ҚАЛАДА ӨМІР СҮРЕМІЗ, БІРАҚ ҚАЛАЛЫҚ ЕМЕСПІЗ…
11.11.2016
3559
1

tolpaАдам баласы махаббат пен ғадауатты, достық пен қастықты, мейірімділік пен жауыздықты, сатқындық пен адалдықты қалада да, далада да, тіпті соғыста да бастан кешіре береді. Жағдай, мекен, күй талғауды білмейтін адам бойындағы осы бір сезімдерді бәрінен бұрын ақын-жазушылар тереңірек түсінулері керек еді ғой. Түсінетін де шығар. Бірақ қазақ әдебиетіндегі қала прозасы, поэзиясы енді қалыптасар деп жаңа буынның аяқ алысына үңілген сайын ауыл, дала тақырыбы одан әрі қаузалып, жазылып келеді. Осының себебін тауып айту – қиын. Қайда болса да қаламгерді алаңдататын сауал – адам тағдыры болғандықтан, неге қала өмірін жазбайсыңдар деп те кінә арта алмайсың. Бірақ қазақ қалаға тұрақтағалы қанша уақыт өтті?! Біздің түсінігіміздегі, қабылдауымыздағы қала образы, бәлкім, басқаша қалыптасқан шығар. Танылатын, өмір сүретін мекен болғанымен, көңіліміз салқын тартып тұратын, жанымыз бөлек, біріге алмаған бөлек әлем болуы да мүмкін. Біздің көбімізді құшағына алған алып мегаполис өзі туралы ойлауға кедергі сияқты. Неге талантты деп мойындалған жас ақын-жазушылар (отыздан асқандары да бар) жаза алмай қалады? Осы сұрақты қаламгерлерге жолдасақ та тамырын басып айта алмайды.

Ондағы экономикалық, әлеуметтік, психологиялық қысымдардың бәрі жиналып келіп шығармашылыққа әсер етті. Әдеби ортадағы таланттардың жарысы кілт тоқтағандай. Бұл кезеңдік құбылыс болып есептелгенімен, әдебиетіміздегі үлкен мәселе. Жазушылардың ойлау жүйесі әлі өзгермегендігі. Сол өзгермегендіктен ары қарай дами алмай тұр. Рас, бірді-екілі шағын романдар, әңгімелер жарық көрді. Бірақ олар қала адамының жан дүниесін, қала тіршілігінің мехнатын, ондағы психологияны, құндылықтарды мынау-мынау деп аршып көрсете алған жоқ. Үстірт, маңдайға ұрғандай тура (лобовой) жазылған шығармаларды журналистер де жазады. Ондайда бұндай нәрсе жоқ деп айта алмайсың. Бірақ әдебиеттің мәні ол емес қой. Бүкіл қалтарыстарына үңіліп, адам тағдырын, жанын алдыңа бөлшектеп, ет бұзғандай жайып салған кезде ғана санаңа әсер етеді. Олай қопара жазудың қиындығы, әрине, өз алдына. Әлем жазушыларының ұстазына айналған Дос­тоев­-с­кийдің кейіпкерлері қалада өмір сүрді. Ал оның көтерген мәсе­лесі адамзат ойына ықпал етті. Психологтар да, философтар да (әдебиеттанушылар мен сыншыларды айтпағанда) бұл жазу­шы­ның шығармашылығы туралы қаншама еңбек жазды. Қалада да тағдыр бар ғой. Бұл айтқанымыз жаңалық та емес. Бірақ неге қалаға кеп жаза алмай жатырмыз деген сауал – мәселе.

***

Адам баласы үшін мына дүние – бірде тар, бірде кең. Көңілі тоқ, жаны тыныш, жайдары уақытта мына ғазиз ғаламның кеңдігін түсінгендей болып, «адамзаттың бәріне бауырым» деп қарай бастағанымызда, өмірдің бір сәт қиындығы алдымыздан шықса, бір пенденің қылған қысастығы, жамандығы басымызға түссе жаңағы кең дүниеміз бірден тарылып шыға келеді. Сірә, бұл о бастан, жаратылғаннан ешқандай  мағынасын  жоғалтпаған, мақсатынан айнымаған фәни-жалғанның  кеңдігі мен тар­лығынан емес, көңіліміз бен пейіліміздің бұзылғанынан көрініс тауып жататын құбылыс болса керек.

Дүниенің кеңіп, тарылатын аралығында жазушылық көңіл мен ақындық пейіл өз табиғатынан жаңылмаса екен деп ті­лейсің.

Бағашар ТҰРСЫНБАЙҰЛЫ.


919118_592025830875994_542766134_oТоқтарәлі ТАҢЖАРЫҚ,
ақын

БІЗДЕ «БОС УАҚЫТ» ЖОҚ, БІРАҚ БОСҚА КЕТКЕН УАҚЫТ КӨП…

Бұл сұрақтың жеке тұлғаның із­де­нісі мен өмір сүру дағдысына бай­ла­нысты әлденеше қыры бар екені дау­сыз. Ал жалпылама айтар болсақ, бір­неше себебін бажайлауға болатындай.

Әуелгі бір себебі, қалалық өмірдің бізге бөтен өзіндік қа­­ғидаларында жатса керек. Біз қалада өмір сүреміз, бірақ қалалық емеспіз… Біздің әдебиет – ностальгиялық әдебиет. Өт­кенді сағыну – ауылға ынтызарлық. Қазақ ақындары мен жазу­шыларының көбінің шығармашылығы ауыл тіршілігі, ауыл өмірі, ауылдық менталитет туралы. Тіпті, қала, оның бол­мысы, адам өміріне әсері жайында, қалалық өмірдің өзін­дік ерекшеліктері жөнінде жазылған шығармалар, қа­лалық проза, яки поэзия некен-саяқ. Болған күннің өзінде ауыл­дың исі аңқып тұрады. Бұл шығармашылық адамын дағдарысқа ұшыратпай тұрмайды. Өмір сүрген ортаң бөлек, шығармашылығың одан бөлек – екіұдай көңіл күй. Үнемі бір тақырыпты, бір ойды, бірқалыпты өмір ағысын жырлау (сол жайлы жазу) қашанда қиын әрі қызықсыз секілді… Сон­да да қаламын суытпай, бір тақырыпты әр түрлі ұйқастар мен формалар арқылы үздіксіз жырлайтындарға құрметпен қарауға да болады.

Екінші бір себебі, қалада өмір сүргендіктен, оның қы­зылды-жасылды таусылмайтын «думаны», мағынасыздау бол­са да әдеби орта, тасқыны жедел уақыт ағысы, бірінен кейін екіншісі кесекөлденеңдейтін әлеуметтік тығырық – бә­рі-бәрі шығармашыл адамға бөгесін. Себебі, шығар­ма­шы­лық көптің емес, жекенің жемісі. Оған даңғазалықтан гөрі сабырлылық, топпен жүргеннен гөрі оңашалық аса қа­жет. Бізде «бос уақыт» жоқ, бірақ босқа кеткен уақыт көп… Жуыр­да Талдықорғанға барғанда белгілі ақын Жүкел Хамай ағамыз: «Шығармашылықпен айналысу үшін Талдықорған секілді жинақы қала керек. Тіпті, мегаполистен алысырақ мо­ноқала болса… Алматы – уақыт ұрлауға ғана шебер қала» де­ген ой айтты. Жаны бар сөз.

Үшінші себеп, жастық шақтағы желөкпелік. Оның буы ба­сылғанда, кешегі жазғаныңның көбі сылдыр сөз бен тап­қырлық екенін байқайсың. Желпілдеп жүріп, бірің ақын, бі­рің жазушы деген атты қалай иемденгеніңді де білмей қал­ғаныңа таңырқайсың. Өмір өтіп барады. Енді шыт жаңа дү­ние бастау керек!.. Ал оған… Көргенің – мүшәйралар ала­ма­нындағы түгемес «жарыс», сезгенің – ағалар тәрбиесімен бойыңыз­ға жұққан атақ пен даңқ туралы бітпес «арман», оқы­ғаның – Кеңестік кезеңдегі әдеби томдықтар (Тәуелсіздік тұсында кітаптардың авторы мен дизаины өзгергені болмаса, мазмұндық тұрғыдан дерліктей жаңарған жоқ), тоқы­ға­ның – ескі, тым ескі әдеби рецензиялар… Енді не жазасың, қалай жазасың, қайтіп жазасың?.. Бұл сұрақ ойлы дүние ту­дыр­ғысы келгендерді мазаламай тұрмайды. Бұл тығы­рықтан шығар жол – өз ішіңе өзің кіру. Не жарып шығасың, не ішкі айғайыңа тұншығып, себептер мен салдарларды сылтау етіп өмір өткізесің…

 

10878468_278757342248061_328580156_oЕрбол АЛШЫНБАЙ,
ақын

ТҮЛЕУ АЛДЫНДАҒЫ УАҚЫТША ҚҰБЫЛЫС

Қазақ  ақыны үшін үл­кен қалаға кел­­генде ба­сынан кеш­пей өт­пей­тін бір тоқырау болады. Мұның себебі, бірін­ші­ден, дала мен таудың кең құшағында өскен дала баласының ритмі көз ілестірмейтін қала өм­і­ріне үйлесе алмауы тұр­ғысынан қарауға да болады.

Ал екінші себебі, бұл менің жеке пікірім, біз­дің баршамыздың түпсанамызда ата-ба­бамыздың жүріп өткен тарихы қатталып жа­тыр. Ол әсіресе, қиялы бай, әсерленгіш на­зым сөз иелерінің түпсанасында ерекше сәу­лелі. Және олар терең қиялға батқанда сол ақпараттар белсендірек қозғалады. Осы­ның салдары, яғни ақынның санасындағы, ішкі әлеміндегі өркениеттер қақтығысы ақын­ды қаламын ұзақ қаңтаруға мәжбүрлеуі мүм­кін.

Үшіншіден, ақынның тоқырауы үлкен бетбұрыстың, поэтикалық түлеудің алдын­да­ғы өзіне көңілі толмаушылықтан. Егер то­қырауға ұшыраған ақын өз ішінде осындай арпалыспен жүрсе, жоғарыда  санамала­ған үш себеп те ақынның үлкен түлеуіне се­беп болатын – уақытша құбылыс. Және бұл уа­қытша құбылыс болса ғана жақсы.

 

img_8046Батырхан СӘРСЕНХАН,
ақын

УАҚЫТТЫҢ ДА ШЕГІ БАР

Алғашында атүсті кө­рін­ген әлеуметтік желілер тізбегі бү­гінде үлкен сұранысқа ие.Әр­кім ішкі танымымен бө­лісу­­ге, ақпаратты жылдам жа­рия етуге жол ашылды. Өзі­не тәуелді қылатын күшке ие құралдар легі бүгінде миллиондаған қазаққа сіңісті бол­ған. Біз білетін Тәуелділіктің үш түрі бар: қара күш­ке тәуелділік, бюрократияға тәуелділік, рухани тәуел­ділік. Әмсе бұл рухани тәуелділік болса жарар еді.

Әлбетте, әлеуметтік желілердің толымды тұстары жоқ десек қателесер едік. Мәселен, «Фейзбук» желісі ар­қылы «айшылық алыс жерлерден жылдам хабар алып», көркем әдеби үлгілер мен ой қорытар  өрнек­тер­ді дер шағында оқудың, жеке тұлғамен хат арқы­лы­ сырласудың сәті түсті. Ой еркіндігіне құлаш ұрып, ашық пікірлеріміз бен жаңа туындыларды желіге жа­риялау арқылы азды-көпті мұраттас ағайынмен  қауыш­тық, жаманды-жақсылы пікірлер естідік. «Әр­кімді заман сүйремек» деген тәмсілді  ойға алсақ, заман көшіне ілесу, оң-солды бағамдап жақсыны қабылдап, жа­манын шетке ысыру – саналының ісі болмаққа  ке­рек. Алайда, бүгінгі әдебиет төңірегіндегі жастардың де­ні «ізденістің ләззатын»  осы бір күлгін экраннан  тауып жүргендей көрінеді кейде. Он ойланып,тоғыз тол­ғанып, дәуір жасы құйылған сарғыш беттерге  колхоздың жұмысындай тиіп-қашып қоятын салғырт сана пайда болғандай. Бос өсекке, алып-қашпа әң­гімеге тоналған уақыттан көзін алып, «не істеу керек?» деген сұрақты көлденең тартқан көз тамырын байқағанда, Салтыков-Щедриннің: «Не істеу керек – атаңның басын істейсің!» дейтін тұщы кекесіні ойға оралады.

Жалпы, әлеуметтік желілерді тұтынушыларды екіге бөліп қарастыруға болады: бірі – уақыт бөлу­шілер, бірі – уақыт жоғалтушылар. Өкінішке орай, бұл күндері соңғы нұсқадағы өкілдер шаш-етектен. Түздегінің түрліше еркі болғанмен, мәселенің айыр ұшы уақытқа тіреледі. Бұл тұрғыдан алғанда бірер минут қана кешігіп оятқан күзетшісіне сөгіс айтқан Эйнштейн болмысы, қай уақытта көз ілсе де таңғы бесте оянған Нелсон Мандела ғибраты, Мағауиннің сағат тілімен арпалысы тағылым алуға тұрарлық.

Уақытты тоқтатар шамаң бар ма?

Бәрі өтеді ғасырлар, замандар да.

Менің жаным ашиды, мына өмірді,

Өтпейтіндей көретін адамдарға.

Мұқағали ақынның осы шумағы бүгін мен ертең кеңістігін қаншалықты алыс әрі жақындығынан хабар берсе керек. Қорыта айтқанда, «кез келген нәрсе шегінен асса боғы шығады» депті дана Абай.Рас-ау.

Арғы ойдың түйткілін өзіңіз бағамдай жатарсыз…

ПІКІРЛЕР1
ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір