыларды қайта даярлау, өмірге және өзіне қажетті білім ресурстарымен қамтасыз етудегі негізгі  жүк те ұстаздарға артылады.
Сыни ойлау қабілетін және өз бетімен іздену дағдыларын қалып­тастыру үшін де пәндік біліммен қатар, педагогикалық, жаңа тех­но­логиялық әдіс тәсілдерді тиімді пайдалану жолдарын студенттерге қоса меңгерткен дұрыс. Біздің бүгінгі шәкіртіміз ертеңгі күні мек­тепке қызметке барғанда жаттанды оқу дағдыларын емес, өмір сүруге икемді, замана талабына сай білімді игеріп барса игі. Ал ол үшін дәстүрлі оқытудың озық үлгісімен қатар инновациялық тұрғыда білім беруді терең игеру қажет. IT-білімді, қаржылық са­-
у­ат­тылықты, ұлтжандылықты алдымен өзіміз меңгерсек, тәжіри­белік сынақтан өткізіп барып ұғын­дырсақ – шәкірттерге жеткі­зіп, түсіндіру әлдеқайда нанымды шыққан болар еді.  Иә, өзгені тәр­биеле­мес бұрын өзімізге сын көз­бен қарап, қай істі болмасын өзі­міз­ден бастағанымыз жөн. Білім беруді экономикалық өсудің жаңа моделінің орталық буынына айналдыру дегенде Елбасы осыны меңзесе керек.
Педагог қызметкерлердің біліктілігін арттырудың деңгейлі бағдарламасының негізінде әзір­лен­ген педагог кадрларды даярлайтын жоғары оқу орындарының бітіруші курс студенттеріне қо­сым­ша кәсіби білім беру бағдарла­масы бойынша тренерлерді оқыту бағдарламасының өзектілігі – Қазақстан Республикасында білім беруді дамытудың 2011-2020 жыл­дарға арналған мемлекеттік бағ­дар­ламасының мақсаттарымен және міндеттерімен үйлеседі. Ал мақсаты – әрбір ел үшін маңызды болып табылатын рухани, мәдени және адамгершілік құндылықтар­дың негізінде жастарды өз елінің мәдениетін құрметтеуге тәрбиелеу, жастарды жылдам өзгеріп жатқан әлемде өзіне сенімді және табысты болуға мүмкіндік беретін дағды­лар мен түсініктерін  дамытуға, өмірлік жағдайларда өз білімдерін қолдануға ықпал тигізетін сын тұрғысынан ойлауға үйретуді қам­­тиды. Ал бұл мақсаттардың жү­зеге асуында басты рольде мұға­­лім­дер тұрғаны баршамызға аян. Аталған бағдарламаның тақырып­тық мазмұны ЮНЕСКО және Эко­номикалық ынтымақ­тастық және даму ұйымының білім алу­шы­лардың функцио­налдық сауат­тылығын дамыту жөніндегі ұсыныстарының басты қағидат­тарымен сәйкеседі.
Білім беру саласында жүргізіл­ген әлемдік зерттеулердің нәтиже­ле­ріне сүйенсек, кәсіптік қасиет­тер­ге ие, оқыту және оқыту үде­ріс­терінің қажетті дағдылары мен терең түсініктерін игерген ұстаздар жастардың білімін сапалық тұрғыдан өзгерте алады екен. Бағдарлама аясындағы оқыту мен оқудағы жаңа тәсілдер, сын тұрғысынан ойлауға үйрету, оқу үшін бағалау және оқуды бағалау, оқыту мен оқуда ақпа­рат­тық-коммуникациялық технологияларды пайдалану, талантты және дарынды балаларды оқыту, оқушылардың жас ерекшелік­те­ріне сәйкес оқыту және оқу, оқуды басқару және көшбасшылық сынды жеті модуль бұл тұрғыда оқыту­шыға көмекке келері анық. Нә­ти­жесінде, рефлекцияға қабілетті, өзін-өзі жүзеге асыруға талпынған зерттеушілік, әлеуметтік тұлғалы, коммуникативтілік, ақпараттық және тағы басқа құдірет­тілік­тер­дің жоғары деңгейімен сипатталатын рухани- адамгершілікті, жа­уапты, белсенді, сауатты, шы­­ғар­­­­машыл тұлға қалыптас­пақ.
Қарқынды өзгеріп жатқан өмір жағдайында үздіксіз кәсіби дамуға дайын болып, әдістемелік жұмыстың тиімділігін қамтамасыз ететін білім берудегі инно­ва­циялық үрдістерге қолдау көрсету де аталған бағдарламаның негізгі мақсаттарының бірі. Сондай-ақ, бұл бағдарлама өз бетімен білім алып, өзін-өзі реттеу дағдыларын қалыптастыруға, түрлі адамдармен тиімді диалог жүргізе алатын, қазіргі заманда табысты өмір сүруге дайын, сандық технологияларда құзырлылық танытатын белсенді азамат, болашақ маман ретінде қалыптасуға көмектеседі. «Жастар өзінің ата-анасынан гөрі заманына көбірек ұксағысы келеді» деген И.С.Конидің сөзін ескерсек, қазіргі заманға сай жаңа технологиямен сабақ өту – студенттердің заманауи таным-талғамын қанағаттандырып, жаңа өмірге жетелейді. Егер ұстаз шә­кірт бойындағы туабіткен түрлі қасиеттерді дәл байқап, оның сапалық ерекшеліктеріне баға беріп, ары қарай өз бетінше дамыта түсуіне жағдай туғызып, дамытуы қажет болатын болса, бұл тұр­ғыда аталған бағдарлама кө­мек­ке келері сөзсіз. Бұл үшін, әрине, ұстаздың өзі де өзгеруі, яғни дәстүрлі оқытудың таптаулы сүрлеуінен арылып, оқытудың жаңа мазмұнын жасауға бетбұрыс жасағаны жөн. Негізгі зерттеушілік идеялары сындарлы оқыту теориясына негізделгендіктен шә­кірт­­тің пәнді терең түсіну қабіле­тін дамыта отырып, алған білімін сыныптан тыс жерде кез келген жағдайда тиімді пайдалана білуін қамтамасыз етеді.
Жаңаша әдіс-тәсілдер арқылы шәкірттерге білім, білік, дағды бе­ріп қана қоймай, олардың ақыл-ойы мен қабілетінің дамуына көңіл бөліп, «оқи алуға үйрету керек» деген қағиданы есте ұстаған абзал. «Қазіргі заманда жастарға ақпараттық технологиялармен байланысты әлемдік стандартқа сай мүдделі жаңа білім беру өте қажет» деп Елбасымыз айтқандай, бұл бағдарламаның мақсаты – қалай оқу керектігін білетін, тә­-
у­ел­сіз, дербес, өзін-өзі ынталанды­ратын, бастамашыл, өзіне міндет ала білетін және жауапкершілікті түсініп мойындайтын, сын тұр­ғы­сынан ойлана алатын, үш тілде еркін тілдесе алатын шәкірт­терді қалыптастыру. Осы курста меңгер­ген әдіс-тәсілдерді қолдану ар­қылы оқытушының оқыту кезінде билік жүргізу әдісінен арылатынына, жай ғана бақылаушы және бағдарлаушы кейпіне көшетініне өз тәжірибем арқылы көз жет­кіз­дім. Оқыту үрдісі кезінде сабақ­тағы басты тұлға – білім беретін мұғалім емес, осы білімді қызыға қабылдауға дайын студент болды.Жаңаша әдіс-тәсілдер шәкірт­тер­дің білімге деген ынтасын күшей­тіп, дербестігі мен белсенділігін дамытуға ықпал етті. Ежелгі грек материалисі, философ Демокрит­тің «Еңбек үздіксіз үйренгендіктің арқасында жеңілдей түседі» деген сөзінің шынайылығын аңғару қиынға соқпады.
Кез келген педагог – шешен сөйлеуге міндетті. Ұстаздың бас­ты қаруы – білім болса, оны шәкірттерге тиімді әдіс-тәсілдер арқылы жеткізетін фактор  – көркем сөз. Ойы көркемнің – сөзі көркем. Әдебиет сабағында оқытудың ең маңызды аспектісі – шәкіртті сөйлету. Ал оған диалогтық оқыту модулімен қатар тағы басқа түрлі стратегиялар арқылы қол жеткізуге болады.Мерсердің сөзімен айтар болсақ, диалогтік оқыту – шәкірттердің қызығушылығын арттырумен қатар, олардың білім деңгейінің өсуіне үлес қоспақ. Интерактивті қарым-қатынас пен достарымен бірігіп жүргізілген жұмыс балалардың танымдық дамуына айрықша әсер етеді.Тек жұмыс жасауға тиімді әдістерді таңдай білу керек. Осы курсқа келгенге дейін де мен үшін мамандыққа сәйкес  студентті сөйлету маңызды болып табылатын. Әйтсе де, осы бағдарлама кезінде алған теория­лық білімімнің нәтижесінде өзіммен бірге студенттерімнің де белсенділігі артты. Сөздік қоры кемшін, сөйлеуге шорқақ студент­терім  өз ойларын ашық жеткізуге, топпен бөлісуге ұмтылды. Бұл – диалогтық оқыту модулінің жетістігі. Жаңа тақырыпты өткен­де диалогтік әдіс-тәсілдерді қол­дану барысында оқытушының қолдауы қажет дейтін болсақ,  Выготскийдің пікірінше, бұл қолдау қарым-қатынасты қамтиды және оқытудың негізгі құралы болып есептеледі. Расында, диалогтік сұхбат шәкірттерімнің өз ойларын анық білдіріп, дамытуына және кеңейтуіне мүмкіндік береді.
Шәкіртті ойлай алуға, іс-әре­кет­ті өз санасынан өткізуге мүм­кіндік бере отырып, жаңа сабақты игерту – жаңа формация мұғалі­міне тән ерекшеліктің бірі. Ба­қы­лау, тәжірибе, толғану және па­йымдау нәтижесінде алынған ақ­парат­ты ұғыну, бақылау, талдау және синтездеуде қолданылатын әдіс болып табылатындықтан, әрекет жасауға негіз, түрткі бола алады. Әдебиет сабақтарында көркем шығармаларға поэтикалық талдау жасау  арқылы немесе та­қы­рыпқа қатысты деректі және көркем фильмдер көрсете отырып та осы мақсатқа жетуге болады. Сын тұрғысынан ойлау көбінесе бір нәрсені елестетуге, баламалы шешімдерді қабылдауға, ойлау және іс-әрекеттің жаңа немесе түрлендірілген тәсілдерін енгізуге дайын болуды көздейтінін ескерсек, бұл шәкірттің түрлі әрекет­терге бейілділігі мен басқаларды сын тұрғысынан ойлауға баулуын да қалыптастырады. Тек пәндік білім беріп қоймай, оқушылардың жүйелі ой, оқу мен әдеби тілде сөйлеу сауаттылығын арттырып, айтылым, тыңдалым, оқылым дағдылары мен  ғылыми білігін  қалыптастыруда, сонымен қатар, шығармашылыққа баулуда бағ­дарламада сөз болар стратегия­лар­дың ролі басым.
Сын тұрғысынан оқыту  – ол ұстаздан күнделікті ізденуді талап етеді. Сонымен бірге, қай ресурс­тың, қай стратегияның миға шабуыл жасауға мүмкіндігі мол екен­дігі туралы ойланып, педаго­ги­калық тұрғыдан дұрыс шешім қабылдап отыру үлкен шеберлік қажет. Студенттерді өмір сүруге икемді біліммен,  қажетті дағды­лар­­мен және қасиеттерімен қару­л­ан­дыру –  біздің негізгі мін­детіміз.
Төл инвестициялық стратегиясы жасалмақ біздің еліміз халықаралық ынтымақтастық аясында ұлттық экономикалық мүдделерді қорғап, ілгерілететін болады. Аталған келешектің ісін жүзеге асыратын бүгінгі мектеп, жоғары оқу орындарындағы шәкірттер. Оларға білім беретін – бүгінгі студент, ертеңгі ұстаз. Межелі міндет пен мұратты мақсат жолында салмақ саналы түрде мұғалімге түсіп, жауапкершілік те еселенбек. Елбасы «білім беру жүйесінің ролі өзгеруі тиіс» деген сөзді бүгін айтып отырған жоқ. Осы мақсатқа жету үшін елімізде білім беру ұйымдарының жаңа моделдері құрылғаны баршамызға мәлім. Осы тұрғыда 80 жылдық тарихы бар оңтүстіктегі білім қарашаңырағы – Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік педагоги­калық институты жаңашыл­дықпен, жасампаздықпен жұмыс істеп келеді. Технологиялық, педагогикалық, мазмұндық білім шеңберінде шәкірттерге соны ізденіс, жаңа серпін, тың шабыт, креативті идея сыйлауды жүзеге асырып отырған оқу ордасы келешекте де ұлтқа, елге қызмет етер жан-жақты білімді, кәсіби шебер маман дайындауды мұрат тұтпақ.  Ізденістің нәтижелі табысқа қол жеткізерін қайта құрылғаннан бергі қысқа мерзімде дәлелдеген институт ұжымы жоғарыда сөз болған бағдарлама аясында бола­шақ ұстаздарды даярлауда жемісті еңбек етуде.

Қарлығаш  Сапарбаева,
филология ғылымының кандидаты,
Оңтүстік Қазақстан
мемлекеттік педагогикалық институты  Қазақ және әлем әдебиеті кафедрасының меңгерушісі.

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір