Елегзимін сені іздеп…
25.11.2016
1804
0

Шекербек  САДЫҚАНҰЛЫ


Қош, махаббат!

Қош, махаббат!
Арайлы ақ таңдарым,
Жақсылықтың өзіңнен тапқам бәрін.
Сенің күшің сырласып тең құрбыммен,
Ойнағаным,
Күлгенім,
Шаттанғаным.

Қош, махаббат!
Кіршіксіз сезімдерім,
Шын бақытты,
Алаңсыз кезім менің.
Бар нәрсені өлшедім махаббатпен,
Махаббатсыз ешқашан көз ілмедім.

Қош, махаббат!
Қызығы бұл өмірдің,
Қуанышы,
Дүрсілі жүрегімнің.
Махаббатты пір тұтып,
Кір жуытпай,
Келгенінше бар шамам сүйе білдім.

Қош, махаббат!
Терең сыр,
Арман мұңым,
Қош енді қызығы мол сайран күнім.
Жан сәулем,
Сезесің бе, сезбейсің бе,
Жарыңның бақытсыз боп қалғандығын…

***
Мен өзіңді шын сүйіп, беріліп ем,
Айтатынмын достарға соны кілең.
Сөйткен жардан айырылып қалдым енді,
Маңдайымның бұл да бір соры білем.

Өмір бойы мен сені сүйіп өтем,
Жалғыз қалу, әрине, қиын екен.
Мен өзіңді тым ыстық көруші едім,
Көп сұлудың теңемей біріне тең.
Бөлек еді болмысың, келбетің де,
Сендей адам жоқ шығар жер бетінде.
Деп шалқыған күндер де өте шықты-ау,
Енді амал жоқ…
Мейлі өкін, мейлі өкінбе?!

***
Жүріс,
Тұрыс,
Қимылың.
Ерекше еді.
Жүретінсің шаттыққа бөлеп мені.
Айтарыңды сарт етіп айтар едің,
Болса егер оның да себептері.

Жымиғаның жаныңа жарасады,
Көз алдымда
Көзіңнің қарасы әлі.
Төзімді едің,
Сезімге кір жуытпас,
Әйелдердің емес ең сен осалы.

Білдің бе екен жалт етіп өтеріңді,
Мені тастап алысқа кетеріңді.
Жарты ғасыр өзіңмен кештім ғұмыр,
Дәлелдедің
Текті адам екеніңді!

Есіме алам
Ойнаған,
Күлгеніңді.
Өзіңменен өткізген күндерімді.
Жалынамын Аллаға жалбарынып,
Жазса екен деп бейнеңді бір көруді.

***
Ұзақ таңға жоқпын әлі көз ілген,
Жарым,
Жаным!
Бір хабар жоқ өзіңнен.
Сен сапарға аттанғалы көп болды,
Сені күтіп,
Шыдап келем төзіммен.

Шыныменен ұмыттың ба мені сен,
Өлмейтұғын адам жоқ қой,
Келісем.
Біреу ерте,
Біреу кештеу кетеді,
Менен жақсы түсінесің оны сен.

Бұл Алланың ісі екенін түсінем,
Көре алмайсың оны ешбір кісіден.
Қандай ғұмыр кешсең-дағы барлығы,
Жүзеге асар құдіреттің күшімен.

Қайтем енді көп сөз етіп ол жағын,
Орындалмай қалды біраз арманым.
Елегзимін сені іздеп күні-түн,
Қайда жүрсің
Бір оралмай, жан жарым!

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір