ҚАЛЛЕКИ ТЕАТРЫ – 25
Қалыбек – Қалибек – Қаллеки Қуанышбаев өзін қазақ өнеріне қырық жылға жуық арнаған тұста 150-ден астам рөлде ойнапты. Олардың қай-қайсысы да өз бояуы, өз нақышымен ерекше дараланған толымды бейнелер. Сондай бір кесек образдың бірі – Мұхтар Әуезов пен Соболев бірігіп жазған пьесасындағы Абай рөлі болды. Бұл рөлді бес жылдан кейін кинода қайтадан ойнағанда режиссер Г.Л.Рошаль: «Қалибекпен қызметтес болу басшы адамға бір зор бақыт екен ғой», – депті. Сөйтіп, кезіндегі «пері Қалибек» уақыт өте келе «Сахна піріне» айналып шыға келеді.
Сол Қалибек Қуанышбаев атындағы академиялық музыкалық драма театры Астанада. Өз шымылдығын 1991 жылы 15 қарашада Ғабит Мүсіреповтің «Ақан сері – Ақтоқтысымен» ашқан еді. Одан бері асқан асу аз емес. Оның бірі – театр 1996 жылы Уфадағы Түркітілдес мемлекеттер арасында өткен халықаралық «Туғанлық» фестивалінде Ш.Хұсайыновтың «Алдар Көсе» музыкалық комедиясын көрсетіп, лауреат атануы. Ерке Есіл бойындағы осынау өнер ордасына Жақып Омаров, Қадыр Жетпісбаев, Әзірбайжан Мәмбетов жетекшілік еткен-ді. Аталмыш театр Тәуелсіздіктің құрдасына айналумен қатар, қазақ көрерменіне көптеген тың туынды мен сәтті спектакльдер ұсына алған ұжым ретінде танымал. Осы орайда Қалибек Қуанышбаев атындағы академиялық музыкалық драма театрын 25 жылдық мерейтойымен құттықтай отыра, көлемді дүниені алдағы нөмірлердің бірінен оқи алатындарыңызды ескертеміз.